Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

19-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Әділ жан ештеңеге сүрінбейді

Әділ жан ештеңеге сүрінбейді

“Заңыңды сүйетіндер зор тыныштыққа кенеледі, Ештеңеге сүрінбей, аман жүреді” (ЗӘБ. 119:165).

122-ӘН Берік те мығым бол!

АҢДАТПА *

1, 2. Бір жазушы не деп айтты және бұл мақалада не туралы білеміз?

БҮГІНДЕ миллиондаған адам Исаға сенеміз дейді, бірақ оның өсиеттерін ұстанбайды (Тім. 2-х. 4:3, 4). Осы орайда бір жазушы былай деген еді: “Иса I ғасырдағыдай жер бетіне тағы да келіп, сол сөздерін, сол тәлімдерін айтса, адамдар оған сенер ме еді, әлде дәл сол кездегідей одан бас тартар ма еді? Жауабы анық: қазір де олар бас тартар еді”.

2 Бірінші ғасырда көп адам Исадан тәлім алып, оның кереметтерін өз көздерімен көрсе де, оған сенбеді. Олар қандай төрт нәрсеге сүрінгенін өткен мақалада білдік. Ал осы мақалада біз тағы төрт себебін білеміз. Сонымен қатар бүгінде адамдар Исаның ізбасарларына не үшін сүрінетінін және өзіміз сүрінбес үшін не істеуіміз керектігін қарастырамыз.

1) ИСА БАРЛЫҚ АДАМДЫ ТЕҢ КӨРГЕН

Көп адам Исаның араласқан адамдарына сүрінген. Сол сияқты бүгінде адамдар не нәрсеге сүрінуі мүмкін? (3-абзацты қараңыз) *

3. Кейбіреулер Исаның қандай әрекетіне сүрінді?

3 Иса жерде жүрген кезінде әртүрлі адамдармен араласты. Ол бай және беделді адамдармен бірге ас ішті. Кедей әрі қиналып жүрген адамдармен де бірге уақыт өткізді. Сонымен қатар Иса жұрт “күнәкар” деп есептейтін адамдарға аяушылық танытқан. Өздерін әділ санайтын кейбір көкірек адамдар Исаның осы әрекетіне сүрінген. Олар Исаның шәкірттеріне: “Неге сендер салықшылармен және күнәкарлармен бірге ішіп-жейсіңдер?”— деп күңкілдеген. Ал Иса оларға: “Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет. Мен әділдерді емес, күнәкарларды өкінуге шақыру үшін келдім”,— деген (Лұқа 5:29—32).

4. Ишаяның пайғамбарлығына сай, яһудилер Мәсіхке қатысты нені білулері керек еді?

4 Жазбалар не дейді? Ишая пайғамбар осы дүние Мәсіхтен бас тартатынын алдын ала айтып кеткен. Ол былай деген: “Жұрт менсінбеді, одан қашқақтады. Оның жүзі бізден жасырын болды. Жұрт оны менсінбеді, біз де адам құрлы көрмедік” (Ишая 53:3). Осы пайғамбарлыққа сай, I ғасырдағы яһудилер Исадан көп адам бас тартатынын білу керек еді.

5. Бүгінде көп адам Исаның ізбасарларына қалай қарайды?

5 Бүгінде адамдар не нәрсеге сүрінеді? Бүгінде көп дінбасы бай, беделді, осы дүние өте ақылды деп санайтын кісілерді өз діндеріне қуана қабылдайды. Ал олардың өмір салттары Құдайдың талаптарына қайшы екеніне көз жұмады. Бірақ сол дінбасылар моральдық жағынан таза, Ехобаға құлшына қызмет етіп жүрген Куәгерлерді менсінбейді. Өйткені олар осы дүниенің көз алдында ешкім емес. Пауыл айтқандай, Ехоба осы дүние “менсінбей қарайтындарды” таңдап алды (Қор. 1-х. 1:26—29). Бірақ ол осы адал қызметшілерінің әрқайсысын асылға балайды.

6. Иса Матай 11:25, 26-да не деген және оның көзқарасын қалай үлгі етсек болады?

6 Сүрінбеу үшін не істеуміз керек? (Матай 11:25, 26 оқыңыз). Көпшіліктің ағымына ермеңіз. Ехоба өз еркін орындау үшін тек кішіпейіл адамды қолданатынын ұмытпаңыз (Зәб. 138:6). Ехоба осы дүние қарапайым, білімсіз деп есептейтін адамдардың көмегімен қандай жетістіктерге жетіп жатқанын ойлаңыз.

2) ИСА ЖАЛҒАН ІЛІМДЕРДІ ӘШКЕРЕЛЕГЕН

7. Иса парызшылдарды неге екіжүзділер деп айыптады және олар бұны қалай қабылдады?

