Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

22-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Өмір жолыңызда даналық серік болсын!

Өмір жолыңызда даналық серік болсын!

“Даналықты Ехоба сыйлайды” (НАҚ. С. 2:6).

89-ӘН Құдайға құлақ асып, батаға кенел

АҢДАТПА *

1. Неліктен бізге Құдайдан келген даналық қажет? (Нақыл сөздер 4:7)

 СІЗ қандай да бір үлкен шешім қабылдар алдында Ехобадан даналық сұрап, дұға ететініңіз сөзсіз (Жақ. 1:5). Сүлеймен патшаның “ең маңыздысы — даналық” дегені бекер емес (Нақыл сөздер 4:7 оқыңыз). Бірақ Сүлеймен бұл жерде пендеге тән даналықты емес, Ехобадан келетін даналықты айтқан (Нақ. с. 2:6). Қалай ойлайсыз, Құдайдан келген даналық бүгіндегі қиындықтарымызды шешуге көмектесе ала ма? Әрине! Бұған осы мақалада көз жеткіземіз.

2. Нағыз даналыққа ие болудың бір жолы қандай?

2 Тарихта даналығымен есте қалған келесі екі тұлғаның өсиеттерін оқып, оларды өмірімізде қолданатын болсақ, нағыз дана адам боламыз. Бұлар — Сүлеймен патша мен Иса Мәсіх. Киелі кітапта Сүлеймен патша жайында: “Құдай Сүлейменге асқан даналық пен ақыл-парасат... сыйлады”,— делінген (Пат. 1-ж. 4:29). Ал Иса адамдар арасында теңдессіз даналыққа ие болған (Мат. 12:42). Иса жайында: “Оған Ехобаның рухы қонып, Даналық пен мол түсінік дарытады”,— деп пайғамбарлық етілген (Ишая 11:2).

3. Бұл мақала не жайында болмақ?

3 Сүлеймен де, Иса да Құдай берген даналықтың арқасында өмірдің әртүрлі салаларына байланысты тиімді өсиеттер берген. Бұл мақалада солардың үшеуіне тоқталамыз. Нақтырақ айтсақ, ақшаға, жұмысқа және өзімізге байыппен қарауға қатысты кеңестерді қарастырамыз.

АҚШАҒА БАЙЫППЕН ҚАРАУ

4. Сүлеймен мен Исаның тұрмыстық жағдайларының арасында қандай айырмашылық болды?

4 Сүлеймен ішкені алдында, ішпегені артында, дәулеті асып-тасқан бай болған (Пат. 1-ж. 10:7, 14, 15). Ал Иса болса өте қарапайым өмір сүрген, тіпті өзінің тұрақты үйі де болмаған (Мат. 8:20). Десе де екеуі де дүние-мүлікке байыппен қараған. Өйткені екеуінде де Ехобадан келген даналық болды.

5. Сүлейменнің ақшаға деген көзқарасы қандай болған?

5 Сүлеймен ақша адамды “қорғайтынын” мойындаған (Уағ. 7:12). Мысалы, ақшамыз болса, тіршілікке қажетті нәрселерімізді, кейбір қалаған заттарымызды ала аламыз. Сүлеймен қанша бай болса да, ақшадан да маңызды нәрселер бар екенін түсінген. Мысалы, ол: “Жақсат зор байлықтан артық”,— деген (Нақ. с. 22:1). Сондай-ақ Сүлеймен ақшақұмар адамдар көбінесе бақытсыз болатынын байқаған (Уағ. 5:10, 12). Ақша мен дүние-мүлік бүгін бар, ертең жоқ болатын нәрсе болғандықтан, Сүлеймен оған арқа сүйеуден сақтандырған (Нақ. с. 23:4, 5).

Дүние-мүлікті артық көргендіктен, Патшалықтың мүддесі екінші орынға түсіп кеткен жоқ па? (6, 7-абзацтарды қараңыз) *

6. Иса дүние-мүлікке қалай қарады? (Матай 6:31—33)

6 Иса да дүние-мүлікке байыппен қараған. Ол жақсы тамақ жеп, жақсы сусындар ішуді ұнатқан (Лұқа 19:2, 6, 7). Бірде тіпті ең сапалы шарап жасап, алғашқы кереметін көрсетті (Жох. 2:10, 11). Ал өлген күні үстінде қымбат киім болған (Жох. 19:23, 24). Бірақ Иса дүние-мүлік үшін өмір сүрмеген. Ол шәкірттеріне: “Ешкім екі қожайынға бірдей құл бола алмайды... Сендер Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ете алмайсыңдар”,— деген (Мат. 6:24). Иса Патшалықты бірінші орынға қойсақ, Ехоба міндетті түрде қажетімізді қамдайтынын айтқан (Матай 6:31—33 оқыңыз).

