Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

20-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Дұғамызды жақсартайық

Дұғамызды жақсартайық

“Оған.. жүрек сырларыңды ақтарыңдар” (ЗӘБ. 62:8).

45-ӘН Жүрек толғанысы

АҢДАТПА a

Біз Ехобаға жүйелі түрде дұға айтып, өміріміздің түрлі жағдайларында ақыл сұрасақ болады (1-абзацты қараңыз)

1. Ехоба бізді не істеуге шақырады? (Суретті де қараңыз.)

 ҚИНАЛҒАН сәтте кімнен жұбаныш іздеп, кімнен ақыл сұраймыз? Әрине, Ехобадан. “Ұдайы дұға етіңдер”,— деп Ехобаның өзі шақырып отыр (Сал. 1-х. 5:17). Иә, біз оған еш қымсынбай дұға етіп, ақыл сұрай аламыз (Нақ. с. 3:5, 6). Өйткені жомарт Құдай Ехоба қанша рет дұға айтсақ та, бізді шексіз тыңдауға дайын.

2. Бұл мақалада не жайлы сөз қозғаймыз?

2 Жаратқанға тіл қатып, онымен сөйлесе алатынымыз біз үшін неткен қымбат сый! Бірақ мына қарбалас дүниеде дұға етуге уақыт таппай жататынымыз рас. Бұдан бөлек, дұғадағы сөзіміз жұтаңдап бара жатқанын байқайтын шығармыз. Қуанышымызға орай, бізде Киелі жазбалар бар. Олар бізге қозғау салады және ақыл-кеңес береді. Алдымен, осы мақалада Исаның дұғаға қалай уақыт бөлгенін қарастырамыз. Ал сосын, дұғамызды қандай бес жайт байытатынын көреміз.

ИСА ДҰҒА АЙТУ ҮШІН АРНАЙЫ УАҚЫТ БӨЛГЕН

3. Иса дұға жайлы нені жақсы білген?

3 Ехоба үшін дұға қаншалықты қымбат екенін Иса жақсы білген. Жерге келмес бұрын ол Әкесінің талай адал жандардың дұғасына жауап бергенін өз көзімен көрген. Мысалы, Ехоба Ханнаның, Дәуіттің және Ілиястың жүрекжарды дұғаларына жауап бергенде, Иса оның қасында болған (Сам. 1-ж. 1:10, 11, 20; Пат. 1-ж. 19:4—6; Зәб. 32:5). Міне, сондықтан да Иса шәкірттеріне Ехобаға қайта-қайта және сенімділікпен дұға етуді үйреткен (Мат. 7:7—11).

4. Исаның дұғалары туралы бізге не мәлім?

4 Иса өз дұғаларымен бізге жақсы үлгі қалдырды. Жерде қызмет еткен шағында ол Ехобаға үнемі дұға етіп жүретін. Дұға айту үшін оған арнайы уақыт бөлу керек болған. Өйткені оның ісі басынан асатын және әрдайым қасында адамдар қаумалап жүретін (Мар. 6:31, 45, 46). Оңашада дұға айту үшін ол таң атпай ерте тұратын (Мар. 1:35). Ал бір маңызды шешім қабылдар алдында Иса түнімен дұға айтқан (Лұқа 6:12, 13). Өлер алдындағы түні де ол қайта-қайта дұға айтты. Өйткені ол өзіне жүктелген тапсырманың ең қиынын абыроймен атқаруды ойлады (Мат. 26:39, 42, 44).

5. Исаны қай жағынан үлгі ете аламыз?

5 Исадан не үйренеміз? Тірлігіміз басымыздан асса да, дұға айтуға уақыт табуымыз керек. Бұл үшін Иса сияқты таңертең ерте тұрсақ болады немесе түнде кешірек жатсақ болады. Осылай уақыт тапқан кезде біз Ехобаға дұғаның қадірін түсінетінімізді көрсетеміз. Лин есімді әйел бауырлас дұға айта алатынымыз жайлы білгенде қандай әсер алғанын айтып берді. “Мен Ехобаға кез келген уақытта дұға айта алатынымызды білдім. Сол кезде “Ехоба тура бір дос сияқты екен ғой” деп ойладым. Сөйтіп, дұғаларымды жақсартқым келіп кетті”,— дейді Лин. Біздің де қалауымыз — осы. Ендеше, дұғаға қозғау болатын негізгі бес нәрсені қарастырып көрейік.

