26-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Ехобаның күніне дайын жүріңіз
“Ехобаның күні тап ұрының түнде түсетіні сияқты келеді” (САЛ. 1-Х. 5:2).
143-ӘН Қызмет етейік, сергек жүрейік, күтейік
АҢДАТПА a
1. Ехобаның күнінен аман өту үшін не істеуіміз қажет?
КИЕЛІ КІТАПТА “Ехобаның күні” деп Ехоба жауларын жазалап, ал өз халқын құтқарып қалатын кезін айтады. Бұрынғы заманда Ехоба жауларын жазалап, күл-талқан еткен (Ишая 13:1, 6; Езекиел 13:5; Софония 1:8). Ал біздің кезімізде “Ехобаның күні” саяси жетекшілердің Ұлы Бабылға шабуылдауымен басталып, Армагеддон шайқасымен аяқталады. Сол “күннен” аман өту үшін бізге қазірден бастап дайындалу керек. Иса да зор алапатқа “дайын болыңдар” деп үйреткен. Бұл тіркес бір рет қана емес, үнемі дайын жүруді білдіреді (Мат. 24:21; Лұқа 12:40).
2. Неліктен Салоникалықтарға 1-хаттың біз үшін пайдасы зор?
2 Мәсіхшілерді Ехобаның соттайтын күніне дайын жүруге талпындыру үшін, елші Пауыл Салоникалықтарға 1-хатында бірнеше теңеу келтірген. Әрине, Ехобаның күні дәл сол уақытта келмейтінін Пауыл білген (Сал. 2-х. 2:1—3). Сонда да ол бауырластарын сол күн тура ертең келетіндей дайын жүруге шақырған. Оның берген кеңестерінің біз үшін де маңызы зор. Ендеше, елші Пауылдың 1) Ехобаның күні қалай келетіні, 2) ол күні кім аман қалмайтыны, 3) құтқарылуға қалай дайын болу керектігі жайлы айтқандарын қарастырайық.
ЕХОБАНЫҢ КҮНІ ҚАЛАЙ КЕЛЕДІ?
3. Ехобаның күні қай мағынада түнде түсетін ұры сияқты келеді? (Суретті де қараңыз.)
3 “Ұрының түнде түсетіні сияқты” (Сал. 1-х. 5:2). Ехобаның күні қалай келетіні үш түрлі нәрсеге теңелген, соның біріншісі — осы. Ұрылар әдетте түн жамылып, ешкім күтпеген уақытта келеді әрі жылдам-жылдам қимылдайды. Ехобаның күні де тап солай аяқастынан келген кезде көпшілігінің басына жай түскендей болады. Оқиғалардың жылдам өрбіп кеткеніне тіпті мәсіхшілердің өзі таңғалып қалуы мүмкін. Бірақ олар сол кезде аман қалады, ал зұлымдар жойылады.
4. Ехобаның күні қай жағынан толғаққа ұқсайды?
4 “Жүкті әйелдің толғағы іспетті” (Сал. 1-х. 5:3). Айы-күні жақындаған әйел нақты қай уақытта босанатынын білмесе де, міндетті түрде босанатынын біледі. Жүкті әйелдің толғағы аяқасты басталып, қатты ауыртады әрі оны ешкім тоқтата алмайды. Тура солай біз де Ехобаның күні қашан, қай сағатта келетінін білмейміз. Бірақ міндетті түрде келетініне сенімдіміз. Сол кезде зұлымдар еш ойламаған жерден Құдайдың жазасына тартылып, одан еш қашып құтыла алмайды.
5. Неліктен зор алапат таңның атуына ұқсайды?
5 Таңның атуы іспетті. Пауыл үшінші мысалында да түнде түсетін ұрылар жайлы айтқан. Бірақ бұл жолы ол Ехобаның күнін ұрыға емес, атып келе жатқан таңға теңеген көрінеді (Сал. 1-х. 5:4). Неліктен? Түнде бір жерге ұрлыққа түскен адамның бар ойы ұрлық жасауда болғандықтан, ол уақыттың сырғып өткенін байқамай қалуы мүмкін. Таң шапағы жарқ ете қалғанда, ол әбден асып-сасып, істегені әшкере болады. Рухани түнекте жүріп, Құдайға ұнамсыз істерін қайтпай істеп жүргендер зор алапатта тура сол ұры сияқты әшкере болады. Ал бізге сол күнге дайын болу үшін, Ехобаға ұнамайтын істерден бойымызды аулақ ұстап, “әртүрлі игі, әділ де дұрыс істер жасай” беру қажет (Ефес. 5:8—12). Қазір Ехобаның күні келгенде құтқарылмайтын адамдарды Пауыл кімге теңегенін көрейік.
