25-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Ақсақалдар, Гедеоннан үлгі алыңыздар
“Гедеон... жайында айтуға уақытым жетпес еді” (ЕВР. 11:32).
124-ӘН Әрдайым адалдық танытайық
АҢДАТПА a
1. Петірдің 1-хаты 5:2-ге сай, ақсақалдарға қандай мәртебелі іс жүктелген?
ЕХОБА өзінің аса бағалы қой-қошақандарын адал мәсіхші ақсақалдарға сеніп тапсырған. Олар бауырластарына қызмет етуді мәртебе санайды және “шын қамқор бағушы” болуға барларын салады (Ерм. 23:4; Петірдің 1-хаты 5:2 оқыңыз). Қауымымызда осындай қамқор ер бауырластардың барына өте ризамыз!
2. Ақсақалдарда қандай қиындықтар болуы мүмкін?
2 Бағушының қызметін атқару ақсақалдар үшін оңай емес. Бұның бір себебі — олардың атқаратын ісі бастан асады. АҚШ-та қызмет ететін Тони деген ақсақалға жұмыстың бәрін өзіне ала бермей, қарапайым болуды үйрену керек болды. “COVID-19 пандемиясы басталғанда, кездесулерді және уағызды ұйымдастырумен байланысты тірліктердің бәрін өз мойныма алып алдым. Қанша нәрсе істесең де, жұмыстың соңы көрінбейтін. Содан Киелі кітапты оқуым, жеке зерттеп, дұға етуім жайына қалды”. Косовода тұратын Илир деген ақсақал басқа жағынан қиналды. Соғыс аймағында жүрген кезде оған ұйымның басшылығына мойынсұну оңай болмады. “Филиал қауіпті аймақтағы бауырластарға көмектесу керектігін айтқанда, мұндай батыл іске бару маған үлкен сын болды. Себебі берген нұсқаулары тиімсіз болып көрінді әрі өзім де қорқып тұрдым”,— дейді ол. Ал Азияда қызмет ететін Тим деген миссионер жоспарындағы күнделікті істерді атқарамын деп шаршап қалған екен. “Менің жүйкем тозып, әбден қажып кеткен кездерім болды”,— дейді ол. Осы ақсақалдардікіндей күйде жүрген ер бауырластарға не көмек болады?
3. Гедеон би жайлы қарастырғанның бәріміз үшін қандай пайдасы бар?
3 Исраил еліне би болған Гедеон ақсақалдарға тамаша үлгі (Евр. 6:12; 11:32). Ол Құдай халқын көп қауіп-қатерден қорғаған және оларға бағушы болған (Би. 2:16; Шеж. 1-ж. ). Гедеонның кезіндегідей, қазіргі аумалы-төкпелі заманда да ақсақалдар Құдай отарын бағуға тағайындалған ( 17:6Ел. іс. 20:28; Тім. 2-х. 3:1). Олар Гедеонның қарапайымдылығынан, кішіпейілділігінен және мойынсұнғыштығынан көп нәрсе үйренеді. Өзіне тапсырылған міндеттің бәрін атқару үшін оған да қажырлық керек болды. Оның үлгісін қарастыра отырып, ақсақалдардың еңбегі қаншалықты бағалы екенін көреміз. Ехобаның қойлары үшін жанын салып жүрген осы бауырластарды әрқайсысымыз қолдап-демеуге асық болайық (Евр. 13:17).
ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ ПЕН КІШІПЕЙІЛДІЛІК СЫНАЛҒАНДА
4. Неге Гедеон қарапайым да кішіпейіл болған деп айта аламыз?
4 Гедеон қарапайым да кішіпейіл жан болған b. Ехобаның періштесі оған келіп, Исраилді мадияндықтардың езгісінен құтқаратынын айтқанда, Гедеон кішіпейілділікпен: “Менің әулетім манаса руының ішінде ең кішігі. Өзім де әкемнің үйінде ең кішігімін”,— деді (Би. 6:15). Ол өзін мұндай міндет алуға қабілетсіз санағанмен, Ехоба басқаша ойлады, өйткені бұл оның қолынан келетінін білді. Ехобаның қолдап-қуаттауымен ол өз тапсырмасын керемет атқарып шықты.
