23-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Балаларыңызға Ехобаны сүюді үйретіңіз
“Ехоба Құдайыңды бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” (МАТ. 22:37).
134-ӘН Балалар — Құдайдың аманаты
АҢДАТПА *
1, 2. Қандай жағдайда Киелі кітап принциптері бізге жаңаша ашылуы мүмкін және неліктен?
ТОЙ күні әрленіп-сәнденген күйеужігіт пен оның сұлу қалыңдығы Киелі кітапқа негізделген неке баяндамасын тыңдайды. Баяндамадағы принциптерді олар салтбасты кездерінде талай естіген шығар. Бірақ енді екеуіне бұлар басқаша әсер етеді. Неліктен? Өйткені сол принциптерді олар енді ерлі-зайыпты ретінде өмірлерінде қолданады.
2 Балалы болған ерлі-зайыпты мәсіхшілердің жағдайы да осыған ұқсайды. Бұған дейін бала тәрбиелеуге қатысты олар сан-түрлі баяндамалар тыңдаған шығар. Ал енді балалы болған соң, бұл принциптер оларға тереңінен ашыла түседі. Бала өсіріп, оны адам ету — үлкен жауапкершілік! Расында да, жағдайымыз өзгергенде, Киелі кітаптағы құлағымыз естіп үйреніп қалған принциптер жаңа қырынан ашылады. Мәсіхшілердің ежелгі Исраил патшалары сияқты, Киелі кітапты “өмір бойы” оқып, ой жүгіртетіндерінің бір себебі — міне, осы (Мұс. 5-ж. 17:19).
3. Бұл мақалада не қарастырамыз?
3 Ата-аналар, сіздерге балаларыңызға Ехоба Құдай туралы үйрету мәртебесі берілген. Бұл оларға Ехоба туралы тек білім ғана беріп қоймай, оған деген махаббаттарын оятуды да білдіреді. Осы орайда ата-аналарға Киелі кітаптың төрт принципі көмектесе алады (Тім. 2-х. 3:16). Қазір сол принциптерге жеке-жеке тоқталатын боламыз. Сонымен қатар сол принциптерді қолданып, пайдасын көрген мәсіхші ата-аналардың мысалдарын да көреміз.
АТА-АНАҒА КӨМЕК БОЛАР 4 ПРИНЦИП
4. Балалардың Ехобаға деген махаббатын ояту үшін, ата-аналарға қандай принцип көмектеседі? (Жақып 1:5)
4 1-принцип: Ехобадан даналық сұраңыз. Балаларыңызға Құдайды жан досындай жақсы көруді үйрету үшін, одан даналық сұраңыз (Жақып 1:5 оқыңыз). Ең құнды ақыл-кеңесті Ехоба ғана бере алады. Бұлай деуге бірнеше себеп бар. Соның екеуіне тоқталып кетсек, біріншісі — бала тәрбиесінде Ехоба ең көп тәжірибеге ие (Зәб. 36:9). Ал екіншісі — оның дана кеңесі қашанда біздің пайдамызға асып, тек жақсылық алып келеді (Ишая 48:17).
5. а) Ехобаның ұйымы ата-аналарға қандай көмек ұсынып жатыр? ә) Видеодағы Абилио мен Улла бауырластардан бала тәрбиесіне қатысты не үйрендіңіз?
5 Ехоба ата-аналарды Киелі кітапқа негізделген мол рухани ас-сумен қамдаған. Балаларына Ехобаны жақсы көруді үйреткісі келетін ата-аналарға бұл мәліметтер таптырмас көмек болып табылады (Мат. 24:45). Соның бірі — жылдар бойы “Ояныңдар!” журналында шығып келген “Отбасыңыз берекелі болсын” деген айдар. Оны қазір jw.org сайтынан оқуға болады. Сондай-ақ сайттағы сұхбаттар мен қойылымдардан ата-аналар Ехобаның бала тәрбиесіне қатысты кеңестерін қалай қолдануға болатынын біле алады * (Нақ. с. 2:4—6).
6. Бір әке бала тәрбиесіне қатысты Ехобаның ұйымы беріп жатқан көмек жайлы не дейді?
