49-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
147-ӘН Уәде етілген жұмақ
Сіз мәңгі өмір сүрсін деп жасалған шара
“Әкемнің еркі — Ұлын көріп, оған сенген әркімге мәңгілік өмір сыйлау” (ЖОХ. 6:40).
НЕГІЗГІ ОЙ
Иса Мәсіхтің төлем құрбандығының игілігін майланғандар да, басқа қойлар да көреді.
1. Кейбіреулер мәңгі өмір сүру туралы не ойлайды?
КӨП АДАМ ұзақ өмір сүру үшін денсаулығын күтеді, жақсы тамақтанады, жаттығулар жасайды. Десе де олар мәңгі өмір сүреміз деп ешқашан үміттенбейді. Өйткені мәңгі өмірді арман-қиял деп есептейді. Ал қарттықтың тауқыметін тартып жүргендер тіпті мәңгі өмір сүруді қаламайды. Бірақ Жохан 3:16-да және 5:24-те Иса мәңгі өмір сүру мүмкін екенін және бұл өмірдің керемет өмір болатынын айтқан.
2. Жохан 6-тарауда мәңгілік өмір туралы не делінген? (Жохан 6:39, 40)
2 Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, Иса мыңдаған адамды нанмен және балықпен тойындырған еді. Бұл таңғажайып керемет болды! Бірақ Исаның келесі күні айтқан сөздері одан да қатты қайран қалдырды. Соңынан еріп, Қапарнаумға келген жұртқа Иса қайта тірілу болатынын және адамдардың мәңгі өмір сүретінін айтты (Жохан 6:39, 40 оқыңыз). Оның сөздері бәрімізге де қатысты. Ойлап көріңізші, өмірден өткен туыстарыңыз, достарыңыз қайта тіріледі. Сіз де, олар да мәңгі бақи өмірдің рақатын көресіздер. Бірақ Исаның кейінгі айтқан сөздерін көпшілік аса түсінбеді. Сонда ол не деген еді?
3. Жохан 6:51-де Иса өзі туралы не деді?
3 Исаның берген нанын тойып жеген жұрт Қапарнаумға келгенде, Ехоба ата-бабаларына берген маннаны есіне алды. Өйткені олар Жазбаларда манна аспаннан берілген “нан” деп аталатынын білетін (Зәб. 105:40; Жох. 6:31). Иса маннаны тілге тиек етіп, тәлім бере бастады. Манна Ехоба керемет түрде берген нан болса да, оны жеген адамдар түбінде бәрібір өлді (Жох. 6:49). Ал Иса өзін “шынайы нан”, “Құдайдың наны”, “өмір беретін нан” деп атады (Жох. 6:32, 33, 35). Иса осы нан мен маннаның айырмашылығын көрсетіп: “Мен көктен түскен тірі нанмын. Оны жеген адам мәңгі өмір сүреді”,— деді (Жохан 6:51 оқыңыз). Яһудилер оның бұл сөзін түсінбей, бастары қатты. Олар “Исаның өзін көктен түскен нанға теңегені қалай? Бұл нан кезінде Ехоба ата-бабаларымызға керемет түрде берген маннадан артық болуы мүмкін бе?” деп дал болды. Сонда Иса ашығын айтып: “Бұл нан — менің тәнім”,— деді. Исаның бұл сөздері нені білдірді? Бұл сұрақтың жауабын білгеніміз біз үшін де маңызды. Өйткені өзіміздің және жақындарымыздың мәңгі өмір сүруі ненің арқасында мүмкін болғанын түсінуіміз керек. Ендеше, көпшілікті дал қылған Исаның сөздерін талдап көрейік.
ТІРІ НАН МЕН ИСАНЫҢ ТӘНІ
4. Исаның өз сөздерінен неге жұрттың төбе шашы тік тұрды?
4 Исаның “бұл нан — адамзат өмірге ие болсын деп беретін менің тәнім” деген сөздерін естігенде, жұрттың төбе шашы тік тұрды. Олар бірден каннибализм жайлы ойлап, Исаның тәнін тура мағынада жеу керек деп түсінсе керек (Жох. 6:52). Бірақ Исаның “Адам Ұлының тәнін жеп, қанын ішпесеңдер, өмірге ие болмайсыңдар” деген кейінгі сөздері жұртты одан сайын есеңгіретіп тастады (Жох. 6:53).
5. Иса сөздерін тура мағынада айтпағанына неге сенімдіміз?
5 Сонау Нұхтың заманында Құдай адамдарға қанды ішіп-жеуге тыйым салған (Мұс. 1-ж. 9:3, 4). Исраилге Заң бергенде де Ехоба осы бұйрығын қайталап айтқан. Тіпті бұл Заңды бұзған адам өлімге кесілетін (Мұс. 3-ж. 7:27). Исаның өзі де бұл Заңды берік ұстанған (Мат. 5:17—19). Сондықтан оның жұртты тура мағынада тәнін жеп, қанын ішуге талпындыруы мүмкін емес. Бірақ сөздері қанша жерден құлаққа түрпідей тисе де, Иса адам “мәңгілік өмірге” ие болу үшін не істеу керектігін анық айтты (Жох. 6:54).
