Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

17-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехоба сізге тосын қиындықтардан өтуге көмектеседі

Ехоба сізге тосын қиындықтардан өтуге көмектеседі

“Әділ жан қиындыққа көп кезігеді, Бірақ Ехоба соның бәрінен азат етеді” (ЗӘБ. 34:19).

44-ӘН Жаны күйзелгеннің дұғасы

АҢДАТПА a

1. Біз нені жақсы білеміз?

 ЕХОБА өзінің қызметшілерін сүйетінін және оларға ең жақсы өмірді тілейтінін білеміз (Рим. 8:35—39). Оның Киелі кітапта жазылған принциптері пайдалы екеніне де талай көзіміз жеткен (Ишая 48:17, 18). Дегенмен кейде аяқ астынан болатын қиындықтарға душар болып жатамыз. Сондай жағдайларды қалай қабылдағанымыз жөн?

2. Біз қандай қиындықтарға кезігеміз және сондайда қандай ойлар келуі мүмкін?

2 Қиындық бауырластардың бәрінде де бар. Біреулері Ехобаға барын беріп қызмет етейін десе, ауру аяқтарынан шалады. Басқаларын отбасындағы жақындары ренжітіп, күйіндіреді. Тағы бір бауырластар табиғи апаттан жапа шегіп жатыр. Өзгелері болса, сенімі үшін қуғын-сүргін көріп жүр. Мұндайда еріксіз: “Неге менімен бұлай болды? Қандай жазығым бар? Ехобаның батасынан айырылып қалғаным ба?”— деген ойлар келер. Сіз де бұлай ойлаған болсаңыз, еш мойымаңыз. Ехобаның көптеген адал қызметшісі осындай күй кешкен (Зәб. 22:1, 2; Абқ. 1:2, 3).

3. Зәбүр 34:19-дан не білеміз?

3 Зәбүр 34:19 оқыңыз. Бұл тармақта екі маңызды ой бар: 1) әділдер қиындықтарға кезігеді; 2) Ехоба оларды қиындықтарынан құтқарады. Қалай? Біріншіден, Ехоба осы дүниедегі өмірдің шындығына тура қарауымызға көмектеседі. Ол өзіне қызмет етсек, қуанышқа кенелетінімізді уәде еткенімен, еш уайым-қайғысыз, жайбарақат өмір сүресіңдер деген жоқ (Ишая 66:14). Ол бізді өзі сыйлайтын алдағы мәңгілік өмірге назар тігуге шақырады (Қор. 2-х. 4:16—18). Ал әзірге Ехоба бізге қиындыққа қайыспай, әрбір күнді өткеруге көмектеседі (Ерм. з. 3:22—24).

4. Бұл мақалада не туралы қарастырамыз?

4 Бұл мақалада Ехобаның ежелдегі және қазіргі замандағы адал қызметшілерінің үлгілерін қарастырамыз. Олардың оқиғаларынан өмірде күтпеген қиындықтарға кезігуіміз мүмкін екенін, алайда Ехобаға сенім артсақ, ол бізді әрқашан қолдап-демейтінін көреміз (Зәб. 55:22). Сол мысалдарды қарастырғанда былай деп ойланыңыз: “Сондай жағдайға тап болсам, мен қалай әрекет етер едім? Олардың оқиғаларын оқып, Ехобаға деген сенімім нығая түсті ме? Өзіме сабақ болатын қандай тұстарын байқадым?”

ЕЖЕЛГІ ЗАМАНДА

Жақып арамдық қылған туысы Лабанға 20 жыл бойы ащы термен жұмыс істеді. Алайда сол кезде де Ехоба оған батасын төкті (5-абзацты қараңыз)

5. Жақып Лабаннан қандай қиындықтар көрді? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

