Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

23-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Ехобаның жалынын” жалындата беріңіз!

“Ехобаның жалынын” жалындата беріңіз!

“Махаббат... жалыны — лаулаған от, Ехобаның жалыны” (ТАҢ. Ә. 8:6).

131-ӘН “Құдай қосқан жұпты”

АҢДАТПА a

1. Киелі кітапта шынайы махаббат немен салыстырылады?

 “МАХАББАТ... жалыны — лаулаған от, Ехобаның жалыны. Махаббатты тасқын сулар өшіре алмас, Өзендер де шайып жібере алмас” b (Таң. ә. 8:6, 7). Не деген теңеу! Иә, бұдан ерлі-зайыптылар мынаған нық сенсе болады: олардың махаббаттары өткінші емес, баянды бола алады.

2. Аралары салқын тартпас үшін ерлі-зайыптылар не істеу керек?

2 Ерлі-зайыптының махаббаты баянды я баянсыз болуы өздеріне байланысты. Мысалы, далада от жағып отырсақ, ол өшіп қалмас үшін отын салып отыру керек. Ешкім отын салмаса, от сөнеді де қалады. Некеде де дәл солай: ерлі-зайыптының арасындағы махаббат берік әрі баянды болу үшін, олар отын салып, қарым-қатынастарын нығайтып отыру керек. Бірақ кейде ерлі-зайыптының арасы салқын тартуы мүмкін. Бұған ақша мен денсаулық мәселесі, бала өсіріп, тәрбиелеудің қиындықтары себеп болып жатады. Олай болса, некеде “Ехобаның жалыны” өшпей, жанып тұру үшін не істеуге болады? Бұл мақалада араңызды жақындататын, бақытыңызды арттыратын үш нәрсені қарастырамыз c.

ЕХОБАМЕН ДОСТЫҚТАРЫҢЫЗ НЫҒАЯ БЕРСІН

Жұбайлар Жүсіп пен Мәриямға еліктеп, Ехобамен қарым-қатынастарын нығайта берулері қажет (3-абзацты қараңыз)

3. Ехобамен достықтары бекем ерлі-зайыптының неліктен махаббаты берік болады? (Уағыздаушы 4:12) (Суретті де қараңыз.)

3 “Ехобаның жалыны” жалындап тұру үшін күйеуі мен әйелі күш салып, Ехобамен қарым-қатынастарын нығайтып отыру керек. Неліктен? Өйткені жұбайлар үшін Ехобамен достықтары құнды болса, оның кеңестеріне құлақтары түрік болады. Ал кеңестерін қолданса, жары екеуінің арасын суытатын қиындықтардың алдын алады, ал қиындық туған жағдайда, шешуге тырысады (Уағыздаушы 4:12 оқыңыз). Сондай-ақ рухани адам Ехобаға еліктейді және өз бойында оған тән қасиеттерді жетілдіреді (Ефес. 4:32—5:1). Ал егер ерлі-зайыпты бір-біріне мейірімді, шыдамды, кешірімді болса, әлбетте олардың махаббаты көркейе түседі. Тұрмыс құрғанына 25 жылдан асқан Лина бұл ойды былай деп түйіндеді: “Рухани адамды сүю де, құрметтеу де оңай”.

4. Неге Ехоба Мәсіхтің ата-анасы етіп Жүсіп пен Мәриямды таңдады?

4 Қазір Киелі кітаптағы бір оқиғаны көрейікші. Ехоба Мәсіхке ата-ана болатын ерлі-зайыптыны іздегенде, неге Дәуіттің ұрпақтарының ішінен дәл Жүсіп пен Мәриямды таңдады? Өйткені екеуінің де Ехобамен жеке дара қарым-қатынасы болды. Некеге тұрған соң да, Ехобаға деген сүйіспеншіліктері бәрінен биік тұратынын ол білді. Жұбайлар, сіздер Жүсіп пен Мәриямнан не үйрене аласыздар?

5. Күйеулер Жүсіптен не үйренсе болады?

