Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

19-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Аян кітабы бізге қатысты не ашады?

Аян кітабы бізге қатысты не ашады?

“Осы пайғамбарлықтағы сөздерді дауыстап оқитын адам... бақытты” (АЯН 1:3).

15-ӘН Ехобаның Тұңғышын мадақтаңдар!

АҢДАТПА *

1, 2. Аян кітабы бізді не үшін қызықтырады? Бір себебін келтіріңіз.

 БІРЕУДІҢ фотоальбомын қараған кезіңіз болған ба? Ондағы адамдардың көбісін танымайтын шығарсыз. Бірақ альбомның келесі бетін аударып қалсаңыз, көзіңізге бір сурет оттай басылады. Неге дейсіз ғой? Өйткені ол суретте сіз барсыз. Бұл суретті қолыңызға алып, “қашан, қай жерде түсіп едім” деп ойлана бастайсыз. Суретте қасыңызда тұрған адамдарды да есіңізге түсіре бастайсыз. Басқа суреттерге қарағанда бұл сурет сізге әсіресе ыстық болары сөзсіз.

2 Аян кітабы да сол сурет сияқты. Бұлай деуге, кем дегенде, екі себеп бар. Біріншіден, бұл кітап жалпы адамзатқа емес, Құдайдың бағышталған қызметшілері — біздерге арналған. Оның алғашқы тармағы: “Бұл — Құдайдың өз құлдарына жуырда болатын жайттарды көрсету үшін Иса Мәсіхке берген аяны”,— деп басталады (Аян 1:1). Құдайдың халқы болғандықтан, бұл кітапта айтылған пайғамбарлықтардың орындалуына біздің қатысымыз бар, былайша айтқанда, біз сол “суретте” бармыз.

3, 4. Аян кітабына сай, ондағы пайғамбарлықтар қашан орындалмақ еді және бұл бізді не істеуге талпындыруы керек?

3 Аян кітабының бізді қызықтыруының екінші себебі ондағы пайғамбарлықтардың орындалу уақытымен байланысты. Елші Жохан сол уақыт жайлы: “Киелі рухтың әсерімен Иеміздің күніне апарылдым”,— деген (Аян 1:10). Шамамен б. з. 96 жылы Жохан осы сөздерді жазғанда, “Иеміздің күніне” әлі ұзақ уақыт бар еді (Мат. 25:14, 19; Лұқа 19:12). Киелі кітаптағы пайғамбарлыққа сай, бұл күн 1914 жылы Иса көкте таққа отырғанда басталды. Сол жылдан бастап Аян кітабындағы Құдайдың халқына қатысты пайғамбарлықтар орындала бастады. Демек, қазір біз “Иеміздің күнінде” өмір сүріп жатырмыз!

4 Біз өте ерекше, тарихи кезеңде өмір сүріп жатқандықтан, Аян 1:3-тегі кеңеске ерекше мән беруіміз керек. Онда: “Осы пайғамбарлықтағы сөздерді дауыстап оқитын адам да, оны тыңдайтын әрі онда жазылғандарды орындайтындар да бақытты, себебі белгіленген уақыт таяп қалды”,— делінген. Демек, біз “пайғамбарлықтағы сөздерді дауыстап оқуымыз”, “оны тыңдауымыз” және “орындауымыз” қажет. Ендеше, орындауымыз керек сол сөздердің кейбіреуіне тоқталайық.

ҒИБАДАТЫҢЫЗ ЕХОБАҒА ҰНАМДЫ ЕКЕНІНЕ КӨЗ ЖЕТКІЗІҢІЗ

5. Ехобаға ұнамды түрде ғибадат етудің маңыздылығы Аян кітабынан қалай көрінеді?