5 Ежелде басына күтпеген қиындықтар түскен Құдай қызметшілерінің бірі — Жақып. Әкесі оған Ехобаға сенетін туысы Лабанның үйіне барып, соның қыздарының біреуін әйелдікке алуды айтады әрі Ехоба оны молынан жарылқайтынына сендіреді (Мұс. 1-ж. 28:1—4). Содан Жақып шалғайға, Лабанның үйіне қарай жол тартады. Лабанның Лия және Рахила деген екі қызы болатын. Жақып кішісі Рахиланы ұнатып, оны әйелдікке алу үшін Лабанға жеті жыл қызмет етуге келіседі (Мұс. 1-ж. 29:18). Ол бәрін дұрыс істегенімен, төбесінен жай түсірген бір жағдай болды. Лабан қулыққа барып, оны Рахилаға емес, үлкен қызы Лияға үйлендіріп жібереді. Ал Рахилаға тек бір аптадан кейін үйленуге рұқсат бергенімен, ол үшін тағы жеті жыл қызмет етуді талап етеді (Мұс. 1-ж. 29:25—27). Бұл аздай, Жақып одан іскерлік мәселеде де әділетсіздік көреді. Лабан бас-аяғы жиырма жыл оны жұмысқа жегіп, еңбегін пайдаланады! (Мұс. 1-ж. 31:41, 42).

6. Жақып тағы қандай тауқыметтер көрді?

6 Жақыптың өмірінің көлеңкелі тұстары бұл ғана емес еді. Ол көп балалы болғанымен, ұлдарының арасында татулық болмайтын. Ұлдары тіпті өз бауырлары Жүсіпті құлдыққа сатып жібереді. Ал Шимон мен Леуі болса әулеттерін қарабет қылатын, Ехобаның атына кір келтіретін сұмдық іс жасайды. Бұл аздай, аяулы жары Рахила екінші ұлын босанып жатып қайтыс болады. Ал кейін елді зұлмат аштық жайлап, шашы ағарған шағында Жақып жат елге көшуге мәжбүр болады (Мұс. 1-ж. 34:30; 35:16—19; 37:28; 45:9—11, 28).

7. Ехоба Жақыпқа разы екенін қалай білдірді?

7 Басына небір қиындық туса да, Жақып Ехобаға деген және оның уәдесіне деген сенімін шайқалтпаған. Ал Ехоба оған разы екенін білдіріп отырған. Мысалы, Лабан әділетсіздік жасап жатса да, Ехоба Жақыптың мал-мүлкін көбейтті. Сондай-ақ жылдар бойы өлді деп ойлап келген сүйікті ұлы Жүсіппен қайта қауышқанда, Ехобаға мың алғысын жаудырған шығар! Ехобамен жақын дос болғанының арқасында Жақып небір қиындықтан қайыспай өтті (Мұс. 1-ж. 30:43; 32:9, 10; 46:28—30). Біз де Ехобамен айырылмас дос боп қала берсек, көптеген қиындықтарға қасқайып төтеп бере аламыз.

8. Дәуіт патша не істеуге үміттенді?

8 Дәуіт патша армандаған қызметіне жете алмай қалған. Ол Ехобаға арнап ғибадатхана соғуды қатты қалаған еді. Осы ниетін ол Натан пайғамбарға да ашық білдірді. Сонда Натан пайғамбар: “Көңілің қалағанын істе, шынайы Құдай саған жар”,— деген болатын (Шеж. 1-ж. 17:1, 2). Пайғамбардың осы сөздері оған қанат бітіріп, армандаған ғаламат жобасына Дәуіт бірден кіріскен болар.

9. Күткені орындалмай қалғанда, Дәуіт қалай әрекет етті?

9 Алайда “сол түні” Ехоба ғибадатхананы Дәуіт емес, оның ұлдарының бірі соғатынын Натанға айтады (Шеж. 1-ж. 17:3, 4, 11, 12). Құлшынып тұрған адамның қанатын сындыратын бұндай хабарды Дәуіт қалай қабылдады? Ол бейімделіп, енді басқа мақсатқа ұмтылды. Ол бар күшін Сүлейменге ғибадатхана соғуға қажетті қаражат пен құрылыс материалдарын жинауға жұмылдырды (Шеж. 1-ж. 29:1—5).

10. Ехоба Дәуітті қалай жарылқады?

