Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

“Маған көп бауырлас үлгі болды”

“Маған көп бауырлас үлгі болды”

МЕН Франция әскерінің құрамында болдым. Біздің әскер Алжир тауларына қос тікті. Сол уақытта Алжир тауларында соғыс үдеп тұрған еді. Бір күні құм толтырылған қаптардың артында жалғыз өзім қосты күзетіп жаттым. Қараңғы түсіп, қас қарайған кез. Қолымда қаруым бар. Бір кезде арт жақтан біреудің келе жатқанын сездім. Сонда зәре-құтым қалмады! Мен ешкімді өлтіргім келмеді, өзім де өлгім келмеді. Содан: “О, Құдайым, көмектес!”— деп айқайлап жібердім.

Сол қорқынышты жағдай өмірімді өзгертіп жіберді. Өйткені сол кезден бастап Жаратушы жайлы ойлана бастадым. Сіздерге сол түні не болғанын айтып бермес бұрын, бала кезімдегі қандай жайттар Құдайды іздеуіме түрткі болғанын айтып берейін.

ӘКЕМНЕН ДАРЫҒАН ҚАСИЕТТЕР

Мен 1937 жылы солтүстік Францияның Генен деген шахташылар қаласында дүниеге келдім. Әкем көмір шахтасында жұмыс істейтін. Ол мені де ауыр еңбекке баулыды. Әкем әділетсіздікті жек көретін. Ол шахтадағы адамдардың қандай ауыр жағдайда жұмыс істеп жатқанына күйініп, олардың құқығын қорғау үшін түрлі ереуілдерге шығатын. Әкем жергілікті дінбасылардың да екіжүзділігіне наразы болатын. Өздері бақуатты тұрса да, олар күндерін әрең көріп жүрген шахташылардан тамақ пен ақша сұрайтын. Әкем олардың істерінен жиренгені сонша, үйде маған дін туралы ештеңе үйретпеді. Ойлап қарасам, біз үйде Құдай туралы ешқашан сөйлеспеппіз.

Әкемнің әділетсіздікке деген көзқарасы маған да өтті. Маған адамдардың Францияға көшіп келген шетелдіктерді бөліп-жаратыны еш ұнамайтын. Ал өзім болсам иммигранттардың балаларымен футбол ойнап, олармен араласқанды жақсы көретінмін. Бұған қоса, анам француз емес, поляк болатын. Мен ұлттар мен нәсілдер арасында теңдік орнаған заманды қатты аңсадым.

ӨМІРДІҢ МАҒЫНАСЫНА ҮҢІЛУІМ

Әскерде жүрген кезім

1957 жылы әскерге шақырылдым. Басында айтып берген қараңғы түнде болған жағдай сол кезде орын алған еді. Мен: “О, Құдайым, көмектес!”— деп қарап қалсам, келе жатқан жаудың сарбазы емес, жабайы есек екен. Сонда жүрегімнің орнына түскені-ай! Осы жағдайдан кейін, жалпы соғыстың да әсері бар, өмір жайында кәдімгідей ойлана бастадым. “Өмірдің мәні неде? Құдай бізді ойлай ма? Баянды бейбітшілік қашан орнар екен?” деген сұрақтар маған маза бермеді.

Соғыстың кезінде бір рет үйге барып қайттым. Сол кезде бір Ехоба куәгері маған Киелі кітаптың француз-католик аудармасын берді. Мен оны Алжирге оралғанда оқи бастадым. Әсіресе қатты әсер қалдырған тармақтар Аян 21: 3, 4 еді. Онда: “Міне, Құдайдың тұрағы адамдар арасында!...Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды”,— делінген. Мен осы сөздер шынымен орындалар ма екен деп ойладым. Ол кезде Құдай туралы да, Киелі кітап туралы да ештеңе білмейтінмін.

1959 жылы әскерден оралған соң мен Франсуа деген Куәгермен таныстым. Ол маған Киелі кітаптағы шындықтарды үйретті. Киелі кітаптан Құдайдың “Ехоба” деген дара есімін көрсетті (Зәб. 83:18). Сонымен қатар Ехоба күллі жер бетінде әділдік орнататынын және Аян 21:3, 4-тегі уәдесіне сай, жерді жұмаққа айналдыратынын түсіндірді.

Біліп жатқандарым ақылға қонымды, жүрекке жететін шындықтар еді. Мен дінбасылардың үйретіп жүргендері Киелі кітапқа қайшы екенін білгенде, одан сайын зығырданым қайнап, күнәларын беттеріне басқым келді. Мен де әкем сияқты әділдікті бірден орнатқым келді.

