Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

21-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехоба сізге күш береді

Ехоба сізге күш береді

“Мен әлсіз кезімде күштімін” (ҚОР. 2-Х. 12:10).

73-ӘН Батылдық дарыта көр

АҢДАТПА *

1, 2. Көп бауырлас қандай қиындықтармен күресіп жүр?

ЕЛШІ ПАУЫЛ Тімөтеге: “Қызметіңді толықтай атқара бер”,— деген (Тім. 2-х. 4:5). Пауылдың кеңесіне құлақ асып, біз де уағыз ісіне барынша атсалысқымыз келеді. Бірақ қиындықтар да жоқ емес. Көп бауырласымызға уағызға шығу үшін қорқыныштарын жеңу керек (Тім. 2-х. 4:2). Мысалы, ісімізге шектеу қойылған немесе мүлдем тыйым салынған елдерде тұратын бауырластарымызды алайық. Олар кез келген сәтте тұтқындалуы мүмкін екенін білсе де, ізгі хабарды уағыздайды.

2 Бүгінде Ехобаның халқы сан түрлі қиындықтармен күресіп жүр. Көбісіне отбасын асырау оңай емес. Олар ең қажетті деген нәрселердің өзін табу үшін, таң атқаннан қара кешке дейін жұмыс істеуге мәжбүр. Олар Ехобаға көбірек қызмет еткілері-ақ келеді. Бірақ аптаның соңында шаршап, уағызға шығуға шамалары келмей жатады. Ал өзгелері созылмалы аурудың не қарттықтың кесірінен Ехобаға көп қызмет ете алмайды, кейбірі тіпті үйден шыға алмайды. Тағы басқалары өздерін түкке тұрғысыз сезініп, күйзеліске түскен. Таяу Шығыста тұратын Мәриям * есімді әйел бауырлас былай дейді: “Маған жағымсыз сезімдермен күресу өте қиын. Соларды тізгіндеймін деп эмоциялық жағынан қажып кетемін. Барлық күшім мен уақытым соған кетіп, қызметке атсалыса алмағаныма өзімді кінәлі сезінемін”.

3. Бұл мақалада не талқылаймыз?

3 Жағдайымыз қандай болмасын, Ехоба қиындықтарға төтеп беруге күш береді және қолымыздан келгенше оған қызмет ете беруге көмектеседі. Ал қалай көмектесетінін қарастырмас бұрын, оның кезінде Пауыл мен Тімөтеге қызметтерін соңына дейін атқаруға қалай көмектескенін көрейік.

УАҒЫЗ ІСІН АТҚАРАТЫН КҮШ

4. Пауылдың қандай қиындықтары болды?

4 Елші Пауыл Құдайдың күшін қатты қажет етті. Өйткені ол соққы жеп, таспен атқыланып, түрмеге жабылып, талай қиындықты бастан өткерді (Қор. 2-х. 11:23—25). Бұған қоса, ол еңсесін езіп жаншитын жаман ойлармен күрескен (Рим. 7:18, 19, 24). Сондай-ақ тәніне қадалып тұратын тікеннен қатты азап шеккен және Құдайдың осы тікенді алып тастауын қатты қалаған (Қор. 2-х. 12:7, 8).

Пауыл ненің арқасында қызметін атқарды? (5, 6-абзацты қараңыз) *

5. Қиындықтары болса да, Пауыл қандай істер атқарды?

5 Елші Пауыл қандай қиындық көрсе де, Ехобаның құдіретімен қызметін толық атқарып шықты. Мысалы, ол Римде үйқамақта отырғанда, яһуди жетекшілерінің алдында (мүмкін билік өкілдерінің де алдында) ізгі хабарды тайсалмай қорғады (Ел. іс. 28:17; Філіп. 4:21, 22). Сондай-ақ ол патшаның күзетші жасағындағылардың көбісіне және оны көруге келгендердің бәріне уағыздады (Ел. іс. 28:30, 31; Філіп. 1:13). Дәл сол уақыттары Пауыл мәсіхшілерге хаттар жазды. Бұл хаттардың пайдасын тіпті біз де көріп жүрміз. Пауылдың үлгісі сол кездегі Римдегі қауымға әсер етіп, олар “батылдана түсіп, Құдай сөзін қорықпай айтқан” (Філіп. 1:14). Пауыл жағдайының кесірінен қалағанының бәрін істей алмаса да, қолынан келгеннің бәрін істеп, “ізгі хабардың кең таралуына септігін тигізді” (Філіп. 1:12).

