25-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
7-ӘН Ехоба — біздің панамыз
Ехобаның “тірі Құдай” екенін ұмытпаңыз
“Ехоба — тірі Құдай!” (ЗӘБ. 18:46).
НЕГІЗГІ ОЙ
Біз ғибадат ететін Құдай — “тірі Құдай”. Осыны ұмытпағанымыздың пайдасы зор.
1. Бізге қиындықтарға еш берілмей, Ехобаға қызмет ете беруге не көмектеседі?
КИЕЛІ КІТАПТА біз өмір сүріп жатқан уақыт “ерекше қиын уақыт” екені айтылған (Тім. 2-х. 3:1). Ехобаның халқы барлық адамдардың басына түсіп жатқан қиындықтардан бөлек, қуғын-сүргінге, қарсылықтарға кезігеді. Сондай кезде бізге қиындықтарға еш берілмей, Ехобаға ғибадат ете беруге не көмектеседі? Ехобаның “тірі Құдай” екеніне сенетініміз (Ерм. 10:10; Тім. 2-х. 1:12).
2. Қай мағынада Ехоба тірі Құдай?
2 Ехоба — тірі Тұлға, сондықтан ол өз қызметшілерін қиын шақта қолдап-демейді және оларға көмектесудің мүмкіндігін іздейді (Шеж. 2-ж. 16:9; Зәб. 23:4). Ехобаның тірі Құдай екенін есте ұстасақ, басымызға түскен кез келген сынаққа төтеп бере аламыз. Бұған дәлел — Дәуіт патшаның өмірі.
3. Дәуіт “Ехоба — тірі Құдай” дегенде не айтқысы келген?
3 Дәуіт Ехобаны жақсы білген және оған арқа сүйеген. Жаулары, соның ішінде Саул патша, өлтірмек болғанда, Дәуіт дұға етіп, Ехобадан көмек іздеген (Зәб. 18:6). Ехоба оның дұғаларына жауап беріп, құтқарып қалғанда, Дәуіт: “Ехоба — тірі Құдай!”— деп мадақ айтқан (Зәб. 18:46). Бұл сөздермен Дәуіт Құдайдың жай ғана бар екенін айтқысы келмеген. Бір еңбекке сай, “Дәуіт Ехоба өз халқы үшін әрдайым әрекет ететін тірі Құдай екеніне сенетінін көрсеткен”. Ехобаның тірі Құдай екеніне Дәуіттің талай рет көзі жетті. Сол сенімділігі оған әрі қарай да Ехобаға қызмет етіп, оны мадақтай беруге күш берді (Зәб. 18:28, 29, 49).
4. Ехоба біз үшін тірі Құдай болса, бұның қандай пайдасын көреміз?
4 Ехобаның тірі Құдай екеніне көзіміз жетсе, қызметімізді зор құлшыныспен атқара береміз. Сондай-ақ сынақтарға төзуге күшіміз болады және Ехобаға қызмет етуге деген ықыласымыз сөнбейді. Бұған қоса, Ехобадан бір елі де ажырамаймыз.
ТІРІ ҚҰДАЙ СІЗГЕ КҮШ БЕРЕДІ
5. Сынақтарға төзе алатынымызға не нәрсе сенімділік береді? (Філіпіліктерге 4:13)
5 Ехобаның тірі Құдай екенін және әрдайым бізге көмекке келетінін есте ұстасақ, кіші болсын, үлкен болсын, кез келген сынаққа төтеп бере аламыз. Негізі, Ехоба шеше алмайтын бірде-бір қиындық жоқ. Құдіреті шексіз Құдай болғандықтан, ол бізге табанды болып қалуымыз үшін күш-қуат бере алады (Філіпіліктерге 4:13 оқыңыз). Сондықтан бізге сынақтардан қорқуға еш себеп жоқ. Кішігірім сынақтарда Ехобаның қолдауын көргенде, үлкен сынақтарда да ол бізді тастамайтынына сенімді боламыз.
6. Жас кезіндегі қандай жағдайлар Дәуіттің Ехобаға деген сенімділігін арттырды?