5 Иса мәсіхшілер қауымында не болып жатқанын өте жақсы білетіні Аян кітабының бірінші тарауынан-ақ көрінеді (Аян 1:12—16, 20; 2:1). Мұны оның Кіші Азиядағы жеті қауымға жіберген хабарынан байқаймыз. Сол хабарлардың арқасында I ғасырдағы мәсіхшілер ғибадаттары Ехобаға ұнамды ма, жоқ па — соған көз жеткізген және оны ұнамды ету үшін нақты не істеу керектігін де түсінген. Исаның сол қауымдарға айтқан сөздері бүгінде Құдайдың бүкіл халқына да қатысты. Жетекшіміз Иса Мәсіх біздің де рухани күйімізді өте жақсы біледі. Ол бізді жетелейді, қорғайды, оның назарынан ештеңе тыс қалмайды. Ол Ехобаның ықыласынан айырылып қалмауымыз үшін не істеуіміз керектігін де біледі. Қазір Исаның берген кейбір нұсқауларына тоқталайық.

6. а) Аян 2:3, 4-тен көрінетіндей, Ефес қауымы қай жағынан ақсады? ә) Біз бұдан қандай сабақ аламыз?

6 Аян 2:3, 4 оқыңыз. Біз алғашқы сүйіспеншілігімізді жоғалтпауымыз керек. Исаның Ефестегі қауымға айтқан хабарынан олардың табандылық танытып, көп қиындыққа қарамастан, Ехобаға үзбей қызмет еткенін көреміз. Десе де олар алғашқы сүйіспеншіліктерін жоғалтып алған еді. Ғибадаттарын Ехоба қабылдау үшін, оларға осы сүйіспеншіліктерін қайта жандандыру керек болды. Бүгінде біздің де жай ғана табандылық танытқанымыз жеткіліксіз. Біздің не үшін табандылық танытып жүргеніміз де маңызды. Ехоба Құдай біздің не істеп жатқанымызға ғана емес, оны не үшін істеп жатқанымызға да назар аударады. Оған біздің ниетіміз, яғни оны сүйгендіктен және оған деген ризашылықтан ғибадат еткеніміз маңызды (Нақ. с. 16:2; Мар. 12:29, 30).

7. а) Аян 3:1—3 тармақтарда Иса Сард қауымындағы қандай проблема жайлы айтты? ә) Біз не істеуіміз керек?

7 Аян 3:1—3 оқыңыз. Біз сергектігімізді жоғалтпауымыз керек. Сардтағы қауым болса басқа жағынан ақсаған. Кезінде рухани белсенді болғанмен, уақыт өте олардың қызметі бәсеңдеп кеткен. Сондықтан Иса ол қауымға “ояну” керектігін айтты. Біз бұдан қандай сабақ аламыз? Әрине, Ехоба кезінде атқарған еңбегімізді ұмытпайды (Евр. 6:10). Бірақ сол еңбегімізге сеніп, қазір қол қусырып отырғанымыз жарамайды. Біз жағдайымыз өзгеріп, бұрынғыдай көп істей алмасақ та, “Иеміздің ісінде” құлшынысымызды жоғалтпауымыз керек. Сонда соңына дейін сергек болып қаламыз (Қор. 1-х. 15:58; Мат. 24:13; Мар. 13:33).

8. Аян 3:15—17 тармақтарда Лаудикидегі бауырластарға айтылған сөздерден біз қандай сабақ аламыз?

8 Аян 3:15—17 оқыңыз. Біз бар жүрегімізбен, бар ынта-жігерімізбен ғибадат етуіміз керек. Иса Лаудикидегі қауымның “ыстық та, салқын да емес, жылымшы” екенін айтқан. Олар ғибадатына селқос қарап, енжарлық танытқандықтан, “сорлы, бейшара” күйде еді. Лаудикидегі қауымның Ехоба дегенде және ғибадат дегенде, ынта-жігері асып-тасып тұру керек еді (Аян 3:19). Біз бұдан қандай сабақ аламыз? Егер ынта-жігеріміздің басылып қалғанын байқасақ, Ехоба мен оның ұйымы беріп жатқан рухани байлыққа ризашылығымызды арттырайық (Аян 3:18). Жайлы өмірдің соңынан қуып, Ехобаға деген ғибадатымыз екінші орынға түсіп кетпесін.