ЕХОБАНЫҢ КҮНІ КЕЛГЕНДЕ КІМДЕР АМАН ҚАЛМАЙДЫ?
6. Адамдардың көбісі қай мағынада ұйықтап жүр? (Салоникалықтарға 1-хат 5:6, 7)
6 “Ұйықтайтындар” (Салоникалықтарға 1-хат 5:6, 7 оқыңыз). Елші Пауыл Ехобаның күні аман қалмайтын адамдарды ұйықтап жатқан адамдарға теңеген. Мұндай адам айналасында не болып жатқанын, уақыттың қалай өтіп жатқанын сезбейді. Сондықтан маңызды оқиғалар өрбіп жатса да, ол оны сезбей, әрекетсіз жата береді. Қазіргі әлемде де басым көпшілік рухани мағынада ұйықтап жүр (Рим. 11:8). Олар “соңғы күндері” өмір сүріп жатқанымыздың анық дәлелдеріне және зор алапаттың таяп қалғанына еш мән бермейді. Әлемді дүр сілкіндірген елеулі оқиғалар болса, кейбірі оянып, Патшалық туралы хабарға қызыққандай болады. Бірақ көбісі кейін қайтадан ұйқыға батып кетеді. Ал кейбірі сот күні келетініне сенемін дегеннің өзінде, ол жақын арада келмейді деп ойлайды (Пет. 2-х. 3:3, 4). Алайда біз күн өткен сайын ояу жүрудің маңыздылығы арта түсетінін жақсы түсінеміз.
7. Құдайдың қаһарына ұшырайтындар қай жағынан мас адамдарға ұқсайды?
7 “Мас болатындар”. Пауыл Құдайдың қаһарына ұшырайтындарды мас адамдарға теңеген. Ішімдіктің әсерінен санасы тұманданғандықтан, мас адам айналасындағы жайттарды баяу қабылдайды әрі көп ақымақтық жасайды. Тура солай Құдайдың ескертулері де зұлымдардың санасына кірмейді. Олар түбінде жойылуға апаратын жолмен жүреді. Бірақ Киелі кітапта мәсіхшілердің қырағы әрі саналары сергек болу керектігі айтылған (Сал. 1-х. 5:6). Киелі кітапты зерттеуші бір ғалымның айтуынша, санасы сергек адам “сабыр сақтап, байсалды болады, айналасындағы жағдайларды дұрыс бағамдай біледі, сондықтан да дұрыс шешімдер қабылдайды”. Расында да, мына дүниедегі саяси я қоғамдық мәселелерге араласып кетпеу үшін, бізге сабырлы да байсалды болу қажет. Ехобаның күні жақындаған сайын, осындай мәселелерде адамдар бізді өз жағына шығару үшін қысымға ала түседі. Бірақ бізге сондайда не істеймін, не айтамын деп уайымдаудың қажеті жоқ. Өйткені Құдайдың рухы бізге сабыр сақтап, байсалды болуға, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі (Лұқа 12:11, 12).
ЕХОБАНЫҢ КҮНІНЕ ҚАЛАЙ ДАЙЫН БОЛА АЛАМЫЗ?
8. Ояу әрі қырағы жүруге талпындыратын қасиеттер Салоникалықтарға 1-хат 5:8-де не нәрсеге теңелген? (Суретті де қараңыз.)
8 Сауыт пен дулығаны киейік. Елші Пауыл бізді шайқас киімін киіп, сақадай сай тұрған жауынгерге теңеген (Салоникалықтарға 1-хат 5:8 оқыңыз). Жорықтағы жауынгер күннің қай мезгілінде де ұрысқа араласуға дайын тұру керек. Тура солай біз де Ехобаның күніне дайын жүру үшін, сенім мен сүйіспеншілігімізді сауыт қылып, ал үмітімізді дулыға етіп тастамай киіп жүруіміз керек. Бұл қасиеттердің біз үшін маңызы өте зор.
9. Қалай сенім бізді қорғайды?
9 Сауыт жауынгердің жүрегін қорғайтындай, сенім мен сүйіспеншілік біздің бейнелі жүрегімізді сақтайды. Қалай? Бойымызда осы қасиеттер болса, Ехобаға ештеңеге қарамастан қызмет ете береміз әрі Исаның да ізінен таймаймыз. Сенімі бар адам Ехоба “өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретініне” еш күмәнданбайды (Евр. 11:6). Сеніміміз болса, қиыншылықтардан өтуге тура келсе де, Көсеміміз Исаға адалдық сақтап қаламыз. Ешбір қиыншылыққа қайыспайтын сенім дамыту үшін, қуғын-сүргінге я жоқшылыққа қарамастан, мінсіздік сақтап қалған бауырластардан үйренсек болады. Ал дүниеқұмарлықтың тұзағына түсіп қалмас үшін, Патшалықты бірінші орынға қойып, қарапайым өмір сүріп жүрген бауырластардан үлгі алсақ болады b.