10 Ехоба ғибадатхананы Дәуіт соқпайтынын айтқан соң, артынша-ақ онымен келісім жасасады. Ол Дәуіттің бір ұрпағы тақта мәңгі патша болып отыратынын уәде етеді (Сам. 2-ж. 7:16). Исаның мыңжылдық билігі кезінде Дәуіт өзінің ұрпағынан шыққан патшаның қол астында өмір сүріп жатқанын білгенде, қандай сезімде болатынын ойлап көріңізші! Бұл жағдайдан түйеріміз: Ехоба үшін істегіміз келетіннің бәріне қол жеткізе алмасақ та, оның бізге сақтап отырған мүлдем басқа бір батасы болуы мүмкін.

11. Күткен уақыттарында Құдай Патшалығы келе қоймаса да, Ехоба І ғасырдағы мәсіхшілерді қалай жарылқады? (Елшілердің істері 6:7)

11 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің де үміттері ақталмады. Олар Құдай Патшалығының келуін асыға күткенімен, бұның қашан болатынын білмеді (Ел. іс. 1:6, 7). Сонда олар немен айналысты? Уағыз ісін бар қарқынмен атқара берді. Нәтижесінде ізгі хабар кеңінен тарап, Ехоба олардың еңбектеріне батасын аямай төгіп жатқаны айқын көрінді (Елшілердің істері 6:7 оқыңыз).

12. Аштық жайлағанда, бірінші ғасырдағы мәсіхшілер не істеді?

12 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілерді өмірдің тағы бір тосын сынағы күтіп тұрды. “Бүкіл жержүзін қатты аштық жайлады” (Ел. іс. 11:28). Сол кезде отағалары бала-шағама енді нанды қалай тауып беремін деп уайым кешкен шығар. Ал қызмет аясын кеңейтемін деп жоспарлап жүрген жастар не сезінді екен? Жоспарымыздың бәрі кейінге қалатын болды деп көңілдері түскен болар. Бірақ бұл мәсіхшілер жағдайға қарай бейімделе білді. Олар түрлі амалын тауып, уағыздай берді және Яһудеядағы бауырластарына қол ұшын созып, барларымен қуана бөлісті (Ел. іс. 11:29, 30).

13. Аштық кезінде бауырластар қандай баталарға кенелді?

13 Аштық жайлаған уақытта мәсіхшілер Ехобаның қандай баталарына кенелді? Басқа бауырластардан гуманитарлық көмек келіп жеткенде, әлгі мәсіхшілер Ехобаның қолдауын тікелей сезінді (Мат. 6:31—33). Өздеріне көмектесуге келген бауырластармен де достасып, ерекше жақын болып кеткен шығар. Ал аштықтан зардап шеккендер үшін садақа жасаған немесе басқа да жолмен көмектескен бауырластар берудің қуанышына кенелген (Ел. іс. 20:35). Тосыннан келген жағдайға бейімделе білген қызметшілерінің барлығын Ехоба жарылқады.

14. Елші Пауыл және Барнабамен не болды және мұның арты қандай жақсылыққа ұласты? (Елшілердің істері 14:21, 22)

14 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер көп қуғын-сүргін көрген. Кейде бұл ойламаған жерден болатын. Пауыл мен Барнабаның Листра төңірегінде уағыздап жүрген кезін алайықшы. Алғашында жұрт оларды жақсы қабылдап, ұйып тыңдайды. Бірақ қарсыластар “жұртты үгіттеп”, Пауыл мен Барнабаға айдап салғанда, әлгі тыңдап тұрған адамдардың кейбірі соларға қосылып, Пауылды таспен атқылайды да, өлімші күйде тастап кетеді (Ел. іс. 14:19). Бірақ Пауыл мен Барнаба ол жерден кетіп, басқа жаққа барып уағыздай береді. Нәтижесінде, олар “біраз адамды шәкірт етеді” әрі өз үлгілерімен және сөздерімен бауырластардың сенімін нығайтады (Елшілердің істері 14:21, 22 оқыңыз). Барнаба мен Пауылдың қудаланса да кері шегінбей, уағыздай бергендері көбісіне пайдасын тигізді. Демек, біз де Ехоба тапсырған істі қайтпас қайсарлықпен атқара берсек, міндетті түрде батасына кенелеміз.

ҚАЗІРГІ КҮНДЕРІ

15. Макмиллан бауырлас сізге қай жағынан үлгі-өнеге болды?

