Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

12-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Зәкәрия көргенді сіз де көре біліңіз

Зәкәрия көргенді сіз де көре біліңіз

“Менің рухыммен жүзеге асады,— дейді Әскербасы Ехоба” (ЗӘК. 4:6).

73-ӘН Батылдық дарыта көр

АҢДАТПА *

1. Тұтқында жүрген исраилдіктер нені ойлап қатты қуанды?

 ИСРАИЛДІКТЕРДІҢ жүрегі қуаныштан толқып тұрды! “Ехоба Персия патшасы Кирдің жүрегіне қозғау салып”, ол Бабылда жылдар бойы тұтқын болып жүрген Исраил халқын босатты. Патша жарлық шығарып, оларға өз елдеріне оралуды және “Исраил Құдайы Ехобаның... үйін қайта соғуды” айтты (Езра 1:1, 3). Олар Құдайдың өз халқына берген жерінде таза ғибадаттың қалпына келетінін ойлап шексіз қуанды!

2. Тұтқыннан оралған алғашқы яһудилер қандай жетістікке жетті?

2 Тұтқыннан шыққандардың алғашқылары б. з. б. 537 жылы Оңтүстік Яһуда патшалығының астанасы Иерусалим қаласына келді. Олар көп ұзамай ғибадатхананың құрылысына кірісіп, оның іргетасын б. з. б. 536 жылы қалап бітті!

3. Яһудилер қандай қарсылық көрді?

3 Яһудилер ғибадатхананы соға бастағанда, төңіректегі халықтардан қатты қарсылық көрді. Олар “құрылыс ісін тоқтату үшін, Яһуда халқының жігерін жасытып, сағын сындыруға тырысып бақты” (Езра 4:4). Ал б. з. б. 522 жылы Артаксеркс Персияның патшасы болғанда, жағдай одан сайын ушыға түсті *. Биліктің ауысуы яһудилердің жаулары үшін құрылыс жұмысын біржола тоқтатудың оңтайлы сәті болды. Олар “заңды пайдаланып пәлеге ұшыратуды ойлады” (Зәб. 94:20). Сөйтіп, Артаксеркс патшаға хат жазып, яһудилер оған қарсы бүлік шығармақшы деп жала жапты (Езра 4:11—16). Бұған патша сеніп қалып, ғибадатхананың құрылысына тыйым салып тастады (Езра 4:17—23). Сонда яһудилердің қуанышы су сепкендей басылып, құрылыс ісі тоқтады да қалды (Езра 4:24).

4. Дұшпандар ғибадатхананың құрылысына кедергі етуге тырысқанда, Ехоба не істеді? (Ишая 55:11)

4 Жалған тәңірлерге табынатын төңіректегі халықтар мен Персия үкіметіндегі кейбір адамдар ғибадатхананың құрылысын тоқтатуға бекінсе, Ехоба оны алға жылжытуға бекінген еді. Ал Ехоба өз дегеніне міндетті түрде жетеді (Ишая 55:11 оқыңыз). Сөйтіп, ол жүрекжұтқан Зәкәрия пайғамбарға өте әсерлі сегіз аян берді. Зәкәрия Яһуда халқының рухын көтеру үшін, осы аяндарды оларға жеткізу керек еді. Сонда олар дұшпаннан қорқудың түкке де қажеті жоқ екенін түсініп, Ехобаның ісін ештеңеге қарамай жалғастыра бермек еді. Сол аяндардың бесіншісінде Зәкәрия шамдал мен екі зәйтүн ағашын көрді.

5. Бұл мақалада не тарқатамыз?

5 Еңсеміз түсіп, сағымыз сынатын кездер бәрімізде болады. Ендеше, Ехоба Зәкәрия пайғамбарға берген бесінші аяннан исраилдіктер қандай күш-қайрат алғанын қарастырайық. Бұл аянның мәнін түсінгеніміз мына үш жағдайда Ехобаға адал қызмет ете беруге көмектеседі: қарсылыққа кезіккенде, жағдайымыз өзгергенде және ақылымызға сыймайтын нұсқаулар алғанда.

