18-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
1-ӘН Ехобаның қасиеттері
“Бүкіл әлемнің Төрешісі” әділ әрекет ететініне сенімді болыңыз
“Бүкіл әлемнің Төрешісі әділ әрекет етпеуші ме еді?!” (МҰС. 1-Ж. 18:25).
НЕГІЗГІ ОЙ
Әділетсіздерді тірілткенде Ехоба қалай мейірімділік пен әділдік танытатынын тереңірек түсінеміз.
1. Ехоба Ыбырайымға жұбаныш беретін қандай маңызды жайтты түсіндірді?
БҰЛ әңгімені Ыбырайым ешқашан ұмытпаған шығар. Құдай өз періштесі арқылы Ыбырайымға Содом мен Ғомора қалаларын жоятынын айтты. Сол кезде Ыбырайым қатты уайымдап қалды. Ол Құдайдан: “Шынымен әділді жауызбен бірге құртпақсың ба?.. Бүкіл әлемнің Төрешісі әділ әрекет етпеуші ме еді?!”— деді. Сол кезде Ехоба өзінің адал досына мына бір маңызды жайтты түсіндірді: ол ешқашан әділ адамды жоймайды. Бұл шындық бізге де жұбаныш пен жігер береді (Мұс. 1-ж. 18:23—33).
2. Ехоба үкім шығарғанда әділдік пен мейірімділік танытатынына неге сенімдіміз?
2 Ехоба адамдарды соттап, үкім шығарғанда әділдік пен мейірімділік танытатынына неге сенімді бола аламыз? Өйткені біз Ехоба адамдардың “жүрегіне қарайтынын білеміз” (Сам. 1-ж. 16:7). Ол “әр адамның жүрегінде не бар” екенін біледі (Пат. 1-ж. 8:39; Шеж. 1-ж. 28:9). Бұл тамаша шындық! Ехоба асқан дана Құдай болғандықтан, біз оның кейбір шешімдерін толық түсіне алмаймыз. Елші Пауыл да осыны растап, рухтың жетелеуімен Ехоба жайлы: “Шешімдеріне адам ақылы жетпес”,— деген (Рим. 11:33).
3, 4. Кейде бізде қандай сұрақтар туындайды және бұл мақалада не қарастырамыз?
3 Сонда да бізде Ыбырайымдікіндей сұрақтар туындап жатады. Кейде тіпті мынадай сұрақтар мазалайтын шығар: “Содом мен Ғомора тұрғындары сияқты Құдайдың үкіміне ұшыраған адамдар болашақта тіріле ме? Олардың кейбірі қайта тірілетін “әділетсіздердің” арасында бола ма?” (Ел. іс. 24:15).
4 Қазір қайта тірілуге қатысты түсініктерге тоқталайық. Жақында “өмір сүру үшін” және “сотталу үшін тірілетіндерге” қатысты түсінігіміз жаңарған болатын a (Жохан 5:28, 29 оқыңыз). Бұл жаңа түсініктер басқа да жайттарды айқындай түсті. Сол жайлы осы және келесі мақалада қарастыратын боламыз. Алдымен, Ехобаның әділ шешімдеріне қатысты нені білмейтінімізді, кейін нені білетінімізді қарастырамыз.
БІЗ НЕНІ БІЛМЕЙМІЗ?
5. Содом мен Ғоморада жойылғандарға қатысты әдебиеттерімізде бұрында не айтылды?
5 Ехоба әділетсіз деп тапқан адамдармен не болатыны әдебиеттерімізде бұрында да талқыланды. Біз Содом мен Ғомора тұрғындары сияқты Ехобаның үкіміне ұшырағандар болашақта тірілмейді деп келдік. Бірақ дұға етіп, мұқият зерттегеннен кейін, “осылай кесіп айта аламыз ба?” деген сұрақ туындады.
6. Киелі кітапта Ехобаның үкіміне ұшыраған әділетсіз адамдар жайлы қандай оқиғалар бар және біз нені білмейміз?
