Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

18-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сіз Исаға сүрінесіз бе?

Сіз Исаға сүрінесіз бе?

“Маған сүрінбейтін адам бақытты!” (МАТ. 11:6 СІЛТ.)

54-ӘН Міне, жол!

АҢДАТПА *

1. Киелі кітаптағы хабарды өзгелерге алғаш айтқаныңызда, олар қалай қабылдады?

ШЫНДЫҚТЫ алғаш білген кезіңіз есіңізде ме? Сіз: “Мынау шындық қой, Киелі кітапта бәрі ап-анық жазылып тұр екен ғой!”— деген шығарсыз. Сөйтіп, бұл жақсы хабарды басқалар да білсін, олар да бақытты болсын деп, білгендеріңізді туыстарыңыз бен достарыңызға қуана айтқан шығарсыз (Зәб. 119:105). Олар да шындықты тапса, сіз сияқты қатты қуанады деп ойладыңыз. Бірақ өкініштісі, сізге көбісі сенбеді.

2, 3. Бірінші ғасырда көп адам Исаға қалай қарады?

2 Айтқан хабарымызға адамдар құлақ аспаса, бұған таңғалудың қажеті жоқ. Иса да Құдайдың құдіретімен кереметтер жасаса да, оған көбісі сенбеді. Мысалы, қайта тірілген Елазарды барлығы, тіпті Исаның қарсыластары да көрді. Бірақ яһуди жетекшілері Исаның Мәсіх екенін бәрібір мойындамады. Олар тіпті Исаның да, Елазардың да көзін құртқылары келді! (Жох. 11:47, 48, 53; 12:9—11).

3 Иса көп адам оның Мәсіх екенін мойындамайтынын білген (Жох. 5:39—44). Ол Жақияның шәкірттеріне: “Маған сүрінбейтін адам бақытты”,— деді (Мат. 11:2, 3, 6 сілт.). Неліктен Исадан көбісі бас тартты?

4. Осы мақала не жайлы болмақ?

4 Осы және келесі мақалада I ғасырдағы адамдардың көпшілігі не себепті Исаға сенбегенін қарастырамыз. Сонымен қатар бүгінде көп адам хабарымызға неліктен құлақ аспайтынын білеміз. Ал ең маңыздысы, Исадан бас тартпауымыз үшін, оған деген сенімімізді қалай қатайтуға болатынын қарастырамыз.

1) ИСА ҚАРАПАЙЫМ ОРТАДАН ШЫҚТЫ

Көп адам Исаның қандай ортадан шыққанына сүрінді. Бүгінде адамдар дәл осы нәрсеге сүрініп жатқанын байқайсыз ба? (5-абзацты қараңыз) *

5. Кейбіреулер Исаның Мәсіх екеніне не себепті сенбеген болуы мүмкін?

5 Көп адамның сүрінуіне Исаның шыққан жері себеп болған. Исаның тамаша ұстаз екенін, түрлі кереметтер жасайтынын білсе де, олар Исаны жай ғана қарапайым ағаш ұстасының ұлы деп санаған. Оның үстіне, Иса Назареттен шыққан еді. Бұл қала көпшілік үшін елеусіз, маңызсыз қала болған көрінеді. Исаның шәкірті болған Натанайыл басында: “Сол Назареттен не жақсылық шығар дейсің?”— деген еді (Жох. 1:46). Ол Назаретті қала құрлы көрмесе керек немесе Миха 5:2-дегі пайғамбарлыққа сай, Мәсіхтің Назаретте емес, Бетлехемде туылатынына меңзесе керек.

6. Бірінші ғасырда адамдар Исаның Мәсіх екенін қалай біле алар еді?

