Есіңізде ме?
Биыл шыққан “Күзет мұнарасы” журналдарын мұқият оқыдыңыз ба? Олай болса, келесі сұрақтарға жауап беріп көріңіз:
Әйел затына қалай қарауға қатысты Ехоба қандай үлгі көрсетеді?
Ехоба әйелдерді бөліп-жармайды, оларды ерлерден төмен санамайды. Ехоба оларды тыңдайды, сезімдері мен уайымдарына бейжай қарамайды. Сондай-ақ оларға сенім артып, өзінің ісін атқаруды тапсырады (w24.01, 15, 16-б.).
Ефестіктерге 5:7-дегі “мұндайлармен еш байланыстарың болмасын” деген сөздер нені білдіреді?
Елші Пауыл Ехобаның талаптарын ұстануға кедергі жасайтын адамдармен араласпауымыз керектігін айтқан. Ондай адамдар бетпе-бет көрісіп не әлеуметтік желілерде араласып жүрген адамдардың арасында болуы мүмкін (w24.03, 22, 23-б.).
Қандай өтіріктерден сақ болуымыз керек?
Бауырластарымыз игі ниетпен рас-өтірігі тексерілмеген мәліметтер жіберуі мүмкін не мұндай мәліметтер пошта арқылы біз танымайтын адамдардан келуі мүмкін. Я болмаса жолдан тайған адам хабарымызға қызыққандай сыңай танытуы мүмкін. Сондықтан біздің аса сақ болғанымыз маңызды (w24.04, 12-б.).
Сүлеймен патшаны, Содом мен Ғомора тұрғындарын, сондай-ақ Топан суда жойылған адамдарды Ехоба қалай соттайтынына қатысты біз нені білеміз және нені білмейміз?
Ехоба бұл адамдарды мәңгілікке жоюды ұйғарды ма, жоқ па — біз бұны білмейміз. Бірақ бір білетініміз — Ехоба барлық жайтты ескереді және ол асқан мейірімді (w24.05, 3, 4-б.).
Ехобаның “Жартас” деп аталғаны бізге қандай сенімділік береді? (Мұс. 5-ж. 32:4).
Біз Ехобадан пана таба аламыз. Ол — әрдайым сөзінде тұратын сенімді Құдай. Сондай-ақ болмысы мен ниетінен ешқашан айнымайтын тұрақты Құдай (w24.06, 26—28 б.).
Жаңа қауымға сіңісіп кету үшін не істесеңіз болады?
Ехобаға арқа сүйеңіз, ол ежелде қызметшілеріне көмектескеніндей, сізге де көмектеседі. Жаңа қауымыңызды бұрынғы қауымыңызбен салыстырмаңыз. Жаңа қауыммен біте қайнасып, жаңа достар табуға тырысыңыз (w24.07, 26—28 б.).
Матай 25-тараудағы үш мысалдан қандай сабақ аламыз?
Қойлар мен серкелер жайлы мысал адал болудың маңыздылығына, ақылды және ақылсыз қыздар жайлы мысал сергек әрі дайын болудың, ал талант туралы мысал еңбекқор әрі ынталы болудың маңыздылығына назар аударады (w24.09, 20—24 б.).
Сүлеймен соққан ғибадатхананың кіреберісінің биіктігі қанша болған?
Кейбір аудармаларға сай, Шежірелер 2-жазба 3:4-те кіреберістің биіктігі “120 шынтақ”, яғни 53 метр болғаны айтылған. Бірақ беделді көшірмелерде кіреберістің биіктігі “20 шынтақ”, яғни 9 метр болғаны айтылған. Ғибадатхананың кіреберіс қабырғасының соншалықты жуан болмағанын ескерсек, биіктігі 9 метр болды деу қисынды (w24.10, 31-б.).
“Қызмет көмекшісі бір ғана әйелі бар” адам болу керек деген нені білдіреді? (Тім. 1-х. 3:12).
Бұл қызмет көмекшісі бір ғана әйелмен неке құру керек деген сөз. Ол ешқашан жыныстық азғындыққа бармау керек. Бұл ғана емес, ол тіпті бөтен әйелге орынсыз көңіл бөлуден аулақ болу керек (w24.11, 19-б.).
Неге Жохан 6:53-тегі сөздер Иеміздің кешкі асына қатысты емес дей аламыз?
Жохан 6:53-те “Адам Ұлының тәнін жеп, қанын ішу” керектігі айтылған. Иса бұл сөздерді б. з. 32 жылы Ғалилеяда оған әлі сенім танытпаған яһудилерге айтқан. Ал Иеміздің кешкі асын Иса бір жылдан соң Иерусалимде енгізді. Ол кезде Иса өзімен бірге көкте билік ететін адамдармен бірге болды (w24.12, 10, 11-б.).