6. Исаның “тәнімді жеп, қанымды ішіңдер” деген сөздерін қай мағынада түсінуіміз керек?
6 Иса өзінің сөздерін бейнелі мағынада айтқаны анық. Оның бейнелі мағынада сөйлеп тұрғаны бірінші рет емес. Бұған дейін ол самариялық әйелге: “Мен беретін судан ішкен адам ешқашан шөлдемейді. Бұл су оның ішінде мәңгілік өмір беретін бұрқылдап жатқан бұлаққа айналады”,— деген болатын (Жох. 4:7, 14) a. Бұлай деуімен Иса әйел кәдімгі суды ішкеннен мәңгі өмір сүріп кетеді демеген. Демек, Иса “кім менің тәнімді жеп, қанымды ішсе, мәңгілік өмірге ие болады” деген сөздерін де тура мағынада айтпаған.
ЕКІ ЖАҒДАЙДЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ
7. Жохан 6:53-тегі Исаның сөздері туралы кейбіреулер қандай ойда?
7 Иса Жохан 6:53-тегі “тәнімді жеп, қанымды ішіңдер” деген сөздерін Иеміздің кешкі асында да айтқан (Мат. 26:26—28). Соған қарап кейбіреулер Еске алу кешінің қалай өтетініне Жохан 6:53 негіз болды деп есептейді. Сондықтан олар нан мен шараптан Иеміздің кешкі асына келген адамның бәрі дәм тату керек деп ойлайды. Бірақ бұл дұрыс па? Біздің бұл сұрақтың жөн-жосығын біліп алғанымыз маңызды. Себебі дүниежүзі бойынша жыл сайын бұл кешке бізбен бірге миллиондаған адам жиналады. Қазір осы екі жағдайдың арасында қандай айырмашылық бар екенін көрейік.
8. Екі жағдайдың айырмашылығы қандай? (Суреттерді де қараңыз.)
8 Осы екі жағдайды қарастырып, екі айырмашылыққа назар аударайық. Біріншіден, Жохан 6:53—56 тармақтардағы сөздерін Иса қашан және қай жерде айтқанын көрейік. Бұл сөздерді ол б. з. 32 жылы Ғалилеяда айтқан. Ал Иеміздің кешкі асын ол бір жылдан кейін, яғни б. з. 33 жылы Иерусалимде енгізді. Екіншіден, Исаның бұл сөздерін кімге айтқанын ескерсек, олардың көбісі рухани қажеттіліктерін емес, бір күндік тамағын ойлап жүрген яһудилер еді (Жох. 6:26). Олар Исаның сөздерін түсінбегенде, бірден оған сенуден қалды. Тіпті кейбір шәкірттері оның соңынан еруді доғарды (Жох. 6:14, 36, 42, 60, 64, 66). Ал Иса Иеміздің кешкі асын енгізгенде, қасында 11 елшісі болды. Олар Исаның айтқан сөздерін түсінбесе де, оған адал болып қалды. Ғалилеядағы яһудилерден айырмашылығы, олар Исаның көктен келген Құдай Ұлы екеніне кәміл сенді (Мат. 16:16). Иса оларды мақтап: “Қиындыққа ұшыраған кездерімде менімен бірге болған сендерсіңдер”,— деген (Лұқа 22:28). Исаның Жохан 6:53-тегі сөздері Иеміздің кешкі асына негіз болмағанына осы екі айырмашылықтың өзі жеткілікті дәлел. Бірақ бұдан басқа тағы бір маңызды дәлел бар.
ИСАНЫҢ СӨЗДЕРІ СІЗГЕ ДЕ ҚАТЫСТЫ
9. Исаның Иеміздің кешкі асында айтқан сөздері кімдерге қатысты?
9 Иеміздің кешкі асында Иса ашытқысыз пісірілген нанды елшілеріне беріп, бұл оның тәнін білдіретінін айтты. Кейін шарапты да беріп жатып, бұл “келісім қанын” білдіретінін түсіндірді (Мар. 14:22—25; Лұқа 22:20; Қор. 1-х. 11:24). Исаның келісім жайлы айтқаны көңіл бұрарлық жайт. Өйткені бұл “жаңа келісім” жалпы адамзатқа емес, Құдай Патшалығында Исамен бірге билік ететін рухани Исраилге қатысты еді (Евр. 8:6, 10; 9:15). Елшілер бұл сөздердің мәнін бірден ұқпады. Бірақ олар көп ұзамай киелі рухпен майланып, бұл жаңа келісім өз күшіне енбек еді (Жох. 14:2, 3).
10. Ғалилеяда және Иеміздің кешкі асында болған жағдайдың тағы бір айырмашылығы қандай? (Суретті де қараңыз.)
10 Иса Иеміздің кешкі асында айтқан сөздерін “кішкене отарға” айтты. Онымен бірге бір бөлмеде болған адал елшілер осы шағын топтың алғашқы мүшелері еді (Лұқа 12:32). Олар да, кейінірек осы топқа қосылатын адамдар да екі рәмізден — нан мен шараптан — дәм тата алатын. Олар болашақта Исамен бірге көкте болмақ еді. Бұл — екі жағдайдың бір-біріне ұқсамайтынына тағы бір дәлел. Өйткені Ғалилеяда Иса өз сөздерін шағын топқа емес, қалың жұртқа айтқан.
