Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

21-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Аян кітабы болашағымызға қатысты не ашады?

Аян кітабы болашағымызға қатысты не ашады?

“Аумин! Иеміз Иса, келе көр!” (АЯН 22:20).

142-ӘН Үмітіміз жалындай берсін

АҢДАТПА *

1. Адамдар қандай маңызды шешім қабылдау керек?

 БҮГІНДЕ әрбір адам екі жолдың біреуін таңдау керек. Басқа үшінші жол жоқ. Демек, олар әлемнің заңды Билеушісі деп Ехоба Құдайды мойындай ма, әлде оның қас жауы Шайтан Ібілістің жағына шыға ма — осыны шешулері керек. Олардың болашақтары осы таңдауларына қарай шешіледі (Мат. 25:31—33, 46). “Зор алапатта” оларға не құтқарылудың, не жойылудың таңбасы салынады (Аян 7:14; 14:9—11; Езек. 9:4, 6).

2. а) Еврейлерге 10:35—39 тармақтар бізді не істеуге талпындырады? ә) Аян кітабы бізге қай жағынан көмектеседі?

2 Еврейлерге 10:35—39 оқыңыз. Сіз Ехобаның билігін қолдауды шешкен болсаңыз, өте дұрыс істедіңіз. Енді басқа адамдарға да дұрыс шешім қабылдауға көмектескіңіз келетін шығар. Бұл үшін Аян кітабындағы мәліметті қолдана аласыз. Бұл кітап Ехобаға қарсы шыққандарды не күтіп тұрғанын, ал оның билігін адалдықпен қолдайтындарға қандай баталар төгілетінін ашады. Біз осы шындықтарды жақсылап зерттегеніміз жөн. Сонда Ехобаға әрі қарай да қызмет ете беруге мықтап бекінеміз. Бұған қоса, басқа адамдарға да дұрыс шешім қабылдап, содан таймауға көмектесе аламыз.

3. Бұл мақалада не туралы қарастырамыз?

3 Осы мақалада мына сұрақтарға жауап аламыз: Құдайдың билігін қолдайтындарды не күтіп тұр? Ал Аян кітабында айтылған ал қызыл жыртқыш аңды қолдайтындар ше, олармен не болады?

АДАЛДЫҚ САҚТАҒАНДАРДЫ НЕ КҮТІП ТҰР?

4. Елші Жохан аянда көкте Исаның қасында тұрған қандай топты көрді?

4 Елші Жохан аянда Ехобаның билігін қолдайтын және мәңгілік өмірге ие болатын екі топты көрді. Бірінші топтағылардың саны — 144 000 (Аян 7:4). Олар Исамен бірге көкте үкімет құру үшін жерден таңдап алынған. Бұл үкімет жер бетіне билік жүргізетін болады (Аян 5:9, 10; 14:3, 4). Жохан аянда олардың Исамен бірге көктегі Сион тауында тұрғанын көрген (Аян 14:1).

5. 144 000-ның қалғандарымен жақында не болады?

5 144 000-ды құрайтын адамдар елшілердің заманынан бастап таңдалып келген (Лұқа 12:32; Рим. 8:17). Ал соңғы күндері елші Жохан жер бетінде олардың тек азғанасы қалатынын айтып кеткен. Осы “қалғандары” зор алапаттың алдында Ехобаның ықыласына ие екендерін білдіретін соңғы “белгілерін” алады (Аян 7:2, 3; 12:17). Зор алапаттан кейін көп ұзамай олар 144 000-ның қатарын толтыру үшін көкке апарылады. Осылай олар Исамен бірге Құдай Патшалығының билеушілері болады (Мат. 24:31; Аян 5:9, 10).

6, 7. а) Елші Жохан тағы қандай топты көрді және олар жайында не білеміз? ә) Неге Аян кітабының 7-тарауы майланған тамтық пен “ұлы жамағатты” қызықтыруы керек?