6 Ехоба өзінің ұйымы арқылы беріп жатқан көмекке көп ата-ана риза. Үш баланың әкесі Джо былай дейді: “Үш баланы шындықта тәрбиелеу оңай емес. Кезіккен қиын жағдайдың бәрінде әйелім екеуіміз Ехобаға дұға айтамыз. Артынша тура сол мәселеге қатысы мақала не видео шыққанда, әйелім екеуіміз таңғалып қаламыз. Ехобадан даналық сұрау осылайша жақсы әдетімізге айналып кетті”. Расында да, сол мақалалар мен видеолардың арқасында Джоның балалары Ехобаны дос ретінде жақыннан танып келе жатыр.
7. Ата-аналар балаларына қандай үлгі көрсетіп жүргеніне неге мұқият болулары керек? (Римдіктерге 2:21)
7 2-принцип: үлгі болыңыз. Балалар ата-анасынан көргенін айнытпай қайталап жатады. Бұл дүниеде кемелді ата-ана жоқ, әрине (Рим. 3:23). Бірақ олар жақсы үлгі болуға күш салып, дана ата-ана бола алады (Римдіктерге 2:21 оқыңыз). Бір әке былай дейді: “Балалар губка сияқты, жаман-жақсының бәрін өзіне сіңіріп алады. Сөзіміз басқа, ісіміз басқа болып жатса, олар бұны бірден байқап, соны өзімізге айтып қалады”. Ендеше, балаларымыз Ехобаны сүйсін десек, біздің де сүйіспеншілігіміз мықты болып, айқын көрініп тұру керек.
8, 9. Эндрю мен Эмманың айтқандарынан қандай сабақ алдыңыз?
8 Балаларды Ехобаны жақсы көруге үйретудің көп жолдары бар. 17 жасар Эндрю деген бауырлас былай дейді: “Ата-анам дұғаның маңыздылығын үнемі айтып отыратын. Өзім дұға айтып қойсам да, күнде кешке әкем менімен бірге тағы да дұға айтатын. Әкем де, анам да: —Ехобаға қанша рет қаласаңдар, сонша рет дұға ете аласыңдар,— деп есімізге салып тұратын. Құлағымызға қайта-қайта осыны құйып отырғандары маған қатты әсер етті. Соның арқасында мен Ехобаға емін-еркін дұға айта аламын және оны қамқор Әкемдей көремін”. Қымбатты ата-аналар, сіздердің Ехобаға деген сүйіспеншіліктеріңіздің әсері мықты екенін ұмытпаңыздар.
9 Ал енді Эмманың мысалын қарастырайық. Әкесі оларды тастап кеткенде, анасының мойнына қыруар қарыз іліп кеткен еді. Эмма былай дейді: “Анамның талай рет ақшадан қиналған кезі болды, бірақ Ехоба қызметшілерінің қамын ойлап, нансыз қалдырмайтынын ол үнемі айтып отыратын. Осыған сенетіні оның өмірінен де көрінетін. Анам бізге үйреткендерін өзі де ұстанатын”. Бұдан не нәрсеге үйренеміз? Ата-аналар тіпті қиын жағдайда да балаларына үлгі бола алады (Ғал. 6:9).
10. Ежелгі Исраилде ата-аналар балаларымен қай кездері сөйлесе алатын? (Мұсаның 5-жазбасы 6:6, 7)
10 3-принцип: үнемі сөйлесіңіз. Ежелгі Исраилде Ехоба ата-аналарға балаларын үнемі үйретіп отыруды тапсырған (Мұсаның 5-жазбасы 6:6, 7 оқыңыз). Сол кезде ата-аналар күні бойы ұл-қыздарымен уақыт өткізіп, олармен сөйлесіп, Ехобаға деген сүйіспеншіліктерін өсіре алатын. Мысалы, ұлы әкесімен бірге жер өңдеп, егін егіп, күні бойы бірге жүретін. Ал қызы анасымен бірге көрпе-жастық тігіп, тоқып, үй шаруасымен айналысатын. Осы уақытта ата-анасы балаларымен әртүрлі маңызды тақырыптарды қозғайтын. Мысалы, Ехобаның ізгілігі жайлы әңгімелесіп, олардың отбасын қалай қамқорлап жатқанын айтып беретін.