6 Дәуіттің Ехобаға деген сенімділігін арттырған екі оқиғаны қарастырайық. Ол жас кезінде әкесінің қойларын бағып жүргенде, бірде аю, бірде арыстан отарға шауып, қойларын алып кеткен. Екі жағдайда да Дәуіт еш қорықпай, жыртқыштарды қуып жетіп, қойларын аман алып қалды. Бірақ ол бұны өз күшіммен істедім демеді. Бұларды ол Ехобаның күшімен істегенін жақсы білді (Сам. 1-ж. 17:34—37). Дәуіт осы оқиғаларды ұмытпай, солар жайлы ой жүгіртіп жүрді. Осының арқасында тірі Құдай Ехоба болашақта да көмекке келетініне сенімділігі артты.
7. Жағдайға дұрыс қарағаны Дәуітке қалай көмектесті?
7 Кейінірек, әлі де бозбала шағында болса керек, Дәуіт Исраил әскерінің қосына барды. Сөйтсе, Исраил сарбаздары зәре-құттары қалмай, қорқып тұр екен. Өйткені філістірдің алып сарбазы Ғолият: “Исраил жасағын масқара қыламын!”— деп бөсіп тұрған еді (Сам. 1-ж. 17:10, 11). Исраил сарбаздарының қорыққан себебі — олар өздерін мазақ етіп тұрған алып Ғолияттан басқа ештеңені көрмеді (Сам. 1-ж. 17:24, 25). Ал Дәуіт бұл жағдайға мүлдем басқаша қарады. Ол Ғолият жай ғана Исраил жасағын емес, “тірі Құдайдың жасағын” қорлап тұрғанын түсінді (Сам. 1-ж. 17:26). Дәуіт Ехоба Құдайды назарында ұстады. Ол қой бағып жүрген кезде көмекке келген Құдай осы кезде де көмектесетініне сенімді болды. Дәуіт осы сенімділігімен Ғолиятқа қарсы аттанды. Сөйтіп, әрине, жеңіп шықты! (Сам. 1-ж. 17:45—51).
8. Сынақ кезінде Ехобаны есте ұстау үшін не істеуіміз керек? (Суретті де қараңыз.)
8 Біз де сынақтардан тайсалмай өту үшін тірі Құдайымыз көмекке келуге дайын екенін есте ұстауымыз керек (Зәб. 118:6). Бұған деген сенімділігімізді бекемдеу үшін ежелде Ехобаның не істегенін қарастырсақ болады. Мысалы, Киелі кітаптан ол қызметшілерін қалай құтқарғаны жайлы оқиғаларды оқып көріңіз (Ишая 37:17, 33—37). Сондай-ақ jw.org сайтына кіріп, қазіргі уақытта Ехоба бауырластарымызға қалай көмектесіп жатқанын көріңіз. Ол өзіңізге қалай көмектескенін де еске алыңыз. Егер сіз “мен Дәуіт сияқты аюмен, арыстанмен күреспегенмін, өмірімде соншалықты ерекше жағдай бола қойған жоқ” деп ойласаңыз, көңіліңіз түспесін. Өйткені Ехоба сіздің өміріңізде де көп нәрсе істеген! Мысалы, ол сізді өзіне жақындатып тартты (Жох. 6:44). Осы күнге дейін шындықта жүргеніңіздің де тек Ехобаның арқасы. Неге Ехобаға дұға етіп, оның қолын көрген сәттерді есіңізге түсіруін сұрамасқа? Мысалы, Ехоба дұғаңызға жауап берген жағдайларды, дәл уақытында көмекке келген не қиын шақтан өтуге көмектескен кездерін еске түсіруге тырысыңыз. Осындай сәттер жайлы ой жүгіртсеңіз, Ехоба алдағы уақытта да көмекке келетініне сенімді бола түсесіз.
9. Сынақтарға қалай қарауымыз керек? (Нақыл сөздер 27:11)
9 Ехобаға тірі Тұлға деп қарасақ, сынақтарға да дұрыс қараймыз. Қалайша? Біз кезігіп жатқан сынақтарымыз Ехоба мен Шайтанның арасындағы үлкен даулы мәселенің бірі бөлігі екенін түсінеміз. Шайтан бізді қиындыққа кезіксек, Ехобаны тастап кетеді дейді (Әйүп 1:10, 11; Нақыл сөздер 27:11 оқыңыз). Бірақ біз сынақтардан сүрінбей өтсек, Шайтанның өтірікші екенін, ал Ехобаны жақсы көретінімізді дәлелдейміз. Бәлкім, сіз қазір үкімет тарапынан қарсылыққа не экономикалық қиындыққа ұшырап жүрген шығарсыз. Я болмаса уағызда ешкім тыңдамайтын шығар не басқа да қиындықтарыңыз бар болар. Қандай сынаққа кезіксеңіз де, оны Ехобаның жүрегін қуантудың мүмкіндігі деп қарастырыңыз. Мынаны да ұмытпаңыз: Ехоба сіздің шамадан тыс сыналуыңызға жол бермейді (Қор. 1-х. 10:13). Табанды болып қалуыңыз үшін ол сізге күш береді.