6 Көктегі топтан кейін Жохан “ұлы жамағатты” көрді. 144 000-мен салыстырғанда, бұл топтың саны “адам баласы санай алмайтындай” көп еді (Аян 7:9, 10). Жохан олар жайында: “Бұлар зор алапаттан өткендер. Олар шапандарын Тоқтының қанына жуып ағартты”,— деген (Аян 7:14). “Ұлы жамағат” зор алапаттан аман өткеннен кейін жер бетінде өмір кешіп, мол батаға кенеледі (Зәб. 37:9—11, 27—29; Нақ. с. 2:21, 22; Аян 7:16, 17).

7 Көкте не жерде өмір сүруге үміттенбейік, біз өзімізді Аян 7-тараудағы “суреттен” көреміз бе? Көргеніміз жөн. Бұл Құдайдың қызметшілерінен тұратын екі топ үшін де керемет уақыт болмақ! Сол кезде Ехобаның билігін қолдағанымызға шексіз қуанатын боламыз. Аян кітабында зор алапат туралы тағы не айтылады? (Мат. 24:21).

ҚҰДАЙҒА ҚАРСЫ ШЫҒАТЫНДАРДЫ НЕ КҮТІП ТҰР?

8. Зор алапат қалай басталады және көп адам сол кезде не істейді?

8 Алдыңғы мақалада айтылғандай, жуырда осы дүниенің саяси жүйесі Ұлы Бабылға — дүниежүзілік жалған діндер империясына тап береді (Аян 17:16, 17). Осылай зор алапат басталады. Сол кезде адамдар Ехобаға ғибадат етуге ағылып келетін болады деп айта аламыз ба? Өкінішке қарай, жоқ. Қайта, олар Аян кітабының 6-тарауында айтылғандай, сол бір қиын шақта “таулардан”, яғни осы дүниенің саяси және сауда-саттық жүйелерінен пана іздейтін болады. Олар Құдай Патшалығын қолдамағандықтан, Ехоба оларды жау деп қабылдайды (Лұқа 11:23; Аян 6:15—17).

9. Зор алапатта Ехобаның халқы қалайша ерекшеленіп тұрады және бұның нәтижесінде не болады?

9 Зор алапаттың сол бір қысылтаяң шағында Ехобаның адал қызметшілері жұрттан қатты ерекшеленетін болады. Жер бетінде Ехобаға қызмет ететін және “жыртқыш аңды” қолдамайтын жалғыз топ солар болады (Аян 13:14—17). Бұл Ехобаның қарсыластарының ашуына тиіп, нәтижесінде одақтасқан халықтар дүниежүзі бойынша Ехобаның халқына шабуылдайтын болады. Олардың қабаған иттей жұлқынып шығуы Киелі кітапта “Магог жеріндегі Гогтың” шабуылы деп аталған (Езек. 38:14—16).

10. Аян 19:19—21 тамақтарға сай, Магог жеріндегі Гог шабуылдағанда, Ехоба не істейді?

10 Магог жеріндегі Гог лап қойғанда, Ехоба қалай әрекет етеді? Ол: “Менің қаһарым оттай лаулайды”,— дейді (Езек. 38:18, 21—23). Аян 19-тарауда айтылғандай, Ехоба өзінің халқын қорғап, ал жауларын жайпап салу үшін өзінің Ұлын жібереді. Сол кезде Иса адал періштелер мен 144 000-нан тұратын “көктегі әскерлерін” бастап, соғысқа аттанады (Аян 17:14; 19:11—15). Бұл соғыстың нәтижесі қандай болады? Ехобаға қарсы шыққан адамдар мен ұйымдардың бәрі түптамырымен жойылады! (Аян 19:19—21 оқыңыз).

СОҒЫСТЫҢ АРТЫ ТОЙМЕН БІТЕДІ

11. Аян кітабында сипатталған ең маңызды оқиға қандай?

11 Құдайдың жаулары жер бетінен тып-типыл жойылған соң, адал жандар аман қалғандарына шат-шадыман болады! Бүкіл жер беті қуана шаттанатын болады! Ұлы Бабыл жойылғанда, көкте де осындай зор қуаныш болады. Алайда көктегілерді бұдан да үлкен қуаныш күтіп тұр (Аян 19:1—3). Бұл — Аян кітабында сипатталған ең маңызды, ең әсерлі оқиға, яғни “Тоқтының үйлену тойы”! (Аян 19:6—9).

