Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Қызметім тосын сыйға да, өмірлік сабаққа да толы болды

Қызметім тосын сыйға да, өмірлік сабаққа да толы болды

БАЛА кезімде төбемнен ұшып бара жатқан ұшақты көргенде, мен де мүлдем басқа бір елге барсам ғой деп ойлайтынмын. Бірақ ол орындалмас армандай көрінуші еді.

Ата-анам Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Эстонияны тастап, Германияға көшіп келген. Мен сол жерде туылдым. Сол кезде олар Канадаға кетеміз деп шешіп, үшеуіміз Оттава қаласына көшіп келдік. Кедей тұрғанымыз сонша — тауықхананың әктелген бір бұрышын паналап, өмір сүрдік. Басқа тамақ болмаса да, әйтеуір таңғы асқа жұмыртқа табылатын.

Бір күні анама Ехоба куәгерлері келіп, Аян 21:3, 4-ті оқып берді. Сонда анам қуанғанынан жылап жіберді. Ата-анам рухани тез-ақ өсіп, көп ұзамай-ақ шомылдыру рәсімінен өтті.

Ағылшын тілін жақсы білмесе де, ата-анам Ехобаға құлшына қызмет ететін. Әкем Онтарио провинциясының Садбери қаласындағы никель балқыту зауытында істейтін. Ол түнімен жұмыс істеп шықса да, әр сенбі сайын қарындасым Сильвия екеуімізді қызметке алып шығатын. “Күзет мұнарасын” апта сайын бүкіл отбасымызбен зерттейтінбіз. Осылай әке-шешем жүрегіме Ехобаға деген сүйіспеншілік ұялатты. Содан 1956 жылы он жасымда өзімді Ехобаға бағыштадым. Ехобаға өмір бойы талмай қызмет етуге қозғау болған — ата-анамның Ехобаны бар жанымен сүйгендері деп сеніммен айта аламын.

Мектепті бітірген соң, басқа нәрсеге алаңдап кеткен кезім болды. Ізашарлықты бастасам, көп ақша тауып, ұшақпен әлемді шарлаймын деген арманыма жете алмай қаламын ба деп қорықтым. Содан бір жергілікті радиостанцияға жұмысқа тұрып, диджей болып істедім. Жұмысым өзіме қатты ұнап кетті. Кешкі уақытта жұмыс істегендіктен, қауымнан қалып жүрдім. Оның үстіне, Құдайды сүймейтін адамдармен араласа бастадым. Бірақ Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданым менің есімді жиғызды.

Мен Ошава қаласына көшіп бардым. Ол жерде Рэй Норман, оның қарындасы Лесли және басқа да ізашарлармен таныстым. Олар мені құшақ жая қарсы алды. Олардың бақытты болып жүргендеріне қарап, өз өмірім жайлы ойлана бастадым. Олар мені ізашар болуға талпындырды. Сөйтіп, 1966 жылы қыркүйек айында ізашарлықты бастап, қуанышпен қызмет етіп жүрдім. Бірақ алда өмірім аяқастынан өзгеріп кететінін кім білген.

ДӘМІН ТАТПАЙ, ЖОҚ ДЕМЕ

Жоғары сыныпта оқып жүргенімде, Торонтодағы Бетелге өтініш толтырған болатынмын. Ал кейін ізашар болып жүргенімде, мені Бетелде төрт жыл қызмет етуге шақырды. Маған шешім қабылдау қиын болды, өйткені Леслиді қатты ұнатып қалған едім. Бетелге кетсем, оны сол бойы көрмей кетемін ғой деп уайымдадым. Ехобаға ұзағынан жалбарынып дұға еткен соң, Бетелге баруды шешіп, қимасым Леслимен қоштасуға тура келді.

Мен Бетелдің кір жуатын бөлімінде істедім, ал кейін хатшы болдым. Лесли болса Квебек провинциясының Гатино қаласына арнайы ізашар болып тағайындалды. Оны жиі есіме алып, ол не істеп жүр екен, мен осы дұрыс шешім қабылдадым ба деп ойланатынмын. Бірақ бір күні төбемді көкке жеткізген тосын сый болды. Леслидің ағасы Рэй Бетелге шақырылып, менімен бірге тұратын болды! Осының арқасында Лесли екеуіміздің достығымыз қайта жалғасты. Сөйтіп, 1971 жылдың 27 ақпанында екеуіміз үйлендік. Бұл күн Бетелдегі төрт жылдық қызметімнің соңғы күні еді.