ТІРІ ҚҰДАЙ СІЗГЕ СЫЙ БЕРЕДІ
10. Тірі Құдай өзінің қызметшілеріне не береді?
10 Ехоба — өзінің қызметшілеріне әрдайым сый беретін Құдай (Евр. 11:6). Қазірдің өзінде ол бізге тыныштық пен қанағат сыйлап отыр. Ал болашақта мәңгілік өмір береді. Біз Ехобаға жүз пайыз сенімділікпен үміт арта аламыз. Өйткені оның бізге сый беруге қалауы да бар, құдіреті де жетеді. Осыған сенімді болсақ, Ехобаға барымызды салып ғибадат етуге талпынамыз. Осындай сенімділік Ехобаның бұрындағы қызметшілеріне де талпыныс берген. Солардың бірі — бірінші ғасырда өмір сүрген Тімөте (Евр. 6:10—12).
11. Тімөтені қауымда жан сала еңбектенуге не талпындырды? (Тімөтеге 1-хат 4:10)
11 Тімөтеге 1-хат 4:10 оқыңыз. Тімөте тірі Құдайға үміт артқан, сондықтан да ол жан сала еңбек етіп, күш салған. Мысалы, елші Пауыл оны қауымда және қызметте тәлім беру жағынан жақсаруға талпындырған. Сондай-ақ Пауыл оған жастарға да, үлкендерге де үлгі көрсетуді айтқан. Бұдан бөлек, Тімөтеге қиын тапсырмалар берілді. Мысалы, ол қажет кездері қатаң, бірақ сүйіспеншілікпен кеңес беру керек болған (Тім. 1-х. 4:11—16; Тім. 2-х. 4:1—5). Кейде өзгелер оның еңбегін байқамаса да, бағаламаса да, ол Ехоба сый беретініне сенімді болды (Рим. 2:6, 7).
12. Ақсақалдарды қауымда жан сала еңбек ете беруге не талпындырады? (Суретті де қараңыз.)
12 Бүгінде ақсақалдар да Ехоба олардың еңбектерін көретініне, бағалайтынына сенімді болса болады. Көп ақсақалдар бақташылық сапар жасау, тәлім беру, уағыздаудан бөлек, құрылыс жобаларына қолдау көрсетеді және апаттан зардап шеккендерге көмектеседі. Сондай-ақ Науқастарға көмек көрсету топтарында және Ауруханалармен байланыс комитеттерінде қызмет ететін ақсақалдар да бар. Өздерін осындай істерге арнап жүрген ақсақалдар қауым қандай да бір адамның емес, Ехобаның меншігі екенін түсінеді. Сондықтан олар қызметтерін жан сала атқарады және еңбектері үшін Ехобадан сый алатындарына толық сенеді (Қол. 3:23, 24).
13. Барымызды салып атқарып жатқан қызметімізге Ехоба қалай қарайды?
13 Әрине, қауымда бәрі бірдей ақсақал бола алмайды. Бірақ бәріміздің де Ехобаға береріміз бар. Оған қызмет ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасасақ, ол мұны қатты бағалайды. Мысалы, дүниежүзілік іске жасаған кішігірім садақамыздың өзін Ехоба байқайды. Қауымда ұялшақтығымызды жеңіп, қол көтеріп жауап берсек және өзгелердің қателігіне мән бермесек, оларды шын жүректен кешірсек, мұның бәрі Ехобаны қуантады. Ехобаға өзіңіз қалағандай көп бере алмай жатсаңыз, ол шамаңыз келгенше жасап жатқан істеріңізді бағалайтынына сенімді болыңыз. Ехоба сізді осы үшін жақсы көреді және уақыты келгенде сыйын береді (Лұқа 21:1—4).
ТІРІ ҚҰДАЙДАН БІР ЕЛІ ДЕ АЖЫРАМАҢЫЗ
14. Ехобамен жақын достығымыз оған адал болып қалуға қалай көмектеседі? (Суретті де қараңыз.)