12. Аян 21:1, 2-де айтылғандай, Тоқтының тойы қашан болады?

12 Тоқтының үйлену тойы қашан болады? Армагеддон соғысының алдында 144 000 майланған көкке түгел жиналғанда ма? Жоқ (Аян 21:1, 2 оқыңыз). Бұл той Армагеддон соғысы аяқталып, Құдайдың жаулары түгелімен жойылғаннан кейін болады (Зәб. 45:3, 4, 13—17).

13. Тоқтының үйлену тойы нені білдіреді?

13 Қыз бен жігіт қосылғанда, жаңа неке пайда болатынындай, Патша Иса Мәсіх пен “қалыңдығы” — 144 000 бейнелі мағынада үйленгенде, жаңа үкімет пайда болады. Бұл үкімет жер бетіне 1000 жыл билік етеді (Аян 20:6).

САЛТАНАТТЫ ҚАЛА ЖӘНЕ СІЗДІҢ БОЛАШАҒЫҢЫЗ

Аян 21-тарауда “көктен, яғни Құдайдан, түсіп келе жатқан” жаңа Иерусалим қаласы сипатталады. Мыңжылдықта ол мойынсұнғыш адамзатқа мол батасын төгеді (14—16 абзацтарды қараңыз)

14, 15. Аян 21-тарауда 144 000 патша неге теңелген? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

14 Аян 21-тарауда 144 000 патша “жаңа Иерусалим” деп аталатын өте әдемі, салтанатты қалаға теңеледі (Аян 21:2, 9). Бұл қаланың “12 іргетасы бар, әрі оларға Тоқтының 12 елшісінің есімдері” жазылған. Елші Жохан осы іргетастарға ерекше назар аударды, өйткені олардың біреуінде оның да аты жазылып тұрды. Жохан үшін бұл неткен ұлы мәртебе еді! (Аян 21:10—14; Ефес. 2:20).

15 Бұл қала басқа ешқандай қалаға ұқсамайтын. Оның басты көшесі саф алтыннан салынып, қақпалары 12 меруерттен жасалған еді. Қабырғасы мен іргетасы асыл тастармен безендіріліпті. Сондай-ақ қаланың ұзындығы, ені мен биіктігі бірдей екен (Аян 21:15—21). Десе де қалаға бір нәрсе жетіспейтіндей көрінді. Жохан былай дейді: “Қаладан ғибадатхананы көрмедім. Себебі оның ғибадатханасы — Құдіреті шексіз Ехоба Құдай және Тоқты. Қалаға жарық түсіру үшін күн мен айдың да қажеті жоқ, өйткені Құдайдың даңқты нұры оны жарқыратып тұрды, ал Тоқты — оның шырағы” (Аян 21:22, 23). Жаңа Иерусалимді құрайтындар Ехобаның алдына тікелей бара алады. Сондықтан бұдан былай оларға ғибадатхананың қажеті жоқ (Аян 22:3, 4). Сондай-ақ оларды Құдайға қасиетті қызмет атқаруда Бас діни қызметкерлері Иса жетелеп жүреді (Евр. 7:27). Осы мағынада Ехоба мен Иса — сол қаладағы ғибадатхана.

“Өзен” мен “ағаштар” бейнелейтін шаралардың игілігін кімдер көреді? (16, 17-абзацтарды қараңыз)

16. Құдай Патшалығының мыңжылдық билігі тұсында адамдармен не болады?

