Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

23-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

28-ӘН Ехобаның досы болайық

Ехоба бізді қонақ еткісі келеді

Ехоба бізді қонақ еткісі келеді

“Менің киелі шатырым солардың үстінде болып, өзім олардың Құдайы. . . боламын” (ЕЗЕК. 37:27).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ехобаның бейнелі шатырында қонақ болудың не екенін түсінеміз және Ехоба өз қонақтарын қалай қамқорлайтынын көреміз.

1, 2. Ехоба өзінің адал қызметшілерін қандай мәртебеге бөлеген?

 “ЕХОБА сен үшін кім?” десе, не деп жауап берер едіңіз? Бәлкім, “Ехоба менің — Әкем, Құдайым, Досым” дерсіз. Я болмаса Құдайдың басқа да лауазымдары ойыңызға келер. Ал Ехобаны қонақжай Құдай деп атаған кезіңіз болған ба?

2 Дәуіт патша Ехобамен дос болуды оның шатырына қонаққа барумен салыстырған. Ол: “Уа, Ехоба, сенің шатырыңда кім қонақ бола алады? Киелі тауыңда кімнің тұруына болады?”— деген (Зәб. 15:1). Бұл тармақтан біз Ехобаның қонағы, яғни досы бола алатынымызды білеміз. Ехобаның қонағы болу зор мәртебе емес пе?!

ЕХОБА БІЗДІ ӨЗ ШАТЫРЫНДА ҚОНАҚ ЕТКІСІ КЕЛЕДІ

3. Ехобаның алғашқы қонағы кім және екеуі де қандай сезімде болған?

3 Ештеңе жаратпас бұрын, Ехоба жалғыз болған. Бірақ күндердің күнінде тұңғыш Ұлын жаратып, оны бейнелі шатырына қонаққа шақырды. Осылай Ехоба алғаш рет қонақжайлылық танытты. Киелі кітапта Ехоба өзінің алғашқы қонағына “күн сайын. . . қуанғаны” айтылған, Ұлы да оның алдында “әрдайым шаттанып жүрген” (Нақ. с. 8:30).

4. Ехоба өзінің шатырына тағы кімдерді қонаққа шақырды?

4 Кейін Ехоба басқа да рухани жаратылыстарды жаратып, оларды да өз шатырына қонаққа шақырды. Киелі кітапта айтылғандай, сол періштелер “Құдай ұлдары” деп аталған және олар Құдайдың қасында шаттанып жүрген (Әйүп 38:7; Дан. 7:10). Бастапқыда Ехоба көктегі жаратылыстарымен ғана шектелді. Кейін ол жердегі адамдарды да өзінің шатырына қонаққа шақыра бастады. Мысалы, олардың кейбірі — Енох, Нұх, Ыбырайым және Әйүп. Бұл адал кісілер Құдайдың достары деп аталған, әрі олар “Құдай жолымен жүрген” (Мұс. 1-ж. 5:24; 6:9; Әйүп 29:4; Ишая 41:8).

5. Езекиел 37:26, 27-де жазылған пайғамбарлықтан не білеміз?

5 Ғасырлар бойы Ехоба достарын өз шатырына қонаққа шақырып келеді (Езекиел 37:26, 27 оқыңыз). Мысалы, Езекиел пайғамбардың сөзіне қарасақ, Ехоба адал қызметшілерімен тығыз қарым-қатынаста болғысы келетінін көреміз. Ехоба “олармен татулық келісімін жасасамын” деп уәде еткен. Бұл пайғамбарлық көкте және жерде өмір сүруге үміттенетіндер бір шатырдың астына бірігіп, “бір отардай” болатынына нұсқайды (Жох. 10:16). Бұл пайғамбарлық дәл қазір орындалып жатыр!

ҚҰДАЙ БІЗДІ, ҚАЙДА БОЛСАҚ ТА, ҚАМҚОРЛАЙДЫ

6. Адам қай кезде Ехобаның қонағы болады және Ехобаның шатыры қай жерде орналасқан?

6 Киелі кітап заманында шатыр адамдар демалатын жер және қолайсыз ауа райынан қорғайтын пана болған. Шатырға келген қонақтың бар жағдайы жасалатын. Біз Ехобаға бағышталған кезде, оның бейнелі шатырында қонақ боламыз (Зәб. 61:4). Біз ол жерде рухани мол дастарқаннан тамақтанып, Ехобаның өзге де қонақтарымен арқа-жарқа болып араласамыз. Ехобаның шатыры нақты бір жерге байланбаған. Тіпті басқа елге, мысалы арнайы конгреске барсақ та, Ехобаның өзге қызметшілерімен бірге оның шатырының астында боламыз. Өйткені Ехобаның мойынсұнғыш қызметшілері бар жердің бәрінде оның шатыры да бар (Аян 21:3).

7. Қайтыс болған жандар неге Ехобаның шатырында қонақ болып қала береді дей аламыз? (Суретті де қараңыз.)

