ӨМІРБАЯН
Үйренуден еш жалыққан емеспін
ЕХОБАҒА “Ұлы Тәлімгерім” болғаны үшін алғыстан басқа айтарым жоқ (Ишая 30:20). Ол қызметшілерін өзінің Сөзі Киелі кітап арқылы, ғажап жаратылысы мен ұйымы арқылы үйретеді. Бұған бауырластарды да қосыңыз. Жасым жүзге ілігіп қалса да, мен Ехобаның осындай жолдармен беріп жатқан тәлім-тәрбиесінің игілігін көруді тоқтатқан емеспін. Осы жайлы баяндап берейін.
Мен 1927 жылы шағын қала Чикагода (АҚШ, Иллинойс штаты) жарық дүниеге келдім. Әке-шешемнің бес бала-шағасы болды: Джета, Дон, мен, Карл және Джой. Бәріміздің де Ехобаға жан сала қызмет етеміз деген қайтпас шешіміміз болды. Әпкем Джета 1943 жылы Ғалақат мектебінің екінші сыныбында оқыды. Ал Дон Бетелге 1944 жылы, Карл 1947 жылы, Джой болса 1951 жылы шақырылды. Олардың да, ата-анамның да тамаша үлгісі менің жігерімді қайрады.
ОТБАСЫМЫЗДЫҢ ШЫНДЫҚПЕН ТАНЫСУЫ
Әкем мен анам Киелі кітап оқығанды ұнататын. Олар Құдайды өздері ғана жақсы көріп қоймай, біздің де бойымызға сондай сүйіспеншілік ұялатты. Бірақ әкем Еуропадағы Бірінші дүниежүзілік соғысқа барып келген соң, шіркеуге деген құрметін жоғалтты. Оның үйге аман-есен оралғанына Құдайға разы болған анам: “Карл, жүр, бұрынғыдай шіркеуге барайық”,— дейді. Бұған ол: “Мен сені апарайын, бірақ ішіне кірмеймін”,— деп жауап береді. Анам: “Неге?”— деп сұрағанда, ол: “Бір дінге жататын дінбасылар соғыстағы екі жақтың сарбаздары мен қару-жарағына батасын беріп жатты. Сонда Құдайдың екі жақты да құптағаны ма?”— депті.
Арада біраз уақыт өткен соң, анам шіркеуде болған кезде, үйге екі Ехоба куәгері келеді. Олар әкеме Киелі кітапты зерттеуге арналған екі томдық “Жарық” деген кітапты ұсынады. Онда Аян кітабы талқыланады. Әкем қызығып, екі кітапты алып қалады. Анам оларды көргенде, ашып оқи бастайды. Содан бір күні оның жергілікті газеттегі шақыруға көзі түседі. Ол жерде қызығушылығы бар адамдарды “Жарық” басылымының көмегімен Киелі кітапты зерттеуге шақырған екен. Анам сонда баруды ұйғарады. Ол келгенде, есікті бір үлкен жастағы әйел ашады. Қолына екі томдық кітаптың біреуін ұстап алған анам: “Мынаны осы жерде зерттей ме?”— деп сұрайды. “Иә, құлыным, кіре ғой”,— дейді ол. Келесі аптада анам бізді ертіп апарды, содан біз үзбей барып тұрдық.
Бір кездесуде жүргізуші бауырлас маған Зәбүр 144:15-ті оқып берші деп сұрады. Тармақта Ехобаға ғибадат ететіндер бақытты екені айтылған еді. Бұл ой менің жүрегімді қозғап жіберді. Ехоба “бақытты Құдай” деп айтылған Тімөтеге 1-хат 1:11 мен “Құдайға еліктеуге” шақырған Ефестіктерге 5:1-ді оқығанда да дәл сондай әсерде болдым. Мен Жаратушыма қызмет еткенде бақытты болуым керек екенін және оған қызмет ету мәртебесі үшін алғыс білдіруім керектігін түсіндім. Осы екі жайт менің бүкіл ғұмырымның қазығы болды.
Бізге ең жақын қауым Чикагодан 32 шақырым жерде өтетін. Алыс болғанына қарамай, біз қауымға барып жүрдік. Менің Киелі кітаптан алып жатқан білімім өсе берді. Есімде, бір күні кездесуді жүргізіп жатқан бауырлас Джетадан түсініктеме беруді сұрады. Оның жауабын тыңдап отырып: “Мұны мен білем ғой. Мен де жауап берсем болады екен ғой”,— деп ойладым. Содан дайындалып, түсініктемелерімді құрастыра бастадым. Бұдан да маңыздысы, мен де бауырларым секілді рухани өсіп, 1941 жылы шомылдыру рәсімінен өттім.
