16-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
“Бауырың қайта тіріледі!”
“Иса [Мартаға]: “Бауырың қайта тіріледі”,— деді” (ЖОХ. 11:23).
151-ӘН Ол шақырады
АҢДАТПА a
1. Мэтью деген бір баланың қайта тірілуге сенетіні неден байқалды?
МЭТЬЮ деген баланың ауыр сырқаты бар. Ол көп ота жасатқан. Бірде ол отбасымен JW Broadcasting® бағдарламасын көріп отырып, соңында қайта тірілген сүйікті жандарымызбен қауышу жайлы бейнебаянды тамашалайды b. Көріп болған соң, жеті жасар Мэтью ата-анасының қолынан ұстайды да: “Анашым, әкешім, көрдіңіздер ме, мен өліп қалсам да, қайта тірілемін. Сіздер мені күтіңіздер, бәрі жақсы болады”,— дейді. Балаларының қайта тірілуге шын сенетінін көріп, ата-анасының жүрегі елжіреп кетті.
2, 3. Неліктен қайта тірілу жайлы ойланып тұрғанымыз маңызды?
2 Болашақта жер бетінде болатын тіріліс жайлы оқтын-оқтын ой жүгіртіп тұрғанымыз маңызды (Жох. 5:28, 29). Өйткені аяқастынан бір қатерлі ауруға шалдығуымыз немесе жақынымыздан айырылып қалуымыз мүмкін (Уағ. 9:11; Жақ. 4:13, 14). Ал қайта тірілуге деген үміт осындай ауыр жағдайларда сынбауға көмектеседі (Сал. 1-х. 4:13). Киелі жазбаларда анық айтылғандай, Ехоба бізді өзімізден де жақсы біледі және қатты сүйеді (Лұқа 12:7). Расымен де, егер ол әрбір марқұмды өзіндік жан дүниесімен, жадындағы бүкіл естеліктерімен қайта тұрғыза алса, демек, әрқайсысымызды өте жақсы біледі! Ал қайтыс болып кетсек те, қайта тірілтіп, мәңгі өмір сыйлаймын деген уәдесінен бізді шынымен де қатты сүйетінін көреміз!
3 Бұл мақаладан, біріншіден, қайта тірілудің болатынына неліктен сенімді екенімізді білеміз. Кейін осы сенімімізді қайрай түсетін бір оқиғаны қарастырамыз. Бұл мақалаға арқау болған “бауырың қайта тіріледі” деген сөздер дәл сол оқиғадан алынып отыр (Жох. 11:23). Соңында осы үмітімізді жалындата беруге көмектесетін кеңестерді білеміз.
ҚАЙТА ТІРІЛУГЕ СЕНУГЕ ҚАНДАЙ НЕГІЗ БАР?
4. Қай кезде біз біреудің уәдесіне сене аламыз? Мысал келтіріңіз.
4 Біреудің берген уәдесіне сену үшін біз екі нәрсеге көз жеткізуіміз керек: оның соны істеуге ықыласты екеніне және күші жететініне. Бұған бір қарапайым мысал келтірейік. Үйіңіз қандай да бір табиғи апаттан қирап қалды делік. Сонда бір досыңыз келіп: “Уайымдама, үйіңді қайта тұрғызып беремін”,— деп сөз береді. Сіз оның шын ниетпен айтып тұрғанын, қатты көмектескісі келетінін көріп тұрсыз. Бұған қоса, оның қолынан бәрі келетін құрылысшы екенін, құрал-саймандарының да бар екенін білесіз. Сондықтан ол сөзінде тұратынына сенесіз. Ал Ехобаның марқұмдарды қайта тірілтемін деген уәдесіне сенуге бола ма? Уәдесін орындауға оның ықыласы бар ма? Оған шынымен де күші жете ме?
5, 6. Ехоба марқұмдарды тірілтуге ықыласты екеніне неге сенімді бола аламыз?