7 Ал Ехобаның қайтыс болған адал қызметшілері жайлы не деуге болады? Олар Ехобаның шатырында қонақ болып қала береді дей аламыз ба? Әрине! Өйткені олар Ехобаның жадында болғандықтан, ол үшін тірі. Бұл жайлы Иса былай деген: “Мұса пайғамбар тікенді бұта туралы әңгімеде Ехобаны “Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайы” деп атауымен өлгендердің қайта тірілетінін айтқан. Ол — өлгендердің емес, тірілердің Құдайы. Өйткені ол үшін бәрі тірі” (Лұқа 20:37, 38).

Тіпті қайтыс болған адал жандарды да Ехоба шатырындағы қонақтары деп есептейді (7-абзацты қараңыз)


ЕХОБАНЫҢ ҚОНАҒЫ БОЛУДЫҢ ИГІЛІКТЕРІ МЕН ТАЛАПТАРЫ

8. Ехобаның шатыры бізді неден қорғайды?

8 Кәдімгі шатыр тынығатын орын, қолайсыз ауа-райынан қорғайтын пана болатынындай, Ехобаның шатыры да бізді рухани залалдан қорғап, үмітсіз, шарасыз өмірден сақтайды. Егер Ехобадан ажырамасақ, Шайтан бізге оңалмастай зиян келтіре алмайды (Зәб. 31:23; Жох. 1-х. 3:8). Ал жаңа дүниеде Ехоба өзінің адал достарын рухани залалдан да, өлімнен де қорғайтын болады (Аян 21:4).

9. Ехоба өзінің қонақтарынан не күтеді?

9 Расымен де, Ехобаның шатырында қонақ болу, яғни онымен мәңгі жақын дос болу — баға жетпес мәртебе! Ехобаның шатырында қонақ болып қала беру үшін не істеуіміз қажет? Егер сіз біреуге қонаққа барсаңыз, үй иесінің қалауын ескересіз. Мысалы, үй иесі сізден үйге аяқкиіміңізді шешіп кіруді өтінсе, бұны еш қиналмай орындайсыз ғой. Біз де Ехобаның өз қонақтарына қоятын талаптарын біліп алғымыз келеді. Ехобаға деген сүйіспеншілік бізді “оған барлық жағынан ұнамды” болу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеуге талпындырады (Қол. 1:10). Ехоба біздің досымыз болғанымен, ол біздің Құдайымыз әрі Әкеміз, сондықтан ол зор құрметке лайық (Зәб. 25:14). Біз Ехобаның кім екенін ұмытпай, оған деген қастерлі сезімімізді жоғалтпауымыз керек. Ехобаға деген зор құрмет бізді оны ренжітетін іс-әрекеттерден сақтайды. Біз “Құдайымыздың жолында қарапайым болып жүргіміз” келеді (Миха 6:8).

ЕХОБА ШӨЛ ДАЛАДА ЕШКІМДІ БӨЛІП-ЖАРМАДЫ

10, 11. Ехобаның ешкімді бөліп-жармайтыны Синай шөлінде жүрген исраилдіктердің жағдайынан қалай көрінеді?

10 Ехоба қонақтарының ешқайсысын алаламайды (Рим. 2:11). Оның ешкімді бөліп-жармайтынын Синай шөлінде жүрген исраилдіктердің жағдайынан көруге болады.

11 Ехоба өз халқын Мысырдан алып шыққан соң, ол киелі шатырда қызмет етуге діни қызметкерлерді тағайындады. Ал леуіліктер киелі шатырмен байланысты өзге де істерді атқарды. Киелі шатырда қызмет еткендер не оған жақынырақ қос тіккендер Ехобаның қамқорлығын көбірек сезінген бе? Жоқ, өйткені Ехоба — ешкімді алаламайтын Құдай.

12. Қалай Ехоба шөл даладағы исраилдіктерді еш бөліп-жармай, бәріне бірдей қонақжайлылық танытқан? (Мұсаның 2-жазбасы 40:38) (Суретті де қараңыз.)

12 Қостағылардың барлығы бірдей Ехобамен дос бола алатын. Бұл олардың киелі шатырда қызмет еткеніне не қосқа жақын тұрғанына байланысты емес еді. Мысалы, Ехоба киелі шатырдың үстіндегі бұлт не от бағанасын бүкіл халық көре алатындай еткен (Мұсаның 2-жазбасы 40:38 оқыңыз). Бұлт бағанасы жылжи бастағанда, тіпті киелі шатырдан ең алыс тұратындар да оны көріп, заттары мен шатырларын жинап, халықтан қалмай ілесіп жүре алатын (Мұс. 4-ж. 9:15—23). Қосқа жол жүруге белгі беретін екі күміс кернейдің даусын да барлығы бірдей ести алған (Мұс. 4-ж. 10:2). Осыдан көретініміздей, адамның киелі шатырға жақынырақ қос тіккені оның Ехобамен қарым-қатынасы басқалардікінен жақсырақ болғанын білдірмеген. Жаңадан құрылған бұл халықтың ішінде әрбір адам Ехобаның қонағы болып, оның бағыт-бағдары мен қорғанышына сенім арта алған. Тап солай, бүгінде біз де жердің қай түкпірінде тұрмайық, Ехобаның сүйіспеншілігін, қамқорлығы мен қорғанышын сезіне аламыз.

