19-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Жаңа дүниенің келетініне сеніміңізді күшейте беріңіз!
“[Ехоба] не айтса, соны орындамай ма?!” (МҰС. 4-Ж. 23:19).
142-ӘН Үмітіміз жалындай берсін
АҢДАТПА a
1, 2. Жаңа дүние келгенше не істей беруіміз қажет?
ЕХОБА мына зұлым дүниені жойып, өзінің әділ жаңа дүниесін орнатамын деп уәде етеді (Пет. 2-х. 3:13). Бұл біздің жанымызға қымбат, асыл үмітіміз. Ол уәденің қашан орындалатынын нақты білмесек те, қазіргі әлемдегі ахуал сол уақыттың көп күттірмейтінін анық көрсетіп отыр (Мат. 24:32—34, 36; Ел. іс. 1:7).
2 Ал ол уақыт келгенше, шындықта қанша жыл жүрмейік, сол уәдеге деген сенімімізді қатайта бергеніміз жөн. Себебі тастай берік сенімнің өзі бірте-бірте әлсіреп кетуі мүмкін. Ал Пауыл сенімнің аздығын “тез шырмап алатын күнәға” теңеген (Евр. 12:1). Сондықтан жаңа дүниенің жақында міндетті түрде орнайтынының айғақтарын жүйелі түрде қарастырып отырғанымыз дұрыс (Евр. 11:1).
3. Осы мақалада не қарастырамыз?
3 Осы мақалада Ехобаның уәде еткен жаңа дүниесі орнайтынына деген сенімімізді нығайтудың үш жолын білеміз. Олар: 1) төлем жайлы ойланып-толғану, 2) Ехобаның күші жайлы ой жүгірту, 3) рухани істерге уақыт бөлу. Оған қоса, Ехобаның Абақұқ пайғамбарға айтқан қай сөздері бүгінде біздің сенімімізге сенім қосатынын да білеміз. Бірақ, алдымен, сол жаңа дүниеге деген берік сенім қазірдің өзінде қандай жағдайларда қажет болатынын талқылап өтейік.
БЕРІК СЕНІМ ТАЛАП ЕТЕТІН ЖАҒДАЙЛАР
4. Қандай шешімдер қабылдарда берік сенім қажет?
4 Біз күн сайын берік сенімді қажет ететін шешімдер қабылдаймыз. Мысалы, бұған араласатын орта, көңіл көтеру, білім алу, неке, бала-шаға және жұмысқа қатысты таңдаулар жатады. Осы орайда өзімізді былай тексеріп көрсек болады: “Менің шешімдерімнен мына дүниенің уақытша екеніне әрі жақында жаңа дүние орнайтынына сенетінім көріне ме? Әлде “асарымызды асап, жасарымызды жасап қалайық, ертең бәрібір өлеміз” дейтін адамдар сияқты шешім қабылдаймын ба?” (Мат. 6:19, 20; Лұқа 12:16—21). Жаңа дүние орнауға шақ қалғанына сеніміміз мықты болса, ең дұрыс таңдаулар жасаймыз.
5, 6. Қиындыққа төтеп беріп жүргенімізде неліктен бізге берік сенім қажет? Мысал келтіріңіз.
5 Басымызға сынақтар түскенде де берік сенім қажет. Бәлкім, қуғын-сүргінге, созылмалы ауруға я еңсемізді түсіретін басқа бір қиындыққа ұшырармыз. Алғашында біз бұл қиындықтарға төтеп бере алатындай сезінеміз. Бірақ көп жағдайда олар ұзаққа созылып жатады. Сондайда мызғымас сенім бізге қиындыққа төзіп, Ехобаға қуанышпен қызмет ете беруге күш береді (Рим. 12:12; Пет. 1-х. 1:6, 7).