Бірақ Франсуа мен басқа да Куәгер достарым мені райымнан қайтарды. Олар біздің мақсатымыз адамдарды соттау емес, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды айтып, үміт беру екенін түсіндірді. Өйткені Иса да солай еткен және шәкірттеріне де осыны тапсырған (Мат. 24:14; Лұқа 4:43). Сондай-ақ маған адамдар қандай дінді ұстанбасын, олармен жұмсақ әрі ізетпен сөйлесуді үйрену керек болды. Өйткені Киелі кітапта айтылғандай, “Иеміздің құлы жанжалдаспау керек, ол бәріне ілтипатты” болу керек (Тім. 2-х. 2:24 сілт.).

Мен рухани қадамдар жасап, 1959 жылы аудандық конгресте шомылдыру рәсімінен өттім. Дәл осы конгресте Анжела деген қыз бауырласты ұнатып қалдым. Содан, оның қауымына бара бастадым. Ал 1960 жылы екеуміз үйлендік. Мен Құдай қосқан асыл жарым Анжеланы қатты бағалаймын (Нақ. с. 19:14). Ол — тамаша жан.

Үйленген кезіміз

ТӘЖІРИБЕЛІ БАУЫРЛАСТАРДАН ҮЙРЕНГЕНІМ

Мен өмірде көпті көрген дана бауырластардан біраз нәрсе үйрендім. Олардың ақылынан түйгенім, адам кішіпейіл болса және Нақыл сөздердегі “кеңесші көп болса, жоспар жүзеге асады” деген кеңеске құлақ асса, онда кез келген қиын тапсырманы атқара алады (Нақ. с. 15:22).

1965 жыл, Франция. Аудандық қызметте жүрген кезіміз

Нақыл сөздер 15:22-дегі сөздердің растығына талай рет көзім жетті. 1964 жылы аудандық бақылаушы болып тағайындалдым. Сол жылдан бастап бауырластарды жігерлендіріп, рухани күш беру үшін қауымдарды аралай бастадым. Ол кезде жасым жиырма жетіде. Аса тәжірибем болмағандықтан, кейбір нәрселерді дұрыс істемейтінмін. Бірақ сол қателіктерімнен сабақ алуға тырыстым. Мен әсіресе қабілетті, өте тәжірибелі “кеңесшілердің” көмегін көп көрдім.

Аудандық қызметке енді кіріскен кезімде болған бір жағдай есімде. Париждегі бір қауымға сапар жасағаннан кейін, сол қауымдағы тәжірибелі бір ер бауырлас маған оңашада былай деді:

— Луис, саған айтарым бар еді.

— Иә, айта беріңіз,— дедім мен.

— Үйге дәрігер шақырғанда, ол бірінші болып кімге көңіл бөледі?— деп сұрады ол.

— Науқас адамға,— деп жауап бердім.

— Дұрыс айтасың, бірақ мен сенің қауымда рухани мықты бауырластармен көп уақыт өткізетініңді байқадым. Бізде жаңадан келген немесе ұялшақ, көңілі түсіп жүрген бауырластар өте көп. Сен оларға да көңіл бөлсең, үйлеріне қонаққа барып қайтсаң, олар қатты риза болып қалар еді,— деді ол.

Бұл бауырласым маған өте құнды, өте қажетті кеңес берді. Оның Ехобаның қойларына деген қамқорлығына қайран қалдым. Содан, намысымды былай ысырып қойдым да, бірден оның кеңесіне сай әрекет ете бастадым. Осындай ер бауырластар үшін Ехобаға алғысым шексіз.

1969 және 1973 жылдары Париждің Коломб стадионында халықаралық конгрестер өтті. Мен осы екі конгресте де тамақ үйлестіру бөлімінің бақылаушысы болып қызмет еттім. 1973 жылғы конгресте 60 000-дай адамды бес күн бойы тамақтандыру керек болды. Бұны қалай атқарып шығамыз деп уайымдадым. Осы кезде де маған Нақыл сөздер 15:22-дегі кеңес көмектесті. Мен жұмысы азық-түлікпен байланысты әрі өздері рухани толысқан ер бауырластармен ақылдастым. Олардың ішінде қасапшылар, көкөніс өсіретіндер, аспаздар, өнімге тапсырыс берушілер болды. Сөйтіп, осы таудай тапсырманы бәріміз жұмыла көтерісіп атқардық.

1973 жылы әйелім екеумізді Франциядағы Бетелге шақырды. Бұл жерде де мені таудай тапсырма күтіп тұр екен. Маған Африкадағы Камерун еліне әдебиеттерді жеткізу тапсырылды. Бұл елде Куәгерлердің ісіне тыйым салынғандықтан (1970—1993 жылдар аралығы), тапсырмамды енді қалай атқарамын деп тағы уайымдадым. Сонда Франциядағы филиал бақылаушысы мені не мазалап жүргенін байқаса керек: “Луис, Камерундағы бауырластарымыз рухани асқа зәру. Оларға азықтарын қалай да жеткізейік”,— деді. Біз солай еттік те.

