Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

26-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

8-ӘН Ехоба — біздің қорғанымыз

Ехоба сіздің де Жартасыңыз болсын

Ехоба сіздің де Жартасыңыз болсын

“Құдайымыздай жартас жоқ” (САМ. 1-Ж. 2:2)

НЕГІЗГІ ОЙ

Ехоба неге жартас деп аталғанын және біз оның жартасқа тән қасиеттеріне қалай еліктей алатынымызды білеміз.

1. Зәбүр 18:46-да Дәуіт Ехобаны неге теңеген?

 БІЗ тұрақсыз дүниеде өмір сүріп жатқандықтан, күтпеген қиындықтардың кесірінен әп-сәтте өміріміздің астан-кестені шығуы мүмкін. Сондай кезде Ехоба Құдайымызға жүгініп, көмек сұрай алатынымыз неткен ғанибет! Өткен мақалада талқылағанымыздай, Ехоба — тірі Құдай және ол бізге көмектесуге әрдайым асық. Өмірімізде Ехобаның көмегін көргенде, оның “тірі Құдай” екеніне көзіміз жете түседі (Зәбүр 18:46 оқыңыз). Бір қызығы, Дәуіт Ехобаны “тірі Құдай” дегеннен кейін, оны “Жартасым” деп атаған. Дәуіттің тірі Құдайды жансыз тасқа теңегені қалай?

2. Бұл мақалада біз не жайлы білеміз?

2 Бұл мақалада біз Ехоба неге жартасқа теңелгенін және осы теңеуден ол жайлы не білетінімізді қарастырамыз. Сондай-ақ Ехоба біздің де Жартасымыз болу үшін не істеуіміз керектігін білеміз. Ал содан кейін Ехобаның жартасқа тән қасиеттеріне қалай еліктей алатынымызды талқылаймыз.

ЕХОБА ЖАРТАС ІСПЕТТІ

3. Киелі кітапта “жартас” деген сөз жиі қай кезде қолданылады? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

3 Киелі кітапта “жартас” деген сөз Ехобаның кейбір қасиеттерін сипаттау үшін қолданылады. Бұл сөз жиі Ехоба теңдессіз Тұлға ретінде мадақталатын үзінділерде кездеседі. Мұсаның 5-жазбасы 32:4-те Ехоба алғаш рет “Жартасқа” теңелген. Кейін Ханна өз дұғасында: “Құдайымыздай жартас жоқ”,— деген (Сам. 1-ж. 2:2). Ал Абақұқ Ехобаны “Жартасым менің” деп атаған (Абқ. 1:12). Зәбүр жыршысы болса Құдайды “көңіліме медет болар жартасым” деген (Зәб. 73:26). Ехоба да Киелі кітапта өзін жартасқа теңейді (Ишая 44:8). Қазір Ехобаны жартастай берік етіп тұрған үш қасиетіне тоқталайық. Сонан соң Ехоба біздің де Жартасымыз болу үшін не істеуіміз керектігін көреміз (Мұс. 5-ж. 32:31).

Құдай халқы Ехобаны қауіпсіз жартас деп біледі (3-абзацты қараңыз)


4. Ехоба қай мағынада біздің панамыз? (Зәбүр 94:22)

4 Ехоба — панамыз. Ұйытқыған боранда адам үлкен жартасқа жасырынып пана табады. Тура солай Ехоба да өмірдің алай-дүлей кезеңінде біз үшін қауіпсіз пана болады (Зәбүр 94:22 оқыңыз). Ол бізді қорғайды және оңалмастай залал көруімізге жол бермейді. Бұдан да кереметі — ол бейқам, алаңсыз өмір сүруімізге кедергі болған жайттардың бәрін келешекте біржола жояды (Езек. 34:25, 26).

5. Ехоба жартастай панамыз болу үшін не істеуіміз керек?

5 Ехоба жартастай панамыз болсын десек, оған дұға етуіміз керек. Дұға еткенде, ол бізге өзінің тыныштығын беріп, “жүрегіміз бен ой-санамызды” сақтайды (Філіп. 4:6, 7). Мысалы, Артём бауырласымыз сенімі үшін түрмеге қамалған. Оны тергеушілер қайта-қайта сұрақтың астына алып, қысым көрсетіп, қорлаған. Ол былай дейді: “Тергеушінің алдына апарылған сайын, қорыққаннан жүрегім мұздап кететін. Бірақ сондай кездері Ехобаға үнемі дұға етіп, жүрегіме тыныштық сыйлашы, даналық берші деп сұрайтынмын. Соның арқасында тергеуші қандай айла-амал қолданбасын, мен міз бақпадым. Ехобамен бірге мен өзімді тура бір тас қабырғаның артында тұрғандай сезіндім”.

