Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

15-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сөзіңізбен үлгі көрсетіп жүрсіз бе?

Сөзіңізбен үлгі көрсетіп жүрсіз бе?

“Адал болып жүргендерге сөзіңмен... үлгі көрсет” (ТІМ. 1-Х. 4:12).

90-ӘН Бір-бірімізді жігерлендірейік

АҢДАТПА a

1. Сөйлеу қабілеті бізге қайдан біткен?

 ҚҰДАЙ түп атамыз — Адамды жаратқанда, оған сөйлеу қабілетін дарытқан. Осы қабілеттің арқасында Адам көктегі Әкесімен тілдесе алған. Сондай-ақ оның өзі де жаңа сөздер ойлап тауып, сөз қорын байыта алатын. Мысалы, ол жан-жануарлардың әрқайсысына ат қойған (Мұс. 1-ж. 2:19). Ал өзі сияқты басқа адаммен, айдай сұлу әйелі Хауамен, тілдескенде, оның бақыттан басы айналғанында сөз жоқ! (Мұс. 1-ж. 2:22, 23).

2. Сөйлеу қабілеті ежелде қалай теріс қолданылған? Ал бүгінде ше?

2 Өкінішке қарай, сөйлеу қабілеті кейін теріс қолданыла бастады. Шайтан Ібіліс Хауаға өтірік айтып, нәтижесінде бүкіл адамзатқа күнә мен кемелсіздік берілді (Мұс. 1-ж. 3:1—4). Адам да тілін теріс қолданып, өз қателігі үшін Хауаны, тіпті Ехобаны да жазғырды (Мұс. 1-ж. 3:12). Қабыл болса інісін өлтіргеннен кейін, Ехобаға өтірік айтты (Мұс. 1-ж. 4:9). Ал кейінірек Қабылдың ұрпағы Ләмехтің шығарған өлеңінен сол замандағы адамдардың қандай жауыз болып кеткенін көреміз (Мұс. 1-ж. 4:23, 24). Ал бүгінгі жағдай туралы не деуге болады? Көп саясаткерлер ел алдында тұрса да, жаман сөздерді емін-еркін айта береді. Сондай-ақ бүгінде боғауыз сөз айтылмайтын фильмдер кемде-кем. Мектеп қабырғасындағы балалардың да, жұмыстағы ересектердің де балағат сөздерге құлақтары үйреніп барады. Жаман сөздердің кеңінен қолданылып жатқаны осы дүниенің моральдық жағынан қатты бұзылып кеткенін көрсетеді.

3. Біз не нәрседен абай болуымыз керек және бұл мақалада не талқылаймыз?

3 Құлағымыз жаман сөздерге үйреніп қалғаны сонша — абай болмасақ, өзіміз де солай сөйлей бастауымыз мүмкін. Бірақ мәсіхші болғандықтан, біз Ехобаға ұнамды болғымыз келеді. Бұл үшін әдепсіз сөйлеуден аулақ болғанымыз жеткіліксіз. Біз тілімізді дұрыс мақсатпен, яғни Құдайды мадақтау үшін қолдануымыз керек. Бұл мақалада біз қызметте, қауым кездесулерінде және басқалармен араласқанда, тілді қалай дұрыс қолдана алатынымызды білеміз. Бірақ, алдымен, қалай сөйлейтініміз Ехобаға не үшін маңызды екеніне тоқталайық.

ҚАЛАЙ СӨЙЛЕЙТІНІМІЗ ЕХОБАҒА БӘРІБІР ЕМЕС

Сөздеріңізден жүрегіңізде не бар екенін байқайсыз ба? (4, 5-абзацтарды қараңыз) d

4. Малахи 3:16-ға сай, Ехоба біздің сөзімізге не үшін назар аударады?

4 Малахи 3:16 оқыңыз. Ехоба сөйлесіп жатқан адамдардың есімдерін “естелік кітабына” не үшін жазғанын байқадыңыз ба? Олардың сөздерінен Ехобадан қорқатындары және оның есімі туралы ой жүгіртетіндері көрініп тұрған. Біздің сөзіміз жүрегімізде не бар екенін аян етеді. Иса: “Адамның жүрегі неге толы болса, аузы соны айтар”,— деген (Мат. 12:34). Біздің не туралы айтатынымыздан Ехобаны қаншалықты сүйетінімізді көруге болады. Ал Ехобаны сүйетіндерге ол жаңа дүниеде мәңгі өмір сыйлағысы келеді.