6. Қорынттықтарға 2-хат 12:9, 10-ға сай, Пауыл қызметін ненің арқасында атқарды?

6 Пауыл қызметте атқарған ісінің бәрі өзінің емес, Ехобаның күшінің арқасында екенін жақсы түсінген. Ол әлсіз кезінде Ехобаның “құдіретіне толық ие болған” (Қорынттықтарға 2-хат 12:9, 10 оқыңыз). Ехоба Пауылға киелі рухы арқылы құдіретін дарытып, қуғын-сүргін, түрме не басқа да қиындықтарға қарамастан қызметін толықтай атқаруға көмектесті.

Тімөте ненің арқасында қызметін атқарды? (7-абзацты қараңыз) *

7. Тімөте қандай қиындықтарға қарамастан қызметін атқарды?

7 Пауылдың қызметтегі жас серігі — Тімөтеге де Құдайдың күші қажет болды. Ол Пауылмен бірге ұзақ миссионерлік сапарларға шықты. Сондай-ақ ол елшінің тапсыруымен басқа қалалардағы қауымдарға да баратын (Қор. 1-х. 4:17). Бірақ Тімөте мұндай тапсырманы атқаруға өзін лайықсыз сезінген болуы мүмкін. Пауыл оған: “Ешкімнің өзіңді жассынып, менсінбей жүруіне жол берме”,— деп сол үшін айтса керек (Тім. 1-х. 4:12). Оның үстіне, Тімөтенің де тәніне қадалатын тікені болған: ол жиі ауырып қалатын (Тім. 1-х. 5:23). Бірақ ол Ехобаның құдіретті киелі рухының арқасында ізгі хабарды уағыздай алатынына және бауырластарына қызмет ете алатынына сенімді болды (Тім. 2-х. 1:7).

ҚИЫНДЫҚТА АДАЛДЫҚ САҚТАУҒА КӨМЕКТЕСЕТІН КҮШ

8. Ехоба қазіргі күні халқын қалай нығайтады?

8 Ехоба қазіргі күні де халқын нығайту үшін және адалдықпен қызмет ете алулары үшін, оларға “адам күшінен асқан күш” береді (Қор. 2-х. 4:7). Бұл үшін Ехоба төрт шара қарастырған. Олар: дұға, Киелі кітап, бауырластар және уағыз ісі.

Ехоба бізге дұға арқылы күш береді (9-абзацты қараңыз)

9. Дұғаның қандай көмегі бар?

9 Дұғадан күш алу. Елші Пауыл Ефестіктерге 6:18-де бізді “әр жағдайда” дұға айтуға талпындырады. Сонда Ехоба бізге күш береді. Боливияда тұратын Джонни есімді ер бауырластың жағдайына көңіл бұрайықшы. Оған бір дегенде бірнеше қиындыққа төтеп беруге тура келді. Оның әйелі, әкесі мен анасы үшеуі бір уақытта қатты ауырып қалады. Үш адамға бірдей қарау Джоннидің жалғыз өзіне өте ауыр соғады. Өкінішке қарай, аяулы анасы көз жұмады. Ал әйелі мен әкесі өте ұзақ уақыттан соң айығады. Өткен күндерін есіне алып Джонни: “Қатты уайымға салынғанда Ехобаға нақты дұға еткенім маған көп көмектесті”,— дейді. Боливияда тұратын Рональд деген ақсақалдың анасы қатерлі ісікке шалдыққаны белгілі болып, бір айдан кейін қайтыс болады. Рональд былай дейді: “Мен не ойлап, не сезініп жатқанымның бәрін Ехобаға ашық айтатынмын. Өйткені ол мені өзімнен де артық жақсы біледі, жақсы түсінеді”. Кейде біз қиналғанымыз сонша, одан әрі шыдай алмаймын деп ойлаймыз және не деп дұға айтатынымызды да білмей қаламыз. Бірақ қандай қиын болса да, Ехоба бізді дұға айтуға шақырады (Рим. 8:26, 27).

Ехоба бізге Киелі кітап арқылы күш береді (10-абзацты қараңыз)

10. Еврейлерге 4:12-де айтылғандай, Киелі кітапты оқып, ой жүгірту не үшін маңызды?