11. Мәсіхші ата-аналар балаларымен қай кезде сөйлесе алады?
11 Ал қазір заман басқа. Көп елде ата-аналар мен балалар бір-бірін күні бойы көрмейді. Ата-аналар қара кешке дейін жұмыс істейді, ал балалары болса мектепте. Сондықтан ата-аналар ұл-қыздарымен сөйлесуге уақыт табу үшін көп күш салу керек (Ефес. 5:15, 16; Філіп. 1:10). Бірге уақыт өткізудің бір мүмкіндігі — отбасылық ғибадат кешіне жиналу. Александр деген жасөспірім бауырлас былай дейді: “Әкем үнемі отбасылық ғибадат кешін ұйымдастырады. Аспаннан тас жауса да, отбасылық ғибадатымыз болмай қалмайды. Ал соңында біз жай отырып әңгімелесеміз”.
12. Отбасылық ғибадатта отағасы нені есте ұстау керек?
12 Отағасы болсаңыз, балаларыңыз отбасылық ғибадатты жақсы көріп, оны асыға күту үшін не істесеңіз болады? Жаңадан шыққан “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабын бірге зерттесеңіздер болады. Бұл кітап ашық пікір алысуға ыңғайлы етіп жасалған. Балаларыңызды не уайымдататынын, не мазалайтынын білгіңіз келсе, отбасылық ғибадат кезінде оларды ортаға алып, жөнге салудан аулақ болыңыз. Егер олар Киелі кітап принциптеріне қайшы бір ойды айтып жатса, ашуланып, жекіп тастамаңыз. Қайта, ішіндегісін ашық айтып жатқанына риза болыңыз және балаларыңыз қысылмай, өздерін еркін сезіну үшін, барлық жағдайды жасаңыз. Өйткені баланың ішінде не бар екенін білгенде ғана, оған дұрыс көмек көрсете аласыз.
13. Балаларға Ехобаға жақындауға көмектесудің тағы қандай жолдары бар?
13 Ата-аналар, күні бойы балаларыңызды Ехобаға жақындатудың мүмкіндіктерін іздеп жүріңіздер. Бұл үшін бірге бас қосатын отбасылық ғибадат кешін күтіп жүрудің қажеті жоқ. Лиза деген бір әйел бауырлас былай дейді: “Біз айналамыздағы табиғат әлемінен балаларымызға Ехобаны танып-білуді үйреттік. Мысалы, олар итіміздің қылықтарына күліп, мәз болғанда, Жаратушымыз көңілді Құдай екенін, ол да біз сияқты өмірді сүйетінін айтамыз”.
14. Балаларға достарды даналықпен таңдауға көмектесу неліктен маңызды? (Нақыл сөздер. 13:20)
14 4-принцип: жақсы достар табуға көмектесіңіз. Киелі кітапта араласатын ортамыз бізге я жақсы, я жаман әсер ететіні айтылған (Нақыл сөздер 13:20 оқыңыз). Ата-аналар, сіздер балаларыңыздың достары кімдер екенін білесіздер ме? Олармен танысып, араласып көргенсіздер ме? Балаларыңыз Ехобаны сүйетін адамдармен дос болу үшін не істесеңіздер болады? (Қор. 1-х. 15:33). Ол үшін отбасылық іс-шараларыңызға рухани күйі мықты бауырластарды шақырсаңыздар болады (Зәб. 119:63).
15. Ата-аналар балаларына жақсы достар табуға қалай көмектесе алады?
15 Тони деген ер бауырластың мысалын қарастырып көрейік. Ол әйелі екеуі балаларына жақсы достар табуға қалай көмектескенін былай деп айтып берді: “Әйелім екеуіміз жылдар бойы әртүрлі жастағы, әртүрлі ортадан шыққан бауырластарды үйге қонаққа шақырып жүрдік. Олар бізбен бірге тамақтанатын, отбасылық ғибадатымызға қатысатын. Осылай Ехобаны сүйетін, оған қуана қызмет етіп жүрген бауырластармен жақынырақ танысатынбыз. Аудандық бақылаушылар, миссионерлер және басқа да бауырластар үйімізде тоқтағаны үлкен бата болды! Олардың оқиғалары, құлшынысы мен жанқиярлық рухтары балаларымызға әсер етіп, оларды Ехобаға жақындата түсті”. Ата-аналар, балаларыңыз жақсы достар табу үшін аянбай күш салыңыздар.