5. Ақсақалдардың қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі қалай сыналуы мүмкін?
5 Ақсақалдар барлық жағынан қарапайым да кішіпейіл болуға тырысады (Миха 6:8; Ел. іс. 20:18, 19). Мысалы, қабілеттерін, жетістіктерін айтып мақтанбайды. Я болмаса қате-кемшіліктерін қатты уайымдап, түңіліп те кетпейді. Бірақ кей жағдайларда олардың осы қасиеттері сыналып жатады. Мәселен, ақсақал иығына көп жүк артып алса, бәрін атқара алмай, қиналып қалуы мүмкін. Немесе атқарған қандай да бір тапсырмасын бауырластар сынап-мінеуі не, керісінше, мақтауы мүмкін. Осындай жағдайларда ақсақалдар Гедеонға қалай еліктесе болады?
6. Ақсақалдар Гедеонның қарапайымдылығынан қандай үлгі алады? (Суретті де қараңыз.)
6 Көмек сұраңыз. Қарапайым адам не нәрсеге шамасы жететінін, ал не нәрсеге жетпейтінін ескереді. Гедеон қарапайым болғандықтан өзгелердің көмегіне жүгінген (Би. 6:27, 35; 7:24). Парасатты ақсақалдар да солай етеді. Алдында айтылып кеткен Тони бауырлас былай дейді: “Мен кішкентай кезімнен, шамам жетсін-жетпесін, жұмыстың бәрін өзіме алып үйреніп қалған екенмін. Сондықтан отбасылық ғибадатта қарапайымдылық қасиетін зерттеуді шештім. Осы орайда әйелімнің де ойын сұрадым. Кейін jw.org сайтынан “Иса пайғамбар сияқты басқаларды үйретіп, сенім артып, жауапкершілікпен бөлісе білейік” деген видеоны көрдім”. Содан Тони бауырлас басқалардан жәрдем сұрап, жұмысын үлестіре бастады. Бұл қандай жеміс әкелді? “Қазір қауымның да істері тындырылып жатыр және өзіме де рухани күш жинауға уақыт қалды”,— дейді ол.
7. Біреу айып таққанда, ақсақалдар Гедеонға қалай еліктесе болады? (Жақып 3:13)
7 Сізді айыптағанда, сабырмен жауап беріңіз. Біреулер кінә тағып, айыптаса, бұл да ақсақалдардың кішіпейілділігі мен қарапайымдылығына сын. Осындай бір жағдайда Гедеон қалай әрекет еткеніне көңіл бөлейікші. Ефремдіктер келіп, ашуланып, оған айып таққанда, Гедеон оларға сабырмен жауап берді, өйткені өзінің де қателесетінін түсінсе керек (Би. 8:1—3). Ол ашуға берілмей, ефремдіктерді кішіпейілділікпен тыңдады. Оларға мейіріммен сөйлеп, сабаларына түсірді. Өзгелер айыптап жатса, дана ақсақалдар да сабырмен тыңдап, ізетпен жауап береді (Жақып 3:13 оқыңыз). Осылай қауымның ынтымағын сақтайды.
8. Бауырластар мақтағанда, ақсақалдар қалай әрекет еткендері жөн? Мысал келтіріңіз.