10 Киелі кітаптан күш алу. Жазбалар елші Пауылға жұбаныш пен күш-жігер бергендей, бізге де күш бере алады (Рим. 15:4). Киелі кітапты оқығанда, ой жүгіртейік. Сонда Ехоба киелі рухы арқылы біздің жағдайда пайдалы болатын ойларды көруге көмектеседі (Еврейлерге 4:12 оқыңыз). Жоғарыда айтылған Рональд бауырлас былай дейді: “Күнде кешке Киелі кітапты оқуды дағдыға айналдырғаным қандай жақсы болды! Осының арқасында мен Ехобаның қасиеттері жайында, қызметшілерін қалай қамқорлайтыны жайында көп ойланамын. Бұл маған күш беріп, қайтадан аяққа тұруыма көмектеседі”.

11. Күйеуінен айырылған бір әйел бауырлас Жазбалардан қалай күш алды?

11 Құдайдың Сөзін оқып, ой жүгіртсек, қиындықтарда байсалдылық сақтай аламыз. Күйеуінен айырылған бір әйел бауырласымыздың мысалына көңіл бұрайық. Бір ақсақал оған Әйүп кітабын оқуға кеңес береді. Ол осы кітапты оқығанда Әйүптің дұрыс емес көзқарасын бірден байқап: “Түу, Әйүп тек проблемасын ғана ойлай беріпті ғой”,— дейді. Бірақ кейін ол өзінің де сөйтіп жүргенін түсініп, көзқарасын өзгертеді. Осының арқасында ол мұңға қатты батып кетпей, Ехоба туралы, оның уәдесі туралы көп ойланатын болды әрі қайғысын көтере алды.

Ехоба бізге бауырластар арқылы күш береді (12-абзацты қараңыз)

12. Ехоба бауырластар арқылы бізге қалай күш береді?

12 Бауырластардан күш алу. Ехоба бір сенімдегі мәсіхшілер арқылы да бізге күш береді. Елші Пауыл бауырластарымен “өзара жігерленуді” қатты қалаған (Рим. 1:11, 12). Мақаланың басында айтылған Мәриям да бауырластармен араласып, өзара жігерленуді қатты бағалайды. Ол былай дейді: “Маған қиындықтарым жайлы ештеңе білмейтін бауырластар көмектесті. Ехоба соларды қолданды. Олар дәл маған керек кезде жылы сөздер айтып, ашық хаттар жазып, рухымды көтеріп тастайтын. Мен дәл менікіндей қиындықтардан өткен әйел бауырластармен де сөйлестім, олардан көп нәрсе үйрендім. Ақсақалдар да маған қауымға қажет екенімді айтып отыратын”.

13. Қауым кездесулерінде бір-бірімізге қалай күш бере аламыз?

13 Әсіресе қауым кездесулері күш-жігердің көзі болып табылады. Сондықтан қауымда бауырластарды шын жүректен бағалайтыныңызды, жақсы көретініңізді айтып отыруды мақсат етіңіз. Мысалы, күйеуі Куәгер емес бір әйел бауырласқа Пётр деген ақсақал былай дейді: “Сенің қауымға келгенің бізді қалай жігерлендіретінін білсең ғой! Сен алты балаңды жинап, қауымға үнемі дайындап әкелесің. Олар қол көтеріп жауап беруге де дайындалып келеді”. Сол кезде әйел бауырласымыз жанары жасқа толып: “Маған осы сөздер бүгін қаншалықты қажет болғанын білсеңіз ғой!”— деген екен.

Ехоба бізге уағыз ісі арқылы күш береді (14-абзацты қараңыз)

14. Уағыз ісі бізге қалай көмектеседі?

14 Уағыз ісінен күш алу. Біз адамдарға ізгі хабарды уағыздағанда бір сергіп, қуаттанып қаламыз! Әрі бұл адамдардың тыңдаған-тыңдамағанына байланысты емес (Нақ. с. 11:25). Стейси деген бауырластың мысалына назар аударайықшы. Отбасындағы бір адам қауымнан шығарылғанда, Стейсиді “оған көбірек көмектескенде, бұлай болмас па еді” деген ой мазалай береді. Жан күйзелісінен оны не шығарды? Уағыз ісі. Ол енді өзін емес, учаскедегі көмекке мұқтаж адамдарды көбірек ойлай бастады. Стейси былай дейді: “Сол қиын шақта Ехоба маған Киелі кітапты зерттегісі келетін бір адамды жолықтырды. Ол бірден қадамдар жасап, рухани өсті. Артқа қарап отырсам, маған үзбей күш беріп тұрған нәрсе осы қызмет болған екен”.

15. Мәриямның оқиғасынан не үйренеміз?