6 Киелі кітапта Ехобаның үкіміне ұшыраған әділетсіз адамдар жайлы бірнеше оқиға жазылған. Мысалы, Топан су кезінде қаншама адам жойылып кетті. Сондай-ақ Ехоба исраилдіктерге Уәде етілген жерде тұрып жатқан жеті халықты жоюды бұйырды. Ехобаның періштесі бір түнде Ассирияның 185 000 сарбазын қырып салғаны да бар (Мұс. 1-ж. 7:23; Мұс. 5-ж. 7:1—3; Ишая 37:36, 37). Киелі кітапта осы адамдардың бәрі мәңгілікке жойылды, олар ешқашан тірілмейді деген ойға меңзейтін мәлімет бар ма? Жоқ. Неге олай дейміз?
7. Топан су кезінде өліп кеткен адамдар мен жойылған қанахандықтарға қатысты біз нені білмейміз?
7 Бұл жағдайларда Ехоба әрбір адамды қалай соттағанын біз білмейміз. Өлер алдында олардың Ехоба жайлы білуге және өкінуге мүмкіндіктері болды ма, болмады ма — оны да білмейміз. Мысалы, Топан судың кезін алсақ, Киелі кітапта Нұхтың “әділдікті уағыздаушы” болғаны айтылған (Пет. 2-х. 2:5). Бірақ онда Нұх алып кемені соға жүріп, жер бетіндегі әрбір адамға Топан су жайлы айтқаны жазылмаған. Қанахандықтардың да жағдайын алсақ, бұл зұлым адамдардың бәрінде Ехоба жайлы білуге, өмірлерін өзгертуге мүмкіндік болған-болмағаны да бізге беймәлім.
8. Содом мен Ғомораның тұрғындарына қатысты нені білмейміз?
8 Ал Содом мен Ғомора тұрғындары жайлы не деуге болады? Сол қалада тұрып жатқан әділ Лұт солардың бәріне уағыздаған ба? Біз оны білмейміз. Бір нақты білетініміз — олар зұлым болған. Ал олардың бәрі ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білген бе? Олай емес сияқты. Есімізде болса, қаланың ер адамдары Лұтқа келген қонақтарды зорламақшы болған. Киелі кітапта олардың арасында “жас баласынан кәрісіне дейін” болғаны айтылған (Мұс. 1-ж. 19:4; Пет. 2-х. 2:7). Мейірімді Құдайымыз Ехоба олардың бәрін тірілместей етіп біржола өлімге кескен бе? Оны біз нақты білмейміз. Ехоба мен Ыбырайымның әңгімесінен көрінетіндей, қалада тіпті он әділ адам да табылмаған (Мұс. 1-ж. 18:32). Демек, олар әділетсіз болған және Ехоба оларды істері үшін әділ жазалады. Бірақ бұл дегеніміз әділетсіздер қайта тірілетін уақытта олардың ешқайсысы тірілмейді деген сөз бе? Біз бұлай нақты кесіп айта алмаймыз!
9. Біз Сүлейменге қатысты қандай жайттарды білмейміз?
9 Киелі кітапта әділ болып, кейін әділетсіз адамға айналған адамдар туралы да айтылады. Солардың бірі — Сүлеймен патша. Ол Құдайдың жолдарын әбден танып білген және Ехобаның баталарына молынан кенелген адам болған. Сонда да ол адал болмай, жалған құдайларға бет бұрып кетті. Бұл Ехобаның қаһарын тудырды және бүкіл Исраил халқы соның кінәларының кесірінен ғасырлар бойы жапа шекті. Жазбаларда Сүлеймен патша қайтыс болған соң, ата-бабаларының қасына қойылғаны айтылады. Олардың арасында әділ патша Дәуіт те бар (Пат. 1-ж. 11:5—9, 43; Пат. 2-ж. 23:13). Бірақ ата-бабаларының қасына жерленгені Сүлейменнің міндетті түрде тірілетінін білдіре ме? Киелі кітапта ондай ой жоқ. Алайда кейбіреулер Киелі кітаптағы “өлген адам күнәсінан арылады” деген сөздерге сүйеніп, Сүлеймен қайта тіріледі деп ойлауы мүмкін (Рим. 6:7). Бірақ Киелі кітаптағы бұл сөздер өлген адамның бәрі қайта тіріледі дегенді білдірмейді. Адам өлсе болды, ол қайта тірілуге құқылы деп ойламауымыз керек. Қайта тірілу — сүйіспеншілігі мол Құдайымыздың сыйы. Ол бұл сыйды өзіне мәңгі қызмет етуге кімге мүмкіндік бергісі келсе, соларға ғана береді (Әйүп 14:13, 14; Жох. 6:44). Ехоба бұл сыйды Сүлейменге бере ме? Оны өзі ғана біледі, біз білмейміз. Бірақ бір білетініміз — Ехоба әділ әрекет етеді.