15 1914 жылдың қарсаңында Ехобаның халқы сол жылдан зор үміт күтті. Александр Макмиллан бауырлас та жуық арада көкке кетемін деп ойлады. 1914 жылдың қыркүйек айында Макмиллан бауырлас баяндама айтып тұрып, тыңдармандарына: “Бәлкім, бұл менің соңғы баяндамам шығар”,— деген. Бірақ олай болмай шықты. “Кейбіріміз бірден көкке кетеміз деп, тым асығыс айтқан сияқтымыз. Енді бізге бар күшімізді уағыз ісін белсене атқаруға жұмылдыру керек болды”,— деп жазып қалдырды Макмиллан бауырлас. Ол расында да алдына жан салмай қызмет етті. Мысалы, бейтараптығы үшін түрмеде отырған ер бауырластарға барып, жігерлендіріп жүрді. Қартайып, бойынан қуаты кеткен шағында да, қауым кездесулерінен қалмады. Көктегі үмітін күте жүріп, уақытын барынша тиімді қолданған Макмиллан бауырлас бұның қандай жемісін көрді? Ол 1966 жылы қайтыс болар алдында былай деп жазды: “Менің сенімім дәл бұрынғыдай берік қалпында қалды”. Үміттенгеніңіз сіз ойлағаннан да ұзақ уақытқа созылып кетсе, Макмиллан бауырластың көзқарасын үлгі етіңіз! (Евр. 13:7).

16. Херберт Дженнингс бауырлас пен жұбайы қандай күтпеген жағдайға кезікті? (Жақып 4:14)

16 Көп бауырластардың аяқ астынан денсаулықтары нашарлайтын жағдайлар да болады. Сондай жағдайға Херберт Дженнингс b бауырлас кезіккен. Жұбайы екеуі Ганада миссионерлік қызметті қуана атқарып жүргенде, Херберт бауырлас бір ауруға шалдығады. Ол — көңіл күйдің күрт өзгеруін тудыратын психикалық ауру. Херберт бауырлас өз жағдайына Жақып 4:14-ті (оқыңыз) келтіріп: “Ертең өмірлеріңде не болатынын білмейсіңдер” деген осы екен ғой”,— деді. “Амал жоқ, бізге шындыққа тура қарау қажет болды. Сөйтіп, емделу үшін біз Канадаға қайтып кеттік. Ганадағы қызметімізді де, жақын достарымызды да тастап кетуге мәжбүр болдық”,— дейді ол. Бірақ Ехоба Херберт бауырлас пен оның әйеліне осындай қиыншылықтарға қарамастан қызметтерін адалдықпен атқара беруге көмектесіп келді.

17. Херберт бауырластың өмірбаяны басқаларға қандай пайдасын тигізді?

17 Херберт бауырластың өз өмірбаянын еш бүкпесіз, ашық айтқаны көп бауырласқа пайдасын тигізді. Бір әйел бауырлас былай деп жазды: “Ешқандай мақала маған осыншалықты әсер етпеген. Херберт бауырлас емделу үшін, тағайындалған қызметінен бас тартқанына қарап, мен өз жағдайымда таразы басын тең ұстауды үйрендім“. Ал бір ер бауырлас былай деді: “Психикалық ауруға шалдыққандықтан, он жыл бойы атқарып келген ақсақалдық қызметімнен бас тартуға тура келді. Сол үшін өзімді жегідей жейтінмін. Ал басқа бауырластардың өмірбаянын оқығанда одан бетер мұңға бататынмын. Бірақ Херберт бауырластың табандылығы менің еңсемді көтеріп тастады”. Демек, тосын қиындықтарға төтеп берсек, басқаларды жігерлендіре аламыз. Өміріміз өзіміз күтпеген арнаға бұрылып кетсе де, біз басқаларға сенім мен табандылықтың үлгісі бола аламыз (Пет. 1-х. 5:9).

Ехобаға сенім артсақ, күтпеген қиындықтар, қайта, бізді оған жақындата түседі (18-абзацты қараңыз)

18. Нигериядағы әйел бауырластан не үйрендіңіз? (Суретте бейнеленген.)

