28-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Құдайдан қорқып, соның игілігін көре беріңіз
“Тура жолмен жүрген адам Ехобадан қорқады” (НАҚ. С. 14:2).
122-ӘН Берік те мығым бол!
АҢДАТПА a
1, 2. Біздің жағдайымыз қай жағынан Лұттікіне ұқсас?
БҮГІНДЕ мына дүниедегі адамдар азғынданып, моральдық нормалары төмендеп кеткенін көргенде, біз де Лұт сияқты күй кешеміз. Ол “бұзық адамдардың өрескел қылықтарға беріліп кеткендеріне қатты қиналған”, өйткені Ехоба бұндай жаман істерді жек көретінін білген (Пет. 2-х. 2:7, 8). Лұт Ехобадан қорқып, оны сүйгендіктен, айналасындағы адамдардың ырқына еш берілмеген. Біз де Ехобаның моральдық нормаларына немкетті қарайтын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Алайда Құдайды сүйіп, оны қастерлеуді үйрене берсек, өзімізді таза сақтап, тура жолдан айнымаймыз (Нақ. с. 14:2).
2 Осы орайда Ехоба Нақыл сөздер кітабы арқылы бізді даналыққа шақырады. Ондағы ақыл-кеңестердің үлкен-кішімізге де, ерлер мен әйелдерге де пайдасы зор.
ҚҰДАЙДАН ҚОРҚУ — ӨЗІҢІЗГЕ ҚОРҒАНЫШ
3. Нақыл сөздер 17:3-ке сай, неліктен жүрегімізді сақтау керек? (Суретті де қараңыз.)
3 Бейнелі жүрегімізді жаман ықпалдан сақтау керектігінің бірден-бір себебі — Ехоба оны сынап-тексереді, яғни сырт көзге көріне бермейтін шынайы келбетімізді, ішкі дүниемізді көреді (Нақыл сөздер 17:3 оқыңыз). Егер ой-санамызға мәңгілік өмірге жетелейтін даналықты сіңіріп жатқанымызды көрсе, ол қуанады (Жох. 4:14). Санамыз Ехобаның даналығына толып тұрса, оған Шайтан мен оның дүниесінің моральдық және рухани жағынан аздыратын ойлары кіре алмайды (Жох. 1-х. 5:18, 19). Ехобаға жақындаған сайын, оны одан сайын қастерлеп, қаттырақ сүйетін боламыз. Оның жүрегін ауыртқымыз келмегендіктен, күнә жасамақ түгілі, ондай ойдың өзінен тітіркенетін боламыз. Ал бұрыс қылыққа азғырылғанда, мейірімі мен махаббатын үйіп-төккен Әкемді қалайша ренжітпекпін деп ойланамыз (Жох. 1-х. 4:9, 10).
4. Құдайдан қорыққаны бір әйел бауырласты күнәдан қалай сақтап қалды?
4 Хорватияда тұратын Марта есімді әйел бауырлас некесіз жыныстық қатынасқа түсуге азғырылған екен b. “Сол кезде санам тұманданып, дұрыс ойлана алмай қалдым. Күнәнің бір сәттік ләззатына батуға қатты азғырылдым. Бірақ Құдайдан қорыққаным мені тоқтатты”,— дейді ол. Құдайдан қорқу қасиеті Мартаны қалай сақтап қалды? Ол азғындықтың неге әкеп соқтыратынын ойлады. Азғырылғанда, біз де оның салдарын ойлайық. Ехобаның жүрегін ауыртсақ әрі оған мәңгі қызмет етуге лайықсыз болып қалсақ, бұдан өткен өкінішті нәрсе болмас еді (Мұс. 1-ж. 6:5, 6).
5. Лео бауырластан қандай сабақ аламыз?
5 Ехобадан қорықсақ, жаман ортадан да аулақ боламыз. Конгода тұратын Лео бауырлас бұны шекесіне тиіп барып түсінді. Шомылдыру рәсімінен өткен соң төрт жылдан кейін ол жаман ортамен араласа бастады. “Ең бастысы, олардың істегенін істемесем болды, Ехобаға қарсы күнә жасап жатқан жоқпын ғой”,— деп ойлады Лео. Ақыры соларға еріп көп ішімдік ішіп, қалай азғындыққа барып қойғанын білмей қалды. Кейін ол кезінде мәсіхші ата-анасы үйреткен нәрселерді есіне түсірді. “Ехобаға қызмет еткен кезімде қандай бақытты едім!”— деп ойлана келе, Лео есін жиды. Ақсақалдар оған Ехобаға қайта оралуға көмектесті. Бүгінде ол ақсақал әрі арнайы ізашар болып қуана қызмет етіп жүр.