6. Неге біз Ехобаға әрдайым сенім арта аламыз? (Ишая 26:3, 4)

6 Ехоба — сенімді Құдай. Жартас ешқашан орнынан қозғалмайтынындай, Ехоба да әрдайым қасымызда. Біз оған толықтай сенім арта аламыз, себебі ол — “мәңгілік Жартас” (Ишая 26:3, 4 оқыңыз). Ехоба мәңгі бар болатындықтан, ол әрдайым уәделерін орындайды, дұғаларымызды тыңдайды, қажет кезде қасымыздан табылады. Сондай-ақ Ехоба — өз қызметшілеріне адал Құдай, сол себепті біз оған толық арқа сүйей аламыз (Сам. 2-ж. 22:26). Ол біздің еңбегімізді ешқашан ұмытпайды және міндетті түрде сыйын береді (Евр. 6:10; 11:6).

7. Ехобаға арқа сүйегеніміздің қандай пайдасы бар? (Суретті де қараңыз.)

7 Ехобаға толықтай арқа сүйеген кезде, ол біздің Жартасымыз болады. Біз тіпті қиын шақта да Ехобаға мойынсұнсақ, оған арқа сүйейтінімізді көрсетеміз және мұның пайдасын көреміз (Ишая 48:17, 18). Қиын сәттері Ехобаның қолдауын сезінгенде, оған деген сенімділігіміз арта түседі. Сонда Ехобаның көмегімен ғана жеңуге болатын сынақтарға дайын боламыз. Әдетте біз ешбір адам көмектесе алмайтын жағдайларға кезіккенде, Ехобаның қаншалықты сенімді Құдай екенін түсініп жатамыз. Владимир деген бауырласымыз былай дейді: “Тергеу изоляторында отырған кезімді ойласам, Ехобаға сол кездегідей ешқашан жақын болмаған шығармын. Түрмеде жалғыз болғандықтан әрі қолыңнан ештеңе келмегендіктен, Ехобаға барынша сенім артуды үйренесің”.

Ехобаға толықтай арқа сүйеген кезде, ол біздің Жартасымыз болады (7-абзацты қараңыз)


8. а) Неге Ехобаны тұрақты Құдай деуге болады? ә) Ехоба Жартасымыз болғанының қандай игілігін көреміз? (Зәбүр 62:6, 7)

8 Ехоба — тұрақты Құдай. Алып жартас іспетті, Ехоба да берік әрі тұрақты. Ехобаның мінезі бірде көл, бірде шөл емес. Оның болмысы әрдайым бірқалыпты, ниеті де құбылып тұрмайды (Малх. 3:6). Мысалы, Едем бағында бүлік шыққанда, Ехоба өзінің ниетінен айнып қалған жоқ. Елші Пауыл Ехоба “өз болмысына қайшы әрекет ете алмайтынын” айтқан (Тім. 2-х. 2:13). Бұл дегеніміз — қандай жағдай болмасын, кім не істемесін, Ехоба қасиеттерін де, ниетін де, нормаларын да ешқашан өзгертпейді. Ехоба тұрақты Құдай болғандықтан, біз оның дүрбелең кезеңдерде көмекке келетініне де, болашақта бізді құтқаратынына да сенімді бола аламыз (Зәбүр 62:6, 7 оқыңыз).

9. Татьянаның оқиғасынан не түйдіңіз?

9 Ехоба Жартасымыз болу үшін, оның қандай Тұлға екенін және оның ниетін санамызда мықтап ұстауымыз керек. Бұл бізге сынақ кезінде эмоциялық жағынан шайқалмауға көмектеседі (Зәб. 16:8). Сенімі үшін бір кездері үйқамақта отырған Татьяна бауырласымыздың бұған көзі жеткен. Ол былай дейді: “Мен тура мағынада жалғыз қалдым. Басында қиналып, жиі көңілім түсетін”. Татьянаға не көмектесті? Ол басына түскен сынақтардың Ехобамен және оның ниетімен байланысты екенін түсінгенде, эмоциялық күйі тұрақталып, күресуге күші пайда болған. Татьяна тағы былай дейді: “Басыма бұл сынақтар не үшін түскені жайлы ойланғанда, қиындықтарға Ехоба үшін төзіп жатқанымды түсіндім. Бұл маған өзім туралы көп ойлай бермеуге көмектесті”.