5 Ехоба не айтса, Жүсіп соны бұлжытпай орындаған. Оны жақсы күйеу қылған да — осы қасиеті. Ехоба оған отбасына қатысты, кем дегенде, үш рет нұсқау берген. Бұл үшін үлкен өзгерістер жасау керек болса да, ол соның бәрін екі айтқызбай орындады (Мат. 1:20, 24; 2:13—15, 19—21). Құлақ асқанның арқасында ол Мәриямға қорғаныш, тіреніш және қамқоршы болды. Оның істерін көрген Мәриямның оған деген махаббаты мен құрметі артып кеткен шығар! Қымбатты күйеулер, отбасына қатысты кеңестерді Киелі кітаптан іздеп табыңыздар, осылай Жүсіпке еліктейсіздер d. Біраз өзгерістерден өту керек болса да, сол кеңестерге құлақ ассаңыз, жарыңызды сүйетініңізді көрсетесіз, шаңырағыңызды да берік етесіз. Отасқанына 20 жылдан асқан, өзі Вануатуда тұратын бір әйел бауырлас былай дейді: “Жолдасым ақыл-кеңесті Ехобадан іздеп, соны орындағанда, көз алдымда абыройы өседі. Оның шешімі дұрыс екеніне сенемін, сондықтан да көңілім тыныш”.

6. Әйелдер Мәриямнан не үйренсе болады?

6 Мәриямның болса Ехобамен өз алдына достығы болған. Күйеуіне тәуелді болмай, өз сенімін өзі нығайтып отырған. Ол Жазбаларды жақсы білген e (Лұқа 1:46). Ой жүгіртуге де уақыт бөлген (Лұқа 2:19, 51). Осындай руханилығының арқасында ол тамаша әйел болды. Бүгінде де Мәриямға еліктейтін рухани әйелдер көп. Мысалы, Эмико бауырлас былай дейді: “Бойдақ кезімде менің өз рухани кестем болатын. Бірақ күйеуге шыққан соң, оған қатты сенім артып кеттім. Өйткені дұғаны айтатын да, отбасылықты өткізетін де — сол. Бірақ уақыт өте Ехобамен достығымды нығайту өз жауапкершілігімде екенін түсіндім. Сөйтіп, өзім жеке дұға айтуға, Жазбаларды оқып, ой жүгіртуге арнайы уақыт бөлетін болдым” (Ғал. 6:5). Аяулы әйелдер, Ехобамен достықтарыңызды өркендетіп, өсіре беріңіздер. Сонда күйеулеріңіздің мақтауы мен махаббатына одан бетер бөленесіздер (Нақ. с. 31:30).

7. Жұбайлар бірге ғибадат еткен Жүсіп пен Мәриямнан не үйренсе болады?

7 Жүсіп пен Мәриям екеуі бірлесіп, Ехобамен қарым-қатынастарын бірге нығайтқан. Өйткені олар Ехобаға отбасы болып ғибадат етудің өте маңызды екенін түсінген (Лұқа 2:22—24, 41; 4:16). Отбасылары үлкейген сайын бұлай ету қиын болса да, олар әйтеуір бір амалын табатын. Жүсіп пен Мәриям бүгіндегі ерлі-зайыптылар үшін нағыз үлгі тұтарлық жұп! Сіздер де балалы-шағалы болсаңыздар, жиналып, қауымға барып-келу, уақытылы отбасылық өткізу оңай емес шығар. Ал екеуіңізге жұп болып отырып дұға етуге, зерттеуге уақыт табу тіптен қиын болар. Бірақ бұл — уақыт табуға татитын нәрсе. Өйткені Ехобаға жұп болып ғибадат етсеңіз, оған және бір-біріңізге жақындай түсесіз. Олай болса, ғибадат әрқашан басты орында тұрсын.

8. Аралары суып жүрген жұптар отбасылық ғибадатты барынша пайдалы өткізу үшін не істей алады?

8 Ал егер араларыңыз онша болмай жүрсе ше? Отбасылық ғибадатты бірге өткіңіз келмейтін шығар. Мұндайда не істей аласыздар? Кішкене-кішкенеден бастаңыздар. Екеуіңізге де ұнайтын қысқа да қызықты тақырыптарды таңдаңыз. Сонда араларыңыз қайта жылып, рухани істерді бірге істеуге тәбеттеріңіз ашылады.

БІРГЕ УАҚЫТ ӨТКІЗІҢІЗДЕР

9. Неге күйеуі мен әйелі бір-бірімен уақыт өткізулері тиіс?