6. Қазір қандай екі әйел жайлы сөз қозғаймыз?
6 Бұл дүниенің бар есіл-дерті порнографияға және заңсыз төсек қатынасына ауған (Ефес. 4:19). Сондықтан ер не әйел болайық, бәрімізге Құдай алдындағы қорқыныш сезімімізді ұштап, жамандықтан аулақ жүру өте маңызды (Нақ. с. 16:6). Бұл орайда Нақыл сөздер 9-тараудағы ойлардың көмегі зор. Онда даналық пен ақымақтық екі әйел бейнесінде сипатталған (Римдіктерге 5:14; Ғалаттықтарға 4:24 салыстырыңыз). Бұл екі әйел де тәжірибесіздерді өздеріне шақырып, “үйіме кіріп, дастарқанымнан ауыз ти” дейді (Нақ. с. 9:1, 5, 6, 13, 16, 17). Бірақ екеуіне барған адамдардың тағдыры екі түрлі аяқталады.
“АҚЫМАҚ ӘЙЕЛ” ШАҚЫРҒАНДА БАРМАҢЫЗ
7. Нақыл сөздер 9:13—18 тармақтарға сай, ақымақ әйелдің шақыруын қабылдағандардың ақыры не болады? (Суретті де қараңыз.)
7 Алдымен, “ақымақ әйелдің” не істейтінін көрейік (Нақыл сөздер 9:13—18 оқыңыз). Ол еш ұялмай, парықсыздарды үйіне кіріп, ішіп-жеуге шақырады. Оған барғандардың ақыры не болады? “Әйелдің қонақтары көр түбіне түседі”. Осыған ұқсас бейнелі сөздер Нақыл сөздер кітабының басқа да тарауларында кездеседі. Мысалы, 2-тарау “бұзылған”, “азғын” әйелдің “үйі өлімге апарады” деп ескертеді (Нақ. с. 2:11—19). Ал Нақыл сөздер 5:3—10 тармақтар “аяғы өлімге апаратын” тағы бір “бұзылған әйелден” сақтандырады.
8. Бізде қандай таңдау бар?
8 “Ақымақ әйел” шақырғанда, адам оған бара ма, жоқ па — соны шешуі керек. Бізде де таңдау алдында тұратын жағдайлар болады. Мысалы, біреу сізді азғындыққа еліктірсе немесе газет-журналдан я интернеттен ұятсыз бейне шыға келсе, не істейсіз?
9, 10. Неге жыныстық азғындықтан аулақ болған жөн?
9 Біз жыныстық азғындықтан оттан қашқандай қашуымыз керек. Қазір не үшін екенін қарастырайық. Киелі кітапта ерлі-зайыптылар арасындағы төсек қатынасы шөліңді қандыратын суға теңелген (Нақ. с. 5:15—18). Заңды некеде рұқсат етілген бұндай қатынас оларға ләззат әкеледі. Ал “ақымақ әйел” болса: “Ұрлап ішкен су тәтті”,— дейді. “Ұрлап ішкен су” заңсыз, некесіз жыныстық қатынасқа нұсқауы мүмкін. Бұндай қатынасқа баратындар азғындықты тура ұрылар сияқты жасырын жасайды. Күнәларын басқаларға білдіртпей істеп жүргендіктен, бұл “су” оларға тәтті болып көрінеді. Бірақ олар өз-өздерін алдап жүр, өйткені Ехоба бәрін көріп тұр. Бұндай судың тәтті ештеңесі жоқ, керісінше, салдары удай ащы, өйткені олар Ехобаның ықыласынан айырылды (Қор. 1-х. 6:9, 10).