ҚАРСЫЛЫҚҚА КЕЗІККЕНДЕ

Зәкәрия көрген аянда екі зәйтүн ағашынан жеті шамы бар шамдалға май құйылып жатты (6-абзацты қараңыз)

6. Зәкәрия 4:1—3 тармақтарда жазылған шамдал мен екі зәйтүн ағашы туралы аян яһудилерге қалайша батылдық берді? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

6 Зәкәрия 4:1—3 оқыңыз. Шамдал мен екі зәйтүн ағашы туралы аян яһудилерге батылдық беріп, қарсылықтарға төтеп беруге көмектесті. Қалай дейсіз ғой? Аянда шамдалға майдың үздіксіз келіп тұрғанын байқадыңыз ба? Екі зәйтүн ағашынан шыққан май тостағанға жиналып, шамдалдағы жеті шамның әрқайсысына құйылып тұрған. Осы майдың арқасында шамдал күндіз-түні тоқтамай жанып тұрған. Зәкәрия: “Бұлар нені білдіреді?”— деп сұрағанда, періште: “Мұның бәрі әскер қуатымен де, күшпен де емес, менің рухыммен жүзеге асады,— дейді Әскербасы Ехоба”,— деп жауап берген (Зәк. 4:4, 6). Бұл яһудилердің рухын көтеретін керемет сөздер еді! Неге? Зәйтүн ағаштарынан келіп тұрған май Ехобаның еш сарқылмайтын құдіретті киелі рухын білдірген. Құдайдың осындай күшінің қасында Персия империясының бүкіл әскери күші түк те емес еді. Ехоба болысып тұрғанда, ғибадатхананың құрылысшылары кез келген қарсылыққа қарамастан, құрылысты аяғына дейін жеткізе алады. Олар бар болғаны Ехобаға сенім артып, құрылысқа қайта кірісулері керек еді. Олар расында да солай етіп, тыйым салынғанына қарамастан, құрылысқа қайта кірісті.

7. Қандай өзгеріс ғибадатхананың құрылысшыларына көмек болды?

7 Кейінірек ғибадатхананы соғып жатқан яһудилер үшін бір жақсы өзгеріс болды. Персияда жаңа патша Дарий I билік ете бастады. Билігінің екінші жылы, яғни б. з. б. 520 жылы, ол ғибадатхананың құрылысына тыйым салынғаны заңсыз екенін білді. Сөйтіп, оның құрылысын аяқтауды бұйырды (Езра 6:1—3). Патшаның бұл бұйрығы барлығын таңғалдырды. Бұнымен қоса, ол төңіректегі халықтарға құрылысқа бұдан былай бөгет жасамауды, қайта, бұл істі қолдау үшін қаржылай және қажетті нәрсенің барлығымен қамтамасыз етуді бұйырды! (Езра 6:7—12). Нәтижесінде, яһудилер 4 жылдан сәл-ақ асатын уақытта, яғни б. з. б. 515 жылы, ғибадатхананы соғып бітті (Езра 6:15).

Қарсылыққа кезіккенде, Ехобаның күшіне арқа сүйеңіз (8-абзацты қараңыз)

8. Неге біз қарсылықтан еш қорықпауымыз керек?

8 Қазіргі кезде де Ехобаға ғибадат ететіндер қарсылыққа кезігеді. Мысалы, ісімізге шектеу қойылған елдерде бауырластар тұтқындалып, “билеушілер мен патшалардың алдына сүйреп апарылуы” мүмкін. Сонда оларға куәлік ете алады (Мат. 10:17, 18). Мұндай елдерде кейде билік ауысып немесе әділ бір судья жақсы шешім шығарып, бізге біраз еркіндік берілуі мүмкін. Ал басқа елдерде Ехоба куәгерлері еркін ғибадат ете алғанымен, басқа бір қарсылыққа кезігеді. Оларға өз туысқандары қарсы шығып, Құдайға қызмет етулерін тоқтатқысы келеді (Мат. 10:32—36). Бірақ көбісі Куәгерлердің Құдай жолынан бәрібір бас тартпайтындарын түсінгенде, қарсылық көрсетуін доғарып жатады. Кейде аямай қуғындағандардың кейбірі түбінде құлшынысты Куәгер болады. Сіз де таза ғибадат үшін қарсылық көріп жүрген болсаңыз, еш берілмеңіз! Батыл болыңыз. Өйткені сізге Ехоба мен оның құдіретті киелі рухы болысады. Сондықтан ештеңеден де қорықпаңыз!