1973 жыл, Нигерия. Камерундағы бауырластармен өткен арнайы кездесу

Мен Камерунның ақсақалдарымен осы елмен шекаралас мемлекеттерде кездесетінмін. Ержүрек әрі парасатты осы бауырластар рухани асты жүйелі түрде елге жеткізіп тұруға көп үлес қосты. Ехоба бізге әрдайым жар болып жүрді. Нәтижесінде, Камерундағы бауырластар 20 жылдай уақыт бойы “Күзет мұнарасы” мен ай сайын шығатын “Біздің қасиетті қызметіміз” басылымын бірде-бір рет жібермей алып отырды.

1977 жыл, Нигерия. Анжела екеуміз Камерундағы аудандық бақылаушылармен және олардың әйелдерімен кездестік

АЯУЛЫ ЖАРЫМНАН ҮЙРЕНГЕНІМ

Анжеламен жақынырақ таныса бастаған кезімде бойында Ехобаға ұнамды көп қасиеттер бар екенін байқадым. Осы қасиеттері кейін некемізді көркейте түсті. Тойымыз болған күні-ақ кешке ол менен Ехобаға дұға етуді сұрады. Дұғада жұп болып оған барынша қызмет етуді қалайтынымызды айтшы деп өтінді. Ехоба сол дұғамызға жауап берді.

Сонымен қатар Анжела маған Ехобаға толық сенім артуды үйретті. Мен аудандық қызметті қатты ұнататынмын. Сондықтан 1973 жылы бізді Бетелге шақырғанда, барғым келмеді. Анжеланың сол кезде айтқан сөзі есімде. Ол: “Біз өмірімізді Ехобаға бағыштадық қой. Ендеше, оның ұйымы тапсырған кез келген істі атқаруымыз керек емес пе?!”— деді (Евр. 13:17). Сөйтіп, біз Бетелге келдік. Анжеланың парасаттылығы, рухани ой қалпы некеміздің іргесін берік сақтауға, дұрыс шешімдер қабылдауға талай көмектесті.

Анжела екеуміз Франциядағы Бетелдің бақшасында

Қарттыққа аяқ басқан шақта да аяулы жарым маған тіреніш болды. Теократиялық мектептердің көбісі ағылшын тілінде өтетіндіктен, Анжела екеуміз осы тілді үйренуге барымызды салдық. Содан жасымыз 70-тен асқан шағымызда ағылшын тіліндегі қауымға ауыстық. Франция филиалындағы комитеттің мүшесі болғандықтан, жұмыс бастан асады. Сондықтан жаңа тіл үйрену маған оңай болған жоқ. Бірақ Анжела екеуміз тіл мәселесінде де бір-бірімізді демеп отырдық. Қазір жасымыз 80-ге келген кезде қауым кездесулеріне әлі де екі тілде, ағылшын және француз тілдерінде, дайындаламыз. Сондай-ақ кездесулерге көбірек атсалысуға, қауыммен бірге қызмет етуге күш салып келеміз. Ехоба біздің тіл үйренеміз деген ықыласымызға батасын берді.

2017 жылы Паттерсондағы (Нью-Йорк) Күзет мұнарасының білім орталығында Филиал комитетінің мүшелері мен әйелдеріне арналған мектепке шақырылдық. Ехоба Анжела екеумізге осындай керемет сыйлық жасады.

Ехоба расында да Ұлы Тәлімгер екеніне көзім жетті (Ишая 30:20). Сондықтан ол жастар бар, қарттар бар — күллі халқына ең сапалы білім беруде (Мұс. 5-ж. 4:5—8). Бір түсінгенім, егер жастар Ехобаның да, тәжірибелі бауырластардың да ақылына бірдей құлақ асса, рухани жақсы өсіп, жемісті болады. Нақыл сөздер 9:9-да: “Ақыл-кеңесті данаға айт, даналығы артар, Тәлімді әділге бер, білімі молаяр”,— деп бекер айтылмаса керек.

60 жылдай уақыт бұрын Алжир тауларында болған сол қорқынышты жағдайды кейде есіме алып тұрамын. Сол кезде алда мені осындай керемет өмір күтіп тұрғанын кім білсін. Маған үлгі-өнеге болған бауырластар көп болды. Ехоба маған көп батасын төкті. Керемет жар сыйлады, мән-мағынаға толы өмір берді. Біз көктегі Әкемізден тәлім алуды және оны жақсы көретін дана да тәжірибелі бауырластардан үйренуді ешқашан доғармаймыз!