8 Мадақты Ехобаға жаудырыңыз. Мадияндықтарды жеңгені үшін исраилдіктер Гедеонды мақтап, сый-құрметке бөлегенде, ол Ехобаға назар аударды (Би. 8:22, 23). Тағайындалған ер бауырластар одан не үйренеді? Олар жеткен жетістіктері үшін Ехобаны мақтаулары керек (Қор. 1-х. 4:6, 7). Мысалы, бауырластар ақсақалды керемет тәлім беретіні үшін мақтаса, ол сол тәлімнің Құдай Сөзінен алынғанына және Ехобаның ұйымынан үйреніп жатқанына көңіл бұрса болады. Арагідік ақсақалдар қалай тәлім беріп жүргендері жайлы ойланып тұрғандары дұрыс, өйткені олар сөзімен жұртты тамсандыруды ойлап кетуі мүмкін. Тимати деген бауырлас ақсақал болып тағайындалғанда, көпшілікке арналған баяндама айтуды қатты ұнатқан екен. “Мен кіріспе сөзіме көп мән беріп, күрделі мысалдар келтіретінмін. Баяндамадан соң бауырластар әдетте тек соларды айтып мақтайтын. Содан олардың назары Киелі кітап пен Ехобаға емес, маған ауып кететін”,— дейді ол. Кейін Тимати баяндама айту әдісін өзгерту керектігін түсінді (Нақ. с. 27:21). Қазір бауырластар оның баяндамасы туралы қандай ойда? Тимати былай дейді: “Енді бауырластар баяндамадағы ойлардың Ехобаға жақындата түскенін, сынақта адалдық сақтауға және қиындыққа төтеп беруге көмектескенін айтып бөліседі. Мені мақтағаннан гөрі осындай лебіз айтқандары көбірек қуантады екен”.
МОЙЫНСҰНУ МЕН БАТЫЛ БОЛУ ҚИЫН БОЛҒАНДА
9. Қандай жағдайларда Гедеонға батылдық пен мойынсұнғыштық қажет болды? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)
9 Гедеон би болып тағайындалғаннан кейін оған батылдық пен мойынсұнғыштық таныту керек болды. Ехоба оған әкесінің Бағалға арнап жасаған құрбандық орнын қиратуды тапсырды. Бұны орындау үшін ол басын қатерге тігу керек еді (Би. 6:25, 26). Ал кейін Ехоба оған жинаған әскерінің санын екі рет қысқартып тастауды айтады (Би. 7:2—7). Сосын оған түннің бір уағында жаудың қосына шабуылдауды бұйырады (Би. 7:9—11).
10. Қандай жағдайларда ақсақалға мойынсұну қиын болуы мүмкін?
10 Ақсақалдар “мойынсұнуға дайын” болулары керек (Жақ. 3:17). Мойынсұнғыш ақсақал Жазбаларда айтылғандарға және ұйымның басшылығына бірден құлақ асуымен бәріне үлгі көрсетеді. Бірақ мойынсұну қиын жағдайлар да болады. Мысалы, нұсқаулар бірінен соң бірі келіп жатса я басшылық бірден өзгеріп кетсе, оларға құлақ асу оңай емес шығар. Бәлкім, нұсқаулардың кейбірі ақсақалға тиімсіз болып көрінер, я болмаса бас бостандығына қауіп төндіретін тапсырма алар. Осындай жағдайларда ақсақалдар Гедеон сияқты қалай мойынсұнғыш бола алады?
11. Ақсақалдарға мойынсұнғыш болу үшін не істеу керек?
11 Нұсқауларға мұқият болып, құлақ асыңыз. Құдай Гедеонға әкесінің құрбандық орнын қалай қирату керектігін, Ехобаға арналған құрбандық орнын қайда соғу керектігін және қандай мал шалу керектігін нақты айтты. Гедеон айтылғанға бірден құлақ асты, дұрыстығына күмәнданып жатпады. Бүгінде ақсақалдар Ехобаның ұйымынан біздің рухани және тәндік саулығымызбен байланысты түрлі нұсқаулар, хаттар мен хабарландырулар алып тұрады. Соның бәріне адалдықпен құлақ асып жүргендері үшін біз ақсақалдарды жақсы көреміз. Олардың мойынсұнғандары бүкіл қауым үшін игі (Зәб. 119:112).
12. Ехобаның ұйымында өзгерістер болғанда, ақсақалдар Еврейлерге 13:17-ге қалай құлақ асса болады?