10. Ехоба қазірден біздің Жартасымыз болу үшін не істеуіміз керек?

10 Алдағы уақытта бізді ауыр қиындықтар күтіп тұр. Сол кезде біз Ехобаға бұрынғыдан да бетер арқа сүйеуіміз керек болады. Сондықтан біз қазірден Ехобаға деген сенімділігімізді арттырып, ол кез келген жағдайда бізге адал болуға көмектесетініне еш күмәнданбайтындай болуымыз керек. Бойымызда сондай сенімділік болу үшін не істегеніміз маңызды? Бұл үшін Ехобаның ежелдегі қызметшілерінің және бүгіндегі Куәгерлерінің оқиғалары жайлы оқыңыз. Ехоба өз қызметшілерін қолдау үшін жартасқа тән қасиеттерін қалай танытқанын байқап көріңіз. Оқыған оқиғаларыңыз жайлы жіті ойланыңыз. Сонда Ехоба сіздің де Жартасыңыз болады.

ЕХОБАНЫҢ ЖАРТАСҚА ТӘН ҚАСИЕТТЕРІНЕ ЕЛІКТЕҢІЗ

11. Ехобаның жартасқа тән қасиеттеріне еліктегеніміз неге маңызды? (“ Жас ер бауырластар ұмтыларлық мақсат” деген қоршауды да қараңыз.)

11 Біз Ехобаны жартастай етіп тұрған қасиеттері жайлы білдік. Ал енді оның сол қасиеттеріне біз қалай еліктей алатынымызды көрейік. Ехобаның осы қасиеттеріне барынша еліктесек, қауымды көбірек нығайта аламыз. Мысалы, Иса Шимонға “тас” дегенді білдіретін Кефа (грекше “Петір”) деген есім берген (Жох. 1:42). Бұл Петірдің бауырластар үшін жұбаныш болып, қауымның мызғымастай берік болуына үлес қосатынын білдірген. Бүгінде қауымдағы ақсақалдар “алып жартастың саясына” теңеледі. Бұл олардың қауымдағылар үшін қорғаныш, пана екенін жақсы сипаттайды (Ишая 32:2). Әрине, қауымның игілігі үшін бәріміз де Ехобаның жартасқа тән қасиеттеріне еліктей аламыз (Ефес. 5:1).

12. Біз бауырластарымызға қалай пана бола аламыз?

12 Пана болыңыз. Табиғи апат, азаматтық толқулар мен соғыс болған жағдайларда біз бауырластарымызға баспана беріп, тура мағынада пана боламыз. “Соңғы күндері” әлемдегі ахуал ушыға беретіндіктен, бауырластарға көмектесуіміз қажет жағдайлар да көбейе түседі (Тім. 2-х. 3:1). Сондай-ақ біз бауырластарымызға эмоциялық жағынан, рухани жағынан сая бола білуіміз керек. Бұл үшін қауымға келген бауырластарды жылы қарсы алыңыз. Қауымның ыстық ұядай жайлы болуына жағдай жасаңыз. Мына дүние қатыгез, суық және стреске толы. Сондықтан бауырластарымыз қауымға келгенде сүйіспеншілігімізді сезіп, өздерін еркін, жайлы сезіну үшін бәрін жасайық.

13. Ақсақалдар бауырластар үшін қалай пана бола алады? (Суретті де қараңыз.)

13 Қауымдағы бауырластар тура не бейнелі мағынадағы дауылдарға кезіккенде, ақсақалдар олар үшін пана болады. Табиғи апат болған жағдайда не бауырластарымызға медициналық шұғыл көмек қажет болғанда, ақсақалдар бірден көмекке келеді. Олар бауырластарға рухани жағынан да көмек көрсетеді. Егер ақсақал жұмсақ, жанашыр, тыңдауға асық болса, бауырластар оған еш қысылмай, еркін жақындай алады. Бұндай ақсақалдан қамқорлық сезіліп тұратындықтан, оның Киелі кітапқа негіздеп берген кеңесін де қабылдау жеңіл болады (Сал. 1-х. 2:7, 8, 11).

Қауымдағы бауырластар тура не бейнелі мағынадағы дауылдарға кезіккенде, ақсақалдар олар үшін пана болады (13-абзацты қараңыз) a


14. Сенімді адам екенімізді қалай көрсете аламыз?