БІЗ НЕНІ БІЛЕМІЗ?
10. Адамдарды өлімге кесу Ехобаның бойында қандай сезім тудырады? (Езекиел 33:11) (Суретті де қараңыз.)
10 Езекиел 33:11 оқыңыз. Киелі кітапта адамдарға үкім шығару Ехобаның бойында қандай сезім тудыратыны айтылған. Езекиел пайғамбардың сөздерін елші Петір де растап: “Ол бірде-бір адамның жойылмағанын. . . қалайды”,— деген (Пет. 2-х. 3:9). Жұбаныш беретін бұл сөздерден Ехобаның адамдарды біржола жойып жіберуге асықпайтынын білеміз. Ехоба — асқан мейірімді Құдай, ол мүмкін болған кездің бәрінде мейірімділік танытады.
11. Кімдер қайта тірілмейді және біз оны қайдан білеміз?
11 Біз болашақта қайта тірілмейтін адамдар жайлы не білеміз? Киелі кітапта сондай адамдардың кейбірі жайлы айтылады b. Мысалы, Иса Яһуда Исқариоттың қайта тірілмейтінін айтқан (Мар. 14:21; Жох. 17:12) c. Яһуда Ехоба мен оның Ұлына біле тұра, әдейі қарсы шыққан (Мар. 3:29) d. Сондай-ақ Иса өзіне қарсы шыққан кейбір діни жетекшілердің қайта тірілу үмітіне ие болмайтынын айтқан (Мат. 23:33; Жох. 19:11) e. Елші Пауыл да еш өкінбейтін жолдантаюшылардың қайта тірілмейтінін жазған (Евр. 6:4—8; 10:29).
12. Біз Ехобаның мейірімділігі жайлы не білеміз? Мысал келтіріңіз.
12 Бірақ жоғарыда айтып кеткеніміздей, Ехоба асқан мейірімді және “ол бірде-бір адамның жойылмағанын” қалайды. Ол өте ауыр күнә жасаған кейбір адамдарға мейірімділік танытқан. Мысалы, Дәуіт патша неке адалдығын бұзу, кісі өлтіру сияқты өте ауыр күнәлар жасаған. Бірақ ол өкінгендіктен, Ехоба оны мейіріммен кешірді (Сам. 2-ж. 12:1—13). Ал Манаса патша өмір бойы дерлік небір зұлым істермен айналысқан. Тіпті осындай адамға да Ехоба рақымын түсіріп, кешірген. Манаса өкінгендіктен, Ехоба оған мейірім танытуға негіз тапты (Шеж. 2-ж. 33:9—16). Осы оқиғалардан көретініміздей, негіз тапқан жағдайдың бәрінде Ехоба мейірімділік танытуға асық. Ол болашақта бұндай адамдарды қайта тірілтеді, өйткені олар ауыр күнәларын мойындап, өкінген.
13. а) Ехоба ниневиялықтарға неге мейірімділік танытты? ә) Иса ниневиялықтарға қатысты не айтқан?