ДҰҒАНЫ БАЙЫТАР БЕС ЖАЙТ

6. Аян 4:10, 11-ге сай, Ехоба не нәрсеге лайық?

6 Ехобаны даңқтаңыз. Елші Жохан бір таңғажайып аянда көкте Ехобаға ғибадат етіп жатқан 24 ақсақалды көрді. Олар Құдайдың “даңққа, құрмет пен күш-құдіретке лайық” екенін айтып мадақтап жатты (Аян 4:10, 11 оқыңыз). Адал періштелерде де Ехобаны даңқтайтын себептер өте көп. Неге? Періштелер Ехобаның қасында болғандықтан, оны өте жақсы танып-білген. Олар Ехобаның әрбір ісінен керемет қасиеттерін көргенде, оған еріксіз мадақтарын жаудырады (Әйүп 38:4—7).

7. Ехобаны не үшін мадақтасақ болады?

7 Біз де періштелер сияқты Ехобаны дұғамызда мадақтап, оны жақсы көретінімізді айтып, оған алғысымызды білдірейік. Киелі кітапты оқып-зерттегенде, Ехобаның тамаша қасиеттеріне назар аударыңыз (Әйүп 37:23; Рим. 11:33). Қай қасиеті сізді ерекше тамсандырды, сізді қандай ерекше сезімге бөледі — соны Ехобаға айтып беріңіз. Бұған қоса, Ехобаның жеке сіз үшін және бүкіл бауырластық үшін жасап жатқан жақсылықтарын айтып мадақтаңыз. Расымен де, ол үнемі бізді қамқорлап, қорғап отырады емес пе?! (Сам. 1-ж. 1:27; 2:1, 2).

8. Ехобаға алғыс айтатын кейбір нәрселер қандай? (Салоникалықтарға 1-хат 5:18)

8 Ехобаға алғыс айтыңыз. Оның біз үшін жасаған жақсылығы көп қой. Сол үшін қалай алғыс айтпай тұра аламыз?! (Салоникалықтарға 1-хат 5:18 оқыңыз). Біздегі бүкіл игі сыйлардың бәрі, түптеп келгенде, Ехобадан (Жақ. 1:17). Мысалы, көркіне көз тоймас табиғаты үшін, қызықты да қылықты жаратылыстары үшін рақмет айтсақ болады. Сондай-ақ бізге сыйлаған өмірі, отбасымыз, дос-жарандарымыз және үмітіміз үшін де алғыс айтайық. Ал өзімен дос болу мәртебесін сыйлағаны үшін алғысымыз тіптен шексіз!

9. Ехобаға ризашылық білдіру үшін неге кейде күш салу керек?

9 Ехобаның жеке бізге жасап жатқан жақсылықтарына алғыс білдіру үшін, күш салып, ойлану керек болар. Өйткені жан-жағымызды алғыстан жұрдай адамдар қоршаған. Олар қолда барларына риза болудың орнына, ала берсем екен дейді. Егер осындай ой қалып бізге де сіңген болса, онда дұғада тек сұрай беретін боламыз. Бұның алдын алу үшін Ехобаның бар жақсылығына ризашылығымызды өсіре берейік әрі оны білдіріп отырайық (Лұқа 6:45).

Ехобаға алғыс білдіріп жүрсек, қиындыққа төзе аламыз (10-абзацты қараңыз)

10. Ризашыл болғаны Кьён-сук бауырласқа қиын жағдайда қалай көмектесті? (Суретті де қараңыз.)

10 Ризашыл болсақ, қиындықтарға төзу анағұрлым жеңіл болады. 2015 жыл, 15 қаңтардағы “Күзет мұнарасында” Кьён-сук деген әйел бауырласымыздың оқиғасы жазылған еді. Оған дәрігерлер өкпесінде асқынып кеткен ісік бар екенін айтады. “Бұл ауру мені есеңгіретіп тастады. Мен өзімді бәрінен айырылғандай сезіндім, бойымды үрей биледі”,— дейді ол. Кьён-сук бауырласқа осы ауыр жағдайды көтеруге не көмектесті? Ол күнде жатар алдында үй төбесіндегі ашық алаңға шығып, Ехобаға сол күнгі бес нәрсеге дауыстап рақмет айтатын. Сонда уайымы басылып, Ехобаны қаншалықты жақсы көретінін білдіруге асығатын. Ол Ехобаның қиын жағдайдағы адал қызметшілеріне тірек болатынын өзі сезініп көрді және өмірімізде қиындықтан гөрі Ехобаның баталары көп екенін түсінді. Бізде де, қатты қиналып жатқан күннің өзінде, Ехобаға алғыс білдірудің себептері көптеп табылады. Солар үшін дұғада алғыс білдіріп отырсақ, қиындықтарға төзу жеңіл болады және түңіліп кетпей, сабырлық сақтай аламыз.