6 Жазбалар не дейді? Ишая пайғамбар Иса Мәсіхті мойындамайтын адамдар “оның ататегін сұрастырмайтынын” айтып кеткен (Ишая 53:8). Ал Жазбаларда Мәсіхтің шығу тегіне байланысты пайғамбарлықтар жеткілікті еді. Сол пайғамбарлықтарды ден қойып зерттегендер Исаның Бетлехемде туылғанын және Дәуіт патшаның ұрпағы екенін білер еді (Лұқа 2:4—7; Миха 5:2). Бірақ жұрт Исаның Мәсіх екеніне сенбеді. Неге? Өйткені олар айғақтарға мән бермеді, анық-қанығына жетпей жатып тұжырым жасады.

7. Бүгінде көп адам Ехоба куәгерлеріне неге сенбейді?

7 Бүгінде адамдар не нәрсеге сүрінеді? Ехоба куәгерлерінің көбісі қарапайым ортадан шыққан. Көп адам оларды “арнайы білімі жоқ қарапайым адамдар” деп санайды (Ел. іс. 4:13). Кейбіреулер оларды беделді діни оқу орындарын бітірмегендіктен, Киелі кітапты үйретпеулері керек деп ойлайды. Басқалары болса оларды “Американың діні” деп ұнатпайды. Бірақ АҚШ-та дүниежүзіндегі Ехоба куәгерлерінің шамамен 14 пайызы ғана тұратынына мән бермейді. Тағы біреулері бізді Исаны мойындамайды деп ойлайды. Көп жылдар бойы біздер жайында “коммунистер”, “Американың шпиондары”, “экстремистер” деген сөздер тарап келді. Осы лақап сөздерге сеніп, біз жайында шындықтың анық-қанығына жетпегендіктен, көп адам Ехоба куәгері болғысы келмейді.

8. Елшілердің істері 17:11-ге сай, Құдайдың шынайы халқын тапқысы келетіндер не істеулері керек?

8 Сүрінбеу үшін не істеуіміз керек? Айғақтарға көз жеткізу керек. Мысалы, Ізгі хабар жазушысы Лұқа алдымен “бәрін басынан бастап мұқият зерттеген”. Ол өз оқырмандарының да Иса туралы естігендерінің “растығына толығымен көз жеткізгендерін” қалаған (Лұқа 1:1—4). Лұқа сияқты, Береяда тұрған яһудилер де Иса жайлы алғаш білгенде, осы білгендерін Еврей жазбаларымен салыстырған (Елшілердің істері 17:11 оқыңыз). Бүгінде де шындықты тапқысы келетіндер Құдайдың халқынан үйреніп жатқандарын Жазбалармен салыстырулары керек. Сонымен қатар Ехоба куәгерлерінің қазіргі тарихын, жасаған іс-шараларын зерттеулері қажет. Естіп-білгендерінің растығына осылай көз жеткізсе, олар өзгелердің біржақты пікіріне не алыпқашпа сөздеріне алданбайды.

2) ИСА ҒАЖАЙЫП БЕЛГІЛЕР КӨРСЕТПЕДІ

Көп адам Исаның көктен белгілер көрсетпегеніне сүрінді. Бүгінде адамдар дәл осы нәрсеге сүрініп жатқанын байқайсыз ба? (9, 10-абзацтарды қараңыз) *

9. Иса көктен белгі көрсетпей қойғанда, жұрт мұны қалай қабылдады?

9 Кейбір адамдар Исаның тағылымды тәлімдерін аз көріп, одан Мәсіх екенін дәлелдеу үшін “көктен белгі көрсетуін сұрады” (Мат. 16:1). Бәлкім, олар Даниял 7:13, 14-тегі сөздерді дұрыс түсінбегендіктен солай еткен болар. Бірақ бұл пайғамбарлықтың орындалуына әлі ерте еді. Негізі, Исаның берген тәлімдерінен-ақ оның Мәсіх екенін анықтауға болатын. Иса халық сұраған белгіні көрсетпеген еді, олар одан бас тартты (Мат. 16:4).

10. Ишаяның Мәсіх туралы айтқан пайғамбарлығын Иса қалай орындады?