10 Ол — ол ма, жыныстық азғындықтың басқа да ащы салдары көп: ар-ұжданның мазалауы, өзін түкке тұрғысыз сезіну, қалаусыз жүктілік, отбасылардың ойран болуы. Адам рухани өлумен қатар, жыныстық жолмен берілетін қауіпті аурулардың кесірінен жасына келмей өліп кетуі мүмкін (Нақ. с. 7:23, 26). Нақыл сөздер 9:18-де: “Әйелдің қонақтары көр түбіне түскен”,— делінген. Сондықтан ақымақ әйелдің тамағын ішпек түгілі, үйінің маңына да жоламаған жөн. Бірақ сонда да оның шақыруын қабылдап жатқандар өте көп. Бұның себебі неде? (Нақ. с. 9:13—18).
11. Неге порнография көрудің әсері жойқын деуге болады?
11 Ақымақ әйелге апаратын бірден-бір нәрсе — порнография. Бүгінде көп адам соның құрығына түскен. Олар ұятсыз бейнелерді көргенде тұрған ештеңе жоқ деп ойлайды. Бірақ ол адамды әбден бұзады, өз-өзіне деген қадір-қасиетінен айырады және тәуелділік тудырады. Ондай бейнелердің санаңа таңбаланып қалатыны сонша — кейін оның өшуі өте қиын. Бұған қоса, ол жаман қалауымызды өлтірмейді, қайта, өршітіп жібереді (Қол. 3:5; Жақ. 1:14, 15). Порнография көретіндердің көбісі түбінде жыныстық азғындық жасап тынады.
12. Жыныстық құмарлықты өршітетін бейнелер шыға келгенде, дұрыс әрекет ету үшін не істеу керек?
12 Құрылғымыздың экранынан ұятсыз сурет шыға келсе, не істегеніміз жөн? Одан бірден көзімізді алып, ондай суретті жауып тастау керек. Сондайда өмірімізде ең қымбат нәрсені — Ехобамен қарым-қатынасымызды — ойға алсақ, одан ойланбай бас тартамыз. Кейбір суреттер порнографияға жатпағанмен, адамның жыныстық құмарлығын өршітуі мүмкін. Неге солардан да аулақ болғанымыз дұрыс? Өйткені оларды көру — ойымызда азғындық жасауға апаратын алғашқы қадам (Мат. 5:28, 29). Тайландта тұратын Дэйвид есімді ақсақал былай дейді: “Порнография емес қой деп, суретке қарап тұра бергенім Ехобаға ұнай ма деп ойланамын. Бұл маған дұрыс әрекет етуге көмектеседі”.
13. Даналықпен әрекет етуге не көмектеседі?
13 Ехобаға ұнамсыз болып қалудан қорықсақ, даналықпен әрекет етеміз. Киелі кітапта: “Даналықтың бастауы — Ехобадан қорқу”,— делінген (Нақ. с. 9:10). Нақыл сөздер 9-тараудың бас жағында “нағыз даналықты” бейнелейтін тағы бір әйел туралы жазылған. Қазір сол жайында қарастырайық.
“НАҒЫЗ ДАНАЛЫҚҚА” ҚҰЛАҚ АСЫҢЫЗ
14. Нақыл сөздер 9:1—6 тармақтарда тағы қандай шақыру жайлы айтылған?
14 Нақыл сөздер 9:1—6 оқыңыз. Мұнда нағыз даналықтың Қайнары, асқан дана Жаратушымыздың шақыруы жазылған (Нақ. с. 2:6; Рим. 16:27). Сондай-ақ бұл тармақтарда жеті бағанасы бар үлкен үй жайлы айтылады. Бұл нені білдіреді? Бұл Ехобаның көңілінің дарқандығын және оның даналығынан сусындаймын деген әрбір адамға есігі айқара ашық екенін білдіреді.
15. Құдай бізді не істеуге шақырады?
15 Нақыл сөздер 9-тараудағы “нағыз даналықты” бейнелейтін әйелден Ехобаның жомарт, ешбір жақсылықты аямайтын, қамқор Құдай екенін көреміз. Онда бейнелі әйелдің еттен тамақ дайындап, шарабының дәмін келтіріп, мол дастарқан жайып қойғаны айтылған (Нақ. с. 9:2). Сосын, 4, 5-тармақтарда айтылғандай, ол парықсыз адамға: “Келіп, нанымнан же”,— дейді. Неге біз оған құлақ асып, тамағын жеуіміз керек? Өйткені Ехоба балалары ақылмен әрекет етіп, аман жүрсе екен дейді. Ол басымызды тауға да, тасқа да соғып, өмірден таяқ жегенімізді қаламайды. Сондықтан ол әділ адамға арнап “даналық сақтайды” (Нақ. с. 2:7). Ехобаның алдында дұрыс қорқынышымыз болса, оған ұнамды болуды ойлап тұрамыз. Оның даналыққа толы ақыл-кеңесін тыңдап, өмірде қолдануға асығамыз (Жақ. 1:25).