Киелі шатырдың қақ ортада тұрғаны Құдайдың ешкімді бөліп-жармайтынын көрсетеді (12-абзацты қараңыз)


ЕХОБА ҚАЗІР ДЕ ЕШКІМДІ БӨЛІП-ЖАРМАЙДЫ

13. Бүгінде Ехоба ешкімді бөліп-жармайтынын қалай көрсетіп жатыр?

13 Бүгінде кейбір бауырластар Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік бас басқармасына не филиалына жақын жерде тұрады. Ал өзгелері сол ғимараттарда қызмет етеді. Бұндай бауырластар сол жерлердегі іс-шараларға қатыса алады және жетекшілікті қолға алған бауырластармен жеке араласа алады. Бұдан бөлек, аралаушы бақылаушылар және басқа да арнайы толық уақытты қызмет атқаратын бауырластар бар. Бірақ бауырластардың басым бөлігінде бұндай мүмкіндіктер жоқ. Егер сіз солардың бірі болсаңыз, Ехоба шатырындағы барлық қонақтарды бірдей жақсы көретінін, әрқайсысының қамын жасайтынын ұмытпаңыз (Пет. 1-х. 5:7). Құдай халқы ретінде бәріміз бірдей Ехобаның рухани ас-суын, бағыт-бағдарын алып, қорғанышын көріп жүрміз.

14. Ехоба ешкімді алаламайтынын тағы неден көруге болады?

14 Қонақжай Құдайымыз Ехобаның ешкімді алаламайтынын көрсететін тағы бір жайт — ол Киелі кітапты дүниежүзіндегі адамдардың бәріне қолжетімді еткен. Негізі, Киелі жазбалардың түпнұсқасы еврей, арамей және грек тілдерінде жазылған. Киелі кітапты түпнұсқа тілде оқи алатындардың Ехобамен қарым-қатынасы басқалардікінен жақсырақ па? Жоқ, мүлдем олай емес (Мат. 11:25).

15. Ехоба ешкімді алаламайтынына тағы қандай дәлел бар? (Суретті де қараңыз.)

15 Ехобаның ықыласына ие болу үшін жоғары білім алу не қандай да бір тілді білу шарт емес. Ехоба өзінің даналығын тек жоғары білімді адамдарға ғана ашса болар еді. Бірақ ол өз даналығын жержүзіндегі барлық адамға, жоғары білімі бар-жоғына қарамай, қолжетімді еткен. Ол өзінің Сөзі Киелі кітаптың мыңдаған тілге аударылуына қам жасаған. Соның арқасында төрткіл дүниедегі адамдар оның тәлімінің игілігін көріп, Ехобамен дос болу үшін не істеу керектігін біле алады (Тім. 2-х. 3:16, 17).

Киелі кітаптың барлық адамға қолжетімді болғаны Ехобаның ешкімді бөліп-жармайтынын қалай дәлелдейді? (15-абзацты қараңыз)


ЕХОБАНЫҢ ҚОНАҒЫ БОЛЫП ҚАЛА БЕРІҢІЗ

16. Елшілердің істері 10:34, 35-ке сай, Ехоба бізді қабыл алу үшін не істеуіміз керек?

16 Ехобаның бейнелі шатырында қонақ болу — біз үшін зор құрмет. Ол — ең мейірімді, сүйіспеншілігі мол және асқан қонақжай Құдай. Оның үстіне, Ехоба ешкімді бөліп-жармайды. Ол адамның тұратын жеріне, шыққан ортасына, біліміне, ұлтына, руына, жасына, жынысына қарамай, бәріне құшағын кең жаяды. Бірақ Ехоба бізді қонақ ретінде қабыл алу үшін оның талаптарына сай келуіміз керек (Елшілердің істері 10:34, 35 оқыңыз).

17. Ехобаның шатырында кім қонақ бола алатынын қайдан білуге болады?

17 Зәбүр 15:1-де Дәуіт келесідей сұрақ қойған: “Уа, Ехоба, сенің шатырыңда кім қонақ бола алады? Киелі тауыңда кімнің тұруына болады?” Кейінгі тармақтарда зәбүр жыршысы киелі рухтың жетелеуімен осы сұрақтарға жауап берген. Келесі мақалада Ехобаның қонағы болып қала беру үшін қандай талаптарды орындауымыз керектігін қарастырамыз.

32-ӘН Ехобаның жағына шық