5. а) Ғибадатымыз бен сөйлеген сөзіміз бір-бірімен қалай байланысты? ә) Суреттен көрінетіндей, сөзіміз Ехобаға жағымды болу үшін, неден аулақ болуымыз керек?

5 Ехоба қалай сөйлейтінімізге қарап, ғибадатымызды қабылдайды не қабылдамайды (Жақ. 1:26). Мына дүниеде Құдайды сүймейтін адамдар айғайлап, дөрекі не паңдана сөйлейді (Тім. 2-х. 3:1—5). Біз олар сияқты болғымыз келмейді, әрине. Қайта, аузымыздан шыққан сөзіміз Ехобаға жағымды болғанын қалаймыз. Алайда кездесулер мен қызметте ілтипатпен сөйлеп, ал үйге келгенде “өзіміз ғой”-ға салып, жақындарымызға ащы әрі ауыр сөздерді айтсақ, Ехоба бізге разы бола ма? (Пет. 1-х. 3:7).

6. Кимберлидің сөйлеу қабілетін дұрыс қолданғаны қандай жеміс әкелді?

6 Сөйлеу қабілетін дұрыс қолдансақ, Ехобаның қызметшілері екеніміз байқалып тұрады. Сонда адамдар “Құдайға қызмет ететін мен қызмет етпейтіннің арасындағы айырмашылықты” анық көретін болады (Малх. 3:18). Кимберли b деген қыз бауырласымыздың оқиғасына тоқталайықшы. Мектепте оған сыныптас қызы екеуіне бір тапсырма беріледі. Тапсырмаға бірге дайындалып жүргенде, сыныптасы Кимберлидің басқа оқушыларға мүлдем ұқсамайтынын байқайды. Өйткені ол ешкімді сыртынан өсектемейтін, жылы-жұмсақ сөйлейтін және жаман сөз қолданбайтын. Сыныптас қызы Кимберлидің жүріс-тұрысына тәнті болып, кейін өзі де Киелі кітапты зерттей бастады. Осы жағдайдағы сияқты, жағымды сөйлейтінімізге қарап, адамдар шындықты ұнатып жатса, Ехоба қатты қуанады!

7. Сіз Құдайдың берген сыйы — сөйлеу қабілетін қалай қолданғыңыз келеді?

7 Бәріміз де Ехобаға даңқ әкелетіндей және бауырластармен қарым-қатынасымызды көркейте түсетіндей сөйлегіміз келеді. Ендеше, қазір сөзімізбен үлгі көрсете беруге көмектесетін бірнеше тиімді кеңестерді қарастырайық.

ҚЫЗМЕТТЕ ҮЛГІЛІ БОЛЫҢЫЗ

Қызметте адамдарға мейіріммен сөйлесек, Ехоба қуанады (8, 9-абзацтарды қараңыз)

8. Иса қызметте тілін қалай қолданғанынан біз қандай сабақ аламыз?

8 Ашуыңызға тигенде, мейіріммен және құрметпен жауап беріңіз. Иса жерде қызмет етіп жүргенде, кейбіреулер оған ішкіш, қомағай, Ібіліспен сыбайлас, Демалыс күнін ұстанбайды, тіпті Құдайды қорлайды деп жала жапқан (Мат. 11:19; 26:65; Лұқа 11:15; Жох. 9:16). Бірақ Иса ешқашан “ә” дегенге “мә” демеген. Біз де сүйектен өтетін ащы сөздерді естісек те, Иса сияқты сабырлы болғанымыз жөн (Пет. 1-х. 2:21—23). Бірақ бұлай ету оңай бола бермейді (Жақ. 3:2). Ендеше, бізге не көмектеседі?

9. Уағыздап жүргенде, тілімізге ие болуға не көмектеседі?