7 Иса діни жетекшілердің екіжүзділігін батыл әшкерелеген. Мысалы, парызшылдар ата-анаға қамқорлық көрсетуден гөрі, қолды қалай жуу керектігін көбірек ойлайтын (Мат. 15:1—11). Иса олардың осы істерін беттеріне басқанда, шәкірттері оған таңғалып қалса керек. Сонда олар Исаға: “Айтқандарыңызға парызшылдардың ренжігенін байқадыңыз ба?”— дейді. Иса болса былай жауап береді: “Көктегі Әкем екпеген әрбір өсімдік түбімен жұлынып тасталады. Оларды елемеңдер. Олар соқыр жетекшілер. Егер соқырды соқыр жетелесе, екеуі де орға құлайды” (Мат. 15:12—14). Парызшылдарға ұнасын-ұнамасын, Иса шындықты айтудан тартынбады.

8. Кейбір діни нанымдар Құдайға ұнамайтынын Иса қалай білдірді?

8 Иса жалған наным-сенімдерді де әшкереледі. Ол барлық діни нанымдар Құдайға ұнайды деп айтқан жоқ. Қайта, жойылуға апаратын даңғыл жолмен көп адам жүретінін, ал өмірге апаратын тар жолмен аз ғана адам жүретінін айтты (Мат. 7:13, 14). Сондай-ақ Иса Құдайға қызмет етіп жүргендей сыңай танытатын екіжүзді адамдардың да болатынын ескертті. Ол: “Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүріңдер! Олар сендерге қой терісін жамылып келеді, бірақ шын мәнінде олар аш қасқырлар. Оларды жемістерінен танисыңдар”,— деді (Мат. 7:15—20).

Көп адам Исаның жалған наным-сенімдер мен әдет-ғұрыптарды әшкерелегеніне сүрінген. Сол сияқты бүгінде адамдар не нәрсеге сүрінуі мүмкін? (9-абзацты қараңыз) *

9. Иса қандай жалған ілімдерді әшкереледі?

9 Жазбалар не дейді? Киелі кітапта Мәсіхтің бойын Ехобаның үйіне деген құлшыныс кернейтіні айтылып кеткен еді (Зәб. 69:9; Жох. 2:14—17). Осындай құлшыныспен Иса жалған наным-сенімдер мен әдет-ғұрыптарды әшкереледі. Мысалы, парызшылдар адам өлген соң жаны өмір сүре береді деп сенген. Ал Иса өлімді ұйқыға теңеген (Жох. 11:11). Саддукейлер болса қайта тірілу жоқ деп есептеген. Иса болса досы Елазарды тірілткен (Жох. 11:43, 44; Ел. іс. 23:8). Парызшылдар тағдырға да сенген, бәрін көкте Құдай шешіп қойған деп үйреткен. Ал Иса адамның таңдау еркіндігі бар екенін үйретті. Мысалы, Исаның ізімен жүріп, оның шәкірті болуды адам өзі таңдайтын (Мат. 11:28).

10. Ехоба куәгерлері үйрететін ілімдерге көп адам не үшін сүрінеді?

10 Бүгінде адамдар не нәрсеге сүрінеді? Өйткені біз олардың сенетін ілімдері Киелі кітапқа қайшы екенін көрсетеміз. Мысалы, діни жетекшілер жаман адамдарды Құдай тозақта жазалайды деп үйретеді. Осылай сенушілерін уыстарында ұстап отырғылары келеді. Ал Ехобаның қызметшілері Құдайдың сүйіспеншілігі мол екенін айтып, бұл өтірікті әшкерелейді. Діни жетекшілер адам өлген соң, аруаққа айналады деп те үйретеді. Біз бұл ілімді де жоққа шығарамыз. Өйткені адамның жаны өлмейтін болса, оны тірілтудің еш мәні болмас еді. Бұған қоса көп діндер адам маңдайына жазылғанын көреді дейді. Ал біз адамның таңдау еркіндігі бар екенін және Құдайға қызмет ету-етпеуді өзі шешетінін айтамыз. Жалған ілімдерін осылай әшкерелегеніміз діни жетекшілердің көбісіне ұнай бермейді, олар қатты ашуланады.

11. Жохан 8:45—47 тармақтардағы Исаның сөздеріне сай, Құдай өзінің халқынан нені талап етеді?

11 Сүрінбеу үшін не істеуіміз керек? Біз шындықты сүйсек, Құдайдың айтқандарына мойынсұнамыз (Жохан 8:45—47 оқыңыз). Шайтан Ібіліс сияқты шындықтан кетіп қалмаймыз және ешқашан сенімімізге қайшы әрекет етпейміз (Жох. 8:44). Құдай біздің Иса сияқты “жамандықтан жиреніп, ал жақсылықтан ажырамағанымызды” қалайды (Рим. 12:9; Евр. 1:9).