18 COVID-19 пандемиясының салдарын көп бауырласымыз көрді. Мысалы, Нигерияда тұратын бір жесір әйел бауырласымыз сол кезде азық-түліктен тапшылық көрген екен. Бірде таңертең қызы анасынан: “Қазір соңғы бір кесе күрішімізді жесек, кейін не жейміз?”— деп сұрайды. Сонда анасы оған азық та, азық алатын ақша да болмағанымен, сарепталық жесір әйелге еліктеу керектігін, яғни соңғы асты дайындап, ары қарай Ехобаға толықтай сенім артулары керектігін айтады (Пат. 1-ж. 17:8—16). Екеуі түскі астың қамын уайымдап үлгермей жатып-ақ, бауырластар ұйымдастырған көмек келіп жетеді. Қараса, ішінде екі аптаға жетерлік азық-түлік бар екен. “Ехоба қызыма айтқан сөздерімді мұқият тыңдап тұрған екен ғой”,— деп таңғалды бұл әйел бауырлас. Расында да, Ехобаға арқа сүйесек, өмірдегі тосын қиындықтар, қайта, бізді Ехобаға жақындата түседі (Пет. 1-х. 5:6, 7).

19. Алексей бауырласымыз қандай қуғын көрді?

19 Соңғы жылдары бауырластарымыздың басына түскен тағы бір күтпеген қиындық — қудалау. Бұған бір мысал — Ресейдегі Алексей Ершов бауырласымыз. Ол 1994 жылы шомылдыру рәсімінен өткен. Сол кезде Ресейдегі Ехоба куәгерлерінде біршама еркіндік бар еді. Бірақ соңғы жылдары Ресейде жағдай өзгеріп, ісімізге шектеу қойылды. 2020 жылы құзырлы органдар Алексей бауырластың үйіне баса-көктеп кіріп, тінту жүргізіп, көп мүлкін тәркілейді. Ал бірнеше айдан кейін оған ресми түрде айып тағылады. Бұдан да сорақысы, бұл айып бір жыл бойы Киелі кітапты зерттегісі келетіндей сыңай танытқан адамның түсіріп алған бейнежазбасына негізделген. Неткен сатқындық!

20. Алексей бауырлас Ехобамен достығын қалай нығайтты?

20 Алексей бауырлас кезіккен қуғын-сүргіннің бір жақсы нәтижесі болды ма? Иә. Оның Ехобамен достығы беки түсті. Алексей былай дейді: “Біз әйелім екеуіміз көп дұға ететін болдық. Ехоба көмектеспесе, бұл жағдайды көтере алмайтын едім. Ал жеке зерттеу рухымды сындырмауға көмектеседі. Ежелдегі Ехобаның адал қызметшілері жайлы ой жүгіртемін. Сабыр сақтап, Ехобаға арқа сүйеуге үйрететін үзінділер Киелі кітапта өте көп”.

21. Бұл мақаладан не түйдік?

21 Бұл мақаладан қандай ойлар түйдік? Мына дүниеде өмір тұрақсыз әрі тосын қиындықтары көп. Бірақ Ехобаға арқа сүйесек, ол әрқашан да бізге қол ұшын береді. Негізгі тармағымызда айтылғандай, “әділ жан қиындыққа көп кезігеді, Бірақ Ехоба соның бәрінен азат етеді” (Зәб. 34:19). Ендеше, басымызға түскен қиыншылықтарды емес, Ехобаның қалай қолдап, күш беріп жатқанын басты назарда ұстайық. Сонда дәл елші Пауыл сияқты: “Маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын”,— дейтін боламыз (Філіп. 4:13).

38-ӘН Құдай саған күш береді

a Аумалы-төкпелі мына заманда күтпеген қиындықтарға душар болуымыз ғажап емес. Ондайда Ехоба адал қызметшілерін міндетті түрде қолдап-демейді. Бұған ежелдегі және бүгіндегі қызметшілерінің мысалдары куә. Ехоба оларға қалай көмектескен? Бұл мысалдар Ехобаға арқа сүйесек, ол бізді де қолдайтынына сенімімізді арттырады.