14 Егер Ехоба біз үшін тірі Тұлға болса, оған адал болып қалу қиын болмайды. Бұны Жүсіптің оқиғасы дәлелдейді. Ол азғындыққа барудан үзілді-кесілді бас тартқан. Өйткені Құдай ол үшін тірі Тұлға болған және Жүсіп оның жүрегін ауыртатын ештеңе істегісі келмеген (Мұс. 1-ж. 39:9). Ехоба біз үшін де тірі Тұлға болсын десек, оған дұға етуге және оның Сөзін оқып-зерттеуге уақыт табуымыз керек. Осылай Ехобаға жақын бола түсеміз. Ал Ехобамен достығымыз Жүсіптікіндей берік болса, біз де Ехобаны ренжітетін ештеңе істемейміз (Жақ. 4:8).
15. Шөл далада жүрген исраилдіктерден қандай сабақ аламыз? (Еврейлерге 3:12)
15 Ехобаның тірі Құдай екенін естен шығарған адам одан тез-ақ алшақтап кетеді. Мысалы, исраилдіктердің шөл далада жүрген кезін еске түсірейік. Олар Ехобаның бар екеніне күмәнданбаған, бірақ олардың қамын ойлап, жағдайларын жасайтынына күмәндана бастаған. Олар тіпті “Ехоба біздің арамызда ма, жоқ па?” деген сұрақ көтерген (Мұс. 2-ж. 17:2, 7). Ақыр аяғында олар Құдайға қарсы бүлік шығарды. Бұл оқиға біз үшін ескерту болып табылады. Біз қайта-қайта мойынсұнбаған исраилдіктерге ұқсап тілазар болып кеткіміз келмейді (Еврейлерге 3:12 оқыңыз).
16. Қандай кездері сеніміміз сыналуы мүмкін?
16 Қазіргі дүниеде Ехобаға етене жақын болып қалу оңай емес. Бүгінде көп адам Құдайдың бар екенін мойындамайды. Бұған қоса, Құдайдың талаптарын елемейтіндер шалқып өмір сүріп жатқандай көрінеді. Осыны көріп, сеніміміз сыналатын шығар. Әрине, мұндайда біз Құдайдың бар екеніне күмәнданып қалмаймыз. Бірақ ол біздің қамымызды ойлайтынына күмәндана бастауымыз мүмкін. Кезінде 73-інші жырды жазған зәбүр жыршысы да осындай күмәнға бой алдырған. Ол айналасындағы адамдар Құдай заңдарын елемесе де, бақытты өмір сүріп жүргендерін көрген. Сол кезде ол Құдайға қызмет етудің пайдасы бар екеніне күмәндана бастаған (Зәб. 73:11—13).
17. Ехобаға жақын болып қалуымызға не көмектеседі?
17 Зәбүр жыршысына ойын өзгертуге не көмектесті? Ол Ехобаны ұмытқан адамдармен не болатыны жайлы ойланды (Зәб. 73:18, 19, 27). Сондай-ақ Құдайға қызмет етіп жүргендер қандай игілік көретіні жайлы ой жүгіртті (Зәб. 73:24). Біз де Ехобаның қандай баталарына кенеліп жатқанымыз жайлы ойланып тұруымыз керек. “Ехобаға қызмет етпегенде өмірім қандай болар еді?” деп те ойланғанымыз жөн. Сонда Ехобаға деген адалдығымыздан еш таймаймыз және зәбүр жыршысы сияқты: “Менің Құдайға жақын болғаным қандай игі!”— деп қуанатын боламыз (Зәб. 73:28).
18. Біз алдағы қиындықтардан неге қорықпаймыз?
18 Осы соңғы күндері басымызға қандай қиындықтар түспесін, бәрін де жеңе аламыз. Өйткені біз “тірі де шынайы Құдайдың құлымыз” (Сал. 1-х. 1:9). Құдайымыз тірі Тұлға болғандықтан, ол өз қызметшілеріне әрдайым көмекке келеді. Ол ежелде өз қызметшілерін қалдырмаған, бүгінде бізді де қалдырмайды. Жуырда ешқашан болмаған зор алапат кезінде де біз жалғыз болмаймыз. Бізбен бірге Ехоба болады (Ишая 41:10). Ендеше, бәріміз де: “Ехоба — менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын”,— деп батыл айтайық (Евр. 13:5, 6).
3-ӘН Сен бізге күш бердің, үміт бердің