6 Қандай да бір қиындыққа төзіп жүргенде, Ехобаның жаңа дүниесі ешқашан келмейтіндей көрінуі мүмкін. Бұл сеніміміздің әлсіреп кеткенінің көрсеткіші ме? Бірден олай деуге болмайды. Мысалы, қақаған қыстың ортасында тоңып отырған кезде, көктем ешқашан келмейтіндей көрініп кетеді, солай емес пе?! Бірақ ол келмей қалмайды. Тура солай, қиындықтан еңсеміз езіліп, түңіліп кеткен шақта жаңа дүние ешқашан келмейтіндей көрінуі мүмкін. Бірақ сенімі мықты адам Ехобаның барлық уәдесі міндетті түрде орындалатынын біледі (Зәб. 94:3, 14, 15; Евр. 6:17—19). Бізде де осындай сенімділік болса, еш берілмей, Ехобаға деген ғибадатымызды басты назарда ұстай береміз.
7. Біз қандай көзқарастан абай болуымыз керек?
7 Өміріміздің тағы бір саласы — уағыздау ісінде бізге берік сенім қажет. Неге? Көбісі Құдайдың жаңа дүние орнататыны туралы “ізгі хабарды” естігенде: “Олай болуы мүмкін емес”,— деп сенбейді (Мат. 24:14; Езек. 33:32). Осындай сыни көзқарастың санамызға күмән ұялатуына жол бермеуіміз керек. Сол үшін де сенімімізді ұдайы қайрап, қатайтып отырғанымыз жөн. Мұны қалай істей аламыз? Үш жолын білейік.
ТӨЛЕМ ЖАЙЛЫ ОЙЛАНЫҢЫЗ
8, 9. Неге төлем жайлы ой жүгірткенде сеніміміз нығаяды?
8 Сенімімізді қатайтудың бірден-бір жолы — төлем құрбандығы жайлы ойланып-толғану. Себебі төлем құрбандығы Құдайдың уәделері орындалатынына кепіл болып табылады. Төлемнің не үшін берілгені, оның артында қандай құрбандық жатқаны жайлы жақсылап ойлансақ, Құдай жаңа дүниеде бізге тамаша, мәңгілік өмір сыйлайтынына сеніміміз еселене түседі. Қалайша?
9 Төлемді беру үшін Ехоба қандай құрбандыққа барды? Ол өзінің сүйікті тұңғыш Ұлын, ең жақын серігін кемелді адам болып туылу үшін жерге жіберді. Иса жерде неше түрлі қиыншылықты бастан өткеріп, ақырында азапталып, қиналып өлді. Ендеше, қалай ойлайсыз, осы төлем адамдарды қысқа уақытқа ғана жақсы өмірге жеткізетін болса, Ехоба осыншалықты құрбандыққа барар ма еді? Сүюші Әкеміз Ехоба сол үшін ғана Ұлының азапталып өлуіне жол бермес еді ғой! (Жох. 3:16; Пет. 1-х. 1:18, 19). Осыншалықты қымбат құн төлеп, асыл Ұлын құрбан еткен болса, Ехоба бізді жаңа дүниедегі мәңгілік өмірге жеткізбей қоймайды.
ЕХОБАНЫҢ КҮШІ ЖАЙЛЫ ОЙ ЖҮГІРТІҢІЗ
10. Ефестіктерге 3:20-ға сай, Ехоба не істей алады?
10 Сенімімізді нығайтудың екінші жолы — Ехобаның қандай құдіретті Құдай екенін ойлау. Ол қандай уәде бермесін, оны орындауға күші жетеді. Әрине, жаңа дүниеде таусылмас ғұмыр кешесіңдер деген уәдесінің орындалуы адами тұрғыдан мүмкін емес болып көрінетін шығар. Бірақ Ехоба құдіреті шексіз Құдай ғой! Сондықтан оның уәделерінің көбі адамдар іске асыра алмайтын нәрселер (Әйүп 42:2; Мар. 10:27). Ендеше, ол қарапайым емес, таңғажайып нәрсені жүзеге асырамын деп жатса, біз еш таңғалмаймыз! (Ефестіктерге 3:20 оқыңыз).