1975 жылы аудандық қызметке кіріскен кезіміз

Үйленген соң Лесли екеуіміз Квебектегі француз тілді қауымға тағайындалдық. Бірнеше жыл өте маған аудандық бақылаушы болуды ұсынды. Сол кезде таңғалып қалдым, өйткені небәрі жиырма сегіздемін ғой, тым жас емеспін бе, тәжірибем де жеткіліксіз деп ойладым. Сол кезде бойыма жігер құйған тармақ Еремия 1:7, 8 болды. Ал Леслиге келсек, бірнеше рет жол апатына ұшырағандықтан, оның түн ұйқысы нашар болатын. Осыны да ойлағандықтан, аудандық қызметті атқара аламыз ба деп уайымдадық. Бірақ Лесли: “Ехобаның өзі бізге айтып тұрса, оны неге істеп көрмеске?”— деді. Сөйтіп, бұл қызметтің дәмін татып, ақыры оны 17 жыл бойы атқардық.

Аудандық қызметте уақытым тығыз болғандықтан, Леслиге көңіл бөлмей қалатынмын. Бірақ бір жағдай маған жақсы сабақ болды. Дүйсенбі күні таңертең есіктің қоңырауы шырылдады. Қарасам, біреу себет қалдырып кетіпті. Ішіне дастарқан, жеміс-жидек, нан, ірімшік, бір бөтелке шарап пен бокалдар салып қойыпты. Бір жапырақ қағазға “әйеліңді табиғатқа алып шық” деп жазыпты. Сол күні ауа райы жайма шуақ, тамаша болып тұрды. Бірақ мен Леслиге: “Бара алмаймын, баяндама дайындауым керек”,— дедім. Ол келіссе де, сәл мұңайып қалғандай болды. Үстеліме жайғасқан соң, ар-ұжданым мазалай бастады. Ефестіктерге 5:25, 28 тармақтар жайлы ойландым. Ехоба маған “жарыңның көңіліне қарап, сезімдерін ескер” деп жатқандай болды. Сөйтіп, дұға етіп алып, Леслиге: “Кеттік”,— дедім. Ол қатты қуанып кетті. Екеуіміз өзеннің бойындағы әдемі бір жерге барып, дастарқан жайып, керемет уақыт өткіздік. Артынан баяндамамды да дайындап үлгердім.

Біздің аудандық қызметіміз өте қызықты болды. Канаданың о шетінен бұ шетіне дейін, сонау Британ Колумбиясынан Ньюфаундлендке дейін өте көп аудандарды араладық. Осылай бала кезімдегі саяхаттаймын деген арманым жүзеге асты. Ғалақат мектебіне барғым-ақ келді, бірақ шет елде миссионер болып қызмет еткім келмейтін. Миссионер болып екінің бірі емес, тек ерекше адамдар тағайындалады, ал мен оған лайықсызбын деп ойлайтынмын. Оның үстіне, соғыс болып жатқан немесе індет жайлаған Африкадағы бір елге тағайындап жіберсе ше деп қорықтым. Ал Канадада атқарып жүрген қызметім өзіме ұнайтын.

КҮТПЕГЕН ЖЕРДЕН ЭСТОНИЯ МЕН БАЛТЫҚ ЕЛДЕРІНЕ ТАҒАЙЫНДАЛУЫМ

Балтық елдерін аралау

1992 жылы КСРО-ның құрамында болған елдерге уағыздаудың жолдары ашыла бастады. Сол кезде бауырластар бізге: “Эстонияға көшіп барып, миссионер ретінде қызмет етуге қалай қарайсыңдар?”— деді. Басында біз аң-таң болып абдырап қалдық та, кейін дұға еттік. Біз қайтадан: “Ехоба ұсынып тұрса, неге дәмін татып көрмеске?”— деп ойладық. Әйтеуір Африка емес қой деп қуандым мен. Сөйтіп, біз келістік.

Біз бірден эстон тілін үйренуге кірістік. Сол жақта жүргенімізге екі ай болғанда бауырластар бізден аудандық қызметті атқаруды өтінді. Біздің аумағымызға Балтық елдері мен Ресейдің Калининград өңірі қарайтын. Онда барлығы 46 қауым мен топтар бар еді. Сондықтан бізге эстон тілінен бөлек, латыш, литва және орыс тілін үйрену керек болды. Бұл қиын болды, әрине. Бірақ бауырластар біздің тырысып жатқанымызға риза болып, көмектерін еш аямайтын. 1999 жылы Эстонияда филиал ашылып, мені сонда филиал комитетіне тағайындады. Комитетте Томас Эдур, Лембит Райли және Томми Кауко бауырластармен қызмет еттім.