5 Ехобаның марқұмдарды тірілтуге ықыласы бар ма? Бар екенінде ешқандай күмән жоқ. Ол осы уәдесін өз Сөзінде бір емес, бірнеше адамға жаздырған (Ишая 26:19; Ошия 13:14; Аян 20:11—13). Ал Ехобаның уәдесі ешқашан орындалмай қалмайды (Ешуа 23:14). Ехоба дүниеден өткен жандарды тірілткісі келетіні сонша — сол уақытты аңсап күтеді! Бұны қайдан білеміз?
6 Ехобаның адал қызметшісі Әйүпке назар аударайық. Ол көз жұмса, Ехоба оны қайта көруді аңсайтынына сенімді болған (Әйүп 14:14, 15). Ехоба дүниеден өткен басқа да адал қызметшілерінің бәрін тірідей көргісі келеді. Олардың қайтадан өмір сүріп, мықты денсаулықпен бақытты ғұмыр кешкендерін қалайды. Ал Ехобаны танып үлгермей, дүниеден өтіп кеткен миллиардтаған адам ше? Мейірімі мол Құдайымыз оларды да қайта көргісі келеді (Ел. іс. 24:15). Олар да онымен достасып, жерде мәңгі өмір сүрсе екен дейді (Жох. 3:16). Расында да, Ехоба көз жұмған адамдардың бәрін тірілткісі келетініне анық көзіміз жетеді.
7, 8. Марқұмдарды тірілтуге Ехобаның күші жететініне неге сенімдіміз?
7 Ал Ехобаның марқұмдарды тірілтетін күші бар ма? Әрине! Ол “Құдіреті шексіз Құдай” ғой! (Аян 1:8) Ешқандай дұшпан Ехобаға қарсы тұра алмайды, тіпті өлім де (Қор. 1-х. 15:26). Осыны білгеніміз жанымызды жұбатып, күш береді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Эмма Арнольд бауырласпен болған жағдайды қарастырайық. Ол отбасымен бірге аяусыз қуғындалып, концлагерьде сүйікті жандарынан айырылады. Қайғырған қызын жұбату үшін Эмма: “Адамдар өлген соң ешқашан тірілмейтін болса, демек өлімнің Құдайдан күшті болғаны ғой?!”— дейді. Ал Ехобадан күшті еш нәрсе жоқ! Құдай адамды өзі жаратып, оған өмір берген болса, әлбетте ол жаратқанын қайта қалпына келтіре алады!
8 Ехоба Құдай марқұмдарды тірілте алатынының тағы бір себебі оның есте сақтау қабілетінің шексіз болғанында. Ол әрбір жұлдыздың атын біледі (Ишая 40:26). Марқұмдарды да еш ұмытпайды (Әйүп 14:13; Лұқа 20:37, 38). Тіпті десеңіз, олардың генетикалық кодын, бастан өткізген жағдайларын, естеліктерін де бес саусақтай біледі.
9. Ехоба марқұмдарды тірілтемін деген уәдесінде тұратынына не үшін сенімдісіз?
9 Ехобаның марқұмдарды тірілтуге ықыласы да, күші де жететінін білгендіктен, біз оның осы уәдесі орындалатынына толық сенімдіміз. Бұған көзімізді жеткізетін тағы бір жайт — Ехоба марқұмдарды тірілткен жағдайлар өмірде болған. Ол бірнеше адал қызметшісіне өлгендерді тірілтуге күш берген. Солардың ішінде Иса да бар. Қазір Жохан 11-тарауда болған оқиғаға көңіл бұрайық.