9. Исаның Пергам мен Тиатирадағы мәсіхшілерге айтқан хабарынан біз үшін қандай қауіп бар екенін көреміз?

9 Жолдантаюшылардың ілімдерінен аулақ болуымыз керек. Иса Пергам қауымында жалған ілімдер таратып, қауымды жікке бөлгендерге қатаң сөгіс айтқан (Аян 2:14—16). Ал Тиатира қауымындағы мәсіхшілерді “Шайтанның терең құпияларына” жоламағандары үшін мақтаған және шындықты “берік ұстануға” шақырған (Аян 2:24—26). Осы екі қауымда жалған ілімдердің соңынан кеткен әлсіз мәсіхшілер істеріне өкініп, теріс жолдарынан қайту керек еді. Ал біздің кезіміз жайлы не деуге болады? Біз Ехобаның көзқарасына қайшы келетін кез келген ілімнен аулақ болуымыз керек. Жолдантаюшылар “құдайшыл болып көрінетін” шығар, бірақ олар “бұны істерімен көрсетпейді” (Тім. 2-х. 3:5). Жалған ілімдерді бірден ажыратып, одан бас тартқымыз келсе, Құдайдың Сөзін тыңғылықты зерттеуіміз керек (Тім. 2-х. 3:14—17; Яһд. 3, 4).

10. Исаның Пергам мен Тиатирадағы қауымдарға айтқандарынан тағы қандай сабақ аламыз?

10 Біз азғындықтың ешқандай түрін жасамаймыз, құптамаймыз және төзбейміз. Пергам мен Тиатира қауымдарында тағы бір проблема болды. Иса оларды азғындыққа төзіп жүргендері үшін айыптаған (Аян 2:14, 20). Бұдан қандай сабақ аламыз? Ехоба біздің азғын әрекетімізге көз жұмады деп күтпейік. Тіпті оған көп жылдар бойы қызмет етсек те және үлкен жауапкершіліктер атқарып жүрсек те, ол азғындыққа төзбейді (Сам. 1-ж. 15:22; Пет. 1-х. 2:16). Айналамыздағы құдайсыз адамдардың моральдық нормалары қаншалықты төмендесе де, Ехоба біздің ұстанатын нормаларымыз жоғары болып қала береді деп күтеді (Ефес. 6:11—13).

11. Біз не туралы білдік? (“ Алар сабақ” деген қоршауды да қараңыз.)

11 Осы білгендерімізден қандай қорытынды жасаймыз? Біз ғибадатымыздың Ехобаға ұнамды екеніне көз жеткізіп отыруымыз керек. Егер ғибадатымызды жарамсыз ететін бір нәрсе істеп жүрсек, оны тез арада түзетейік (Аян 2:5, 16; 3:3, 16). Иса І ғасырдағы қауымдарға айтқан хабарында тағы бір маңызды жайтқа назар аударған. Ол қандай жайт?

ҚУҒЫНҒА ТӨТЕП БЕРУГЕ ЫҚЫЛАСТЫ БОЛЫҢЫЗ

Шайтан көктен жерге тасталған соң, Құдайдың халқына қалай шабуылдап келеді? (12—16 абзацтарды қараңыз)

12. Исаның Смирна мен Филаделфидегі бауырластарға айтқанынан не үйренеміз? (Аян 2:10)

12 Ал енді Исаның Смирна мен Филаделфидегі қауымдарға айтқан хабарына тоқталайық. Иса оларға қуғын-сүргіннен қорқудың қажеті жоқ екенін айтты, себебі адалдықтары үшін Ехоба оларға сый бермек еді (Аян 2:10 оқыңыз; 3:10). Бұл бізді неге үйретеді? Бізді қуғындап жатса, еш таңғалмауымыз керек және оған табандылықпен төтеп беруге ықыласты болғанымыз жөн (Мат. 24:9, 13; Қор. 2-х. 12:10). Исаның осы айтқандары біз үшін неге маңызды?