11. Исаның Ғалилеяда айтқан сөздері шағын топқа айтылмағаны неден көрінді?
11 Ғалилеяда Исаны тыңдап тұрған адамдар тек тамақты ойлап тұрды. Бірақ Иса олардың назарын тамақтан әлдеқайда маңызды нәрсеге аударып, оларға мәңгі өмір сүруге мүмкіндік бар екенін ашты. Өмірден өткен адамдар ақырғы күні қайта тіріліп, олар да мәңгі өмір сүре алатынын бүкпей айтты. Иса бұл сөздерін Иеміздің кешкі асындағыдай саны шектеулі адамдарға айтпаған. Қайта, бұл баталарға барлық адам қол жеткізе алатынына назар аударған. Сондықтан ол: “[Осы нанды] жеген адам мәңгі өмір сүреді. Бұл нан — адамзат өмірге ие болсын деп беретін менің тәнім”,— деген (Жох. 6:51).
12. Иса айтқан мәңгілік өмірге ие болу үшін не қажет?
12 Бірақ Исаның Ғалилеяда айтқан сөздері дүниеге келген әрбір адам мәңгілік өмірге ие болады дегенді білдірмеген. Иса нанды жеген адам ғана, яғни оған сенім танытқан адам ғана, мәңгілік өмірдің игілігін көретінін айтқан. Осы дүниедегі мәсіхшілердің көбісі құтқарылу үшін Исаға сеніп, оны Құтқарушы деп мойындау жеткілікті деп есептейді (Жох. 6:29). Бірақ Ғалилеяда Исаға сенеміз деп тұрған жұрт одан теріс айналып кетті емес пе?! Олардың бұлай етуіне не себеп болғанын көрейік.
13. Исаға сену деген шын мәнінде нені білдіреді?
13 Ғалилеядағы жұрт өздеріне керегін алған кезде ғана Исаға еріп жүрді. Олар ауруларынан сауыққанына, тегін тамақ ішкеніне және құлақтарына жағатын сөздерді естігеніне ғана мәз болды. Бірақ Иса жер бетіне жай адамдардың қалауын орындау үшін келген жоқ қой. Оның шынайы шәкірті болу деген шын мәнінде нені білдіретінін Иса анық көрсетті. Оның “маған келіңдер” деген шақыруына құлақ асу үшін, жұрт ол үйреткен тәлімдердің бәрін қабылдап, бәріне мойынсұнулары керек еді (Жох. 5:40; 6:44).
14. Исаның тәні мен қанының игілігін көру үшін біз не істеуіміз керек?
14 Иса Ғалилеядағы жұртқа сенім танытудың қаншалықты маңызды екенін түсіндірген. Сонда олар не нәрсеге сену керек еді? Олар Исаның уақыт өте құрбан ететін тәні мен қаны мәңгілік өмірге жол ашатынына сену керек еді. Бұған сену сол кездегі яһудилер үшін қаншалықты маңызды болған болса, біз үшін де соншалықты маңызды (Жох. 6:40). Иә, Жохан 6:53-те айтылған Исаның тәні мен қанының игілігін көру үшін төлемге сенуіміз керек. Бұл төлемнің игілігін көруге сансыз көп адамның мүмкіндігі бар (Ефес. 1:7).
15, 16. Жохан 6-тараудан не білдік?
15 Жохан 6-тараудан қаншама құнды тәлім алдық. Біз Исаның адамдарды қаншалықты жақсы көретініне куә болдық. Ғалилеяда ол қаншама адамды сауықтырды, оларға Патшалық жайлы тәлім берді және адамның басты қажеттілігі тамақпен де қамтамасыз етті (Лұқа 9:11; Жох. 6:2, 11, 12). Бірақ бәрінен де маңыздысы, Иса өзінің “өмір беретін нан” екенін ашты (Жох. 6:35, 48).
16 Иса “басқа қойлар” деп атаған адамдар жыл сайынғы Еске алу кешінде нан мен шараптан дәм татпайды, тіпті олай етулеріне болмайды да (Жох. 10:16). Бірақ сонда да олар Иса Мәсіхтің тәні мен қанының игілігін көре алады. Бұл үшін төлемнің азат ететін құнын түсініп, соған сенім танытса болғаны (Жох. 6:53). Ал нан мен шараптан дәм тататындар, яғни жаңа келісімге тұрғандар көктегі Патшалықта билік етуге үміттенеді. Түйіндей кетсек, Жохан 6-тараудан майланғандардың да, басқа қойлардың да алар тәлімі мол. Бұл тараудың өзекті ойы: мәңгілік өмірге жетудің жалғыз жолы — төлемге сену.
150-ӘН Құтқарылу үшін Құдайды іздейік
a Иса айтқан су адамзат мәңгі өмір сүрсін деп жасаған Ехобаның шарасын білдіреді.