ЖАҒДАЙЫМЫЗ ӨЗГЕРГЕНДЕ

9. Жаңа ғибадатхананың іргесі қаланғанда, неге кейбір қарт кісілер қайғырды?

9 Жаңа ғибадатхананың іргетасы қаланғанда, кейбір қарт яһудилер қатты жылады (Езра 3:12). Неге? Олар кезінде Сүлеймен соққан салтанатты ғибадатхананы көрген болатын. Ал онымен салыстырғанда, жаңа ғибадатхана “түкке тұрғысыз болып” көрінді (Хаг. 2:2, 3). Бұл қарт кісілер осы екі ғибадатхананы салыстырып, көңілдері түсіп, жылап жіберді. Бірақ Зәкәрияның көрген аяны олардың көңілін орнықтырды. Бұл қандай аян?

10. Зәкәрия 4:8—10 тармақтарда жазылған періштенің сөздері қалайша яһудилердің еңсесін көтерді?

10 Зәкәрия 4:8—10 оқыңыз. Періштенің: “Халық Зоробабелдің қолындағы тіктеуішті көріп, қуанады”,— деген сөздері нені білдіреді? Тіктеуіш деген — қабырғаның қисық емес, түзу тұрғызылып жатқанын анықтайтын құрал. Осылайша періште соғылып жатқан ғибадатхана қаншалықты қарапайым көрінбесін, ол соңына дейін салынып бітетінін және Ехобаның нормаларына сай болатынын көрсетті. Егер ғибадатхана Ехобаның көңілінен шығатын болса, әлбетте, халықтың да көңілінен шығуы керек еді! Ехоба үшін маңыздысы олардың сол ғибадатхананың ішінде оның талаптарына сай ғибадат етуі еді. Егер яһудилер ең алдымен Ехобаға ұнамды ғибадат етіп, оның ықыласына ие болуды ойласа, қуаныштарына қайтадан кенелмек еді.

Жағдайыңыз өзгергенде, оң көзқарас танытыңыз (11, 12-абзацтарды қараңыз) *

11. Ехобаның кейбір қызметшілері бүгінгі күнде қандай қиындықтарға кезігіп жүр?

11 Көбімізге өзгерістерді бастан өткізу оңай емес. Мысалы, ұзақ жылдар бойы арнайы толық уақытты қызмет атқарған бауырластар басқа қызмет түріне тағайындалған. Немесе қарт бауырластарға сүйіп атқарып жүрген қызметін жасына байланысты тоқтатуға тура келген. Осындай жағдайларда көңіліміз құлазитыны рас. Тіпті, басында, неге бұлай шешілгенін түсінбей, келіспейтін де шығармыз. Бұрынғы кездерді аңсап, сағынуымыз да мүмкін. Онымен қоса, жаңа қызметімізде түк бітірмей жүргендей сезініп, ұнжырғамыз түсетін шығар (Нақ. с. 24:10). Осындай жағдайларда Зәкәрияның аяны Ехобаға барымызды салып қызмет ете беруге талпындырады.

12. Жағдайымыз өзгергенде, қуанышымызды жоғалтпауға Зәкәрияның аяны қалай көмектеседі?

