Оқырман сауалдары
Тімөтеге 1-хат 5:21-дегі “таңдаулы періштелер” деген кімдер?
Елші Пауыл ақсақал болып қызмет еткен Тімөтеге былай деп жазған: “Құдайдың, Мәсіх Исаның және таңдаулы періштелердің алдында мынаны мықтап ескертемін: осы нұсқауларды біржақты болмай, алаламай орында” (Тім. 1-х. 5:21).
Алдымен, “таңдаулы періштелерге” кімдер жатпайтынын анықтап алайық. Олар 144 000 майланғанды білдірмейді. Пауыл Тімөтеге жоғарыдағы сөздерді жазғанда, елшілер мен майланған мәсіхшілердің көкке қайта тіріліп, рухани жаратылыстарға айналатын уақыты әлі келмеген еді. Сондықтан “таңдаулы періштелер” майланғандар емес деп нақты айта аламыз (Қор. 1-х. 15:50—54; Сал. 1-х. 4:13—17; Жох. 1-х. 3:2).
“Таңдаулы періштелер” Топан су кезінде бүлік шығарған періштелерді де білдірмейді. Өйткені олар Шайтанның жағына шығып, жын-перілерге айналды. Осылайша Исаға қарсы шықты (Мұс. 1-ж. 6:2; Лұқа 8:30, 31; Пет. 2-х. 2:4). Болашақта бұл жын-перілер 1000 жылға тұңғиыққа тасталады, кейін Шайтан Ібіліспен бірге жойылады (Яһд. 6; Аян 20:1—3, 10).
“Таңдаулы періштелер” тармақтың өзінде айтылған “Құдайға” және “Мәсіх Исаға” қолдау көрсететін көктегі періштелерді білдірсе керек.
Көкте сан мыңдаған адал періштелер бар (Евр. 12:22, 23). Біз барлық періштелер бірдей тапсырма орындайды деп ойламауымыз керек (Аян 14:17, 18). Бірде Ехоба бір ғана періштеге 185 000 Ассирия әскерін жоюды тапсырған (Пат. 2-ж. 19:35). Ал бірнеше періштеге “[Исаның] Патшалығынан өзгелердің күнә жасауына себепкер болатындардың бәрін, сондай-ақ заңсыздық жасайтындарды жинап алу” тапсырылған көрінеді (Мат. 13:39—41). Сондай-ақ көкке “таңдап алынғандарды жинап алатын” періштелер де бар секілді (Мат. 24:31). Ал тағы бір періштелерге бізді “қайда барсақ та, қорғап жүру” тапсырылған (Зәб. 91:11; Мат. 18:10; 4:11; Лұқа 22:43).
Тімөтеге 1-хат 5:21-дегі “таңдаулы періштелер” Құдай халқын қамқорлау үшін арнайы тапсырма алған періштелер болса керек. Тармақтың мәнмәтінінде Пауыл ақсақалдарға ақыл-кеңес берді, әрі қауымдағыларды оларға тиісті құрмет көрсетуге шақырды. Ал ақсақалдар, өз кезегінде, жауапкершіліктерін “біржақты болмай, алаламай орындап”, ойланбастан шешім қабылдаудан аулақ болу керек еді. Ақсақалдардың бұл кеңеске құлақ асқандары неге маңызды? Өйткені олар “Құдайдың, Мәсіх Исаның және таңдаулы періштелердің алдында” қызмет етеді. Түйіндей кетсек, кейбір періштелерге қауымды қорғау, уағыз ісін қадағалау және сол жайлы Ехобаға есеп беру сияқты қауыммен байланысты міндеттер жүктелген (Мат. 18:10; Аян 14:6).