11. Иса көкке оралған соң, оның шәкірттеріне неге батылдық керек болды?

11 Ехобадан уағыздауға батылдық сұраңыз. Көкке көтерілмес бұрын Иса шәкірттеріне өзі жайлы “Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самарияда және жердің қиыр шетіне дейін” куәлік етуді тапсырып кетті (Ел. іс. 1:8; Лұқа 24:46—48). Содан көп ұзамай яһуди діни жетекшілері елші Петір мен Жоханды ұстап алып, Жоғарғы кеңестің алдына апарады. Оларға бұдан былай уағыздамауды ескертіп, тіпті сес көрсетеді (Ел. іс. 4:18, 21). Сонда Петір мен Жохан не істеді?

12. Елшілердің істері 4:29, 31-ге сай, шәкірттер не істеді?

12 Петір мен Жохан сес көрсеткен діни жетекшілерге былай дейді: “Құдайды емес, сіздерді тыңдағанымыз оның алдында жөн болар ма екен? Мұны өздеріңіз ойлап көріңіздер. Ал біз көріп-естігеніміз жайлы үнсіз қала алмаймыз” (Ел. іс. 4:19, 20). Босатылғаннан кейін екеуі өзге шәкірттерге барады да, бәрі бірге дұға айтып, Ехобаның еркін орындай беруге нық бекінеді. Дұғада Құдайдан: “Құлдарыңа сөзіңді батыл жариялай беруге күш дарыта көр”,— деп сұрайды. Ал Ехоба олардың жүректен шыққан бұл өтініштеріне жауап береді (Елшілердің істері 4:29, 31 оқыңыз).

13. Джин-хюк бауырластан қандай үлгі аламыз?

13 Билік басындағылар тыйым салса да уағыздай беруімізбен шәкірттердің үлгісіне еліктесек болады. Бейтарап болғаны үшін түрмеге жабылған Джин-хюк деген ер бауырластың мысалына көңіл бөлейік. Түрмеде оған жалғыз адамдық камерада отырған тұтқындарға қызмет көрсету тапсырылады. Алайда камерадағылармен осы жұмыстан басқа нәрсе жайлы, соның ішінде Киелі кітап туралы да, сөйлесуге болмайтын. Сонда да Джин-хюк ешбір мүмкіндікті жібермей батыл уағыздау үшін әрі мұны абайлап істеу үшін дұғада көмек сұрайды (Ел. іс. 5:29). “Ехоба маған жауап беріп, батылдық пен даналық дарытты. Соның арқасында камераның алдында көп кісімен бес минуттық Киелі кітап зерттеу сабағын бастадым. Түнде оларға хат жазып, келесі күні таратып кететінмін”,— дейді ол. Ехоба бізге де қызметімізді атқаруға көмектесетініне сенімді болайық. Оған Джин-хюк бауырлас сияқты дұға айтып, даналық пен батылдық сұрайық.

14. Қиындықтарға төтеп беруге не көмектеседі? (Зәбүр 37:3, 5)

14 Ехобадан қиындыққа төтеп беруге көмек сұраңыз. Арамызда жан ауруына не тән ауруына шалдыққан, жақынын жоғалтқан, қуғын көріп жатқан немесе отбасылық қиындықтарға ұшыраған бауырластар бар. Пандемияның не соғыстың салдары олардың жағдайын одан сайын ушықтырып жатыр. Осындай қиындықтар көріп жатсаңыз, Ехобаға ішіңіздегінің бәрін айтып дұға етіңіз. Оған жағдайыңыздың қыр-сырын айтып, жан досыңызбен сөйлескендей сөйлесіңіз. Ехоба сіздің “игілігіңіз үшін әрекет ететініне” еш күмәнданбаңыз (Зәбүр 37:3, 5 оқыңыз).

15. “Қиыншылықта табанды болуға” дұға қалай көмектеседі? Мысал келтіріңіз.