Сол жақта: Литвадағы конгресте баяндама айтып тұрмын

Оң жақта: Эстонияның 1999 жылы құрылған филиал комитеті

Біз кезінде Сібірге айдалған көптеген бауырласпен таныстық. Бір таңғалғанымыз, отбасынан ажыратып әкетіп, түрмеде қанша қорлық көрсетсе де, олар ызаланып, өшігіп кетпепті. Құлшыныстары мен қуаныштары еш ортаймай, табандылықпен қызмет етіп жүрді. Оларға қарап, қиын жағдайда да табандылықпен әрі қуанышпен қызмет ете алатынымызды түсіндік.

Біз соншама жылдар бойы талмай қызмет етіп, аз демалғандықтан, Лесли қатты шаршай бастады. Ол фибромиалгия деген аурудың салдарынан осылай шаршап жүргенін біз кейін білдік. Бізге енді Канадаға қайту керек деп ойлап жүрдік. Паттерсон қаласындағы комитет мүшелеріне арналған мектепке шақырылғанда, біз бара алмаймыз-ау деп ойладым. Бірақ ынты-шынтымызбен бірнеше рет дұға еткен соң, біз барамыз деп шештік. Ехоба бұған батасын берді. Өйткені мектепте оқып жүрген уақытта Лесли дәрігерге көрініп, емделіп алды. Кейін күн тәртібіміздегі қалыпты істерімізге оралып, қызметімізді жалғастыра алдық.

ЖАҢА ҚҰРЛЫҚ

Эстонияда жүргенімізде, 2008 жылдың бір кешінде, маған дүниежүзілік бас басқармадан қоңырау шалды. Олар бізді Конго еліне тағайындамақшы екен. Мен не айтарымды білмей таңғалып қалдым. Оның үстіне, жауабын ертеңнен қалдырмай беру керек екен. Басында Леслиге бұны айтқым келмеді. Әйтпесе ол түні бойы көз ілмей шығар еді. Африка жайлы түнімен дұға етіп шыққандықтан, көз ілмеген адам мен болдым.

Келесі күні Лесли екеуіміз сөйлесіп, былай ой жүгірттік: “Ехоба бізді енді Африкаға шақырып жатыр. Ол жерде қызмет етіп көрмесек, бұл біздің қолымыздан келе ме, келмей ме, бізге ұнай ма, ұнамай ма — қайдан білеміз?!” Сөйтіп, 16 жыл қызмет еткен Эстониядан шығып, Конгоның Киншаса қаласына ұшып кеттік. Конгоның Бетелі әсем бағы мен көгалы бар, тыныш жерде орналасқан екен. Бөлмемізге кіре сала, Лесли сонау Канададан кеткелі бері сақтап жүрген ашықхатты шығарып қойды. Онда “қай жерге барсаң да, тастай батып, судай сің” деп жазылған еді. Жергілікті бауырластармен танысып, зерттеу сабақтарын өткізіп, миссионерлік қызметтің дәмін татқанда, біздің қуанышымыз еселене түсті. Біраз уақыт өте келе біз керемет мәртебеге ие болып, Африканың 13 еліндегі филиалдарға сапармен бардық. Сол кезде керемет бауырластармен танысып, олардың сан алуандығына тамсандық. Менің бастапқыдағы қорыққандарымның бәрі ұмытылып, әйелім екеуіміз Африкада қызмет етіп жүргенімізге Ехобаға мың алғыс айттық.

Конгода бізге таңсық болған түрлі тағамдарды көрдік. Олар тіпті шыбын-шіркейді де жейді екен. Біз оны ешқашан аузымызға алмайтын шығармыз деп ойладық. Бірақ бауырластардың сүйсініп жегенін көргенде, дәмін татып көріп едік, бізге ұнап қалды.

Бір кездері Конгоның шығыс жағында партизан топтар ауылдарға шабуыл жасап, әйелдер мен балаларға жәбір көрсете бастады. Біз сол жерге рухани әрі гуманитарлық көмек көрсетуге бардық. Бауырластардың басым көпшілігі өте кедей тұрады екен. Соған қарамастан олардың қайта тірілуге деген үміттері, Ехобаға деген сүйіспеншіліктері берік еді. Осыны және ұйымға деген адалдықтарын көргенде, жүрегіміз қатты елжіреп кетті. Оларға қарап, өзіміздің сенімімізді де бір тексеріп, нығайтуға сабақ алдық. Кейбір бауырластар болса үйінен, азықтың көзі болып отырған бау-бақшасынан айырылып қалды. Сонда мен дүние-мүліктің бір сәтте-ақ жоқ болып кететінін және рухани байлыққа ұмтылудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Қатты қиналып жүрсе де, бауырластар наразылық білдіре бермейтін. Олардың осындай көзқарасын үлгі тұтып, біз де денсаулық мәселесі болсын, басқа да қиындықтар болсын — бәріне тайсалмай төтеп беруді үйрендік.