15 Кейбір бауырластар жағдайына байланысты көп қызмет ете алмай жүргендеріне мұңаюы мүмкін. Бірақ Ехоба қолыңыздан келгенше атқарып жатқан ісіңізді көріп қуанады. Мәриям бауырластың мысалына оралайық. Ол басқа жерге көшіп, шет тілді аймақта қызмет ете бастағанда қатты көңілі түседі. Мәриям былай дейді: “Мен қызметте жүргенде тек бір-екі ауыз сөз айтатынмын. Кейде бір буклет берсем, кейде бір тармақ оқып беретінмін. Осы тілде жатық сөйлейтін адамдармен өзімді салыстырғанда қатты ұялатынмын”. Бірақ кейін ол ойын өзгертті. Кейбір нәрселер қолынан келмегенмен, ол бәрібір Ехобаның жақсы құралы бола алатынын түсінді. “Қызметте адамның өмірін өзгертетін нәрсе — Киелі кітаптағы анық та қарапайым шындықтар, менің тілді жетік білгендігім емес”,— дейді Мәриям.

16. Үйінен шыға алмайтын бауырластар неден күш алады?

16 Төсек тартып үйден шыға алмаса да, уағыздауды қатты қалайтын бауырластардың ниетін Ехоба көреді әрі бұған қуанады. Ол бізге күтім көрсетушілерге, медицина қызметкерлеріне куәлік беруге жағдай жасайды. Бірақ біз қазіргі қызметімізді бұрынғы қызметімізбен салыстырмауымыз керек. Әйтпесе ұнжырғамыз түсіп, қуанышымыздан айырылып қаламыз. Қайта, Ехоба бізге қазір қалай көмектесіп жатқанын ойлайық. Сонда күшіміз сарқылмай, кез келген қиыншылықты қуанышпен еңсереміз.

17. Уағыздаушы 11:6-ға сай, қызметіміздің нәтижесін бірден көрмесек те, неліктен уағыздай беруіміз керек?

17 Сепкен тұқымдардың қайсысы тамыр жайып, өсіп шығатынын біз білмейміз (Уағыздаушы 11:6 оқыңыз). Мысалы, сексен жасар Барбара деген бауырласымыз телефонмен уағыздап, хаттар жазады екен. Ол хаттарының біреуіне 2014 жыл, 1 наурыздағы “Күзет мұнарасын” салып жібереді. Журналдағы мақалалардың бірі “Құдайдың сізге жасаған жақсылығы” деп аталатын. Бір қызығы, бұл хат бұрын Ехоба куәгері болған бір ерлі-зайыптыға түседі. Олар журналды қайта-қайта оқиды. Күйеуі оны оқығанда, Ехоба тікелей оған сөйлеп жатқандай сезінеді. Ақыры, бұл ерлі-зайыпты қайтадан қауым кездесулеріне келе бастайды. Нәтижесінде, 27 жылдық үзілістен кейін екеуі қайтадан белсенді Куәгер болады. Бір хаттың қандай жеміс әкелгенін білгенде, Барбара бауырласымыз қатты жігерленіп қалды!

Ехоба бізге 1) дұға, 2) Киелі кітап, 3) бауырластар және 4) уағыз ісі арқылы күш береді (9, 10, 12, 14-абзацтарды қараңыз)

18. Құдайдан күш алуымыз үшін не істеуіміз керек?

18 Ехобаның бізге көмектесетін күші де, ықыласы да зор! Ол бізге түрлі жолдармен күш береді. Осы мақаладан көргеніміздей, Ехоба біз үшін дұға, Киелі кітап, бауырластық, уағыз ісі сияқты шараларды қарастырған. Ендеше, осы шаралардың толық игілігін көруге тырысайық. “Өзіне бар жүрегімен берілгендерді қолдайтын” Әкемізге барлық жағдайда арқа сүйей берейік! (Шеж. 2-ж. 16:9).

61-ӘН Алға, Куәгерлер!

^ 5-абзац Өмір сан түрлі қиындыққа толы. Бірақ Ехоба бізге төзуге күш береді. Ол кезінде Пауыл мен Тімөтеге қиындықтарға қарамастан қызмет ете беруге көмектескен. Ол бізге де көмектесу үшін төрт шара қарастырған. Қазір осылар жайлы білейік.

^ 2-абзац Есімі өзгертілген.

^ 53-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Римде үйқамақта отырғанда Пауыл бірнеше қауымға хат жазды және келген адамдарға уағыздады.

^ 55-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Тімөте сапармен барған қауымдағы бауырластарды жігерлендірді.