Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Ант беру жайында Киелі кітапта не айтылған?

▪ Ант — “қасиетті нәрсемен сендіру арқылы берілетін салтанатты түрдегі серт”, “адалдыққа, заңға сәйкес әрекет етуге, қандай да бір міндеттемелерді орындауға салтанатты ресми түрде берілетін уәде” (“Қазақ әдеби тілінің сөздігі”). Ант ауызша я жазбаша беріледі.

Иса: “Мүлдем ант беруші болма! ... Сендердің “иә” дегендерің “иә”, ал “жоқ” дегендерің “жоқ” болсын. Бұдан артық айтылғандар Зұлымнан”,— деген (Мат. 5:33—37). Осы сөздерге қарап, кейбіреулер ант беру дұрыс емес деп ойлап қалатын шығар. Бірақ бұл шынымен солай ма? Иса кейбір жағдайларда Мұса Заңы ант беруді талап еткенін білген. Сондай-ақ Құдайдың ежелдегі адал қызметшілерінің де ант бергенінен хабардар болған (Мұс. 1-ж. 14:22, 23; Мұс. 2-ж. 22:10, 11). Ехобаның өзі де ант бергенін ол жақсы білген (Евр. 6:13—17). Демек, Иса мүлдем ант беруге болмайды дегісі келмеген. Ол болмашы нәрселерге қатысты ант беріп, антқа жеңіл-желпі қарамауды ескерткен. Иә, біз әрдайым айтқан сөзімізде тұруымыз керек, себебі Ехоба бізден соны талап етеді.

Ант беру керек жағдайларда не істегеніңіз жөн? Біріншіден, берген уәдеңізде тұра аласыз ба, соған көз жеткізіп алыңыз. Ал егер сенімсіз болсаңыз, ант бермегеніңіз дұрыс. Өйткені Құдай Сөзінде: “Серт беріп алып, оны орындамағаныңнан гөрі, серт бермегенің жақсы”,— деп жазылған (Уағ. 5:5). Екіншіден, бергелі жатқан антыңызға қатысты Киелі кітап принциптерін қарастырып көріңіз. Кейін Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданыңызға сай әрекет етіңіз. Қазір сондай принциптердің кейбіріне тоқталып өтейік.

Кейбір анттар Құдайдың еркіне қайшы емес. Мысалы, Ехоба куәгерлері некеге тұрғанда, ант береді. Күйеужігіт пен қалыңдық “жер бетінде бірге өмір сүрген уақыттың бәрінде бір-бірімізді сүйіп, аялап және құрметтеп өтеміз” деп, Құдайдың және өзгелердің алдында уәде етеді (кейбір жұбайлар дәл осы сөздерді айтпаса да, олар бәрібір Құдайдың алдында ант береді). Неке антын айтқан соң, олар ерлі-зайыпты болып саналады. Енді екеуі өмір бақи бірге болулары керек (Мұс. 1-ж. 2:24; Қор. 1-х. 7:39). Бұндай ант орынды әрі Құдайдың еркіне сай.

Кейбір анттар Құдайдың еркіне қайшы. Шынайы мәсіхші, мысалы, “қолыма қару алып Отанымды қорғаймын немесе Құдайға деген сенімімнен бас тартамын” деп ант бермейді. Олай етсе, мәсіхші Құдайдың заң-талаптарын бұзады. “Осы дүниелік болмағандықтан”, біз оның даулы мәселелеріне және қақтығыстарына қатыспаймыз (Жох. 15:19; Ишая 2:4; Жақ. 1:27).

Мәсіхші кейбір анттарды беру-бермеуді ар-ұжданына қарай шешеді. Кейде Исаның “патшанікін патшаға, ал Құдайдікін Құдайға беріңдер” деген кеңесі жайлы жақсылап ойлануымыз керек болады (Лұқа 20:25).

Мәселен, мәсіхші азаматтық я төлқұжат (паспорт) алу үшін, елге адал боламын деген ант беру керектігін білді делік. Бұндай ант мәсіхшіден Құдай заңына қайшы келетін нәрсені істеуді талап ететіндіктен, сол антты беруге оның Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданы жібермейді. Бірақ кейде үкімет анттың сөзін өзгертіп айтуға рұқсат етуі мүмкін. Сонда мәсіхші оны таза ар-ұжданмен айта алатын шығар.

Егер мәсіхші сөзі өзгертілген антты айтуға келіссе, Римдіктерге 13:1-дегі сөздерге сай әрекет етеді. Онда: “Әрбір адам билік басындағыларға бағынсын”,— делінген. Ехоба өз заңына қайшы келмейтін жағдайларда үкіметке бағынуды талап ететіндіктен, мәсіхші бұндай антты беруде тұрған ештеңе жоқ деп шешуі мүмкін.

Кейде ант бергенде, қандай да бір зат қолдану я ишарат жасау керек болады. Мұндай жағдайда да мәсіхші өзінің ар-ұжданын ескеру қажет. Мысалы, ежелгі римдіктер мен скифтер соғыс құдайының символы болған семсермен ант етіп, өзінің сенімді адам екеніне кепілдік берген. Ал гректер ант бергенде, қолын көкке қарай көтерген. Осылай олар не айтып, не істеп жатқандарын көкте бір құдірет иесі көріп тұрғанын және соның алдында есеп беретіндерін мойындаған.

Әрине, Ехобаның қызметшісі жиі тағзым етілетін не жалған дінмен байланысы бар ұлттық рәміздермен ант бермейді. Ал егер сотта сізге қолыңды Киелі кітапқа қойып, тек шындықты айтамын деп ант бер десе ше? Онда бұған келісетін шығарсыз, өйткені Жазбаларда адал қызметшілердің ант бергенде ишарат жасағандары жазылған (Мұс. 1-ж. 24:2, 3, 9; 47:29—31). Киелі кітапқа қол қойып ант бергенде, тек шындықты айтамын деп Құдайдың алдында ант беріп жатқаныңызды ұмытпаңыз. Қойылған кез келген сұраққа шындықты бүкпей айтуға дайын болыңыз.

Ехобамен достығымыз біз үшін өте қымбат. Сондықтан ант беруге келгенде, дұға етіп, жақсылап ойланып, беретін антымыз ар-ұжданымызға және Киелі кітап принциптеріне қайшы келмейтініне көз жеткізіп алуымыз керек. Ал егер ант беруді шешсек, оны бұлжытпай орындауға тиіспіз (Пет. 1-х. 2:12).