Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз білгенсіз бе?

Сіз білгенсіз бе?

Киелі кітап жазылған заманда папирустан қайық жасалған ба?

Папирус қамысы

Папирус қамысы ежелде Мысырда жазу үшін қолданылғаны бәрімізге мәлім. Гректер мен римдіктер де папирусқа жазған *. Бірақ папирустың қайық жасау үшін де қолданылғанын көбісі біле бермейді.

Мысырда қабірден табылған екі папирус қайықтың үлгісі

Осыдан 2500 жылдан астам уақыт бұрын Ишая пайғамбар: “Эфиопия өзендерінің бойындағы ел... теңіз арқылы папирус қайықтармен өкілдерін жіберді”,— деп жазған. Кейінірек Еремия пайғамбар мидиялықтар мен парсылардың Бабыл қаласын жаулап алатынын және бабылдықтар қашып кетпес үшін, “қамыс қайықтарын өртеп” жіберетінін айтқан (Ишая 18:1, 2; Ерм. 51:32).

Киелі кітап — Құдайдың рухымен жазылған кітап. Сондықтан археологтардың ежелде папирус қайықтардың болғанына дәлелдер тапқаны таңғаларлық жайт емес (Тім. 2-х. 3:16). Бұл қандай дәлелдер?

ПАПИРУС ҚАЙЫҚТАР ҚАЛАЙ ЖАСАЛҒАН?

Мысырдан табылған ежелгі қабірлердің ішіндегі суреттер мен бедерлерден адамдардың папирусты жинап, одан қайық жасап жатқанын көруге болады. Ер кісілер папирус сабақтарын шауып, бума-бума қылып байлап, сосын сол бумаларды бір-бірімен біріктірген. Папирус сабақтары кәдімгі қамыстың пішініндей домалақ емес, үшбұрышты болып келгендіктен, оларды біріктіргенде, өте нығыз, берік бума шығатын. Мысыр тарихы жазылған бір кітапта папирус қайықтардың ұзындығы 17 м-ге дейін жететіні және әр жағында 10—12 ескек болатыны айтылған (“A Companion to Ancient Egypt”).

Қабырғадағы бедерлер Мысырда папирус қайықтың қалай жасалғанын көрсетеді

ҚАЙЫҚТЫ НЕГЕ ПАПИРУСТАН ЖАСАҒАН?

Папирус қамыстары Ніл өзенінің аңғарында қаптап өсетіндіктен, олар қайық жасауда кеңінен қолданылған. Бұған қоса, папирустан қайық жасау оңайырақ болған. Кейінірек кеме жасауда негізінен ағаш қолданыла бастады. Бірақ балықшылар мен аңшылар әрі қарай да папирус қайықтарды қолдана бергенге ұқсайды.

Папирус қайықтар ғасырлар бойы қолданыста болды. Б. з. I және II ғасырларында өмір сүрген грек жазушысы Плутарх сол кездері кейбір адамдардың әлі де папирус қайықтарды қолданғанын жазған.

^ 3-абзац Папирус қамысы батпақтарда, көлдерде, ағысы баяу өзендердің бойында өседі. Бұл қамыстың биіктігі 5 м-ге дейін, ал сабағының қалыңдығы 15 см-ге дейін барады.