13 Біз Ехобаның ниневиялықтарға да мейірім танытқанын білеміз. Ехоба Жүніске олар жайлы: “Жасап жатқан зұлымдықтарына менің назарым түсті”,— деген. Бірақ ниневиялықтар өкінгендіктен, Ехоба мейірімділік танытып, оларды кешірді. Ол Жүніске қарағанда әлдеқайда мейірімді болды. Пайғамбары қатты ашуланғанда, Ехоба оған ниневиялықтар “оңы мен солын айыра алмайтынын” түсіндірді (Жүніс 1:1, 2; 3:10; 4:9—11). Кейінірек Иса Ехобаның әділдігі мен мейірімділігін көрсету үшін дәл осы жағдайды мысалға келтірді. Ол өкінген ниневиялықтар “сот күні. . . қайта тірілетінін” айтты (Мат. 12:41).
14. Ниневиялықтардың жағдайында “сотталу үшін тірілу” нені білдіреді?
14 Ниневиялықтар “сот күні. . . қайта тіріледі” деген нені білдіреді? Иса болашақта “сотталу үшін тірілу” болатынын айтқан (Жох. 5:29). Ол өзінің мыңжылдық билігіне, яғни “әділдер де, әділетсіздер де қайта тірілетін” кезге меңзеген (Ел. іс. 24:15). Ол уақытта әділетсіздер “сотталу үшін тіріледі”. Бұл дегеніміз олар алған білімдеріне мойынсұнып, өмірлерінде қолданып жатыр ма, жоқ па — соны Ехоба мен Иса бақылайды. Егер қайта тірілген қандай да бір ниневиялық кісі таза ғибадаттан бас тартса, Ехоба өз шешімін шығарып, ол адамның әрі қарай өмір сүруіне жол бермейді (Ишая 65:20). Ал таза ғибадат етуді таңдағандардың бәріне Ехоба ықыласын түсіруді шешіп, оларға мәңгі өмір сүру үмітін береді (Дан. 12:2).
15. а) Неге біз Содом мен Ғоморада жойылған адамдардың ешқайсысы тірілмейді деп кесіп айтпауымыз керек? ә) Яһуда 7-тармақта жазылған сөздерді қалай түсінсек болады? (“ Яһуданың сөздері нені білдіреді?” деген қоршауды қараңыз.)
15 Иса “Сот күні” оның өзінен және тәлімінен бас тартқандардың жазасынан гөрі “Содом мен Ғомора елінің жазасы жеңілірек болатынын” айтқан (Мат. 10:14, 15; 11:23, 24; Лұқа 10:12). Ол бұнымен не айтқысы келген? Біз бұл жерде Иса гипербола қолданды деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ олай емес сияқты f. Есімізде болса, Иса ниневиялықтар “сот күні. . . қайта тіріледі” дегенде, тура мағынада айтқан. Содом мен Ғомораның жағдайында да Иса “Сот күні” деп тура мағынада айтқаны анық. Сондай-ақ Иса “сотталу үшін тірілетіндердің” арасында “зұлымдық жасағандар” болатынын айтқан (Жох. 5:29). Содом мен Ғомораның тұрғындары да тура ниневиялықтар сияқты зұлымдық жасаған. Бірақ ниневиялықтардан бір айырмашылығы, олардың өкінуге мүмкіндіктері болмаған. Осының бәрін ескерсек, Содом мен Ғомораның адамдары үшін қандай да бір үміт бар көрінеді. Кем дегенде, олардың кейбіреуі тірілуі мүмкін. Егер солай болып жатса, оларға Ехоба мен Иса Мәсіх жайлы үйретуге мүмкіндігіміз болады.
16. Қайта тірілу кезінде Ехоба қалай әрекет ететініне қатысты не білеміз? (Еремия 17:10)
16 Еремия 17:10 оқыңыз. Ехоба адамдарды қалай соттайтынын осы тармақтан білуге болады. Ехоба әрдайым “жүректі зерттейді, Көңіл түбіндегі ой-сезімді тексереді”. Болашақта да қайта тірілу кезінде ол “әркімге ұстанған жолына қарай” шешім шығарады. Ехоба тек қажет болған кезде ғана қаталдық танытып, ал мүмкін болған кездің бәрінде мейірімділік танытады. Сондықтан нақты білмесек, “мына адам қайта тірілмейді!” деп кесіп айтудан аулақ болуымыз керек.