ИСАНЫҢ ЖАҚЫН ДОСЫНАН АЙЫРЫЛУЫ
10. Иса Иорданның арғы бетінде уағыздап жүргенде, Бетанияда қандай жағдай болды және ол не істеді? (Жохан 11:1—3)
10 Жохан 11:1—3 оқыңыз. Б. з. 32 жылының аяғы, Бетания қаласы. Мұнда Исаның Елазар, Марта және Мәриям деген достары тұрады (Лұқа 10:38—42). Өкінішке қарай, Елазар ауырып қалып, әпкелері уайымдай бастады. Сөйтіп, олар Бетаниядан жаяу екі күндік жерде, Иорданның арғы бетінде жүрген Исаға хабаршы жібереді (Жох. 10:40). Шамамен хабаршы Исаға жеткен уақытта, Елазар көз жұмады. Иса оның қайтыс болғанын білсе де, сол жерде тағы екі күнге қалып, содан кейін ғана жолға шығады. Иса Бетанияға жеткенде, Елазардың өлгеніне төрт күн болған еді. Бірақ Иса достарын шаттыққа бөлейтін, ал Ехобаны даңқтайтын бір керемет жасамақ болды (Жох. 11:4, 6, 11, 17).
11. Исадан дос болуға қатысты не үйренеміз?
11 Осы оқиғадан нағыз достықтың қандай болатынын білеміз. Байқасақ, Марта мен Мәриям Исаға хабаршы жібергенде, оны Бетанияға шақыртпаған. “Жақсы көретін досыңыз ауырып жатыр” деп жай ғана оны хабардар еткен (Жох. 11:3). Бұған қоса, Иса Елазарды қашықтан-ақ тірілте алатын еді. Бірақ ол Бетанияға барып, достары Марта мен Мәриямның жанында болуды жөн көрді. Сіздің де көмекке зәру кезіңізде айтқызбай келіп, қол ұшын беретін досыңыз бар ма? Демек, “қиын шақта арқа сүйер” нағыз дос тапқаныңыз (Нақ. с. 17:17). Өзіміз де басқалар үшін Иса сияқты дос бола білейік. Ал қазір Бетанияға оралып, оқиғаның қалай өрбігеніне көңіл бұрайық.
12. Иса Мартаға қандай уәде берді және неге бұл бос сөз болған жоқ? (Жохан 11:23—26)
12 Жохан 11:23—26 оқыңыз. Марта Исаның Бетанияға келе жатқанын ести сала, алдынан шығады. Сөйтіп, оған: “Ием, осында болғаныңызда, бауырым өлмес еді”,— дейді (Жох. 11:21). Расында да, Иса Елазарды ауруынан сауықтырғанда, ол өлмес еді. Бірақ Иса одан да зор керемет жасамақшы болды. Ол Мартаға: “Бауырың қайта тіріледі”,— деп сөз берді. Осы сөздеріне негіз келтіріп: “Қайта тірілу және өмір — менмін”,— деді. Бұлай айтқан себебі — Құдай оған өлгендерді қайта тірілтетін күш берген. Бұған дейін Иса көз жұмған бір кішкентай қызды артынша-ақ тірілткен болатын, тағы бірде қайтыс болған бір жас жігітті шамамен сол күні-ақ тірілткен (Лұқа 7:11—15; 8:49—55). Ал жатқанына төрт күн болып, бұзыла бастаған мәйітті тірілте ала ма?
“ЕЛАЗАР, ШЫҚ!”
13. Жохан 11:32—35 тармақтарда жазылғандай, Мәриям мен қасындағы жұрттың жылап тұрғаны Исаға қалай әсер етті? (Суретті де қараңыз.)
13 Жохан 11:32—35 оқыңыз. Кейін Исаның алдынан Мәриям да жүгіріп шығып: “Ием, осында болғаныңызда, бауырым өлмес еді”,— деп, әпкесі Марта айтқан сөздерді айтады. Ол да, қасындағы жұрт та қайғы жұтып, Елазарды жоқтап жылап тұрған болатын. Осының бәрін көріп-естігенде, Исаның жүрегі ауырып, мұңайып кетеді. Ол достарын қатты аяп кеткендіктен, көзіне жас алады. Жақсы көретін адамыңды жоғалтудың қандай ауыр екенін түсінгендіктен, Иса қайғы жасын қуаныш жасына айналдыруға бекінеді.