9 Қызметте үй иесі дөрекілік танытса, бұған тым қатты мән бермей, кеңірек ойланыңыз. Сэм деген ер бауырлас былай дейді: “Мен ол адам да Құдай туралы шындықты білуі керек қой деп ойланамын және оның да жақсара алатынын есте ұстаймын”. Кейде үй иесінің ашу шақыруына біздің оған ыңғайсыз уақытта келгеніміз себеп болып жатады. Осындай адамға жолығып қалсақ, Люсия бауырлас сияқты әрекет етсек болады. Ол Ехобаға “сабыр сақтап, тіліме ие болуға көмектесші, үй иесіне жаман бірдеңе айтып қоймайыншы” деп қысқаша дұға етіп алады екен.

10. Тімөтеге 1-хат 4:13-те айтылғандай, біз қандай мақсат қоюымыз керек?

10 Тәлім беру шеберлігіңізді шыңдаңыз. Тімөтенің уағыз ісінде біраз тәжірибесі болса да, ол тәлім беру шеберлігін шыңдай беруі керек болған (Тімөтеге 1-хат 4:13 оқыңыз). Біз де осы шеберлігімізді қалай арттырсақ болады? Бұл үшін жақсы дайындық керек. Қуанышқа орай, бізде жақсы тәлімгер болуға көмектесетін құралдар көп. Мысалы, “Оқу мен тәлім беру қабілетін шыңдайық” кітапшасынан және “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптеріндегі “Қызметіміздің сапасын арттырайық” деген бөлімнен пайдалы кеңестерді таба аласыз. Осы құралдарды қолданып, барынша пайдасын көруге тырысасыз ба? Егер дайындығыңыз жақсы болса, онда қызметте қатты қобалжымай, сеніммен сөйлейтін боласыз.

11. Кейбір мәсіхшілер жақсы тәлімгер болуды қалай үйренген?

11 Біз қауымдағы бауырластардан да жақсы тәлімгер болуды үйрене аламыз. Мысалы, жоғарыда айтылып кеткен Сэм бауырлас қауымындағы жақсы тәлімгерлер жайлы: “Олардың шеберліктерінің кілті неде?”— деп ойланады екен. Сэм олардың тәлім беру тәсілдерінің қыр-сырын меңгеріп алғаннан кейін, өзі де соны қолданады. Ал Талия деген әйел бауырлас болса тәжірибелі баяндамашылардың көпшілікке арналған баяндаманы қалай өрбітетіндеріне мән береді екен. Соның арқасында ол қызметтегі адамдарды қызықтыратын тақырыпта әңгіме бастап, бірге ой түзуді үйреніп алған.

ҚАУЫМДА ҮЛГІЛІ БОЛЫҢЫЗ

Қауымда бар жүрекпен ән айтсақ, Ехобаны мадақтаймыз (12, 13-абзацтарды қараңыз)

12. Кейбіреулер үшін не нәрсе қиын болуы мүмкін?

12 Біз қауымда бауырластармен бірге бар дауыспен ән шырқағанда және жақсы дайындалған түсініктемелер бергенде, кездесудің керемет өтуіне үлес қосамыз (Зәб. 22:22). Бірақ кейбіреулер үшін қол көтеріп жауап беру мен ән шырқаудың өзі де — үлкен бір сынақ. Егер бұл нәрселер сізге де қиын болса, басқаларға қорқыныштарын жеңуге не көмектескеніне назар аударайық.

13. Сізге қауымда бар жүрекпен ән шырқауға не көмектесе алады?

13 Әнді бар жүрекпен шырқаңыз. Қауым кездесуінде Патшалық әндерін шырқағанда, біздің ең басты мақсатымыз — Ехобаны мадақтау. Сара деген бауырласымыз жезтаңдай әнші болмаса да, Ехобаны әнмен даңқтағысы келеді. Сондықтан ол үйде қауым кездесулеріне қалай дайындалса, ән шырқауға да дәл солай дайындалады. Ол әнді бірнеше рет айтып жаттығып, оның мәтіні мен қауымда талқыланатын тақырыптың қандай байланысы бар екенін байқауға тырысады. “Сонда мен ән айту қабілетімнің жоқтығына емес, әннің сөздеріне көбірек назар аударамын”,— дейді Сара.