12 Өзгерістерге бейімделіңіз. Ехоба Гедеонға әскерінің 99 пайыздан да астамын қысқартуды айтқаны есіңізде ме? (Би. 7:8). Гедеон: “Бұлай етудің не қажеті бар? Түк шықпай қалса ше?”— деп уайымдаған болар. Бірақ ол бәрібір де мойынсұнды. Бүгінде ақсақалдар ұйымдағы өзгерістерге бейімделсе, Гедеонға еліктейді (Еврейлерге 13:17 оқыңыз). Мысалы, Патшалық сарайы мен Конгресс сарайының құрылыс жобаларын қаржыландырумен байланысты 2014 жылы болған өзгерісті алайықшы (Қор. 2-х. 8:12—14). Бұрындары қандай да бір жерде Патшалық сарайын не Конгресс сарайын соғу керек болса, жергілікті қауым ұйымнан қарызға ақша алып, кейін қайтарып беретін. Ал енді, ғимарат соғу үшін қауымдар ақшаны бүкіл дүниежүзіндегі қауымдардың садақасынан алады әрі бұл қаражатты қайтарудың қажеті жоқ. Осы жаңа шараның арқасында қауым өз қаражаты аз болса да, ғибадат орындарын тұрғыза алады. Басқарушы кеңестен келген осы өзгеріс жайлы білгенде, Хосе деген ер бауырлас бұдан түк шықпайды деп ойлайды. “Біздің жаққа мұндай әдіс мүлдем тура келмейді. Бұндай түрімізбен бірде-бір Патшалық сарайы соғылмайды”,— деп ойлады ол. Хосеге ойын түзеп, өзгерісті қолдауға не көмектесті? “Нақыл сөздер 3:5, 6 Ехобаға сенім артуым керектігін еске түсірді. Қазір бұл өзгерістің керемет жемісін көріп жатырмыз. Енді бұрынғыдан да көп Патшалық сарайын соға аламыз және дүниежүзі бойынша садақаны тең бөліскеннің арқасында бұның игілігін бәріміз көріп жатырмыз”,— дейді Хосе.
13. а) Гедеон не нәрсеге сенімді болды? ә) Ақсақалдар Гедеонға қай жағынан еліктейді? (Суретті де қараңыз.)
13 Ехобаның еркін орындау үшін батыл болыңыз. Гедеон қорықса да, өміріне қауіп төніп тұрса да, Ехобаға мойынсұнды (Би. 9:17). Ехоба оны қолдайтынына толық көзі жеткендіктен, ол Құдайдың халқын қорғай алатынына сенімді болды. Ісімізге тыйым салынған елдерде тұратын ақсақалдар да Гедеонға ұқсайды. Оларды тұтқындап, тергеп, ұрып-соғуы я жұмыстан айыруы мүмкін болса да, олар батылдықпен қауым кездесулерін ұйымдастырып, уағыз ісіне жетекшілік етеді c. Зор алапатта да ақсақалдарға батылдық қажет болады. Өйткені қауіпті болса да, оларға кейбір нұсқауларға мойынсұну керек болады. Ол нұсқаулар бұршақ сияқты ауыр хабарды жариялаумен және Магог жеріндегі Гогтың шабуылынан аман өтумен байланысты болуы мүмкін (Езек. 38:18; Аян 16:21).
ҚАЖЫРЛЫҚ КЕРЕК БОЛҒАНДА
14. Гедеонға неге қажырлық қажет болды?
14 Гедеонға би болып қызмет ету үшін көп күш пен қажырлық қажет болды. Түнде шайқас жүріп жатқанда мадияндықтар қашып кетіп, Гедеон Езрехел аңғарынан сонау Иордан өзеніне дейін соңдарынан қуады. Ал Иорданды бойлай бұталар көп өссе керек (Би. 7:22). Гедеон сол жерге келіп, тоқтап қалды ма? Жоқ, ол 300 сарбазымен шаршап тұрса да, Иорданды кесіп өтіп, жаудың соңынан қуа берді. Ақырында қуып жетіп, мадияндықтарды тас-талқан етті (Би. 8:4—12).
15. Ақсақалдарға қажырлы болу кейде неге қиын?
15 Кейде ақсақал қауымның және өз отбасының қамын жасаймын деп жаны да, тәні де қалжырап, жүйкесі шаршауы мүмкін. Осындай кездері ол Гедеоннан қандай үлгі алса болады?