11. Құдайдың берген адам сенгісіз уәделерінің бірін мысалға келтіріңіз. (“ Ехобаның таңғажайып уәделері іске асқан” деген қоршауды қараңыз.)
11 Бұрындары Ехоба өзінің қызметшілеріне бір қарағанда шындыққа жанаспайтындай уәделер берген. Соларды қарастырып өтейікші. Ол Ыбырайым мен Сараға қартайған шақтарында ұлды болатындарын уәде етті (Мұс. 1-ж. 17:15—17). Сондай-ақ Ыбырайымның ұрпағы Қанахан жерін иеленетінін де айтып кетті. Алайда одан тараған Исраил халқы ұзақ жылдар бойы Мысырда құл болып жүргендіктен, бұл уәде орындалмас арман болып көрінген шығар. Бірақ бәрі дәл Ехоба айтқандай болды. Ал кейінгі заманда ол жасы ұлғайған Елізабетке балалы болатынын айтты. Сонымен қатар Мәриям есімді пәк қызға құрсақ көтеріп, өзінің Ұлы Исаны дүниеге әкелетінін айтады. Осылайша Ехоба сонау мыңдаған жыл бұрын Едем бағында берген уәдесінде тұрды! (Мұс. 1-ж. 3:15).
12. Ешуа 23:14 пен Ишая 55:10, 11-дегі сөздер бізге қандай сенімділік береді?
12 Кезінде Ехобаның қандай уәделер беріп, оларды қалай жүзеге асырғаны жайлы жақсылап ой жүгіртейік. Осылай оның құдіретіне көз жеткізіп, жаңа дүниені орнататынына деген сенімділігіміз арта түседі (Ешуа 23:14; Ишая 55:10, 11 оқыңыз). Сонда біз өзгелерге жаңа дүниенің келуі ешқандай да қиял-ғажайып емес, шын орындалатын уәде екенін жақсырақ түсіндіре аламыз. Ехоба жаңа аспан мен жаңа жерді орнатамын деген уәдесін: “Бұл сөздер сенуге тұрарлық әрі шынайы”,— деп өзі бекіткен (Аян 21:1, 5).
РУХАНИ ІСТЕРМЕН БЕЛСЕНЕ АЙНАЛЫСЫҢЫЗ
13. Қауым кездесулері сенімімізді қалай қатайтады? Түсіндіріңіз.
13 Сенімімізді қатайтудың үшінші жолы — рухани істермен айналысу. Мысалы, қауым кездесулері сенімімізге қалай әсер етеді? Ондаған жылдан бері толық уақытты қызметтің түр-түрін көрген Анна бауырлас былай деді b: “Менің сенімімді қаққан қазықтай ұстап тұрған осы қауым кездесулері. Кейде баяндамашы тәлім беруге аса шебер болмауы мүмкін я ешқандай бір жаңа мәлімет айтпауы мүмкін. Бірақ сондай кезде де Киелі кітаптағы шындықты тереңінен ашатын қандай да бір ойды естіп, сенімім нығайып қалады”. Бауырластардың берген түсініктемелерінің сенімімізді қайрап тастайтыны тағы бар (Рим. 1:11, 12; 10:17).
14. Уағыздау ісі сенімімізді қалай нығайтады?
14 Уағыздау қызметіне атсалыса жүріп те сеніміміз нығая береді (Евр. 10:23). Ехобаға қызмет етіп келе жатқанына 70-тен аса жыл болған Барбара бауырласымыз: “Уағызға шыққан сайын, сенімім нығайып қайтады. Ехобаның тамаша уәделері жайлы неғұрлым көп айтсам, соғұрлым сенімім жанданып, күшейе түседі”,— дейді.
15. Жеке зерттеу сенімімізді қалай молайтады? (Суреттерді де қараңыз.)