13, 14. Аян кітабының 12-тарауында айтылған оқиғалар Құдай халқына қалай әсер етті?

13 Аян кітабы “Иеміздің күнінде”, яғни біздің кезімізде Құдай халқы қуғындалатынын ескерткен. Оның 12-тарауынан Құдай Патшалығы пайда болғаннан кейін көкте соғыс бұрқ еткенін білеміз. Таққа отырған Иса Мәсіх пен оның әскері Шайтан мен оның жын-перілерімен шайқасты (Аян 12:7, 8). Нәтижесінде, Құдайдың жаулары ойсырай жеңіліп, жер бетіне лақтырылды. Содан бері жер бетіндегі күллі адамзат қайғы-қасіреттен көз ашпай келеді (Аян 12:9, 12). Ал бұл жағдай Құдайдың халқына қалай әсер етті екен?

14 Аян кітабында Шайтан жеңілгеннен кейін әрі қарай не істегені туралы оқимыз. Ол бұдан былай көкке бас сұға алмай қалғандықтан, енді бар ашуын майланған тамтықтан алмақ болды. Бұл тамтық Құдай Патшалығының жердегі өкілдерін әрі “Иса туралы куәлік етіп жүргендерді” білдіреді (Аян 12:17; Қор. 2-х. 5:20; Ефес. 6:19, 20). Аян кітабындағы осы пайғамбарлық қалай орындалды?

15. Аян кітабының 11-тарауында айтылған “екі куәгер” кімдерге нұсқайды және олармен не болды?

15 Шайтан Құдайдың жердегі жауларын қолшоқпар етіп, Патшалықты жариялау ісінде жетекшілік ететін майланған ер бауырластарға шабуыл жасады. Аян кітабындағы өлтірілген “екі куәгер” жайлы сөздер осы бауырластарға нұсқайды * (Аян 11:3, 7—11). 1918 жылы жауапты ер бауырластардың сегізіне жалған айып тағылып, барлығы ұзақ мерзімге түрмеге қамалды. Сонда адами тұрғыдан қарағанда, майланғандардың ісі “өлтіріліп тасталғандай” болды.

16. 1919 жылы қандай күтпеген жағдай болды, бірақ Шайтан не істеуін қояр емес?

16 Аян 11-тараудағы пайғамбарлыққа сай, “екі куәгер” қысқа уақыттың ішінде қайта тірілмек еді. 1919 жылдың басында, яғни майланған ер бауырластар түрмеге жабылғаннан бір жыл өтер-өтпес, ешкім күтпеген бір таңғаларлық жағдай болды. Олар түрмеден босатылып, тағылған айыптары да көп ұзамай алынып тасталды. Сосын олар бірден Патшалық ісіне қайта кірісті. Бірақ Шайтанның Құдай халқына шабуылдауын қоятын түрі жоқ еді. Сол уақыттан бері ол “өзен” іспетті қарсылықтарын бүкіл Құдай халқына төгіп келеді (Аян 12:15). Сондықтан да әрқайсысымызға “табандылық пен сенім қажет-ақ” (Аян 13:10).

ЕХОБАНЫҢ ІСІНДЕ ТАЛМАЙ ЕҢБЕКТЕНІҢІЗ

17. Құдай халқы Шайтанның нысанасына айналса да, оларға күтпеген қандай көмек келді?