ҮМІТІҢІЗ ҮЗІЛМЕСІН!
16. Баласы шындықтан кетуді шешсе, ата-анасының қандай ой қалып сақтағаны дұрыс?
16 Қанша күш салғаныңызға қарамастан, балаңыз Ехобаға қызмет етуден бас тартса ше? “Мен жаман ата-анамын” деп ойлауға асықпаңыз. Ехоба барлығымызға, соның ішінде сіздің балаңызға да, таңдау еркін берген. Ехобаға қызмет ету-етпеуді әркім өзі шешеді. Егер балаңыз шындықтан кетуді шешсе, бір күні Ехобаға қайта оралатынынан үмітіңізді үзбеңіз. Адасқан ұл жайлы астарлы әңгімені ұмытпаңыз (Лұқа 15:11—19, 22—24). Ол жігіт әділдік жолынан тайып кеткенімен, соңында әкесіне қайта оралды. Кейбіреулер “бұл жай ғана мысал ғой, өмірде бұлай бола бермейді” деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұндай жағдайлар болады. Бұған Ели деген жігіттің мысалы дәлел. Қазір сол жайлы білейік.
17. Елидің оқиғасы сіздерді қалай жігерлендірді?
17 Ели былай дейді: “Ата-анам Ехобаны да, оның Сөзін де жақсы көруім үшін қолдарынан келгеннің бәрін істеді. Бірақ шамамен 15 жасымда оларды тыңдамай, өз білгенімді істей бастадым”. Ели екі жақты өмір сүрді, ата-анасы қанша рет рухани көмек ұсынса да, ешқайсысын қабылдамай қойды. Сөйтіп, ол үйден кетіп қалды, кейін бір күнә жасады. Сөйтсе де Ели бір досымен Киелі кітап туралы сөйлесіп тұратын. “Оған Ехоба жайлы айтқан сайын, өзім де Ехоба жайлы көп ойлайтын болдым. Кезінде ата-анам сепкен, бірақ жүрегімде ұйықтап жатқан шындық дәні ақырындап, бірақ нық сеніммен өсе бастады”,— дейді ол. Уақыт өте Ели шындыққа қайтып келді *. Сонда ата-анасы оған кішкентай кезінен Ехобаны сүюді үйреткеніне қандай қуанышты болды десеңіздерші! (Тім. 2-х. 3:14, 15).
18. Балаларын Ехобаны сүюге үйрету үшін талмай еңбек етіп жүрген ата-аналар жайлы не ойлайсыз?
18 Қымбатты ата-ана, сіздерде Ехобаға қызмет ететін “келер буынды” өсіру мәртебесі бар! (Зәб. 78:4—6). Бұл үлкен еңбекті талап етеді. Балаларыңызға көмектесу үшін күн-түн демей тер төгіп жүргеніңіз үшін жарайсыз! Балаңыз Ехобаны сүйіп, оның тәрбиесін алып, оған мойынсұнуы үшін әрі қарай да талмай күш сала беріңіз. Сонда көктегі Әкеңіз Ехоба сізге шын риза болады (Ефес. 6:4).
135-ӘН Ехобаның шақыруы: “Ақылды бол, балам”
^ 5-абзац Ата-аналардың балалары дегенде, ет-жүректері елжіреп тұрады. Олар барын балаларының алдына тосып, бақытты болулары үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Ал ең бастысы, жүректерінде Ехобаға деген сүйіспеншілікті ояту үшін көп тер төгеді. Осы орайда оларға көмек болатын Киелі кітаптың төрт принципін көрейік.
^ 5-абзац Біздің jw.org сайтымыздан “Балаларды Құдай жолымен тәрбиелеу” деген видеоны көріңіз.
^ 17-абзац 2012 жылдың 1 сәуіріндегі “Күзет мұнарасынан” “Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді” деген мақаланы қараңыз.
^ 57-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әкесі ұлының досымен жақынырақ танысу үшін, олармен баскетбол ойнап жатыр.