10. Құдайды және адамдарды сүйгеніміз табандылықпен уағыздауға қалай көмектеседі?
10 Ояу әрі қырағы жүру үшін бізде сүйіспеншіліктің болғаны да маңызды (Мат. 22:37—39). Құдайды сүйсек, ешқандай қиындықтан қорықпай, табандылықпен уағыздайтын боламыз (Тім. 2-х. 1:7, 8). Бұған қоса, біз Ехобаға қызмет етпейтін адамдарды да сүйеміз. Сондықтан барымызды салып уағыздай береміз, тіпті телефонмен не хат жазу арқылы куәлік ету керек болса да, аумағымызды әрі қарай өңдей береміз. Күндердің күнінде олар ойын өзгертіп, әділ де дұрыс әрекет ете бастайды деп үмітімізді үзбейміз (Езек. 18:27, 28).
11. Бауырластарды жақсы көру әсіресе қандай жағдайларда маңызды? (Салоникалықтарға 1-хат 5:11)
11 Біз бауырластарымызды да сүйеміз, сондықтан “бір-бірімізді жұбатып, нығайтып жүреміз” (Салоникалықтарға 1-хат 5:11 оқыңыз). Бір шепте жүрген жауынгерлер бір-бірінің рухтарын қайрап, демеп отырады. Кейде қиян-кескі шайқаста майдандас жауынгерлер бір-бірін байқамай жаралап қоюы мүмкін. Бірақ олар мұны ешқашан әдейі істемейді. Біз де бауырластарымызды әдейілеп ренжітпейміз, ал өзімізді ренжітсе, өш алуды көздемейміз (Сал. 1-х. 5:13, 15). Бауырластарды сүюге қауымда жетекшілік ететін ер бауырластарды құрметтеу де жатады (Сал. 1-х. 5:12). Елші Пауыл салоникалықтарға хат жазғанда, ондағы қауымның құрылғанына бір жыл да болмаған еді. Демек, онда тағайындалған ер бауырластар әлі тәжірибе жинай қоймаған болар әрі қателіктер жіберіп тұрған шығар. Десе де, олар сый құрметке лайық еді. Біз де қазірден бастап ақсақалдарымызды сүйіп, құрметтеуді үйрене беруіміз керек. Өйткені зор алапат жақындаған сайын бізге басшылықтар көбірек қажет болады. Оның үстіне, Басқарушы кеңестен, филиалдан қол үзіп қалсақ, жергілікті ақсақалдардың бағыт-бағдарына әбден мұқтаж боламыз. Қандай жағдай болмасын, ақсақалдардың қателіктеріне емес, Ехоба бұл адал кісілерді Иса арқылы жетелеп келе жатқанына назар аударайық, сонда қырағылық сақтай аламыз.
12. Үміт ойымызды неден қорғайды?
12 Дулыға жауынгердің басын қорғайтындай, құтқарылуға деген үміт те біздің ой-санамызды қорғайды, яғни дұрыс ойлануға көмектеседі. Үмітіміз мықты болса, мына дүние не ұсынбасын — бәрін түкке тұрғысыз санайтын боламыз (Філіп. 3:8). Үміт бізге сабыр сақтап, сергек ойлануға көмектеседі. Африкада қызмет ететін Уоллес пен Лоринда бауырластардың жағдайында солай болды. Үш-ақ аптаның ішінде олардың біреуі анасынан, біреуі әкесінен айырылып қалды. Сол кезде COVID-19 пандемиясы үдеп тұрғандықтан, екеуі жақындарына барып, қастарында бола алмады. Уоллес бауырлас былай деп жазды: “Қатты қайғырып, мұңайғанда, қайта тірілу үмітін ойласам, жаным тыныштық табады. Мен ата-анамыздың мына дүниеде қиналып өткен ақырғы күндерін емес, жұмақта шат-шадыман болып жүрген алғашқы күндерін елестетуге тырысамын”.
13. Киелі рухқа кенелу үшін не істесек болады?
