Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

20-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Аян кітабы Құдайдың жауларына қатысты не ашады?

Аян кітабы Құдайдың жауларына қатысты не ашады?

“Олар патшалардың бәрін еврейше Армагеддон деп аталатын жерге жинады” (АЯН 16:16).

150-ӘН Құтқарылу үшін Құдайды іздейік

АҢДАТПА *

1. Аян кітабында Құдайдың халқына қатысты не айтылған?

 АЯН кітабында көкте Құдай Патшалығы орнап, ол жерден Шайтанның қуылғаны айтылған (Аян 12:1—9). Осының нәтижесінде көкте тыныштық орнады. Ал біздің жағдайымыз, керісінше, қиындады. Өйткені Шайтан бүкіл қаһарын Ехобаның жердегі адал қызметшілеріне төге бастады (Аян 12:12, 15, 17).

2. Шайтанның шабуылдарына тайсалмай төтеп беруге не көмектеседі?

2 Шайтанның шабуылдарына тайсалмай төтеп беруге не көмектеседі? (Аян 13:10). Болашақта не болатынын білгеніміз. Мысалы, Аян кітабында елші Жохан бізді қандай баталар күтіп тұрғанын айтып кеткен. Сол баталардың бірі — Құдайдың жауларының жойылатыны. Қазір Аян кітабында Құдайдың жаулары қалай сипатталғанын және олармен не болатынын қарастырайық.

“БЕЛГІЛЕРМЕН” СИПАТТАЛҒАН ҚҰДАЙДЫҢ ЖАУЛАРЫ

3. Аян кітабындағы кейбір белгілерді айтып беріңіз.

3 Аян кітабының бірінші тармағынан-ақ оның “белгілерден” тұратынын, яғни бейнелі тілмен жазылғанын білеміз (Аян 1:1). Онда Құдайдың жаулары бірнеше жыртқыш аңмен бейнеленеді. Біріншісі — “теңізден шығып келе жатқан жыртқыш аң”, оның он мүйізі, жеті басы бар (Аян 13:1). Одан кейінгісі — “жерден шығып келе жатқан басқа бір жыртқыш аң”. Ол “айдаһарша сөйлейді” және “аспаннан жерге от түсіреді” (Аян 13:11—13). Сосын үстінде жезөкше әйел отырған “ал қызыл жыртқыш аңды” көреміз. Бұл үш жыртқыш аң талай заманнан бері Ехобамен және оның Патшалығымен жауласып келеді. Сондықтан олардың кім екенін біліп-анықтау біз үшін өте маңызды (Аян 17:1, 3).

ҮЛКЕН-ҮЛКЕН ТӨРТ АҢ

Бұл аңдар “теңізден шыққан” (Дан. 7:1—8, 15—17). Олар Даниялдың заманынан бастап Құдайдың халқына едәуір ықпал еткен дүниежүзілік державаларды білдіреді. (4, 7-абзацтар)

4, 5. Даниял 7:15—17 тармақтар Аян кітабындағы белгілерді түсінуге қалай көмектеседі?

4 Құдайдың жауларын анықтау үшін Аян кітабындағы бейнелердің нені білдіретінін түсініп алуымыз керек. Бұлай етуге Киелі кітаптың басқа кітаптары көмектеседі. Өйткені Аян кітабындағы бейнелердің көбісі басқа кітаптарда түсіндіріліп кеткен. Мысалы, Даниял пайғамбар аянда “теңізден үлкен-үлкен төрт аңның” шығып келе жатқанын көрген (Дан. 7:1—3). Ол осы төрт аңның төрт “патшаны” не төрт үкіметті бейнелейтінін де айтып кеткен (Даниял 7:15—17 оқыңыз). Бұдан Аяндағы жыртқыш аңдар да саяси күштерді білдіретінін түсінеміз.

5 Біз осы мақалада Аян кітабындағы кейбір белгілерге тоқталып, Киелі кітаптың көмегімен олардың нені білдіретінін анықтаймыз. Алдымен, жыртқыш аңдардан бастаймыз. Бірінші, олар кімді білдіретінін, сосын олармен не болатынын және сол оқиғалардың бізге қандай қатысы бар екенін талқылаймыз.