7. Бір ер бауырлас ақшаға байыппен қараудың қандай игілігін көрді?

7 Көптеген бауырластар Құдайдың ақшаға қатысты дана кеңестерін өмірлерінде қолданып, көп пайдасын көрген. Солардың бірі — Даниел деген бойдақ бауырлас. Ол былай дейді: “Жасөспірім шағымда рухани істерді бірінші орынға қоямын деп шешіп алдым”. Қарапайым өмір сүргендіктен Даниел уақыты мен қабілеттерін көптеген теократиялық жобаларға жұмсай алды. Ол әрі қарай былай дейді: “Осындай өмір жолын таңдағаныма мен еш өкінбеймін. Әрине, егер қаласам, ақшаны күреп табар едім. Бірақ қазіргідей адал достар менде болар ма еді?! Патшалықты бірінші орынға қойғандағыдай, шын қанағат сезінер ме едім?! Төбемнен алтын құйылса да, ол Ехоба беретін баталардың орнын толтыра алмайды”. Рас, ақшаға емес, рухани істерге ұмтылғанымыз өзімізге жақсы.

ЖҰМЫСҚА БАЙЫППЕН ҚАРАУ

8. Сүлеймен жұмысқа байыппен қарағанын қайдан білеміз? (Уағыздаушы 5:18, 19)

8 Сүлеймен ерен еңбек етіп, соның жемісіне қуануды “Құдайдың сыйы” деп білген (Уағыздаушы 5:18, 19 оқыңыз). Ол: “Әр бейнеттің зейнеті бар”,— деп жазған (Нақ. с. 14:23). Бұл сөздердің растығын ол өз басынан білген, өйткені өзі де көп еңбек еткен! Мысалы, ол үйлер салған, жүзімдіктер мен бау-бақшалар отырғызған, тоғандар жасаған, тіпті қалалар тұрғызған (Пат. 1-ж. 9:19; Уағ. 2:4—6). Осындай үлкен жұмыстар оған біршама қанағат әкелгені рас. Бірақ Сүлеймен шын бақытты болу үшін, рухани істермен де айналысу керектігін түсінген. Мысалы, ол Ехобаға ғибадат ететін әдемі, салтанатты ғибадатхана соққан. Ол жеті жылдық өте үлкен жоба еді! (Пат. 1-ж. 6:38; 9:1). Сүлеймен екі жақтың да, яғни кәдімгі істердің де, рухани істердің де дәмін татқаннан кейін, ең маңыздысы рухани істер екенін түсінген. Сондықтан ол: “Осы айтылған барлық сөздің тоқетері мынау: Құдайдан қорқып, бұйрықтарын орында”,— деген (Уағ. 12:13).

9. Исаның өмірінде жұмыс басты орынға шығып кетпегенін қайдан білеміз?

9 Иса да еңбекқор болған. Әкесі оны кішкентайынан ұсталыққа баулыған (Мар. 6:3). Үлкен отбасын асырау үшін Исаның үлес қосқанына ата-анасы риза болғанында сөз жоқ. Ол кемелді болғандықтан, ағаштан түйін түйген шебер ұста болған. Сондықтан жасаған бұйымдары үлкен сұранысқа ие болса керек! Ол өзінің жұмысын сүйіп атқарғанында сөз жоқ. Десе де Иса рухани істерге де уақыт бөлген (Жох. 7:15). Кейін толық уақытты қызмет атқарғанда, тыңдаушыларына: “Бұзылатын тамақ үшін емес, мәңгілік өмір беретін бұзылмайтын тамақ үшін еңбек етіңдер”,— деп кеңес берген (Жох. 6:27). Сондай-ақ Таудағы уағызында: “Қазынаны көкте жинаңдар!”— деген (Мат. 6:20).

Жұмыс пен теократиялық істердің арасында тепе-теңдік сақтауды қалай үйренсек болады? (10, 11-абзацтарды қараңыз) *

10. Еңбекқор бауырластар жұмыстарында қандай қиындыққа кезігуі мүмкін?