14 Сенімді адам болыңыз. Бәріміз де, әсіресе қиын шақтары, өзгелер бізге арқа сүйей алса екен дейміз (Нақ. с. 17:17). Сенімді адам деген атқа ие болу үшін не істеуіміз керек? Құдайға ұнамды қасиеттерді бірде танытып, бірде танытпай емес, үнемі танытуымыз керек. Мысалы, берген уәдемізде тұруға, кешікпей жүруге және тапсырылған істерді уақтылы атқаруға барынша тырысуымыз қажет (Мат. 5:37). Көмекке мұқтаж кездерінде бауырластарға іс жүзінде көмектесу арқылы да сенімді адам екенімізді көрсетеміз. Сенімді адам болудың тағы бір жолы — қауымда берілген тапсырмаларды нұсқауларға сай тиянақты орындау.

15. Ақсақалдар сенімді адамдар болса, қауым бұның қандай игілігін көреді?

15 Сенім артуға тұрарлық ақсақалдардың қауымға тигізер пайдасы көп. Мысалы, ақсақалдарға не топ бақылаушыларына қажет кезде емін-еркін хабарласа алатындарын білгені жариялаушылардың көңілін кәдімгідей жайландырады. Ал ақсақалдар көмекке келуге дайын болса, бауырластар олардың қамқорлықтары мен сүйіспеншіліктерін сезеді. Сондай-ақ ақсақалдар беретін кеңестерін өз ойына емес, Киелі кітап пен адал да ақылды құл берген әдебиеттерге негіздесе, жариялаушылар оларға сенетін болады. Ақсақалдардың жеке мәселелерді құпия сақтағаны және айтқан сөздерінде тұрғандары да бауырластардың оларға деген сенімін арттырады.

16. Тұрақты адам болғанымыздың өзіміз үшін және өзгелер үшін пайдасы қандай?

16 Тұрақты адам болыңыз. Егер біз барлық істе Ехобаға мойынсұнсақ және шешімдерімізді әрдайым Киелі кітап принциптеріне негіздесек, өзгелерге үлгі боламыз. Сеніміміз нығайып, тура біліміміз артқан сайын шындықта қаққан қазықтай нық тұрамыз. Соның арқасында біз тұрақсыз, екіойлы болмаймыз, әрі жалған ілімдер мен осы дүниенің ой қалпына оңай еріп кетпейміз (Ефес. 4:14; Жақ. 1:6—8). Ехоба мен оның уәделеріне сенгендіктен, жаман хабарлар естігенде де еш шайқалмаймыз (Зәб. 112:7, 8). Сенімде берік тұрсақ, сынаққа кезігіп жүрген бауырластарға көмектесуге де қауқарлы боламыз (Сал. 1-х. 3:2, 3).

17. Ақсақалдар бауырластарға сенімдерінде нық тұрып, шайқалмауға қалай көмектесе алады?

17 Ақсақалдар барлық жағынан байсалды, есті, іс-әрекетіне ұқыпты, иліккіш болуы керек. Бұл ер адамдар бауырластарға сенімдерінде нық тұрып, шайқалмауға көмектеседі. Сондай-ақ олар “шынайы сөздерден ауытқымай”, қауымды нығайтып отырады (Тит. 1:9; Тім. 1-х. 3:1—3). Ақсақалдар өздері үлгі көрсетіп, бақташылық сапар жасап, жариялаушыларға жүйелі түрде қауымға келуге, уағызға шығуға, жеке зерттеу жасауға көмектеседі. Ал бауырластар қиын жағдайларға кезіккенде, ақсақалдар оларды Ехоба мен оның уәделерінен назарларын тайдырмауға талпындырады.

18. Неге біз Ехобаны мадақтап, оған одан сайын жақын болғымыз келеді? (“ Ехобаға жақындай түсудің жолы” деген қоршауды да қараңыз.)

18 Ехобаның тамаша қасиеттерін қарастырған соң, біз де Дәуіт патша іспетті: “Жартасым Ехоба мадақталсын!”— дегіміз келеді (Зәб. 144:1). Біз Ехобаға әрдайым арқа сүйей аламыз. Ол ешқашан көңілімізді қалдырмайды. Өмір бойы, тіпті қартайған шағымызда да Ехоба рухани берік тұруымызға әрдайым көмектесетініне сенімді болсақ болады. Сондықтан біз: “Ол — менің Жартасым”,— деп ауыз толтырып айта аламыз! (Зәб. 92:14, 15).

150-ӘН Құтқарылу үшін Құдайды іздейік

a СУРЕТ: Патшалық сарайында әйел бауырлас екі ақсақалға емін-еркін жақындап, сөйлесіп тұр.