ҚҰДАЙДЫҢ ЖАУЛАРЫ КІМ ЕКЕНІН АНЫҚТАУ

ЖЕТІ БАСТЫ ЖЫРТҚЫШ АҢ

Бұл аң “теңізден шыққан” және оның жеті басы, он мүйізі, он тәжі бар (Аян 13:1—4). Ол тарих бойында адамзатқа билік еткен барлық үкіметтерді білдіреді. Ал оның жеті басы Құдай халқына едәуір ықпал еткен дүниежүзілік жеті державаны бейнелейді. (6—8 абзацтар)

6. Аян 13:1—4 тармақтарда айтылған жеті басты жыртқыш аң нені білдіреді?

6 Жеті басты жыртқыш аң нені білдіреді? (Аян 13:1—4 оқыңыз). Байқасақ, бұл аң қабыланға ұқсайды, бірақ аяқтары аюдікіндей, аузы арыстандікіндей және бастарында он мүйізі бар. Дәл осы сипаттамалар Даниял кітабының 7-нші тарауындағы төрт аңда да кездеседі. Бірақ Аян кітабында бұл сипаттамалар төрт емес, бір ғана аңның бойында. Сондықтан жеті басты жыртқыш аң бір үкіметтен де не бір дүниежүзілік империядан да көпті білдіреді. Аян 13:7-де оның “әрбір ру, халық, тіл және ұлттың үстінен билік алғаны” айтылады. Демек, ол расында да бір ғана үкіметті білдірмейді. Ендеше, біз жеті басты жыртқыш аң бүгінге дейін адамзатқа билік етіп келген барлық үкіметтерді білдіреді деген тұжырымға келеміз * (Уағ. 8:9).

7. Жеті басты жыртқыш аңның әрбір басы нені білдіреді?

7 Жеті бастың әрбірі нені білдіреді? Бұны түсінуге Аянның 17-тарауы көмектеседі. Бұл тарауда Аян кітабының 13-тарауында айтылып кеткен жыртқыш аңның мүсіні сипатталған. Аян 17:10-да былай делінген: “Сондай-ақ [бұл аң] жеті патшаны білдіреді. Олардың бесеуі құлады, біреуі бар, тағы біреуі әлі келген жоқ, ал келгенде аз уақыт қана болуы тиіс”. Шайтанның қол астындағы саяси үкіметтердің ішінде жетеуі әсіресе мықты болғандықтан, олар аңның “басы” болып бейнеленген. Осы дүниежүзілік жеті империя Құдай халқына билік етті не оларды қуғындады. Елші Жоханның кезінде олардың бесеуі әлем сахнасына шығып қойған еді. Олар: Мысыр, Ассирия, Бабыл, Мидо-Персия және Грекия. Жохан осы аянды алғанда, дүниежүзілік империялардың алтыншысы — Рим билік етіп жатты. Ал жетінші бас, яғни дүниежүзілік империялардың соңғысы кім болмақ еді?

8. Жыртқыш аңның жетінші басы кімді білдіреді?

8 Даниял кітабындағы пайғамбарлықтарға қарап, жыртқыш аңның жетінші әрі соңғы басы кімді білдіретінін білеміз. Осы заманның соңында, яғни “Иеміздің күнінде” қандай дүниежүзілік держава билік етіп жатыр? (Аян 1:10). Бұл Біріккен Корольдік пен Америка Құрама Штаттарының одағы, яғни Англо-Америка дүниежүзілік державасы. Демек, Аян 13:1—4 тармақтарда айтылып кеткен жыртқыш аңның жетінші басы сол деп тұжырымдай аламыз.

ТОҚТЫНІКІ СИЯҚТЫ ҚОС МҮЙІЗІ БАР ЖЫРТҚЫШ АҢ

Бұл аң “жерден шыққан” және “айдаһарша” сөйлейді. Ол “аспаннан жерге от” түсіреді және “жалған пайғамбар” ретінде кереметтер жасайды (Аян 13:11—15; 16:13; 19:20). Англо-Америка қос мүйізді жыртқыш аң мен жалған пайғамбар боп әрекет етіп, жержүзі тұрғындарын адастырады. Ол сол тұрғындарға жеті басты, он мүйізді “аңның мүсінін жасауды” айтады. (9-абзац)

9. “Тоқтынікі сияқты қос мүйізі бар” жыртқыш аң нені бейнелейді?

