Оқырман сауалдары
Иса туылғаннан кейін, неліктен Жүсіп пен Мәриям Назареттегі үйлеріне қайтпай, Бетлехемде қалып қойды?
▪ Жауабы Киелі кітапта нақты айтылмаған. Бірақ кейбір мәліметтерге қарап, неліктен олардың Яһудеядағы Бетлехемде қалып қойғанын жобалап түсінуге болады.
Мәриямға періште келіп, оның жүкті болып, дүниеге ұл бала әкелетінін айтқанда, Жүсіп те, Мәриям да Ғалилеяның Назарет қаласында тұрып жатқан болатын (Лұқа 1:26—31; 2:4). Кейін Мысырдан қайтып келгенде де, олар Назаретке оралған. Иса сол қалада ер жетіп, назареттік деп аталып кетті (Мат. 2:19—23). Міне, сондықтан Жүсіп, Мәриям мен Исаның аты аталғанда, ойымызға Назарет қаласы келеді.
Мәриямның Елізабет деген туысы Яһудея аймағында тұрған. Ол Зәкәрия есімді діни қызметкердің әйелі болған әрі кейін шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияны дүниеге әкелген (Лұқа 1:5, 9, 13, 36). Мәриям оның үйіне барып, сонда үш айдай жүреді де, кейін Назаретке қайтып кетеді (Лұқа 1:39, 40, 56). Сол кезде Мәриям Яһудея аймағын біраз танып-біліп қалса керек.
Бұдан біраз уақыт өткен соң римдіктер “әркім тізімге тіркелсін” деген жарлық шығарады. Жүсіп бағынып, Назарет қаласынан “Дәуіттің қаласы Бетлехемге” — пайғамбарлық бойынша, Мәсіхтің туылу керек қаласына — жол тартады (Лұқа 2:3, 4; Сам. 1-ж. 17:15; 20:6; Миха 5:2). Сол жақта Иса туылады. Жүсіп кеше ғана аяқ-қолын бауырына алған Мәриямға жаңа туған сәбиімен сонау Назаретке қайту қиын болатынын ескеріп, сонда қалып қойса керек. Бетлехемде қалғандарының тағы бір жақсы жері — ол ғибадатхана орналасқан Иерусалим қаласынан алыс емес еді (арасы шамамен 9 шақырым). Сондықтан да сәбиді Иерусалимге әкеліп, Заңға сай құрбандық ұсыну үшін алыс жол жүру керек емес-тін (Мұс. 3-ж. 12:2, 6—8; Лұқа 2:22—24).
Құдайдың періштесі Мәриямға келген кезде, оның ұлы “Дәуіттің тағына” отыратынын әрі “Патша ретінде билік ететінін” айтып кеткен болатын. Сондықтан Жүсіп пен Мәриям Исаның Дәуіттің қаласында туылғаны жайдан-жай емес деп ойлаған шығар (Лұқа 1:32, 33; 2:11, 17). Олар “Құдай бізге тағы не айтар екен, соны білу үшін Бетлехемде қала тұрайық” деп шешкен болуы мүмкін.
Жұлдызжорамалшылар келгенде, Жүсіп, Мәриям, Иса үшеуінің Бетлехемде тұрып жатқанына қанша уақыт болғанын біз нақты айта алмаймыз. Бірақ сол кезде олардың үйлері болған (Мат. 2:11). Демек, олар Назаретке қайтпай, Бетлехемде біраз тұрақтап қалса керек.
Ирод патша Бетлехемдегі “екі жас пен оған дейінгі ұл балалардың бәрін өлтіруді” бұйырады (Мат. 2:16). Бірақ Құдай алдын ала ескерткендіктен, Жүсіп отбасын алып Мысырға қарай қашып кетеді. Сөйтіп, онда Ирод патша қайтыс болғанша тұрады. Ал Ирод өлген соң, олар Назаретке барады. Неге олар Бетлехемге қайтпады? Өйткені Яһудея жерінде Иродтың зұлым ұлы Архелай билік етіп жатты. Сондай-ақ ол жерге бару қауіпті екенін Құдай да ескертті. Ал Назаретте Жүсіп Исаны аман-есен өсіріп, Құдайдың қызметшісі етіп тәрбиелей алар еді (Мат. 2:19—22; 13:55; Лұқа 2:39, 52).
Жүсіп Исаның көктегі өмірге жол ашқанына дейін көз жұмған көрінеді. Демек, ол жер бетінде өмір сүру үшін тіріледі. Сол кезде одан Иса туылғаннан кейін, неге Мәриям екеуі Бетлехемде қалып қойғанын сұрап, нақтырақ біле аламыз.