9 Ерлі-зайыптылар, араларыңыздағы махаббат жалындап тұру үшін бірге уақыт өткізу де қажет. Сонда бір-біріңізден алшақтамай, жарыңыз не ойлап, не сезініп жүргенін біліп жүресіз (Мұс. 1-ж. 2:24). 15 жылдай бұрын отасқан Лилия мен Руслан үйленген соң көп ұзамай-ақ бір нәрсені байқапты: “Біз өзіміз ойлағандай бірге көп уақыт өткізе алмайтынымызды түсіндік. Жұмыс, үйдің шаруасы, кейін бала-шаға көп уақытымызды алып қоятын. Содан бір-бірімізге уақыт таппасақ, жырақтап кететін түріміз бар екенін түсіндік”.

10. Ефестіктерге 5:15, 16-дағы принципті жұбайлар қалай қолданса болады?

10 Ерлі зайыптылар бір-бірімен уақыт өткізу үшін не істеулері керек? Ол үшін арнайы уақыт бөліп, жоспарлау керек шығар (Ефестіктерге 5:15, 16 оқыңыз). Нигерияда тұратын Узонду есімді отағасы былай дейді: “Мен істерімді жоспарлағанда, әйеліммен өткізетін уақытты міндетті түрде белгілеп қоямын. Бұл уақыт мен үшін бәрінен маңызды” (Філіп. 1:10). Ал Молдовада тұратын аудандық бақылаушының әйелі Анастасия уақытын қалай тиімді пайдаланатынын айтып берді. “Жолдасым өз қызметін атқарып жүрген кезде, мен өз шаруаларымды бітіріп аламын. Сөйтіп, ол босағанда, мен де босап, екеуіміз бірге уақыт өткіземіз”,— дейді ол. Ал уақыттарыңыз мүлдем сәйкес келмей жатса, не істеу керек?

Екеуіңіз нені бірлесіп істесеңіздер болады? (11, 12-абзацтарды қараңыз)

11. Ақила мен Прискила қандай істерді бірге істеген?

11 Ақила мен Прискила жұбайларға өте жақсы үлгі. Бұл жұпты алғашқы мәсіхшілер жанындай жақсы көрген (Рим. 16:3, 4). Киелі кітапта олардың некелері жайлы көп айтылмайды. Бірақ бір білетініміз — олар бірге жұмыс істеген, уағыздаған және өзгелерге бірге көмектескен (Ел. іс. 18:2, 3, 24—26). Тағы бір айта кетерлік жайт, Киелі кітапта Ақиланың есімі жүретін жерде әрдайым Прискиланың да есімі жүреді.

12. Бірге көбірек уақыт өткізу үшін ерлі-зайыпты не істесе болады? (Суретті де қараңыз.)

12 Жұбы жазылмаған Ақила мен Прискиладан ерлі-зайыптылар не үйренсе болады? Сіздің атқаратын істеріңіз бар, жарыңыздың атқаратын өз істері бар. Солардың қайсысын сіздер жеке емес, бірлесіп істей аласыздар? Мысалы, Ақила мен Прискила бірге уағыздаған. Сіздер де жоспарлап, бірге уағызға шығып тұрасыздар ма? Ақила мен Прискила бірге жұмыс істеген. Екеуіңіз бір жерде жұмыс істемесеңіз де, неге үйдің тірлігін бірге істемеске? (Уағ. 4:9) Бірігіп бір істі бітіргенде, сіздер жұмылған жұдырықтай боласыздар, сөйлесудің де орайы туады. Роберт пен Линданың некелескеніне 50 жылдан асты. Роберт былай дейді: “Екеуміз бірге демалатындай уақытымыз көп емес. Бірақ біз басқа нәрселерді бірге істейміз. Мен ыдыс-аяқ жуып тұрсам, әйелім қасымда сүртіп тұрады. Бақшада шөп жұлып отырсам, әйелім қасыма келіп, бірге істеседі. Мен соған қатты қуанамын, өйткені сондай сәттерде махаббатымыз күшейеді”.

13. Ерлі-зайыптылар бір-біріне жақындай түсу үшін жай ғана бірге болулары жеткілікті ме?