9 Аян кітабының 13-тарауынан жетінші бастың, яғни Англо-Америка дүниежүзілік державасының тағы бір жыртқыш аң ретінде бейнеленгенін көреміз. Бұл аңның “тоқтынікі сияқты қос мүйізі бар екен, бірақ ол айдаһарша сөйлейтін”. Ол “зор кереметтер жасап, тіпті адамдардың көз алдында аспаннан жерге от түсіретін” (Аян 13:11—15). Аян кітабының 16 және 19-тарауларында бұл аң “жалған пайғамбар” ретінде суреттеледі (Аян 16:13; 19:20). Даниял кітабында Англо-Америка дүниежүзілік державасының “ғаламат ойран салатыны” да айтылып кеткен еді (Дан. 8:19, 23, 24). Екінші дүниежүзілік соғыста осы сөздер дәлме-дәл орындалды. Жапонияға тасталып, соғыстың тоқтауына себеп болған екі атом бомбасын осы Британия мен Американың ғалымдары бірігіп ойлап тапқан еді. Осы мағынада Англо-Америка дүниежүзілік державасы “аспаннан жерге от түсірді”.

АЛ ҚЫЗЫЛ ЖЫРТҚЫШ АҢ

Бұл аңның үстінде жезөкше, яғни Ұлы Бабыл отыр. Түсі ал қызыл бұл аң сегізінші патша болып табылады (Аян 17:3—6, 8, 11). Бұл аңды жезөкше басқарып келіп, сосын сол аңның қолымен жойылады. Жезөкше — дүниежүзілік жалған діндер империясы. Ал аң болса — дүниежүзілік саяси жүйенің мүддесіне қызмет етіп жүрген Біріккен Ұлттар Ұйымы. (10, 14—17 абзацтар)

10. “Жыртқыш аңның мүсіні” нені бейнелейді? (Аян 13:14, 15; 17:3, 8, 11)

10 Аян кітабында тағы бір жыртқыш аң туралы айтылады. Ол жеті басты жыртқыш аңға қатты ұқсайды, тек түсі ал қызыл. Бұл аң “жыртқыш аңның мүсіні” деп аталады және ол “сегізінші патша” болып табылады * (Аян 13:14, 15; 17:3, 8, 11 оқыңыз). Осы “патшаның” алдымен пайда болатыны, сосын ғайып болатыны, бірақ кейін қайтадан пайда болатыны айтылған. Бұл сипаттама дүниежүзіндегі саяси үкіметтердің мүддесіне қызмет етіп жүрген Біріккен Ұлттар Ұйымына дәл келеді! Бұл ұйым алдымен Ұлттар Лигасы ретінде пайда болды, ал Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол ыдырап кетті. Бірақ кейін Біріккен Ұлттар Ұйымы ретінде қайтадан пайда болды.

11. Саяси аңдар не істейді және неге біз олардан қорықпаймыз?

11 Саяси аңдар насихат жүргізу арқылы адамдарды Ехобаға және оның халқына қарсы айдап салатын болады. Бейнелеп айтқанда, олар “жержүзінің патшаларын Құдіреті шексіз Құдайдың ұлы күні” — Армагеддонға жинайды (Аян 16:13, 14, 16). Бірақ біз олардан үрейленуіміз керек пе? Үрейленуге еш себеп жоқ! Өйткені Ұлы Құдайымыз Ехоба дереу әрекет етіп, Көк Патшалығын қолдайтындарды құтқарып алады (Езек. 38:21—23).

12. Жыртқыш аңдардың бәрін не күтіп тұр?

12 Жыртқыш аңдардың бәрімен не болады? Аян 19:20-да былай делінген: “Сонда жыртқыш аң да, оның алдында кереметтер жасап, жыртқыш аңның белгісін қабылдаған әрі оның мүсініне табынғандарды адастырып жүрген жалған пайғамбар да ұсталып, екеуі күкірт жанып жатқан отты көлге тірідей лақтырылды”. Демек, Құдайдың осы саяси жаулары дәл билік етіп жатқан жерлерінен мәңгіге жойылады.