16. Құдайдан қорыққандықтан Ален қалай әрекет етті және бұл басқаларға қалай әсер етті?
16 Ален есімді бір ақсақал Құдайдан қорыққандықтан даналықпен әрекет еткен. Ол мектепте мұғалім болып істейді. Оның айтуынша, әріптестерінің көбісі порнографиялық фильмдерге жай жыныстық сауат ашу деп қарайды екен. Бірақ Ален бұған алданбады. “Мен Құдайдан қорқамын, сондықтан бұндай фильмдерден үзілді-кесілді бас тарттым. Әріптестеріме де не үшін көрмейтінімді түсіндіріп бердім”,— дейді ол. Осылай Ален “нағыз даналыққа” құлақ асып, “түсінік сыйлайтын жолмен алға жүре” берді (Нақ. с. 9:6). Кейбір әріптестері оның берік ұстанымына тәнті болып, Киелі кітапты зерттеуге келісті және қауымға бара бастады.
17, 18. “Нағыз даналыққа” құлақ асқандар қандай баталарға кенеліп жатыр, ал болашақта оларды не күтіп тұр? (Суретті де қараңыз.)
17 Біреуі өрге сүйрейтін, біреуі көрге сүйрейтін екі әйелдің мысалымен Ехоба бізге қай жолмен жүру керектігін көрсетеді. Айғайлап шақырған “ақымақ әйелге” баратындар өзгелерден жасырынып, “тәтті” ләззатқа батуды ғана ойлайды. Ал келешектері қаперіне де кіріп шықпайды. Олардың ақыры — “көрдің түбі” (Нақ. с. 9:13, 17, 18).
18 Ал “нағыз даналықты” тыңдағандарды керемет болашақ күтіп тұр! Қазірдің өзінде олар нәрлі де пайдалы асқа толы, әдемі етіп жайылған мол рухани дастарқаннан ішіп-жеп жатыр (Ишая 65:13). Ишая пайғамбар арқылы Ехоба: “Мені мұқият тыңдаңдар да, жақсы тамақ жеңдер, Сонда шынымен нәрлі тағам жеп, рақаттанасыңдар”,— дейді (Ишая 55:1, 2). Соның арқасында біз Ехоба сүйетінді сүюді, ал жек көретінді жек көруді үйреніп жатырмыз (Зәб. 97:10). Біз басқа адамдарды да “нағыз даналықтың” үйіне қонақ болып, игілігін көруге шақырамыз. Біз қаланың биік жерлерінен “кім тәжірибесіз болса, мұнда келсін” деп жар салып жатқан қызметшілерге ұқсаймыз. Нағыз даналықтың әкелер игілігі бүгінгі өмірімізбен ғана шектелмейді. “Түсінік сыйлайтын жолмен алға жүре” берсек, өміріміз мәңгіге ұласады (Нақ. с. 9:3, 4, 6).
19. Уағыздаушы 12:13, 14-ке сай, біз не істеуге бекінуіміз керек? (“ Құдайдан қорқудың әкелер игілігі” деген қоршауды да қараңыз.)
19 Уағыздаушы 12:13, 14 оқыңыз. Ендеше, осы соңғы зұлым күндері Құдайдан қорқуды үйрене берейік. Сонда жүрегімізді қорғаймыз, моральдық және рухани жағынан таза боламыз әрі басқаларды “нағыз даналықтың” жолына түсуге шақырамыз. Сонда олар да бұның пайдасын көріп, бақытты болады.
127-ӘН Қандай адам болуым керек?
a Мәсіхшілер Құдай алдындағы орынды қорқыныштарын күшейте берулері керек. Өйткені бұл біздің жүрегімізді қорғап, азғындық пен порнографияға елігуден сақтайды. Осы орайда Нақыл сөздер кітабының 9-тарауын қарастырамыз. Онда даналық бір әйелдің, ал ақымақтық екінші әйелдің кейпінде сипатталған. Бұл тараудағы кеңестердің қазір де, болашақта да пайдасы зор.
b Кейбір есімдер өзгертілген.