13 Алайда, бір ескеретін жайт, араларыңызды жақындата түсу үшін жай ғана бірге болу жеткіліксіз. Бразилияда тұратын бір әйел былай дейді: “Қазір көңіліңді алаңдататын нәрселер өте көп. Сондай кезде өзімізді алдап, “біргеміз ғой, бір үйде тұрып жатырмыз ғой” деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ бұл қате ой екен. Бірге болғанмен, көңілің басқа жақта болса, ол да болмайды. Сондықтан мен жарыма тиісті көңіл бөлуім керек екен”. Ерлі-зайыпты Бруно мен Таиз бір-біріне көңіл бөлуге тырысады. Күйеуі былай дейді: “Біз бос уақытымызды бірге өткізген кезде ұялы телефонымызды ары қойып, бар көңілімізді бір-бірімізге арнаймыз”.

14. Ерлі-зайыптылар бірге уақыт өткізуді онша ұнатпаса, не істеуге болады?

14 Ал бір-біріңізбен уақыт өткізу ұнамаса ше? Мүмкін сізге ұнайтын нәрсе оған ұнамайтын шығар. Немесе бір-біріңіздің қылықтарыңызды көтере алмайтын шығарсыз. Мұндайда не істеуге болады? От жайлы мысалға оралайықшы. От бірден лаулап жанып кетпейді. Отты тұтандыру үшін алдымен майда шыбықтарды тастаймыз, ал одан кейін үлкендеу ағаштарды саламыз. Тура солай, сіздер де аз-аздан бірге уақыт өткізуден бастаңыз. Екеуіңізді ұрыстыратын емес, екеуіңізге де ұнайтын істермен айналысыңыз (Жақ. 3:18). Осылай бірте-бірте махаббаттарыңыз қайта маздайды.

СЫЙЛАСТЫҚТАРЫҢЫЗ ЖОҒАЛМАСЫН

15. Не себепті некеде құрмет ауадай қажет?

15 От алаулап жанып тұру үшін оған оттегі керек. Тура солай некеде де құрмет ауадай қажет. Оттегі болмаса оттың лапылы тез-ақ өшіп қалатындай, некеде де екеуара құрмет жоғалса, махаббат тез-ақ суып кетеді. Ал бір-біріне құрмет пен сыйластық танытуға тырысатын ерлі-зайыптылар араларындағы махаббат отын сөндірмей, жалындатып отырады. Алайда сіз жарыңызды құрметтеймін деп ойлағаныңызбен, жарыңыз сондай ойда ма? Ол сіздің құрметіңізді сезе ме? Мәселе осыда. Отау құрғандарына 25 жылдай болған Пенни мен Аретті тыңдап көрейікші. Әйелі Пенни былай дейді: “Арамыздағы сыйластықтың арқасында үйіміз махаббат орын тепкен жылы ұядай. Бір-біріміздің ой-пікірімізді құрметтейтіндіктен, үйде біз өз ойымызды емін-еркін айта аламыз”. Ендеше, жұбайыңыз сіз үшін сыйлы екенін қалай білдіре аласыз? Ыбырайым мен Сараның үлгісіне көңіл бөлейік.

Ер бауырлас әйелін құлақ қойып тыңдаса — сыйлағаны (16-абзацты қараңыз)

16. Ыбырайым күйеулерге қандай үлгі қалдырды? (Петірдің 1-хаты 3:7) (Суретті де қараңыз.)

16 Ыбырайым әйелі Сараны қалай сыйлай білген? Ол оның ойын ескеріп, сезімдерін елеген. Бірде Сараға бір жағдай қатты ауыр тиіп, ол бар сезімін Ыбырайымға жайып салады. Тіпті оны кінәлап жібереді. Сонда Ыбырайым ызаға бой алдырып, оған дүрсе қоя берді ме? Жоқ, ол негізі өз әйелінің мойынсұнғыш, күйеуіне қолдау көрсететін әйел екенін білетін. Сондықтан оны мұқият тыңдап, туындаған мәселені шешуге тырысты (Мұс. 1-ж. 16:5, 6). Ыбырайымнан не үйренсек болады? Құрметті отағалары, әрине, сіздерде отбасына қатысты шешім қабылдауға билік бар (Қор. 1-х. 11:3). Алайда шешім қабылдамас бұрын, әсіресе ол жұбайыңызға да қатысты болса, оның пікірін елеп-ескергеніңіз қандай керемет болар еді! (Қор. 1-х. 13:4, 5). Ал кей кездері әйеліңіз стреске түсіп, қиналып кеткендіктен, сізге ішіндегісін шығарып алғысы келуі мүмкін. Сондайда оның сезімдерін сыйлап, құлақ қойып тыңдайсыз ба? (Петірдің 1-хаты 3:7 оқыңыз). Анжела мен Дмитрийдің некелескеніне 30 жылдай болып қалған екен. Анжела былай дейді: “Көңіл күйім болмаса немесе жай ғана сөйлескім келіп тұрса, Дмитрий мені әрқашан да тыңдауға дайын. Кейде тіпті эмоцияға қатты беріліп кетсем де, ол мені сабырмен тыңдай біледі”. Осылай ол күйеуінің өзіне деген құрметін сезеді.