13. Үкіметтер мәсіхшілер үшін қандай қиындық тудыруда?

13 Бізге қандай қатысы бар? Мәсіхші болғандықтан, біз Құдайға және оның Патшалығына адал болуымыз керек (Жох. 18:36). Ол үшін біз саяси істерге араласпай, бейтараптық сақтағанымыз жөн. Бірақ бұлай ету өте қиын болуы мүмкін. Себебі осы дүниелік үкіметтер сөзімізбен де, ісімізбен де оларды барынша қолдағанымызды талап етеді. Олардың қысымына беріліп қалғандарға жыртқыш аңның таңбасы салынады (Аян 13:16, 17). Ал таңбаны салдырғандар Ехобаның ықыласына ие болмайды және мәңгі өмірден құралақан қалады (Аян 14:9, 10; 20:4). Сондықтан, қандай қиын болмасын, олардың қысымына берілмей, бейтараптықты мықтап ұстанайық!

ҰЛЫ ЖЕЗӨКШЕНІҢ МАСҚАРАЛАНЫП, БІРЖОЛА ЖОЙЫЛУЫ

14. Аян 17:3—5 көретініміздей, Жохан не нәрсені көріп таңғалды?

14 Аян 17:3—5 оқыңыз. Елші Жохан аянда тағы бір нәрсені көріп “қатты таңырқады”. Ол әлгі ал қызыл жыртқыш аңның үстінде отырған әйелді көрді. Оның аты — “Ұлы Бабыл” және ол “ұлы жезөкше” ретінде сипатталған. Бұл әйел жер бетіндегі патшалармен “азғындық жасайды” (Аян 17:1, 2, 6).

15, 16. “Ұлы Бабыл” деген не және бұны біз қайдан білеміз?

15 “Ұлы Бабыл” деген кім? Бұл әйел саяси ұйымды білдіруі екіталай. Себебі оның жержүзіндегі саяси басшылармен азғындыққа түсетіні айтылған (Аян 18:9). Былайша айтқанда, ол басшылардың үстіне отырып, оларды басқаруға тырысады. Сонымен қатар бұл әйел Шайтанның дүниесіндегі сауда-саттық жүйесін де білдірмейді. Себебі Аян кітабында бұл жүйе “жер бетіндегі саудагерлер” деп бөлек сипатталған (Аян 18:11, 15, 16).

16 Киелі жазбаларда “жезөкше“деген сөз Құдайға сене тұра, пұтқа табынушылықпен айналысатын не осы дүниемен достасатын адамдарға да нұсқайды (Езек. 16:2, 35, 36; Жақ. 4:4). Ал Құдайға адал ғибадат ететіндер жайлы “пәк” деп айтылады (Қор. 2-х. 11:2; Аян 14:4). Ежелде Бабыл қаласы жалған ғибадаттың ордасы болған. Олай болса, “Ұлы Бабыл” барлық жалған діндерді білдіреді дей аламыз, яғни ол — дүниежүзілік жалған діндер империясы (Аян 17:5, 18; jw.org сайтында “Ұлы Бабыл деген не?” деп аталатын мақаланы қараңыз).

17. Ұлы Бабылмен не болмақ?

17 Ұлы Бабылмен не болады? Аян 17:16, 17-де былай делінген: “Өзің көрген он мүйіз бен жыртқыш аң жезөкшені жек көріп кетеді, оны талан-тараж етіп, жалаңаштайды және тәнін жалмап, түгелдей өртеп жібереді. Себебі Құдай олардың жүректеріне өз ойын салып, жүзеге асыртады”. Иә, Ехоба халықтардың жүрегіне қозғау салады. Сонда олар ал қызыл аңның, яғни Біріккен Ұлттар Ұйымының күшімен дүниежүзілік жалған діндер империясына тап беріп, оны жойып тастайды (Аян 18:21—24).

18. Ұлы Бабылмен ортақ ештеңеміз жоқ екенін қалай көрсете аламыз?