13 “Рухтың жалынын өшірмеңдер” (Сал. 1-х. 5:19). Елші Пауыл киелі рухты ішімізде жалындап тұрған отқа теңеген. Бізде Құдайдың рухы болса, дұрыс нәрсені істеуге құлшынысымыз жалындап, Ехобаның ісін атқаруға күшіміз тасып тұрады (Рим. 12:11). Ал рухына кенелу үшін не істеген жөн? Оны дұғада Ехобадан сұрасақ болады. Сондай-ақ киелі рухтың жетелеуімен жазылған Сөзін зерттесек және сол рух бағыттаған ұйымның шараларына атсалыссақ болады. Сонда бойымызда “киелі рухтың жемісін” дамыта аламыз (Ғал. 5:22, 23).
14. Құдайдың рухына кенеле беру үшін, неден аулақ болуымыз керек? (Суретті де қараңыз.)
14 Құдай бізге киелі рухын берген соң, оның “жалынын өшіріп” алмағанымыз жөн. Құдай оны ойы да, жүріс-тұрысы да таза адамға беретінін есте ұстайық (Сал. 1-х. 4:7, 8). Ал егер жаман ойларға қайта-қайта беріліп, барып соны істейтін болсақ, Ехоба бізге рухын бермей қояды. Киелі рухтан айырылып қалмау үшін, “пайғамбарлықтарға немкетті қарап” кетпеуіміз де керек (Сал. 1-х. 5:20). Мұндағы “пайғамбарлықтар” деген Ехобаның күні мен осы заманның аяғы жақындап қалғанына байланысты рухтың жетелеуімен берілген хабарларды білдіреді. Біз Армагеддон менің кезімде келе қоймайды деп ойлап, сол күнді ойша алыстатпаймыз. Керісінше, сол күнді есте мықтап ұстап, жақында келіп қалады деп күтеміз, яғни жүріс-тұрысымызды таза сақтаймыз және әр күні “Құдайға шын берілген адамдарға тән” іс-әрекеттер жасаймыз (Пет. 2-х. 3:11, 12).
“БӘРІН ТЕКСЕРІҢДЕР”
15. Жалған ақпарат пен жындардың үгіт-насихатына алданбау үшін не істеуіміз керек? (Салоникалықтарға 1-хат 5:21)
15 Жақын арада Құдайдың жаулары “бейбітшілік пен қауіпсіздікке” жеткендерін айтып жариялайтын болады (Сал. 1-х. 5:3). Жындардан шыққан бұл үгіт-насихат бүкіл жер бетіне тарап, көпшілігін адастырады (Аян 16:13, 14). Бірақ оған алданып қалмау үшін, біз “бәрін тексеріп” алуымыз керек (Салоникалықтарға 1-хат 5:21 оқыңыз). Мұндағы “тексеру” деген грек сөзі алтын, күміс сияқты металдың таза не таза еместігін анықтау жайлы айтқанда қолданылған. Біз де көріп-естіп жатқан мәліметтің шынайылығын тексеріп, ажырата білгеніміз жөн. Салоникалықтардың кезінде бұл ескерту маңызды болса, зор алапат жақындаған уақытта одан да маңызды. Бізге әлемде айтылып жатқандарды ақылмен саралап, оны Киелі кітаппен және Ехобаның ұйымы айтып жатқан сөздермен салыстыру керек. Сол кезде жындардың өтірігіне, үгіт-насихатына еш алданбаймыз (Нақ. с. 14:15; Тім. 1-х. 4:1).
16. Біздің қандай үмітіміз бар және не істеуге белді бекем буамыз?
16 Құдайдың қызметшілері зор алапаттан топ ретінде аман өтетініне еш күмән жоқ. Ал жеке әрқайсысымызды алғанда, бізбен ертең не болатынын білмейміз (Жақ. 4:14). Бірақ адал болып қалсақ, зор алапаттан тірідей өтсек те, не оған дейін қайтыс болып кетсек те, Ехоба бізге мәңгі өмір сыйлайды. Майланғандар Мәсіхпен бірге көкте болады. Ал басқа қойлар жерде жұмақта өмір сүреді. Барлығымыз сол керемет болашақтан көз тайдырмай, Ехобаның күніне дайын жүрейік!
150-ӘН Құтқарылу үшін Құдайды іздейік
a Салоникалықтарға 1-хат 5-тарауда келешекте келетін Ехобаның күніне қатысты түрлі мысалдар мен теңеулер бар. Ал “Ехобаның күні” деген қандай күн? Ол қалай келеді? Ол күні кім құтқарылып, кім жойылады? Оған дайын болу үшін не істеу керек? Елші Пауылдың сөздерін қарастыра отырып, осы сұрақтарға жауап алайық.
b “Олар дайындық рухын танытты” деген мақалалар топтамасын қараңыз.