14. Мәриям жылағанда, көзіне жас алған Исадан Ехоба жайлы не білеміз?
14 Мәриям жылағанда, Исаның көзіне жас алғанынан Ехобаның өте жанашыр, жүрегі жұмсақ Құдай екенін білеміз. Өйткені алдыңғы мақалада айтылып кеткендей, Исаның ой қалпы мен сезімдері тура Әкесінікіндей (Жох. 12:45). Қайғырған достарына жаны ашып, Исаның жылап жібергеніндей, Ехоба да көзіміздегі қайғы жасын көргенде, бізді қатты аяп, жаны ашиды (Зәб. 56:8). Осындай жүрегі жұмсақ Құдайымызбен жақын дос болғымыз келеді, солай емес пе?
15. Жохан 11:41—44 тармақтарда айтылғандай, Елазар жатқан қабірдің басында қандай жағдай болды? (Суретті де қараңыз.)
15 Жохан 11:41—44 оқыңыз. Иса Елазар жатқан қабірдің алдына келіп, аузындағы тасты алып тастауды бұйырады. Сонда Марта оған қарсылық білдіріп: “Ием, иістеніп кеткен шығар”,— дейді. Бірақ Иса оған: “Егер сенсең, Құдайдың ұлылығын көресің демеп пе едім?”— дейді (Жох. 11:39, 40). Сосын, қазір жасайын деп жатқан кереметі Құдайдың арқасында екенін көрсету үшін, көкке қарап, жұрт алдында дұға айтады. Кейін: “Елазар, шық!”— деп қатты дауыстайды. Сол кезде Елазар қабірден шығады. Осылайша Иса кейбіреулер үшін мүмкін емес болып көрінген кереметті жасайды c.
16. Жохан 11-тарауда жазылған оқиға неге қайта тірілуге деген сенімімізді күшейтеді?
16 Жохан 11-тарауда баяндалған оқиға қайта тірілуге деген сенімімізді күшейтеді. Исаның Мартаға: “Бауырың қайта тіріледі”,— деген уәдесін еске алайықшы (Жох. 11:23). Әкесі сияқты оның да марқұмды тірілте алатын ықыласы мен күші бар. Оның көз жасынан өлімді де, өлім әкелетін қайғыны да жоқ қылуды қалайтынын көреміз. Ал Елазардың қабірден шығып келгенінен Исаның өлген адамдарды қайта тірілтуге құдіретті екенін көреміз. Сондай-ақ оның Мартаға: “Егер сенсең, Құдайдың ұлылығын көресің демеп пе едім?”— деп ескерткенін ойға алайықшы (Жох. 11:40). Расында да, бізде қайта тірілудің болатынына сенуге салмақты себептер жетіп артылады. Осы сенімімізді нығайтудың тағы қандай жолдары бар?
ҚАЙТА ТІРІЛУГЕ ДЕГЕН ҮМІТТІ ЖАНДАНДЫРА БЕРІҢІЗ
17. Киелі кітаптағы тіріліс оқиғаларын оқығанда, нені есте ұстауымыз қажет?
17 Бұрында болған тірілістер жайлы оқып, ой жүгіртіңіз. Киелі кітаптан біз қайта тірілген сегіз адам жайлы білеміз d. Олардың әрқайсысын қарастырып шығуды мақсат етіңіз. Тірілген ерлер, әйелдер мен балалар шын өмірде болғанын есте ұстаңыз. Ой жүгіртіп, өзіңізге сабақтар түйіп алыңыз. Ехобаның марқұмдарды тірілтуге ықыласы да, құдіреті де бар екенін әрбір оқиғадан көре біліңіз. Ал ең бастысы, Исаның қайта тірілуі жайлы ойланып-толғаныңыз. Оның қайта тірілгені жүздеген куәгермен расталғанын және сеніміміздің берік негізі екенін ұмытпаңыз (Қор. 1-х. 15:3—6, 20—22).