17 Аян кітабының 12-тарауында Құдай халқына күтпеген бір жерден көмек келетіні туралы айтылады. Бұл — қуғын-сүргіндер “өзенін” жұтып қоятын “жер” туралы пайғамбарлық (Аян 12:16). Бұл пайғамбарлық қалай орындалды? Шайтанның дүниесінің сот сияқты тұрақты жүйелері Құдай халқын құтқаруға келген жағдайлар болды. Ехобаның қызметшілері көп соттарда жеңіп шығып, біршама еркіндікке қол жеткізді. Осы еркіндіктерін олар даналықпен пайдаланып, Ехобаның ісін молынан атқарды (Қор. 1-х. 16:9). Бұл іске не жатады?

Құдайдың қызметшілері қандай екі түрлі хабарды жариялап жүр? (18, 19-абзацтарды қараңыз)

18. Осы соңғы күндері біздің атқаратын ең басты ісіміз қандай?

18 Иса осы заманның соңы келмейінше, Құдай халқы “Патшалық жайлы ізгі хабарды” бүкіл жер бетінде уағыздайтынын айтып кеткен (Мат. 24:14). Бұл орайда “жер бетінде тұратындарға — әрбір ұлт, ру, тіл және халыққа жариялайтын мәңгілік ізгі хабары бар” бір періште не бір топ періште Құдай халқына көмекке келмек еді (Аян 14:6).

19. Ехобаны сүйетіндер тағы қандай хабар жариялау керек?

19 Құдай халқы тек Патшалық туралы ізгі хабарды ғана жарияламайды. Олар Аян кітабының 8—10 дейінгі тарауларында сипатталған періштелердің ісіне де қолдау көрсетулері керек. Бұл періштелер Құдай Патшалығын мойындамайтындарға төнетін қасіреттерді бірінен соң бірін хабарлап жатқан еді. Ехоба куәгерлері де “бұршақ пен от” сияқты үкім хабарын жариялауда. Олар Шайтанның зұлым дүниесіндегі түрлі жүйелерге Құдайдың үкім кескенін айтады (Аян 8:7, 13). Осы заманның соңы таяп қалғанын адамдар білу керек. Сонда өмірлерін түбегейлі өзгертіп, “Ехобаның қаһар күні” аман қала алады (Соф. 2:2, 3). Алайда бұл хабарды көпшілігі жақтырмайды. Сондықтан оны жариялау үшін батыл болуымыз керек. Ал зор алапатта біз адамдарға одан да ауыр болып тиетін соңғы үкім хабарын жариялайтын боламыз (Аян 16:21).

“ОСЫ ПАЙҒАМБАРЛЫҚТАҒЫ СӨЗДЕРДІ” ОРЫНДАҢЫЗ

20. Келесі екі мақалада не туралы білеміз?

20 “Осы пайғамбарлықтағы сөздерді” орындағанымыз өте маңызды, өйткені Аян кітабынан білгеніміздей, олардың бізге қатысы бар (Аян 1:3). Алайда қудалауға адал төтеп беріп, Құдайдың хабарларын әрі қарай да батыл жариялай беруге не көмектеседі? Бізге мына екі нәрсе күш береді: 1) Аян кітабында Құдайдың жаулары туралы не айтылғаны, 2) адалдық сақтап қалсақ, болашақта қандай баталарға ие болатынымыз. Бұлар жайында келесі екі мақалада толығырақ қарастырамыз.

32-ӘН Ехобаның жағына шық

^ 5-абзац Біз бүгінде Аян кітабындағы пайғамбарлықтар орындалып жатқан ерекше уақытта өмір сүрудеміз! Осы және келесі екі мақалада Аян кітабына шолу жасап, ондағы пайғамбарлықтардың бізге қандай қатысы бар екенін көреміз. Сондай-ақ Аян кітабын негізге ала отырып, ғибадатымыз Ехобаға ұнамды болып қала беру үшін не істеуіміз керектігін білеміз.

^ 15-абзац 2014 жылдың 15 қарашасындағы “Күзет мұнарасының” 30-бетіндегі “Оқырман сауалдарын” қараңыз.