12 Өзгерістерге Ехобаның көзімен қарасақ, оған бейімделіп кету жеңіл болады. Ехоба бүгінде қандай ғаламат істер атқарып жатқанын ойлап көріңізші! Сондықтан онымен қызметтес болу — біз үшін үлкен мәртебе! (Қор. 1-х. 3:9). Ұйымдағы жауапкершіліктеріміз өзгергенімен, Ехобаның бізге деген сүйіспеншілігі еш өзгермейді. Ендеше, неге менің жағдайымда бұлай шешілді екен деп, себептерін қазбалап, ойлай бермеңіз. “Бұрынғы күндерді аңсай бермей, қазіргі жағдайымның жақсы жақтарын көрейінші”,— деп дұға етіңіз (Уағ. 7:10). Істей алмай қалған нәрселерді емес, қазір атқара алатын нәрселерге назар аударыңыз. Зәкәрияның аянынан оң көзқарас сақтауды үйренсек, жағдайымыз өзгергенде де, қуанышты әрі адал болып қаламыз.

НҰСҚАУЛАРҒА БАҒЫНУ ҚИЫН БОЛҒАНДА

13. Неге кейбір исраилдіктер ғибадатхананың құрылысын қайта бастауды ақымақтық санаған болуы мүмкін?

13 Бұл ғибадатхананың құрылысына тыйым салынған кез еді. Десе де жетекшілікті қолға алған бас діни қызметкер Ешуа мен әмірші Зоробабел “Құдай үйінің құрылысына қайта кірісті” (Езра 5:1, 2). Сонда бұл кейбір яһудилерге ақымақтық болып көрінген шығар. Өйткені ғибадатхананың құрылысын жаулардан жасыра алмайсың. Олар бұл жайлы біліп қойса, құрылысқа бөгет болу үшін еш нәрседен тайынбайды. Сондықтан Ешуа мен Зоробабелге Ехоба оларды қолдап тұрғандығының белгісі қажет болды. Олар мұны қалай білді?

14. Зәкәрия 4:12, 14-тен көретініміздей, Ехоба бас діни қызметкер Ешуа мен әмірші Зоробабелді қолдайтынын қалай білдірді?

14 Зәкәрия 4:12, 14 оқыңыз. Аянның осы бөлігінде періште Зәкәрияға екі зәйтүн ағашының “екі майланғанды”, яғни Ешуа мен Зоробабелді білдіретінін айтты. Олар бейнелі мағынада “бүкіл жердің Иесі” Ехобаның жанында тұрды. Бұл неткен құрмет, неткен мәртебе! Осылай Ехобаның өзі оларға сенім артатынын көрсетті. Ехоба сол екеуін қолданып, халқына жетекшілік етіп отырғандықтан, исраилдіктер олардың қабылдаған кез келген шешіміне сенім артулары керек еді.

15. Ехобаның Киелі кітапта жазылған нұсқауларына құрметпен қарайтынымызды қалай көрсетеміз?

15 Ехоба бүгінде халқын өзінің Сөзі Киелі кітап арқылы жетелеп келеді. Сол кітапта Ехоба өзіне қалай ғибадат етуіміз керектігін үйретеді. Ондағы нұсқауларға құрметпен қарайтынымызды қалай көрсетсек болады? Киелі кітапты ден қойып оқып, мәнін түсінуге тырысу арқылы. Бұл үшін былай деп ойланып көріңіз: “Мен Киелі кітапты және оған негізделген әдебиеттерді оқығанда, кідіріп, ой жүгіртемін бе? Киелі кітаптағы “түсінуге қиын” шындықтарды зерттеп, мағынасын түсінуге тырысамын ба? Әлде жай ғана зырылдатып оқып шыға саламын ба?” (Пет. 2-х. 3:16). Егер уақыт бөліп, Ехобаның тәлімдерінің үстінен ой жүгіртсек, оның нұсқауларына мойынсұнатын боламыз және уағыз ісін ақырына дейін атқарамыз (Тім. 1-х. 4:15, 16).

“Адал да ақылды құлдан” келген нұсқауларға сенім артыңыз (16-абзацты қараңыз) *

16. “Адал да ақылды құлдың” нұсқауын толық түсінбегенде де, оған құлақ асуға не көмектеседі?