16, 17. Гедеонға табанды болуға не көмектесті және ақсақалдар не нәрсеге сенімді бола алады? (Ишая 40:28—31) (Суретті де қараңыз.)
16 Ехобаның күшіне арқа сүйеңіз. Гедеон Ехоба оған күш дарытатынына сенім артып еді, Ехоба оның сенімін ақтады (Би. 6:14, 34). Бірде Гедеон мен сарбаздары екі мадияндық патшаның соңынан жаяу қуады, ал олар түйелеріне мініп қашса керек (Би. 8:12, 21). Бірақ Құдайдың көмегімен исраилдіктер оларды бәрібір қуып жетіп, шайқаста жеңіп шығады. Ақсақалдар да еш “шаршамайтын, қажымайтын” Ехобаға арқа сүйесе болады. Ехоба оларға қажет кезінде күш дарытады (Ишая 40:28—31 оқыңыз).
17 Ауруханалармен байланыс комитетінде қызмет ететін Мэтью бауырлас жайлы сөз қозғайық. Ол ненің арқасында осы қызметін талмай атқарып жүр? Мэтью былай дейді: “Бұдан әрі көтере алмаймын деп ойлап, күшім сарқылған кездер талай болды. Сондай кездері Құдайға жалбарынып, бауырластарыма көмектесу үшін күш берші, жүйкемді мықты етші деп сұрайтынмын. Сонда Філіпіліктерге 4:13-тегі сөздердің рас екенін сезінетінмін. Ехобаның рухы бойыма қуат дарытып, қызметімді табандылықпен жалғастыра бердім”. Гедеон сияқты бағушылық қызметтеріне шын берілген жанқияр ақсақалдарымыз да кедергілер мен қиындықтарға кезігіп жатады. Әрине, олар физикалық және эмоциялық күштерінің шегін біліп, шамаларын ескеру керек. Десе де Ехобадан күш сұрап дұға айтса, ол құлақ асып, оларды нығайтатынына сенімді бола алады (Зәб. 116:1; Філіп. 2:13).
18. Қорыта кетсек, ақсақалдар Гедеоннан қандай үлгі алады?
18 Байқағанымыздай, ақсақалдардың Гедеоннан үйренері өте көп. Мысалы, мойнына қанша жауапкершілік алатынын шешкенде және біреулер мақтағанда не айыптағанда, олар қарапайымдылық пен кішіпейілділік танытулары керек. Осы заманның соңы жақындаған сайын, олар мойынсұнғыш әрі батыл болулары қажет. Сондай-ақ қандай кедергі я қиындық болмасын, Құдай оларға күш беретініне сенімді болғандары жөн. Осындай еңбектері ерен бағушыларымызды біз қатты бағалаймыз әрі құрметтейміз (Філіп. 2:29).
120-ӘН Мәсіх сияқты жұмсақ болыңдар
a Исраил халқының тарихындағы ауыр кезеңде Ехоба Гедеонға бір міндет жүктеді. Ол Құдайдың халқына бағушы болып, оларды жаудан қорғау керек еді. Талай қиындыққа қарамастан, Гедеон өзінің міндетін 40 жыл бойы адал атқарды. Бүгінде Құдайдың отарын бағу қиынға соққанда, ақсақалдар Гедеоннан қандай үлгі алса болады? Қазір сол туралы білеміз.
b Қарапайымдылық пен кішіпейілділік бір-біріне өте ұқсас қасиеттер. Қарапайым адам өзі туралы асқақ ойламайды, өзінің шама-шарқын да жақсы біледі. Кішіпейіл адам болса басқаларды өзінен жоғары қойып, өзін кіші тұтады (Філіп. 2:3). Қарапайым адам кішіпейіл де болады.
c 2019 жыл, шілде айындағы “Күзет мұнарасының” “Ісімізге тыйым салынса да, Ехобаға ғибадат ете берейік!” деген мақаласын қараңыз (10, 11-б., 10—13 абз.)