14. Түсініктеме беруден қатты қорқып, қобалжитын болсаңыз, сізге не көмек бола алады?

14 Кездесуде жиі жауап беріңіз. Алайда кейбіреулер үшін бұл өте қиын. Мысалы, жоғарыда айтылып кеткен Талия бауырлас былай дейді: “Мен көпшілік алдында сөйлеуден қатты қорқамын. Бірақ даусым табиғатымнан жай шығатындықтан, бұндай фобиям бар екенін кейбіреулер біле бермейді”. Бірақ, қаншалықты қиын болмасын, Талия бәрібір де жиналыста қол көтеріп жауап беруге тырысады. Ол кездесулерге дайындалғанда, сұрақтың алғашқы жауабы қысқа да нұсқа болу керектігін есте ұстайды. “Түсініктеме бергенде, негізгі ойды ғана айтып, қарапайым, қысқа жауап беруден қысылмаймын, өйткені талқылауды жүргізіп тұрған бауырлас алдымен сондай жауапты күтеді”,— дейді Талия.

15. Түсініктемелерге қатысты нені есте ұстағанымыз жөн?

15 Кейбір бауырластар аса жасқаншақ болмаса да, қатты қобалжымаса да, түсініктеме беруден тартынуы мүмкін. Неге? Джулиет деген бауырлас былай дейді: “Кейде мен: —Қойшы, менің түсініктемелерім анау айтқандай терең емес, тым қарапайым. Одан да жауап бермей-ақ қояйын,— деп ойлаймын”. Алайда Ехоба мүмкіндіктерімізді ескереді. Ол шамамызға қарай берген ең жақсы түсініктемелерімізді жоғары бағалайды c. Қорқып я қобалжығанымызға қарамастан, Ехобаны қауымда мадақтасақ, ол шексіз риза болады.

БАСҚАЛАРМЕН АРАЛАСҚАНДА ҮЛГІЛІ БОЛЫҢЫЗ

16. Біз қандай сөздерден аулақ болуымыз керек?

16 “Қорлық сөздердің” барлық түрінен аулақ болыңыз (Ефес. 4:31). Басында айтып кеткеніміздей, мәсіхшінің аузынан жаман сөз шықпау керек. Бірақ, бір ескеретін жайт, қорлық сөздердің жасырын түрлері де бар. Мысалы, өзге мәдениеттің, ұлттың, рудың адамдары жайлы жағымсыз сөздер айтудан аулақ болғанымыз жөн. Сондай-ақ басқаларды кемсітіп сөйлеп, ауыр сөздер айтудан да сақ болуымыз керек. Бір ер бауырлас өзі жайлы былай деп бөлісті: “Мен кейде басқаларға қызық болсын деп, біреудің үстінен күліп, кекетіп-мұқатып қалжыңдағанды жақсы көретінмін. Бірақ әлгі адамның көңіліне тиіп, жанын жаралайтынымды ойламаппын. Әйелім маған көп жылдан бері осы бейімділігіммен күресуге көмектесіп келеді. Егер дөрекі сөйлеп, оның немесе басқа біреудің көңіліне тиіп кетсем, ол мені оңашада түзетіп отырады”.

17. Ефестіктерге 4:29-да айтылғандай, біз бауырластардың жанын қалай жадырата аламыз?

17 Адамның жанын жадырататын сөздер айтыңыз. Біреуді сынап-мінеп, күңкілдеуге емес, мақтауға асық болыңыз (Ефестіктерге 4:29 оқыңыз). Исраил халқы Ехобаның берген көп жақсылығына ризашыл болудың орнына қайта-қайта күңкілдей берді. Күңкілдеудің әсері өте күшті. Біреу күңкілдесе, басқалар оған тез елігіп, олар да күңкілдей бастайды. Есімізде болса, он барлаушы қара аспанды төндіріп, Уәде етілген жер туралы жағымсыз хабар айтқанда, “исраилдіктердің бәрі Мұсаға күңкілдей бастаған” (Мұс. 4-ж. 13:31—14:4). Дәл сол сияқты, мақтау сөздердің де құдіреті зор. Олар адамды игілікке талпындыра алатын күшке ие. Мысалы, Ефтаның қызы құрбыларының жыл сайын келіп, оны мақтап, жігерлендіріп тұрғанының арқасында қызметін әрі қарай да адал атқара бергенінде сөз жоқ (Би. 11:40). Жоғарыда аталып кеткен Сара бауырлас: “Біз басқаларды мақтағанда, олар Ехобаның сүйіспеншілігін және ұйымға керек екендерін сезінеді”,— дейді. Олай болса, бауырластарды мақтаудың мүмкіндіктерін жіберіп алмайық.