3) ИСА ҚУДАЛАНҒАН

Көп адам Исаның бағанада өлгеніне сүрінген. Сол сияқты бүгінде адамдар не нәрсеге сүрінуі мүмкін? (12-абзацты қараңыз) *

12. Исаның бағанада өлгені неліктен көп яһудилер үшін сүріндіретін тас болды?

12 Исаның қалай өлгені де кейбір яһудилер үшін сүріндіретін тас болды. Пауыл: “Біз бағанаға ілінген Мәсіх туралы уағыздаймыз. Бұл — яһудилер үшін сүріндіретін тас”,— деген (Қор. 1-х. 1:23). Неге бұлай болды? Өйткені олар Мәсіхті қылмыскер әрі күнәкар адамдар сияқты бағанада өледі деп күтпеді (Мұс. 5-ж. 21:22, 23).

13. Исаға сенбегендер нені мойындағылары келмеді?

13 Исаның бағанада өлгеніне сүрінгендер оның еш айыпсыз екенін, жала жабылып, әділетсіз сотталғанын елемеді. Оны өлімге кескен адамдар әділдікті әбден аяқасты етті. Мысалы, яһудилердің Жоғарғы соты аяқастынан бас қосты да, заң талаптарын ысырып тастап, сотты өз білгендерінше жүргізді (Лұқа 22:54; Жох. 18:24). Исаға тағылған айыптардың рас-өтірігіне көз жеткізіп, бейтарап болудың орнына төрешілердің өздері оны “өлімге кеспек болып, оған қарсы жалған айғақтар іздестіріп жатты”. Бұларынан түк шықпағанда, бас діни қызметкер Исаны сөзден ұстауға тырысты. Бұл әрекеті сот талаптарына мүлдем қайшы еді (Мат. 26:59; Мар. 14:55—64). Ал Иса қайта тірілген соң, зұлым төрешілер оның қабірін күзеткен римдік сарбаздарға “көп күміс ақша беріп”, оның мәйіті ұрланды деген өтірік таратқызды (Мат. 28:11—15).

14. Жазбаларда Мәсіхтің өліміне қатысты қандай пайғамбарлық айтылған?

14 Жазбалар не дейді? I ғасырдағы көп яһудилер Мәсіхті өледі деп ойламады. Бірақ Жазбаларда мынандай пайғамбарлық жазылған еді: “Ол өз жанын өлімге қиды, Қылмыскерлердің қатарында саналды. Көпшіліктің күнәсін өз мойнына алды, Заң бұзушылар үшін араша түсті” (Ишая 53:12). Демек, Исаның күнәкар ретінде өлімге кесілуі яһудилерді сүріндірмеуі керек еді.

15. Кейбіреулер Ехоба куәгерлеріне тағылған қандай айыптарға сүрінеді?

15 Бүгінде адамдар не нәрсеге сүрінеді? Иса сияқты, көп Ехоба куәгері үкімет пен соттың тарапынан көп әділетсіздік көрген. 1930 бен 1950 жылдар аралығында Құрама Штаттарда сенім бостандығымызды қорғау үшін көп соттар өтті. Кейбір судьялар әділдіктен аттап, Куәгерлерді қатты алалады. Ал Квебекте (Канада) шіркеу мен үкімет қосылып, ісімізді тоқтатуға тырысты. Жай ғана Құдай Патшалығы туралы айтқаны үшін көп жариялаушы түрмеге жабылды. Ал Германияда нацистік режим кезінде көптеген жас ер бауырлас өлімге кесілді. Ал соңғы жылдары Ресейдегі бауырластар Киелі кітап жайлы айтқандары үшін “экстремистер” деп табылып, түрмеге қамалуда. Орыс тіліндегі “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы” болса ішіндегі “Ехоба” деген есімге бола “экстремистік кітап” деп табылып, ел бойынша тыйым салынды.

16. Жоханның 1-хаты 4:1-де айтылғандай, Ехобаның халқы жайлы өтіріктерге сеніп қалмас үшін не істеуіміз керек?

16 Сүрінбеу үшін не істеуіміз керек? Айғақтарға көз жеткізіңіз. Таудағы уағызында Иса тыңдаушыларын: “Жұрт сендерді... түрлі жала жауып жамандайды”,— деп ескерткен (Мат. 5:11). Бұндай жалалардың артында тұрған — Шайтан. Ол жауларымызды қолданып, шындықты сүйетіндер жайлы сұмдық өтіріктер таратады (Аян 12:9, 10). Біз оларды мүлдем тыңдамауымыз керек. Бұл өтіріктердің бойымызда қорқыныш ұялатуына не сенімімізді әлсіретуіне ешқашан жол бермейік! (Жоханның 1-хаты 4:1 оқыңыз)

4) ИСАНЫ САТЫП, ТАСТАП КЕТКЕН

Көп адам Исаның Яһуда оны сатып кеткеніне сүрінген. Сол сияқты бүгінде адамдар не нәрсеге сүрінуі мүмкін? (17, 18-абзацты қараңыз) *

17. Иса өлмес бұрын болған қандай жағдайлар адамдарды сүріндірген болуы мүмкін?