18 Бізге қандай қатысы бар? Біздің ғибадатымыз “Құдайымыздың көз алдында таза да арамдалмаған” болуы керек (Жақ. 1:27). Сондықтан біз Ұлы Бабылдың жалған ілімдері мен құлдырап кеткен моральдық нормаларының ықпалына берілмейміз және оның мейрамдары мен спиритизммен байланысы бар салт-жораларына еш қатыспаймыз. Сондай-ақ өзгелер де оның күнәларына ортақтасып, Құдайдың алдында кінәлі болмас үшін, оларды “Одан шық!” деп ескерте береміз (Аян 18:4).

ҚҰДАЙДЫҢ ҚАС ЖАУЫНЫҢ АҚЫРЫ

ОТТАЙ ҚЫЗЫЛ АЙДАҺАР

Шайтан жеті басты жыртқыш аңға билік беріп отыр (Аян 12:3, 9, 13; 13:4; 20:2, 10). Ехобаның қас жауы Шайтан 1000 жылға тұңғиыққа тасталады. Сосын “от пен күкірт жанып жатқан көлге” лақтырылады. (19, 20-абзацтар)

19. “Оттай қызыл алып айдаһар” деген кім?

19 Аян кітабында “оттай қызыл алып айдаһар” жайлы да айтылады (Аян 12:3). Бұл айдаһар кезінде Исамен және оның періштелерімен соғысқан (Аян 12:7—9). Ол Құдайдың халқына шабуылдайды және саяси аңдардың барлығына билік береді (Аян 12:17; 13:4). Бұл айдаһар кім? Ол — “ежелгі жылан, яғни Ібіліс Шайтан” (Аян 12:9; 20:2). Ехобаның барлық жауларының артында тұрған — сол.

20. Айдаһармен не болады?

20 Айдаһармен не болады? Аян 20:1—3 тармақтарда бір періштенің Шайтанды тұңғиыққа лақтыратыны айтылады, былайша айтқанда, оны зынданға тастайды. Сонда ол “1000 жыл өткенше, енді қайтып халықтарды алдай алмайтын” болады. Сосын Шайтан мен оның жын-перілері “от пен күкірт жанып жатқан көлге лақтырылады”, яғни мәңгілікке жойылады (Аян 20:10). Сол кезде өмір қандай керемет болатынын елестетіп көріңізші!

21. Аян кітабын оқитын адам неге бақытты?

21 Аян кітабындағы осы белгілердің мәнін түсіну бізге жігер береді! Осы мақалада біз Құдайдың жауларын анықтап қана қоймай, олармен не болатынын да білдік. Рас, “осы пайғамбарлықтағы сөздерді дауыстап оқитын адам да, оны тыңдайтын да бақытты!” (Аян 1:3). Ал Құдайдың жаулары жойылғаннан кейін, оның халқын қандай баталар күтіп тұр? Бұны осы топтаманың соңғы мақаласынан білеміз.

23-ӘН Ехоба билік етуін бастады

^ 5-абзац Аян кітабында Құдайдың жаулары белгілермен немесе бейнелі тілмен сипатталады. Сол белгілердің нені білдіретінін түсінуге Даниял кітабы көмектеседі. Осы мақалада Даниял мен Аян кітаптарындағы бір-біріне ұқсас пайғамбарлықтарды салыстыра отырып, Құдайдың жауларын анықтаймыз. Сосын түбінде олармен не болатынын білеміз.

^ 6-абзац Жеті басты жыртқыш аң барлық үкіметтерді білдіретініне оның “он мүйізі” болғаны да дәлел бола алады. Себебі Киелі кітапта 10 саны көп жағдайда толықтықты білдіреді.

^ 10-абзац Жеті басты жыртқыш аңмен салыстырғанда, оның мүсінінің мүйіздерінде “тәждер” жоқ (Аян 13:1). Бұлай болуы түсінікті, өйткені “ол әлгі жетеуінен шыққан” және билікті содан алады (jw.org сайтында “Аян кітабының 17-тарауында сипатталған ал қызыл аң нені бейнелейді?” деген мақаланы қараңыз).