КОНГРЕСТЕРДЕ ҮЙРЕНУІМ
1942 жылы Кливлендте (Огайо штаты) өткен конгресс ерекше есімде қалды. Бұл конгреске Құрама Штаттарындағы 50-ден астам қала телефонмен қосылды. Біз басқа отбасыларымен бірге конгрестің қасындағы шатырлы қоста тұрдық. Ол кезде Екінші дүниежүзілік соғыс әлі де өршіп тұрған еді, Ехоба куәгерлерін қудалау күшейе түскен кез. Кешкісін бір топ ер бауырлас қауіпсіздік үшін көліктерінің алдыңғы жарығы қостың сыртына түсетіндей етіп қойғандарын көрдім. Олар әр көліктің ішінде бір-біреуден қалып, түнімен күзетеміз деп келісіпті. Егер ер бауырластар қауіп төнгенін сезсе, көздері көрмей қалу үшін шабуылдаушыларға көліктің жарығын жарқыратып, дыбыс сигналын берулері керек еді. Сонда басқалары көмекке келе алатын. Сонда мен: “Қандай жақсы, Ехобаның халқы бәріне дайын!”— деп ойладым. Қауіпсіздігіме сенімді болған мен алаңсыз ұйықтадым. Бәрі тыныш болды.
Кейін сол конгресті есіме алсам, анамның бойында я уайымның, я үрейдің нышаны да болмаған екен ғой. Ол Ехоба мен оның ұйымына толық сенім артатын. Анамның сол бір тамаша үлгісі санамда өшпес із қалдырды.
Сол конгрестің алдында анам тұрақты ізашар болды. Сондықтан ол толық уақытты қызмет туралы баяндамаларға ерекше мән беретін. Бірде ол үйге қайтып келе жатқанымызда: “Мен ізашарлық қызметті жалғастырғым келеді, бірақ оны да, үйдің қамын жасауды да қатар алып жүре алмаймын”,— деді. Сосын бізден “қолғабыс ете аласыңдар ма?” деп сұрады. Біз “иә” деп келістік. Ол әрқайсысымызға бір-екі бөлмеден бөліп берді. Біз оларды таңғы асқа дейін жинап тастау керек едік. Біз мектепке кеткен соң, анам үйдің тазалығын бір тексеріп шығатын да, сосын қызметіне кететін. Анам ісі басынан асатын, қарбалас жан болса да, балаларын ешқашан қараусыз қалдырған емес. Үйге түскі асқа келсек те, мектептен қайтып келсек те, анам үнемі жанымызда болатын. Кей күндері сабақтан кейін онымен бірге қызметке баратынбыз. Бұл бізге ізашарлардың еңбегін түсінуге көмектесті.
ТОЛЫҚ УАҚЫТТЫ ҚЫЗМЕТТІҢ ТАБАЛДЫРЫҒЫ
Мен 16 жасымда ізашарлық қызметті бастадым. Әкем әлі Ехоба куәгері болмаса да, менің қызметіме қызығушылық білдіріп жүрді. Бір кеште мен оған қанша күш салсам да, Киелі кітапты зерттегісі келетін адамды таппағанымды айттым. Сосын
сәл кідіріп: “Менімен зерттейсіз бе?”— деп сұрадым. Ол кішкене ойланып тұрды да: “Мен зерттемеуге себеп көріп тұрған жоқпын”,— деді. Осылай менің ең алғашқы зерттеуім әкем болды. Бұдан асқан құрмет бар ма?!Біз “Шындық сендерді азат етеді” деген кітаппен зерттедік. Зерттеу барысында әкем маған Киелі кітапты жақсы зерттеуші әрі жақсы тәлімгер болуға көмектесіп жатқанын байқадым. Соның бір мысалы: бір күні кешке әкем абзацты оқып болған соң, менен: “Иә, мына кітапта осылай депті. Бірақ бұл кітаптың дұрыс екенін қайдан білесің?”— деп сұрады. Мұндай сұраққа жауабым жоқ еді, сондықтан: “Мұны сізге дәл қазір дәлелдеп бере алмаймын. Бірақ келесі зерттеуге дейін жауабын табуға тырысамын”,— деп айттым. Мен солай еттім де. Ізденіп, сабақта талқылап жатқан ойды растайтын тармақтарды таптым. Содан бастап ізденіс жасауды үйреніп, зерттеуге жақсырақ дайындалатын болдым. Осының арқасында өзім де, әкем де рухани өсті. Ол білгендерін өмірде қолданып, 1952 жылы шомылдыру рәсімінен өтті.
БІЛІМІМЕ БІЛІМ ҚОСҚАН ЖАҢА МАҚСАТТАР
Мен үйімнен 17 жасымда кеттім. Джета a миссионер, ал Дон бетелдік болды. Екеуі де қызметтерін жанындай жақсы көретін, бұл менің шабытымды шыңдады. Сондықтан Бетелге де, Ғалақат мектебіне де өтініш толтырдым да, шешімін Ехобаға қалдырдым. Мені 1946 жылы Бетелге шақырды.