16 Ехоба “адал да ақылды құл” арқылы да халқына жетекшілік етеді (Мат. 24:45). Кейде біз сол құлдың берген нұсқауларын онша түсінбейтін шығармыз. Мысалы, олар қандай да бір табиғи апатқа дайындалуға қатысты нақты бір нұсқаулар беруі мүмкін. Ал біз мұндай апат біздің аумақта ешқашан болмайды деп ойлайтын шығармыз. Я болмаса осы пандемияда адал да ақылды құл бізді шектен тыс сақтандырып жатқандай көрінер. Осындай ойлар келгенде, не істегеніміз жөн? Мұндайда исраилдіктер Ешуа мен Зоробабелдің кеңесіне құлақ асып, оның қандай пайдасын көргендері жайлы ойланайық. Сондай-ақ Киелі кітаптан оқыған басқа да оқиғалардың үстінен ой жүгіртсек болады. Сонда Құдайдың халқы бір қарағанда тиімсіз болып көрінген нұсқауларға құлақ асып, түбінде жандарын сақтап қалғанының мысалдарын көресіз (Би. 7:7; 8:10).

ЗӘКӘРИЯ КӨРГЕНДІ СІЗ ДЕ КӨРЕ БІЛІҢІЗ

17. Шамдал мен екі зәйтүн ағашы туралы аян яһудилерге қалай әсер етті?

17 Зәкәрия көрген бесінші аян қысқа болғанымен, яһудилерге жұмыстары мен ғибадаттарына жаңа көзбен қарап, жаңа күшпен кірісуге көмектесті. Олар аяннан білгендеріне сай әрекет еткенде, Ехоба оларға дем беріп, жетелеп отырғанын сезінді. Ехоба құдіретті киелі рухымен халқына жұмыстарын алға жылжытуға және қуанышқа қайта кенелуге көмектесті (Езра 6:16).

18. Зәкәрияның аяны сіздің өміріңізге қалай ықпал ете алады?

18 Зәкәрияның шамдал мен екі зәйтүн ағашы туралы аяны өмірімізге қаншалықты әсер ете алатыны туралы ойлаңызшы. Біріншіден, қарсылық көргенде, бізге күш береді. Жағдайымыз өзгергенде, қуаныш сақтауға көмектеседі. Ақылға қонымсыз нұсқаулар алғанда да, сенім артып, мойынсұнуға көмектеседі. Егер сіз осы сияқты қиыншылықтарға кезіксеңіз, не істегеніңіз жөн? Біріншіден, сіз де Зәкәрия аяннан көріп, түсінген нәрсені, яғни Ехоба өзінің халқын қолдап, қамқорлап отырғанын көре біліңіз. Сосын соған сай әрекет етіп, Ехобаға сенім артыңыз және оған бар жүрегіңізбен ғибадат етуді доғармаңыз (Мат. 22:37). Сонда Ехоба сізге мәңгілік бойы қуанышпен қызмет ете беруге көмектеседі (Қол. 1:10, 11).

7-ӘН Ехоба — біздің панамыз

^ 5-абзац Ехоба Зәкәрия пайғамбарға бірқатар әсерлі аян берген. Бұл аяндар Зәкәрия мен Ехобаның халқына қиындықтарға қарамастан, таза ғибадатты қалпына келтіруге күш берді. Олар бізге де қиыншылықтарға қарамастан, Ехобаға адалдықпен қызмет ете беруге көмектесе алады. Осы мақалада біз Зәкәрияның шамдал мен зәйтүн ағаштары туралы аянынан маңызды бір сабақ алатын боламыз.

^ 3-абзац Біраз жылдан кейін, әмірші Нехемияның кезінде басқа патша билік етті. Оның да аты Артаксеркс болған. Ол яһудилерге жақсы қараған.

^ 60-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас қартайып, денсаулығы нашарлағандықтан, өзгерістерге бейімделу керектігін түсініп жатыр.

^ 62-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Әйел бауырлас Ехоба кезінде Ешуа мен Зоробабелді қолдағанындай, бүгінде “адал да ақылды құлды” да қолдайтынын ойлап отыр.