17. Әйелдер Сарадан не үйренсе болады? (Петірдің 1-хаты 3:5, 6)

17 Ал Сара Ыбырайымды сыйлайтынын қалай көрсетті? Оның шешімдерін қолдай білді (Мұс. 1-ж. 12:5). Мысалы, бірде Ыбырайым күтпеген жерден бір кісілерді үйге қонақ қылуды шешеді. Сөйтіп, әйеліне істеп жатқан тірлігін тастап, шара-шара нан пісіруді тапсырады (Мұс. 1-ж. 18:6). Сонда Сара оған бірден мойынсұнып, білек сыбана іске кірісіп кетеді. Аяулы әйелдер, сіздер де Сараға еліктеп, күйеулеріңіздің шешімін қолдай біліңіздер. Осылай етсеңіз, шаңырағыңызды берік ұстайсыз (Петірдің 1-хаты 3:5, 6 оқыңыз). Алдындағы абзацта айтылып кеткен Дмитрий әйелінің құрметін қалай сезеді екен? “Анжелаға бір риза болатыным, екеуміздің ойымыз бір жерден шықпаса да, ол менің шешімдерімді құптап, мойынсұнуға тырысады. Ал кейін шешімімнің кем тұстары шығып жатса, ол мұны бетіме баспайды”,— дейді ол. Сені құрметтеп, сыйлап тұрған әйелді қалайша сүймейсің?!

18. Араларындағы махаббат отын жалындата берсе, жұбайлар қандай жемісін көреді?

18 Шайтан мәсіхшілердің некесіндегі махаббат отын сөндіріп тастағысы келеді. Неге? Өйткені екеуінің арасы суи бастаса, олар түбінде Ехобадан да ажырап кетуі мүмкін. Ендеше, араларыңыздағы махаббат дәйім Таңдаулы әнде айтылған махаббаттай болсын! Мұндай шынайы махаббатты ешкім сөндіре алмайды. Олай болса, некелеріңізде Ехобаны басты орынға қойыңыз. Бір-бірлеріңізге уақыт табыңыз және жұбайларыңыздың сезімдері мен қажеттіліктерін елеп, құрметтей біліңіз. Сонда некелеріңіз шынайы махаббаттың бастауы Ехобаға мадақ әкеледі әрі араларыңыздағы махаббат оты қараусыз қалмай, мәңгі бақи жалындай береді.

132-ӘН “Енді біз бір бүтінбіз”

a Неке — Ехобаның адамзатқа сыйлаған керемет сыйы. Өйткені некеде екі адам бір-біріне ерекше махаббаттарын білдіріп, оны сезіне алады. Әйтсе де кейде ерлі-зайыптының арасы суып кетуі мүмкін. Некеде болсаңыз, осы мақаладағы кеңестер сізге махаббатыңызды жандандыруға және бақытты болуға көмектеседі.

b Тұрақты әрі баянды шынайы махаббат Киелі кітапта “Ехобаның жалыны” деп аталған, өйткені мұндай махаббаттың бастауы — Ехоба.

c Жарыңыз Куәгер болмаса да, осы мақаладағы кеңестердің сіздің некеңізге де пайдасы тиюі мүмкін (Қор. 1-х. 7:12—14; Пет. 1-х. 3:1, 2).

d Мәселен, jw.org сайтында және JW Library® қосымшасында “Отбасыңыз берекелі болсын” атты мақалалар топтамасы бар. Сол жақтан пайдалы кеңестер таба аласыз.