Оқырман сауалдары
Мәсіхші Киелі жазбаларға негізделмеген себеппен ажырасып, басқа біреуге үйленсе, қауымдағылар оның бұрынғы некесі мен қазіргі некесіне қалай қарау керек?
Егер мәсіхші басқа біреуге үйленетін болса, онда қауымдағылар оның бұрынғы некесін үзілді деп, ал қазіргісін күшіне енген жаңа неке деп қарастырса болады. Неге бұлай дейтінімізді білу үшін, Исаның ажырасып, басқа неке құруға қатысты не дегеніне назар аударайық.
Матай 19:9-да Иса ажырасуға жалғыз бір ғана себеп бар екенін айтқан. Ол: “Кім әйелімен азғындықтан басқа себеппен ажырасып, өзге біреуге үйленсе, неке адалдығын бұзады”,— деген. Бұл сөздерден мына екі нәрсені түсінуге болады: 1) Жазбаларға сай, ажырасуға болатын жалғыз себеп — жұбайлардың біреуінің азғындық жасауы; 2) жұбайлардың бірі Жазбаларға негізделмеген себеппен ажырасып, басқа біреуге үйленсе, бұл неке адалдығын бұзуға жатады a.
Исаның сөздері азғындық жасап, ажырасқан адамға Жазбалар өзге біреуге үйленуге рұқсат береді дегенді білдіре ме? Бұлай деп кесіп айта алмаймыз. Өйткені бұл бейкүнә жақтың қабылдайтын шешіміне байланысты. Неке адалдығын бұзған күйеуін әйелі кешіруі де мүмкін немесе одан бас тартуы да мүмкін. Егер әйелі оны кешірмей, бас тартса, онда заңды түрде ажырасқаннан кейін, екеуінің де басы бос болады. Енді олар басқа неке құра алады.
Я болмаса кінәсіз әйелі күйеуін кешіріп, некесін сақтап қалғысы келуі мүмкін. Бірақ күйеуі некесінен бас тартып, әйелі ажырасқысы келмесе де, өзі заңды түрде ажырасып кетсе ше? Әйелі кешіріп, некесін сақтап қалғысы келгендіктен, күйеуіне басқа неке құруға Жазбалар бойынша негіз жоқ. Бірақ күйеуі сонда да басқа біреуге үйленсе, онда ол қайтадан неке адалдығын бұзады. Мұндайда қауымда оның ісі бойынша тағы да сот комитеті құрылады (Қор. 1-х. 5:1, 2; 6:9, 10).
Жазбалар рұқсат етпесе де, басқа біреуге үйленген адамның бұрынғы және қазіргі некесіне қауым қалай қарау керек? Оның алдыңғы некесі Жазбалар бойынша әлі де өз күшінде ме? Кінәсіз әйеліне бұрынғы күйеуін кешіру-кешірмеуді әлі де шешу керек бола ма? Күйеуінің қазіргі некесі зинақор не азғын неке болып есептеле ме?
Бұрында кінәсіз жары өмірден өтпейінше, басқа неке құрмайынша және азғындық жасап қоймайынша, күйеуінің жаңа некесі зинақор неке болып есептелген. Бірақ Иса адамның ажырасып, өзге біреуге үйленуі жайлы айтқанда, оның негізгі айтпақ ойы кінәсіз жары туралы болмаған. Иса Жазбалар негіз бермесе де, мәсіхші ажырасып, өзге біреуге үйленсе, ол неке адалдығын бұзатынын көрсеткен. Демек,
адам ажырасып, жаңа неке құрса, яғни неке адалдығын бұзса, алдыңғы некесінің күші жойылады.“Кім әйелімен азғындықтан басқа себеппен ажырасып, өзге біреуге үйленсе, неке адалдығын бұзады” (Мат. 19:9).
Күйеуі ажырасып, үйленіп, алдыңғы некесінің күші жойылғандықтан, енді бұрынғы әйелінде оны кешіру-кешірмеуді шешетін мүмкіндік жоқ. Ол осындай қиын таңдау жасау жауапкершілігінен босайды. Сондай-ақ қауымның жаңа некеге деген көзқарасы бұрынғы әйелі қайтыс болды ма, қайта неке құрды ма, азғындық жасады ма — бұған байланысты болмайды b.
Біз жоғарыда күйеуі азғындық жасап, әйелімен ажырасқан жағдайды қарастырдық. Ал егер ол азғындық жасамаса да, әйелімен ажырасып, басқа біреуге үйленіп кетсе ше? Немесе ажырасқаннан кейін азғындық жасап, әйелі кешіріп тұрса да, өзге біреуге үйленсе ше? Осы жағдайлардың бәрінде де адамның ажырасқаны және қайта үйленгені неке адалдығын бұзғаны болып есептеледі. Сондықтан оның алдыңғы некесі өз күшін жояды, ал қазіргі некесі заңмен бекітілген жаңа неке болып есептеледі. 2006 жылдың 15 қыркүйегінде шыққан “Күзет мұнарасының” (ор.) 30-бетінде былай делінген: “Ол енді жаңа неке құрғандықтан, жайдан-жай сол некесінен бас тартып, бұрынғы әйеліне орала алмайды, өйткені ажырасып, неке адалдығын бұзып және басқа біреуге үйленгендіктен, алдыңғы некесі күшін жоғалтқан”.
Бұл жаңа түсінік неке енді бұрынғыдай қасиетті емес немесе неке адалдығын бұзу анау айтқандай ауыр күнә емес дегенді білдірмейді. Адам Жазбалар бойынша негіз болмаса да ажырасса және Жазбалар рұқсат етпесе де өзге адамға үйленсе, оған қатысты сот комитеті құрылады. Өйткені ол неке адалдығын бұзды (егер оның жаңа некесіндегі жұбайы мәсіхші болса, оған қатысты да сот комитеті құрылады, өйткені ол азғындық жасады). Қауымдағылар бұл некені зинақор неке деп қарастырмайды. Бірақ ер адам көп жыл өтпейінше және өзгелердің өкпе-реніші басылып, олардың алдында қайтадан жақсатқа ие болмайынша, қауымда жауапкершіліктер ала алмайды. Әрине, бұл жағдайда ақсақалдар оның опасыздық көрген бұрынғы әйелі мен тастап кеткен кәмелетке толмаған балаларының да жай-күйін ескереді (Малх. 2:14—16).
Жазбаларға қайшы болса да ажырасып, қайтып үйленгеннің салдары ауыр болатынын білгендіктен, мәсіхшілер Ехобаға еліктеп, некеге қасиетті деп қарағандары жөн (Уағ. 5:4, 5; Евр. 13:4).
a Осы мақалада біз күйеуін неке адалдығын бұзған жақ, ал әйелін бейкүнә жақ деп алдық. Бірақ Марқа 10:11, 12-ге сай, Исаның айтқан кеңесі әйелге де, күйеуге де қатысты екенін білеміз.
b Күйеуінің жаңа некесі бұрынғы әйелі қайтыс болмайынша, басқа неке құрмайынша не азғындыққа барып қоймайынша, зинақор неке болып есептеледі деген — бұдан былай ескі түсінік.