18. Қайта тірілу жайлы әндердің бар пайдасын көру үшін не істесеңіз болады? (Сілтемені де қараңыз.)
18 Қайта тірілу жайлы “рухани әндеріміздің” бар пайдасын көріңіз e (Ефес. 5:19). Бұл әндер қайта тірілудің шынымен де болатынына сенімімізді арттырып, осы тамаша үмітімізге жан бітіреді. Оларды тыңдаңыздар, шырқап үйреніңіздер, отбасылық ғибадатта әннің сөздерінің мағынасын талқылаңыздар. Әннің сөздерін санаңыз бен жүрегіңізге қашап жазып алыңыз. Сонда басыңызға бір қиын жағдай түсіп, өміріңіз қыл үстінде тұрғанда, я болмаса жақын адамыңыздан айырылғанда, Ехобаның рухы осы әнді есіңізге салып, бойыңызға жігер құйып, жұбатады.
19. Қайта тірілуді қалай елестетсеңіз болады? (“ Оларға қоятын сұрақтарыңыз дайын ба?” деген қоршауды қараңыз.)
19 Көз алдыңызға келтіріңіз. Ехоба бізге жаңа дүниеде жүргенімізді елестететін қабілет берген. Бір әйел бауырлас былай дейді: “Мен өзімнің жаңа дүниеде жүргенімді көп елестететінім сонша — ол жақтағы раушан гүлдерінің иісіне дейін сезетін деңгейге жеттім”. Сіз де Киелі кітапта аталған адал кісілермен көрісіп жатқаныңызды көз алдыңызға келтіріңіз. Әсіресе кіммен кездескіңіз келер еді? Олардан не жайлы сұрайсыз? Қайта тірілген жақындарыңызды да елестетіп көріңіз. Олармен көріскенде айтатын алғашқы сөзіңізді, құшағыңызға алып жатқаныңызды, қуаныштан көзіңізге жас келіп жатқанын да елестетіңіз.
20. Әрі қарай да не істей бергеніміз жөн?
20 Ехобаның марқұмдарды қайта тірілтемін деген уәдесіне біздің алғысымыз шексіз! Ол өз сөзінде тұратынына біздің ешқандай күмәніміз жоқ. Өйткені бұлай етуге оның ықыласы да бар, күші де жетеді. Ендеше, осы үмітіміздің ақталатынына сенімімізді шыңдай берейік, сонда Ехоба Әкемізге жақындай түсеміз. Ал ол бізге: “Жақындарың қайта тіріледі!”— деп уәде береді.
147-ӘН Уәде етілген жұмақ
a Жақынымыз көз жұмғанда, оның қайта тірілетінін білгендіктен жанымыз жұбаныш табады. Бірақ Құдайдың осы уәдесіне неге сенетінімізді өзгелерге түсіндіріп бере аламыз ба? Қайта тірілудің болатынына деген сенімімізді қалай күшейтсек болады? Бұл мақала сол жайында болмақ.
b Бұл — 2016 жылдың қараша айындағы бағдарламада шыққан “Өмір біз аңсаған” деп аталатын бейнебаян.
c 2008 жыл, 1 қаңтардағы “Күзет мұнарасының” 31-бетінен “Неге Иса Елазардың қабіріне төрт күннен кейін келді?” деген тақырыпты қараңыз.
d 2015 жыл, 1 тамыздағы “Күзет мұнарасының” 4-бетіндегі “Өлімнен қайта тірілген сегіз адам” деген қоршауды қараңыз.
e “Ехобаға қуана ән шырқайық” кітабынан мына әндерді қараңыз: “Жұмақта жүргеніңді елестет” (139-ән), “Зор сыйға назар тігейік” (144-ән), “Ол шақырады” (151-ән). Сондай-ақ jw.org сайтындағы әндерден “Өмір біз аңсаған”, “Жаңа дүниеге жетелеген үміт”, “Сенім көзімен көремін” деген әндерді көріңіз.