10 Жазбалар не дейді? Ишая пайғамбар Мәсіх жайында: “Ол айқайламайды, дауыс көтеріп сөйлемейді, Көшелерде де даусы естілмейді”,— деп алдын ала айтқан (Ишая 42:1, 2). Иса жерде қызмет еткен кезінде кішіпейілділігінен айнымаған. Ол көз жауын алатын зәулім ғибадатханалар соғып, көзге бірден түсетін ерекше киімдер киіп, өзін жоғары діни лауазымдармен ататып жұрттың назарын өзіне аудармаған. Исаны соттау үшін Ирод патшаның алдына әкелгенде де, ол кереметтер көрсетіп Иродты таңқалдыруға тырыспады (Лұқа 23:8—11). Әрине, Иса кереметтерді мүлдем жасамай қойған жоқ, жасады. Бірақ оның басты мақсаты ізгі хабарды уағыздау болды. “Себебі мен сол үшін келдім”,— деді ол (Мар. 1:38).

11. Бүгінде көп адамда ғибадатқа қатысты қандай бұрыс ой қалыптасқан?

11 Бүгінде адамдар не нәрсеге сүрінеді? Біздің ғибадатымыз басқа діндерден қатты ерекшеленеді. Бүгінде көп адам сәулет өнерімен көз жауын алатын зәулім діни ғимараттарға тамсанады. Жоғары лауазымды дінбасыларға, Киелі кітапқа сай келмейтін салтанатты рәсімдерге қызығады. Бірақ осы діндердің өкілдері Құдай жайлы, оның уәделері жайлы білім алып жатыр ма? Ал біздің қауым кездесулерінде адамдар Ехобаның талап-заңдарын біледі, оның еркіне сай өмір сүруді үйренеді. Патшалық сарайларымыз болса таза, қарапайым әрі ыңғайлы. Қауымда жетекшілікті қолға алғандар өзгеше киім киіп ерекшеленбейді, ешқандай жоғары лауазымдары да жоқ. Сондай-ақ ұстанатын ілімдеріміз де, беріп жатқан тәлімдеріміз де Құдайдың Сөзіне негізделген. Десе де көп адамға біздің ғибадат ету жолымыз ұнамайды. Өйткені біз оларға ұнайтын салтанатты рәсімдер өткізбейміз және тәлімдеріміз де олардың құлағына жаға бермейді.

12. Еврейлерге 11:1, 6-да түсіндірілгендей, сеніміміз не нәрсеге қалануы қажет?

12 Сүрінбеу үшін не істеуіміз керек? Елші Пауыл Римдегі мәсіхшілерге: “Сенім сөзді естуден туады. Ал сөзді Мәсіх жайлы айтылғанда естуге болады”,— деген (Рим. 10:17). Демек, сенім Киелі кітап құптамайтын рәсімдерді ұстанғанда емес, Құдай Сөзін зерттегенде нығаяды. Біздің сеніміміз тура білімге қалануы қажет. Өйткені мұндай “сенім болмаса, Құдайға ұнау мүмкін емес” (Еврейлерге 11:1, 6 оқыңыз). Сондықтан да кез келген күмәнді сейілтіп, шындықты тапқанымызға көз жеткізу үшін, бізге көктен ғажайып белгі көрудің қажеті жоқ. Біз үшін Киелі кітаптағы шындықтарды тыңғылықты зерттегеніміз жеткілікті.

3) ИСА ЯҺУДИЛЕРДІҢ КӨПТЕГЕН ДӘСТҮРІН ҰСТАНБАДЫ

Көп адам Исаның олардың кей дәстүрлерін ұстанбағанына сүрінді. Бүгінде адамдар дәл осы нәрсеге сүрініп жатқанын байқайсыз ба? (13-абзацты қараңыз) *

13. Көп адам Исаға не үшін сенбеді?