10 Құдайдың даналығы бізге жұмысқа байыппен қарауға көмектеседі. Мәсіхшілер ретінде біз “өз қолымызбен адал еңбек еткіміз” келеді (Ефес. 4:28). Жұмыс берушілер адалдығымызды, еңбекқорлығымызды байқап, жұмысқа деген жауапкершілігімізді бағалайтындарын айтатын шығар. Бәлкім, біз жақсы куәлік болсын, Ехоба куәгерлері жайында одан да жақсы ойда болсын деп, тиістісінен де артық жұмыс істей бастайтын шығармыз. Алайда отбасылық міндеттеріміз бен теократиялық істеріміз шет қалуы мүмкін. Осындай жағдайда таразы басын тең ұстау үшін біз қажетті өзгерістер жасауымыз керек.

11. Бір ер бауырлас жұмысқа байыппен қарауға қатысты нені түсінді?

11 Уильям деген жас ер бауырлас жұмысқа байыппен қараудың не екенін бір ақсақалдың өмірінен түсінген. Ол кезінде сол ақсақалдың қол астында жұмыс істеген. Уильям былай дейді: “Ол өз жұмысын өте жақсы атқаратын. Сондықтан тұтынушылары да оған өте риза еді. Бірақ күннің соңында ол жұмысын жұмыста қалдырып, барлық уақыты мен күшін отбасына, ғибадатына арнайтын және білесіздер ме, ол үнемі бақытты болып жүретін!” *

ӨЗІМІЗГЕ ДЕГЕН БАЙЫПТЫ КӨЗҚАРАС

12. Алғашында Сүлейменнің өзіне деген көзқарасы қандай болды, бірақ кейін ол қалай өзгеріп кетті?

12 Сүлеймен Ехобаға адал қызмет еткен шағында өзіне қатысты көзқарасы дұрыс еді. Ол жас кезінде шама-шарқын түсініп, Ехобадан басшылық сұрайтын (Пат. 1-ж. 3:7—9). Ол енді билік ете бастағанда, адам менмен болып кетсе, соңы неге апаратынын да жақсы түсінген. Сүлеймен: “Көкіректік — күйреудің басы, Тәкаппарлық — сүрінудің алды”,— деп жазды (Нақ. с. 16:18). Өкінішке қарай, Сүлеймен өзі айтқан ескертуге өзі құлақ аспай қойды. Патша болғаннан кейін біраз уақыт өткен соң, ол менменсіп, Құдайдың талаптарынан аттап кетті. Мысалы, “жүрегі бұзылып кетпес үшін, көп әйел алмасын” деген еврей патшаларына айтылған заңды бұзды (Мұс. 5-ж. 17:17). Ол 700 әйел, 300 кәнизак алды және олардың көбісі жалған тәңірлерге табынатын (Пат. 1-ж. 11:1—3). Бәлкім, Сүлеймен “уайымдайтын ештеңе жоқ, мен бәрін өз уысымда ұстап отырмын” деп өз-өзін алдаған шығар. Бірақ кейін Сүлеймен Ехобадан теріс айналып кеткенінің салдарын тартты (Пат. 1-ж. 11:9—13).

13. Исаның кішіпейілділігінен не үйренеміз?

13 Иса үнемі өзі туралы байыпты көзқараста болған және кішіпейіл қалпынан айнымаған. Ол көкте Ехобаға қызмет етіп жүргенде, көптеген керемет істер атқарған. “Көктегі мен жердегінің бәрі сол арқылы жаратылған” (Қол. 1:16). Иса осы істердің бәрін шомылдыру рәсімінен өткен кезде есіне түсірсе керек (Мат. 3:16; Жох. 17:5). Бірақ ол кеудесін көтеріп, менменсіп кеткен жоқ. Иса ешқашан өзін өзгелерден жоғары санамады. Қайта, шәкірттеріне өзі жайлы: “Адам Ұлы да өзіне қызмет еткізуге емес, өзі қызмет етіп, көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беруге келді”,— деген (Мат. 20:28). Сондай-ақ ол өз бетінше ештеңе істемейтінін де айтып, қарапайымдылық танытқан (Жох. 5:19). Расында да, Иса бізге кішіпейілділігімен керемет үлгі қалдырды!

14. Өзімізге қатысты дұрыс көзқарас сақтау керектігін Иса қалай үйретті?