15 Ұдайы дұға етсек, “қиыншылықта табанды боламыз” (Рим. 12:12). Ехоба қызметшілерінің басынан не өтіп жатқанын біледі. Олардың “көмек сұраған үндерін естиді” (Зәб. 145:18, 19). Мысалы, 29 жасар Кристи деген ізашар қыз бауырласты алайық. Оның денсаулығы күрт нашарлай бастайды. Содан қатты жан күйзелісіне түсіп кетеді. Кейін анасының жазылмайтын дертке шалдыққанын біледі. “Әрбір күннің ауыртпалығын көтеруге күш бере гөр деп Ехобаға талмай дұға етіп жүрдім. Жиналыстарды қалдырмай, жеке зерттеуімді тастамай, рухани кестемді мықтап ұстандым. Өмірімнің ауыр сәттерін дұғаның арқасында көтердім. Ехоба әрдайым жанымда екенін білудің өзінен үлкен жұбаныш алатынмын. Дертімнен бірден айығып кетпесем де, Ехоба жаныма тыныштық пен сабырлық сыйлап, дұғама жауап беретін”,— дейді Кристи. “Ехоба өзіне шын берілгендерді сынақтан қалай құтқаруды... біледі”, осыны ұмытпалық (Пет. 2-х. 2:9).

Азғырылып қалмау үшін 1) Ехобадан көмек сұраңыз, 2) дұғаңызға сай әрекет етіңіз, 3) Ехобамен достығыңызды берік ете түсіңіз (16, 17-абзацтарды қараңыз)

16. Азғыруларға берілмеу үшін неге Ехобаның көмегі керек?

16 Азғыруларға беріліп қалмау үшін Ехобадан көмек сұраңыз. Барлығымыз кемелсізбіз, сондықтан дұрыс емес нәрсені жасап қоймас үшін, үнемі күресеміз. Шайтан болса осы күресте жеңіліп қалуымыз үшін барын салады. Мысалы, лас ойын-сауықтармен ойымызды арамдағысы келеді. Осылай ойымыз арамдалған соң, жүрегіміз арамдалып, түбінде ауыр күнә жасап қоюымыз мүмкін (Мар. 7:21—23; Жақ. 1:14, 15).

17. “Азғырылуыма жол берме” деп дұға еткен соң, қалай әрекет еткен жөн? (Суретті де қараңыз.)

17 Бұрыс қалауға берілмеу үшін Ехобаның көмегі керек. Үлгілі дұғада Иса “азғырылуымызға жол бермей, Зұлымнан сақтай көр” деп сұрауды айтқан (Мат. 6:13). Ехоба бізге көмектескісі келеді. Бірақ ол үшін одан дұғада көмек сұрауымыз керек және дұғамызға сай әрекет етуіміз де керек. Мысалы, Шайтанның дүниесінде көпшілікке жағымды, бірақ теріс ой-пікірлер көп. Солардың әсерін шектеу үшін, нақты әрекеттер жасайық (Зәб. 97:10). Сондай-ақ Киелі кітапты оқып-зерттеу арқылы санамызды таза ойларға толтырайық. Қауым кездесулеріне барғанымыз, қызметке шыққанымыз да ой-санамызды сақтайды. Ал Ехоба өз кезегінде “шамадан тыс сыналуларыңа жол бермеймін” деп уәде етеді (Қор. 1-х. 10:12, 13).

18. Барлығымыз не істеуіміз қажет?

18 Осы соңғы күндердегі қиын уақытта Ехобаға адалдық сақтау үшін, бұрынғыдан да көбірек дұға ету керек. Ехобаға күнде шын жүректен дұға айтуға уақыт бөліңіз. Ол сіздің “жүрек сырларыңызды” тыңдағысы келеді (Зәб. 62:8). Дұғада оны даңқтаңыз, жасаған бар жақсылығына рақмет айтыңыз. Қызметте батыл болуға көмек сұраңыз. Басыңызға түскен қиындықтарға төтеп беруге, азғыруларға берілмеуге күш сұраңыз. Ехобаға ұдайы дұға етуге еш нәрсе де, ешкім де кедергі болмасын. Ал Ехоба дұғаларға қалай жауап береді? Бұл жайында келесі мақалада білеміз.

42-ӘН Құдай қызметшісінің дұғасы

a Біз дұғаларымызды аяулы досымызға жазған жүрекжарды хаттай болса екен дейміз. Алайда кейде дұға айтуға уақыт таппаймыз және не айтатынымызды білмей қиналамыз. Бұл мақалада осы екі мәселеге назар аударылады.