13 Жақияның шәкірттері Исаның шәкірттерінің ораза ұстамағанына таңқалған. Сол кезде Иса көзі тірі кезінде шәкірттеріне ораза ұстаудың қажеті жоқ екенін айтты (Мат. 9:14—17). Парызшылдар мен өзге қарсыластары болса Исаны олардың салт-дәстүрлерін ұстанбағаны үшін айыптады. Сондай-ақ Исаның Демалыс күні ауруларды сауықтырғанына қатты наразы болды (Мар. 3:1—6; Жох. 9:16). Олар Демалыс күнін қасиетті тұтамыз деп мақтанғанмен, ғибадатханада сауда-саттықпен емін-еркін айналыса беретін. Иса осы істерін әшкерелегенде, олар ашуға булығып шыға келді (Мат. 21:12, 13, 15). Тағы бірде Назарет қаласындағы мәжілісханада адамдар Исаға қатты ызаланды. Өйткені Иса олардың қаншалықты өзімшіл, сенімнен жұрдай екендерін көрсету үшін, исраилдіктердің тарихынан мысалдар келтіріп айыптаған еді (Лұқа 4:16, 25—30). Иса жұрт күткендей әрекет етпегендіктен, олар оған сенбеді (Мат. 11:16—19).

14. Иса халықты не үшін айыптады?

14 Жазбалар не дейді? Ехоба Ишая пайғамбар арқылы: “Мына халық маған тек аузымен жақындайды, Мені тілдерімен ғана дәріптейді, Ал жүректері менен алшақ, Олар адамдар шығарған қағидаларды үйреніп, бұнысын мені қастерлеу деп есептейді”,— деп айтқан (Ишая 29:13). Исаның халықты айыптағаны өте орынды болды. Өйткені олар адамдар ойлап тапқан салт-жоралар мен дәстүрлерді Жазбалардан артық көретін. Соның нәтижесінде олар Ехобадан да, ол жіберген Мәсіхтен де бас тартып кетті.

15. Көп адам Ехоба куәгерлерін не үшін жақтырмайды?

15 Бүгінде адамдар не нәрсеге сүрінеді? Көп адам біздің Жаңа жыл, туған күн сияқты мейрамдарды тойламағанымызға ренжиді. Ал өзгелері ұлттық мерекелерді тойламайтынымызға немесе жерлеу рәсімімен байланысты салт-жораларды ұстанбайтынымызға ашуланады. Олар Құдайға дұрыс ғибадат етіп жүрміз деп ойлайды. Бірақ олар осы дүниенің салт-жораларын Киелі кітапта ап-анық жазылған ілімдерден артық көрсе, Құдайға ұнамды бола алмайды (Мар. 7:7—9).

16. Зәбүр 119:97, 113, 163—165 тармақтарға сай, не істеуіміз керек және неден аулақ болуымыз керек?

16 Сүрінбеу үшін не істеуіміз керек? Ехобаның заңдары мен принциптерін қатты сүюіміз керек (Зәбүр 119:97, 113, 163—165 оқыңыз). Ехобаны шын жақсы көрсек, оған ұнамайтын мейрамдар мен салт-жораларға қатыспаймыз. Біз еш нәрсені Ехобадан артық сүйгіміз келмейді.

4) ИСА САЯСИ МӘСЕЛЕЛЕРДІ БІРДЕН ШЕШПЕГЕН

Көп адам Исаның саясатқа араласпағанына сүрінді. Бүгінде адамдар дәл осы нәрсеге сүрініп жатқанын байқайсыз ба? (17-абзацты қараңыз) *

17. Адамдар Исадан нені күтті?

17 Исаның заманындағы адамдар елде саяси реформа жасалғанын қатты қалаған. Олар Мәсіх келсе, бізді Римнің езгісінен азат етеді деп күтті. Сондықтан олар Исаны патша еткісі келді, бірақ Иса бұдан бас тартты (Жох. 6:14, 15). Ал басқалары, мысалы діни қызметкерлер, Иса билікке келсе, онда Рим үкіметі беріп отырған биліктен құралақан қаламыз деп қорықты. Осылай көп адам Исаға сүрінді.