Бетелде қызмет еткеніме 75 жыл болды. Осы жылдар ішінде көптеген қызмет атқардым, сондықтан да көп нәрсе үйрене алдым. Маған қалай кітап басуды, есеп-қисап істеуді үйретті. Сондай-ақ Бетелге қажетті тауарларды сатып алу мен тасымалдауды үйрендім. Бәрінен де бұрын мұнда рухани білім қоржыным тола түсті: маған Бетелдегі таңғы ғибадат пен баяндамалар қатты ұнайды.
Менің тіпті 1947 жылы Бетелге келген інім Карлдан да үйренгенім болды. Ол Киелі кітапты күшті зерттейтін әрі керемет тәлімгер еді. Бір күні одан алда айтуым керек баяндамама қатысты көмек сұрадым. Оған көп мәлімет жинағанымды, бірақ оларды қалай қолданарымды білмей жатқанымды айттым. Ол: “Джоел, баяндамаңның тақырыбы қандай?”— деп бір-ақ сұрақ қойды. Мен бірден түсіндім: тақырыпты ашатын ойларды ғана алу керек, басқасын қосудың қажеті жоқ. Бұл сабақты ешқашан ұмытқан емеспін.
Бетелде қуанышпен қызмет ету үшін уағызға толыққанды қатысуға тырысуымыз керек. Сонда қызықты оқиғалар болуы мүмкін. Ертеректе уағызда болған бір оқиға әлі есімде. Бір күні кешке ер бауырлас екеуміз Нью-Йорктің Бронкс деген
ауданында тұратын бір әйелге бардық. Ол алдында “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналын алып қалған болатын. Біз сөзімізді: “Бүгін біз адамдарға Киелі кітаптан жігер беретін нәрселер жайлы білуге көмектесіп жүрміз”,— деп бастадық. “Егер Киелі кітап туралы болса, ішке кіріңдер”,— деді ол. Біз оған Құдай Патшалығы мен жаңа дүние туралы біраз тармақтарды оқып беріп, талқыладық. Бұның оған қатты әсер еткені сонша — келесі аптада әңгімемізді тыңдауға кейбір туыстарын да шақырыпты. Кейінірек ол отбасымен бірге Ехобаның адал қызметшісі болды.ЖАН ЖАРЫМНАН ҮЙРЕНУІМ
Мен отбасын құруды ойлап жүрдім. Арада 10 жылдай өткенде өз теңімді таптым. Жақсы жар табуға маған не көмектесті дейсіз ғой? Мен “үйленген соң әйеліммен бірге не істеуді қалаймын?” деп ойланатынмын, сол жайлы дұға ететінмін.
1953 жылы Янки стадионында өткен конгрестен соң Мэри Аниол деген бауырласпен таныстым. Джетамен бірге Ғалақаттың 2-сыныбында оқыған ол әпкемнің миссионерлік серігі еді. Мэри өзінің Кариб аралындағы қызметі мен Киелі кітап зерттеушілері туралы екі көзі жайнап, шабыттана айтатын. Жақын араласа келе, екеуміздің де рухани мақсаттарымыз бірдей екенін түсіндік. Бір-бірімізге деген махаббатымыз өсіп, 1955 жылы шаңырақ көтердік. Қай жағынан алсаң да, Мэри мен үшін Ехобаның сыйы әрі еліктер үлгім болды. Ол қандай тағайындалу алмасын, қуанышпен атқаратын. Өте еңбекқор, басқалардың қамын ойлауда алдына жан салмайтын. Патшалықтың ісін әрдайым өмірінің төріне қоятын (Мат. 6:33) Біз 3 жыл аудандық қызметте болдық, ал 1958 жылы Бетелге шақырылдық.
Мэриден үйренгенім көп. Мысалы, жаңадан үйленгенде, біз Киелі кітапты бірге күніне 15 тармақтай оқимыз деп шештік. Біреуіміз бір бөлікті оқып болған соң, тармақтарға түсініктеме айтып, өмірде қалай қолданатынымызды талқылайтынбыз. Мэри жиі Ғалақатта және миссионерлік қызметінде білгендерімен бөлісетін. Одан естігендерім менің түсінігімді арттырып, баяндамаларымды жақсартуға және әйел бауырластарды жігерлендіре алуыма көмектесті (Нақ. с. 25:11).
Менің Мэриім 2013 жылы дүние салды. Оны жаңа дүниеде көруді аңсап жүрмін. Сол кез келгенше, мен үйренуді және Ехобаға бар жүрегіммен сенім артуды жалғастыра беремін (Нақ. с. 3:5, 6) Ехобаның халқы жаңа дүниеде немен айналысатынын ойласам, жаным жай тауып, бойымды шаттық кернейді. Айналысатын істеріміздің ішінде Ұлы Тәлімгерімізден үйренеріміз де, ол туралы білеріміз де көп болатыны шүбәсіз! Оның осы уақытқа дейін маған үйреткендеріне және түрлі жолмен көрсеткен рақымына алғыс айтпай тұра алмаймын!
a Джета Суналдың өмірбаянын мына жерден оқи аласыз: “Күзет мұнарасы” (ор.), 2003 жыл, 1 наурыз, 23—29 беттер.