“БҮКІЛ ӘЛЕМНІҢ ТӨРЕШІСІ ӘДІЛ ӘРЕКЕТ ЕТЕДІ”
17. Өлген адамдармен болашақта не болады?
17 Адам мен Хауа Шайтанға қосылып, Ехоба Құдайға қарсы шыққалы бері миллиардтаған адам жер құшты. “Жауымыз өлім” ешкімді де аяп жатқан жоқ (Қор. 1-х. 15:26). Өмірден өткен адамдардың бәрімен не болады? Шектеулі адам, яғни Мәсіхтің 144 000 адал ізбасары өлместік алып, көктегі өмірге тіріледі (Аян 14:1). Ал Ехобаны сүйетін сансыз көп адал адамдар “қайта тірілетін” әділдердің қатарында болады. Олар Мәсіхтің мың жылдық билігі кезінде және соңғы сынақта адал болып қалса, жер бетінде мәңгі өмір сүретін болады (Дан. 12:13; Евр. 12:1). Мыңжылдық билік кезінде әділетсіздер де, яғни Ехобаға ешқашан қызмет етпегендер, тіпті “зұлымдық жасағандар” тіріледі. Оларға өмірлерін өзгертіп, Ехобаға адал қызмет етуге мүмкіндік беріледі (Лұқа 23:42, 43). Бірақ жүректері өте зұлым және Құдай мен оның еркіне қоймай қарсы шыққандарды Ехоба мүлдем қайта тірілтпеймін деп шешеді (Лұқа 12:4, 5).
18, 19. а) Ехоба өлгендерді әділ соттайтынына неге сенімдіміз? (Ишая 55:8, 9) ә) Келесі мақалада не туралы білеміз?
18 Ехоба қандай үкім шығарса да, әрдайым дұрыс әрекет ететініне неге сенімдіміз? Өйткені Ехоба — кемелді, дана, мейірімді Төреші. Кезінде Ыбырайым да бұған толық сенімді болған. Ехоба өз Ұлы Исаға төрелік етуді үйретіп, “барлық сотты” оған табыстаған (Жох. 5:22). Ехоба да, Иса да әрбір адамның жүрегінде не барын көре алады (Мат. 9:4). Сондықтан олар әрбір адамға қатысты шешім шығарғанда “әділ әрекет ететін” болады!
19 Ендеше, мынаған нық сенімді болайық: Ехоба жағдайды бәрінен де жақсы біледі. Біз соттау не төрелік ету қолымыздан келмейтінін жақсы түсінеміз (Ишая 55:8, 9 оқыңыз). Сондықтан біз нық сеніммен барлық сотты Ехобаға және Әкесінің мейірімділігі мен әділдігін айна қатесіз танытатын Патшамыз Исаға тапсырамыз (Ишая 11:3, 4). Ал зор алапатта олар адамдарды қалай соттайды? Бұған қатысты нені білмейтінімізді және нені білетінімізді келесі мақалада қарастырамыз.
57-ӘН Барша жанға уағыздайық
b Адам мен Хауа және Қабыл туралы білу үшін “Күзет мұнарасы”, 2013 жыл, 1 қаңтар, 12-б., сілт. қараңыз.
c Жохан 17:12-дегі “жойылуы тиіс адам” деген тіркес Яһуда қайтыс болған соң оның қайта тірілуге еш үміті болмайтынын, яғни мәңгілікке жойылатынын білдірген.
d “Күзет мұнарасы”, 2007 жыл, 1 тамыз, 7-б. қараңыз.
e “Күзет мұнарасы”, 2008 жыл, 15 сәуір, 32-б., 7-абз. қараңыз.
f Гипербола — қандай да бір ойды күшейтіп не әсірелеп айту үшін қолданылатын әдіс. Бірақ Иса Содом мен Ғомора жайлы айтқан кезде гипербола қолданбаған, ол тура мағынада айтқан көрінеді.