18. Яһудилердің көбі Мәсіхке қатысты қандай пайғамбарлықтарға немкетті қарады?

18 Жазбалар не дейді? Көп пайғамбарлықта Мәсіх түбінде жауларын жеңіп шығатыны айтылғанмен, өзге пайғамбарлықтарға сай, ол алдымен адамзаттың күнәсі үшін өлуі тиіс еді (Ишая 53:9, 12). Олай болса яһудилер Исадан неге басқа нәрсе күтті? Өйткені Мәсіхке қатысты кейбір пайғамбарлықтарға немкетті қарады. Пайғамбарлықтардың ешқайсысында Мәсіх олардың қиындықтарын дәл сол уақытта шешетіні айтылмаған еді (Жох. 6:26, 27).

19. Бүгінде көп адам бізге не себепті наразы?

19 Бүгінде адамдар не нәрсеге сүрінеді? Көп адам біздің саясатқа араласпайтынымызға сүрінеді. Олар біздің сайлауға қатысып, дауыс бергенімізді қалайды. Бірақ біз қандай да бір адамға дауыс берудің Патшамыз Ехобадан бас тарту екенін жақсы түсінеміз (Сам. 1-ж. 8:4—7). Сондай-ақ адамдар бізге: “Неге сендер мектептер, ауруханалар соғып, қайырымдылық істермен айналыспайсыңдар?”— дейді. Олар біздің қоғамдағы проблемаларды қазір шешпей, бар күшімізді уағыз ісіне жұмылдыратынымызға наразы болады.

20. Матай 7:21—23 тармақтарға сай, біздің басты мақсатымыз не?

20 Сүрінбеу үшін не істеуіміз керек? (Матай 7:21—23 оқыңыз). Біздің басты мақсатымыз — Иса тапсырған істі орындау (Мат. 28:19, 20). Біз саясатқа араласып, қоғамдық проблемаларды шешуге тырыспаймыз. Әрине, біз адамдарды жақсы көреміз, қиындықтарын жеңілдеткіміз келеді, болашақтарына да алаңдаймыз. Бірақ оларға көмектесудің ең дұрыс жолы Құдай Патшалығы жайлы үйретіп, Ехобамен дос болуға көмектесу екенін түсінеміз.

21. Біз не нәрсеге бекінуіміз қажет?

21 Біз бұл мақалада адамдар қандай бейнелі төрт тасқа сүрініп, Исадан бас тартқанын қарастырдық. Сондай-ақ бүгінде көп адам хабарымызға неліктен құлақ аспайтынын көрдік. Ал келесі мақалада адамдар тағы қандай төрт нәрсеге сүрінетінін қарастырамыз. Ендеше, сүрініп қалудан абай болып, сенімімізді әрқашан берік сақтайық!

56-ӘН Шындық жолын таңда

^ 5-абзац Иса жер бетінде өмір сүрген ең ұлы Ұстаз болса да, көп адам одан бас тартты. Бүгінде де көп адам Исаның ізбасарларының істері мен айтқан сөздеріне сүрінеді. Ал сіз сүрінбеу үшін, Исаға деген сеніміңізді қалай берік етсеңіз болады? Осы және келесі мақала Ехоба куәгерлерімен араласатын, бірақ Куәгер болудан тартынып жүрген адамдарға әсіресе пайдалы болады.

^ 60-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Філіп Натанайылды Исамен танысуға талпындырып тұр.

^ 62-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Иса ізгі хабар айтып жатыр.

^ 64-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Иса қолы семіп қалған адамды сауықтырды, ал артқы жақта қарсыластары қарап тұр.

^ 66-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Иса тауға жалғыз кетіп барады.