Сол жақта: Босқындарға баяндама айтып отырмын

Оң жақта: Конгоның Дунгу қаласына гуманитарлық көмек пен дәрі-дәрмек жеткізу

АЗИЯНЫҢ ДӘМІН ТАТУ

Тосын сыйлар бұнымен біткен жоқ, әрине. Бұл жолы бауырластар бізден Гонконгтағы филиалға көшуді сұрады. Азияда тұру үш ұйықтасақ та түсімізге кірмепті! Бірақ бұған дейін Ехобаның қамқорлығына талай рет куә болғандықтан, біз келісе кеттік. Содан 2013 жылы аяулы достарымызбен және Африканың сұлулығымен қимай қоштасып, алда не күтіп тұрғанын білмесек те, Азияға жол тарттық.

Бізге халқы ығы-жығы, жердің түкпір-түкпірінен келген адамдар тұратын Гонконг қаласына үйрену қажет болды. Қытай тілін үйрену де оңай болған жоқ. Бірақ жергілікті тағамдар бізге ұнады әрі бауырластар да бізді жылы қарсы алды. Мұндағы Патшалық ісі қарқын алғандықтан, филиалдың аумағын кеңейту қажет болды. Бірақ ол кезде жылжымайтын мүліктің бағасы шарықтап тұрған еді. Содан Басқарушы кеңес мынадай бір жақсы шешімге келді: олар Гонконгтағы филиалдың көп бөлігін сатып жіберді де, ондағы кейбір жұмыстардың басқа жақта атқарылуын ойластырды. Содан 2015 жылы біз Оңтүстік Кореяға тағайындалдық. Қазіргі күні де сол жақта қызмет етіп жүрміз. Мұнда біз үшін тағы бір үлкен белес — корей тілін үйрену. Онша жақсы сөйлемесек те, бауырластар тілді меңгеріп келе жатқанымызды айтып, рухымызды көтеріп қояды.

Сол жақта: Гонконгта жаңа өмір бастау

Оң жақта: Оңтүстік Кореядағы филиал

АЛҒАН САБАҚТАРЫМ

Әрине, мүлдем танымайтын адамдармен бірден достасып кету оңай емес. Бірақ өзіміз ниет білдіріп, оларды қонаққа шақырсақ, жақыннан танып білуге болады. Тағы байқағанымыз, бауырластар әртүрлі болса да, негізінен, барлығымыз ұқсас екенбіз. Ехобаның бізге дарытқан қабілетіне — жүрегімізді айқара ашып, оған соншама көп достарды сыйғыза алатынымызға таңғалдық (Қор. 2-х. 6:11).

Біз адамдарға Ехоба сияқты қарап, оларды қалай бар, солай қабылдауды үйрендік. Ехобаның сүйіспеншілігін, беріп отырған бағыт-бағдарын байқай білу керектігін де түсіндік. Жабырқағанда, я болмаса бауырластар бізді өз орталарына қабылдады ма екен деп уайымдағанда, достарымыздың жазған жылы сөздері мен хаттарын оқып тұратынбыз. Біз Ехобаның дұғамызға берген жауабына талай рет куә болдық. Ол бізді сүйетінін дәйім дәлелдеп, күш беріп, демеп келеді.

Осыншама жылдар бойы Леслимен түсінгеніміз, тірлік бастан асса да, бір-бірімізге әрдайым уақыт табу керек екен. Сондай-ақ қателескенде, әсіресе жаңа тіл үйренгенде, өз-өзіңізге күле білу керек екен. Тағы, Лесли екеуіміз күнде кешке Ехобаға не үшін рақмет айтқымыз келетінін ойлануды әдетке айналдырдық.

Шынымды айтсам, мен ешқашан миссионер болып, шет елде тұра алмайтын шығармын деп ойлағанмын. Бірақ Ехобаның көмегімен барлығы да мүмкін екен. Осы ретте Еремия сияқты “сен мені алдадың, уа, Ехоба” дегім келеді (Ерм. 20:7). Ехоба бізге көптеген тосын сый жасап, ойламаған баталарға кенелтті. Тіпті ұшақпен ұшамын деген арманыма дейін орындады. Бес түрлі құрлықтағы Бетелдерге сапармен барып, осыншама елде болу менің бала күнгі қиялымда да болмады. Қандай қызмет тапсырмасын, мені әрқашан қолдауға дайын болған жан жарым Леслиге алғысым шексіз.

Біз не істемейік, оны кім үшін және не үшін істеп жатқанымызды әрдайым есте ұстаймыз. Бүгінгі баталар келешектегі мәңгілік өмірдің бергі жағы ғана. Ол кезде Ехоба “алақанын ашып, барша тіршілік иелерінің қажетін береді” (Зәб. 145:16).