18. Зәбүр 15:1, 2-ге сай, біз неге шындықты айтуымыз керек және шындықты айтуға не жатады?

18 Шындықты айтыңыз. Өтірік айтып, жалған сөйлесек, Ехобаға ұнамды бола алмаймыз. Ол өтіріктің кез келген түрін жек көреді (Нақ. с. 6:16, 17). Мына дүниедегі адамдар үшін өтірік айта салу түк те емес, әрі сол үшін ар-ұждандары мазаламайды да. Бірақ біз әрқашан да Ехобаның көзқарасын ұстанғымыз келеді (Зәбүр 15:1, 2 оқыңыз). Әрине, біз қып-қызыл өтірік айтпайтын шығармыз, бірақ адамның басқа мағына түсінгенін қалап, шындықты бұрмалап, екіұшты да сөйлемейміз.

Жағымсыз әңгімені жағымды әңгімеге бұрсақ, Ехобаның батасын аламыз (19-абзацты қараңыз)

19. Біз тағы неден аулақ болуымыз керек?

19 Өсектен қашық болыңыз (Нақ. с. 25:23; Сал. 2-х. 3:11). Жоғарыда аталып кеткен Джулиет өсек сөздердің оған қалай әсер ететінін айтып берді. Ол былай дейді: “Біреу келіп, маған басқа біреуді өсектеп жатса, өзімді жаман сезініп, көңілім түсіп кетеді. Сол адамға деген сенімім жоғалады. Өйткені ол ертең барып, мені де басқа біреуге өсектеуі мүмкін”. Сондықтан біреумен әңгімелеріңіз өсекке ұласып бара жатқанын байқасаңыз, оны бірден жағымды арнаға бұрып жіберіңіз (Қол. 4:6).

20. Сіз не істеуге бекіндіңіз?

20 Басында айтып кеткеніміздей, әдепсіз сөйлеу бүгінде жаппай қоғамдық әдетке айналып кеткен. Сондықтан айтатын сөзіміз Ехобаға ұнамды болу үшін көп күш салуымыз керек. Тіл Ехобаның берген сыйы екенін және оны қалай қолданатынымыз оған бәрібір емес екенін ұмытпаңыз. Біз қызметте, қауым кездесулерінде және басқалармен араласқанда тілімізді дұрыс қолдануға тырыссақ, Ехоба батасын береді. Мына құдайсыз заман жойылғаннан кейін, Ехобаны тілімізбен мадақтау әлдеқайда жеңіл болады (Яһд. 15). Сол уақыт келгенше, аузымыздан шығатын сөздеріміз Ехобаға “ұнамды болғай!” (Зәб. 19:14).

121-ӘН Ұстамдылық танытайық

a Сөйлеу қабілеті — Ехоба берген керемет сый. Өкінішке қарай, көп адам бұл сыйды Ехоба қалағандай қолданбайды. Барған сайын құлдырап, әдепсіз болып бара жатқан мына дүниеде таза сөйлеу үшін және сөздеріміз басқалардың көңілін жадырататындай болу үшін не істей аламыз? Қызметте, қауымда және басқалармен араласқанда сөздеріміз Ехобаға жағымды болу үшін не істеуіміз керек? Қазір осы сұрақтардың жауабын бірге білейік.

b Кейбір есімдер өзгертілген.

c Түсініктеме беру жайлы көбірек білу үшін, 2019 жылдың қаңтар айындағы “Күзет мұнарасынан” “Ехобаны қауымда мадақтайық!” деген мақаланы қараңыз.

d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас ашулы үй иесіне дөрекі сөйлеп жатыр. Ер бауырлас қауымда ән айтқысы келмей тұр. Әйел бауырлас біреудің өсегіне қосылып тұр.