14 Иса ізбасарларына да өздері туралы дұрыс ойда болуды үйретті. Бірде ол: “Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да оған белгілі!”— деді (Мат. 10:30). Бұл сөздер — барлығымызға, әсіресе, өздерін түкке тұрғысыз санайтындар үшін үлкен жұбаныш! Өйткені бұл көктегі Әкеміз әрқайсысымызды шынында да ойлайтынын, қатты бағалайтынын көрсетеді. Сондықтан “оған ғибадат етуге де, жаңа дүниеде өмір сүруге де лайықсызбын” деп, Ехоба үшін шешім шығарудан аулақ болайық.

Өзімізді тым көп ойлап кетсек, қандай мүмкіндіктер мен баталардан құр қалуымыз мүмкін? (15-абзацты қараңыз) *

15. а) Өзіміз туралы байыпты ойлауға қатысты бір “Күзет мұнарасында” не делінген? ә) 24-беттегі суретке сай, өзіміз жайлы тым көп ойлап кетсек, қандай баталардан құр қалуымыз мүмкін?

15 Өзімізге байыппен қарауға қатысты 15 жылдай бұрын шыққан бір “Күзет мұнарасында” былай делінген болатын: “Әрине, дандайсып кетпес үшін өзіміз жайлы тым жақсы ойлағымыз келмес еді. Бірақ түкке тұрғысызбыз деп ойлап, екінші шектен де шығып кеткіміз келмейді. Қайта өзімізге парасаттылықпен қарауды, күшті жақтарымыз бен әлсіздіктерімізді есепке алуды үйренуді мақсат етіп қоюымыз керек. Бұл туралы бір мәсіхші әйел: “Мен тым жаман адам емеспін, бірақ тым ерекше де емеспін. Кез келген адам сияқты, менің жақсы да, жаман да мінезім бар”,— деген” *. Осы сөздерден өзімізге қатысты байыпты көзқараста болудың қаншалықты маңызды екенін байқадыңыз ба?

16. Ехоба бізге неліктен даналық беріп, жол көрсетеді?

16 Ехоба өзінің Сөзі арқылы бізге даналық беріп, жол көрсетеді. Ол бізді жақсы көреді әрі бақытты болғанымызды қалайды (Ишая 48:17, 18). Ал бақытты болудың жалғыз жолы — Ехобаның жүрегін қуантатын істерді атқара беру. Сонда ақшаны, жұмысты және өзін көп ойлайтын адамдар сияқты басымызды тауға да, тасқа да ұрмайтын боламыз. Ендеше, барлығымыз дана болуға және Ехобаның жүрегін қуантуға мықтап бекінейік! (Нақ. с. 23:15).

94-ӘН Құдай Сөзі үшін ризашылық

^ 5-абзац Сүлеймен де, Иса да асқан дана болған. Бұл даналықты оларға Ехоба берген. Осы мақалада Исаның және Сүлейменнің киелі рухтың жетелеуімен айтқан ақыл-кеңестеріне назар аударып, ақшаға, жұмысқа, өзімізге байыппен қарауды үйренеміз. Сондай-ақ осы салаларда Киелі кітаптың кеңесіне құлақ асып, соның көп пайдасын көрген бауырластардың да мысалдарын қарастырамыз.

^ 11-абзац 2015 жылдың 1 ақпанындағы “Күзет мұнарасының” “Ауыр жұмысты қалай сүйіп істеуге болады?” деген мақаласын қараңыз.

^ 15-абзац 2005 жылдың 1 тамызындағы “Күзет мұнарасының” “Киелі кітап қуаныш табуға көмектесе алады” деген мақаласын қараңыз.

^ 52-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Джон мен Том деген жас ер бауырластар бір қауымда қызмет етеді. Джон көлігіне көп уақыт жұмсайды. Ал Том көлігімен бауырластарды қызметке және қауымға апарады.

^ 54-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Джон қосымша жұмыс істеп отыр. Өйткені бастығын ренжіткісі келмейді. Бастығы сұраған кездің бәрінде ол қосымша жұмыс істеуге келісе береді. Ал қызмет көмекшісі болып қызмет ететін Том сол күні кешке ақсақалмен бірге бақташылық сапарға барады. Ол бастығына кейбір күндері кешкі уақытта ғибадатымен байланысты істері бар екенін түсіндіріп қойған.

^ 56-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Джон өзін тым көп ойлайды. Ал Том өз қалауларынан рухани істерді жоғары қояды. Ол Конгресс сарайын жөндеуге қатысып, жаңа достар тапты.