17 Исаның өлетін уақыты жақындағанда 12 елшісінің бірі оны сатып кетті. Тағы бір елшісі одан үш рет танды (Мат. 26:14—16, 47, 56, 75). Барлық елшілері оны тастап кетті. Бірақ Иса бұған таңғалған жоқ. Өйткені осылай болатыны алдын ала жазылып кеткен еді (Жох. 6:64; 13:21, 26, 38; 16:32). Исаны өз елшілері тастап кеткенін көргенде, кейбіреулер “мен мұндай топтың мүшесі болғым келмейді” деп ойлаған шығар.

18. Исаның өліміне дейін қандай пайғамбарлықтар орындалды?

18 Жазбалар не дейді? Ехоба ғасырлар бұрын Мәсіхтің 30 күміс ақшаға сатылатынын аян еткен еді (Зәк. 11:12, 13). Оны жақын досы сатып кететіні де пайғамбарлық етілген (Зәб. 41:9). Сонымен қатар Зәкәрия пайғамбар: “Бағушыны ұрып өлтір, отардағы қойлары бытырап кетсін”,— деп жазған (Зәк. 13:7). Бұл жағдайлар адамдарды сүріндірмеу керек еді. Керісінше, Исаға қатысты пайғамбарлықтардың орындалып жатқаны сенімдерін нығайту керек еді.

19. Ақжүрек адамдар нені түсінеді?

19 Бүгінде адамдар не нәрсеге сүрінеді? Біздің кезімізде көп бауырластарға танымал кейбір Куәгерлер жолдан тайып, өздерімен бірге өзгелерді де алып кеткісі келген. Олар жаңалықтарда және интернетте Ехоба куәгерлерін жамандап, өтірік-шыны аралас ақпараттарды немесе қып-қызыл өтіріктерді таратады. Бірақ ақжүрек адамдар бұндайға сүрінбейді. Қайта, Киелі кітапта жазылып кеткен пайғамбарлықтардың орындалып жатқанын түсінеді (Мат. 24:24; Пет. 2-х. 2:18—22).

20. Біреудің шындықтан кеткеніне сүрінбеу үшін не істесек болады? (Тімөтеге 2-хат 4:4, 5)

20 Сүрінбеу үшін не істеуміз керек? Біз Құдай Сөзін жүйелі түрде зерттеу, ұдайы дұға ету және Ехобаның бізге тапсырған ісіне толықтай атсалысу арқылы сенімімізді қатайтуымыз керек (Тімөтеге 2-хат 4:4, 5 оқыңыз). Сонда Куәгерлер жайында жағымсыз сөздер естігенде абыржып, абдырап қалмаймыз (Ишая 28:16). Біз Ехобаны, оның Сөзін және бауырластарды жақсы көрсек, біреу-міреу шындықтан кетіп қалғанда еш сүрінбейміз.

21. Бүгінде көп адам хабарымызға құлақ аспаса да, біз не нәрсеге сенімдіміз?

21 Бірінші ғасырда көп адам Исаның сөзі мен әрекетіне сүрініп, одан бас тартқан. Десе де оған сенгендер де аз болмаған. Олардың ішінде кем дегенде Жоғарғы кеңестің бір мүшесі және көптеген діни қызметкерлер бар (Ел. іс. 6:7; Мат. 27:57—60; Мар. 15:43). Сол сияқты бүгінде миллиондаған адам Исаға сеніп, оның соңынан еруде. Өйткені олар Жазбалардағы шындықтарды біледі және сол шындықтарды жақсы көреді. Құдай Сөзінде айтылғандай: “Заңыңды сүйетіндер зор тыныштыққа кенеледі, Ештеңеге сүрінбей, аман жүреді” (Зәб. 119:165).

124-ӘН Әрдайым адалдық танытайық

^ 5-абзац Алдыңғы мақалада адамдар Исаға не үшін сенбегенін және бүгінде оның ізбасарларына неге көбісі сенбейтінін білдік. Осы мақалада адамдар тағы қандай төрт нәрсеге сүрінетінін және Ехобаны сүйетіндер не үшін ештеңеге сүрінбейтінін білеміз.

^ 60-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Иса Матаймен және өзге де салықшылармен бірге ас ішіп отыр.

^ 62-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Иса сатушыларды ғибадатханадан қуып жатыр.

^ 64-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Иса азап бағанасын сүйреп келе жатыр.

^ 66-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Яһуда Исаның бетінен сүйіп, оған сатқындық жасап жатыр.