16 Майланғандар жаңа Иерусалим жайлы ойланғанда, жүректері тебіренеді. Бірақ бұл қала жерде өмір сүруге үміттенетіндерді де қызықтырады. Құдай Патшалығының мыңжылдық билігі тұсында жаңа Иерусалим жерге сансыз көп батасын төгеді. Елші Жохан бұл баталардың “өмір суының өзеніндей” ағып жатқанын көрген. Бұл өзеннің екі жағалауында да “өмір ағаштары” өсіп тұрды. “Ағаштардың жапырақтары халықтарды сауықтыратын” (Аян 22:1, 2). Сол уақыт келгенде, жер бетіндегі әрбір адам осы шаралардың игілігін көре алады. Мойынсұнғыш адамдардың барлығы бірте-бірте кемелділікке жетеді. Бұдан былай ауру, қайғыру, жылап-сықтау болмайды (Аян 21:3—5).

17. Аян 20:11—13 тармақтардан көретініміздей, мыңжылдық билік кезінде төгілетін баталардың игілігін кімдер көреді?

17 Осы керемет шаралардың игілігін бірінші болып кімдер көреді? Армагеддоннан өткен ұлы жамағат пен жаңа дүниеде туылатын балалар. Сондай-ақ Аян кітабының 20-тарауында марқұмдардың тірілетіні айтылады (Аян 20:11—13 оқыңыз). Бұрында қайтыс болып кеткен “әділдер” мен Ехоба туралы білім алуға мүмкіндігі болмаған “әділетсіздер” өмірге қайта оралады (Ел. іс. 24:15; Жох. 5:28, 29). Ал өз жолынан қайтпай, Ехобаға қызмет ету мүмкіндігінен бас тартып кеткендер мыңжылдық билік кезінде тірілмейді. Өйткені олар тірі кездерінде берілген мүмкіндікті қолданбай, жұмақ орнаған жер бетінде өмір сүруге лайықсыз екендерін көрсетті (Мат. 25:46; Сал. 2-х. 1:9; Аян 17:8; 20:15).

СОҢҒЫ СЫНАҚ

18. Мың жылдың аяғында жер бетіндегі өмір қандай болады?

18 Мың жылдың соңында жер бетінде тұрып жатқан адамдардың бәрі кемелді болады. Адам атаның күнәсі бұдан былай ешкімнің бойына өтпейтін болады (Рим. 5:12). Оның күнәсі алып келген қарғыс толығымен күшін жояды. Осы мағынада 1000 жылдың аяғында жер бетіндегілер кемелді адамдар ретінде “қайта тіріледі” (Аян 20:5).

19. Соңғы сынақ не үшін керек?

19 Шайтан кемелді Исаны мінсіздігінен тайдыруға тырысқанда, ол еш берілмеген. Иса барлық сынақтан сүрінбей өтті. Алайда Шайтан тұңғиықтан босатылғанда, кемелді адамдар да солай мінсіз болып қала ма екен? Бұл сұраққа 1000 жылдың соңында әрбір адам өзі жауап береді (Аян 20:7). Соңғы сынақтан адал өткендер нағыз азаттыққа қол жеткізіп, мәңгі өмір сүреді (Рим. 8:21). Ал бүлікшілер Шайтанмен және оның жын-перілерімен бірге біржола құрып жоқ болады (Аян 20:8—10).

20. Аян кітабындағы жантебірентерлік пайғамбарлықтарды қарастырғаннан кейін қандай сезімдесіз?

20 Аян кітабына шолу жасап өткеннен кейін қандай сезімдесіз? Болашағымызға қатысты керемет пайғамбарлықтар орындалғанда өмір сүріп жатқан кезіңізді елестетіп, толқып кеткен боларсыз. Сондай-ақ құлшынысыңыз артып, басқаларды да таза ғибадат етуге шақырғыңыз келіп кеткен шығар (Аян 22:17). Болашақта болатын оқиғаларды асыға күте жүріп, біз де елші Жохан сияқты: “Аумин! Иеміз Иса, келе көр!”— дейміз (Аян 22:20).

27-ӘН Құдай балаларының паш етілуі

[Сілтеме]

^ 5-абзац Бұл — Аян кітабына негізделген топтаманың соңғы мақаласы. Мұнда біз Ехобаға адалдық сақтап қалғандардың болашағы жарқын болатынын, ал Құдайдың билігін мойындамағандар масқара болып жойылатынын білеміз.