15 Сенімімізді нығайтатын тағы бір рухани іс — жеке зерттеу. Сьюзан бауырлас зерттейтін уақытты алдын ала жоспарлап қоюдың пайдасын көрген екен. “Жексенбі күні мен келесі аптада талқыланатын “Күзет мұнарасына” дайындаламын. Апта ішіндегі кездесуге дүйсенбі және сейсенбі күндері дайындаламын. Ал қалған күндерді басқа тақырыптарды жеке зерттеуге бөліп қойғанмын”,— деді ол. Осы жоспарды ұстанғанның арқасында Сьюзан сенімін үздіксіз нығайтып отырады. Дүниежүзілік бас басқармада ондаған жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Айрин бауырластың айтуынша, Киелі кітап пайғамбарлықтарын зерттегені сенімін молайта түскен. “Ехобаның пайғамбарлықтары бүге-шігесіне дейін орындалғанына қайран қаламын”,— деп бөлісті ол c.
“ОЛ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ОРЫНДАЛАДЫ”
16. Неліктен Ехобаның Абақұққа айтқан сөздері бізге де қатысты? (Еврейлерге 10:36, 37)
16 Ехобаның кейбір қызметшілерінің осы дүниенің соңын күтіп жүргеніне көп жылдың жүзі болды. Сондықтан “жаңа дүниенің келетін уақыты болды ғой, қашан келеді?” деген ойлар келуі мүмкін. Ехоба мұндай сезімдерімізді түсінеді. Ол Абақұққа былай деген болатын: “Бұл аянның орындалатын уақыты бар, Сол уақыт жылдам жақындап келеді, Ол өтірік болып шықпайды. Тіпті кідіргендей көрінсе де, оны шыдаммен күт! Ол міндетті түрде орындалады. Еш кешікпейді!” (Абқ. 2:3 сілт.). Бұл сөздер тек Абақұққа арнап айтылған ба? Әлде бізге де қатысы бар ма? Киелі рухтың жетелеуімен елші Пауыл дәл осы сөздерді жаңа дүниені күтіп жүрген мәсіхшілерге қатыстырып айтқан (Еврейлерге 10:36, 37 оқыңыз). Ендеше, Ехобаның уәдесі орындалатын уақыт созылып кеткендей көрінсе де, еш шүбәланбайық. “Ол міндетті түрде орындалады, еш кешікпейді!”
17. Әйел бауырласымыз Ехобаның Абақұққа айтқан кеңесіне қалай құлақ асты?
17 Көп бауырластар Ехобаның сөзіне құлақ асып, жаңа дүниені жылдар бойы “шыдаммен күтіп” келеді. Мысалы, 1939 жылдан бері Ехобаға қызмет етіп келе жатқан Луиза бауырласты алайықшы. “Сол жылдары мен мектеп бітірмей жатып-ақ Армагеддон келіп қалады деп ойладым, бірақ келмеді. Содан бері жылдар бойы Киелі кітаптан Ехобаның батасын талмай күткен кісілер жайлы оқып, зерттеп келемін. Мен оларды “күтудің үлгілері” деп атаймын. Олардың ішінде Нұх, Ыбырайым, Жүсіп және тағы басқалары бар. Мен де, басқа бауырластар да жаңа дүниені шыдаммен күткеннің арқасында оның жақындап қалғанын әрі міндетті түрде келетінін ойда ұстаймыз”,— дейді ол. Ехобаға ұзақтан бері қызмет етіп жүрген аяулы бауырластарымыз Луизаның сөзіне толық қосылады!
18. Неліктен біз жаратылысқа қарап, жаңа дүниенің келетініне сенімді бола аламыз?
18 Рас, жаңа дүние әлі келген жоқ. Бірақ жаратылыс әлеміне қарап, жаңа дүниенің келетініне сенімді бола аламыз. Біз айналамыздағы жұлдыздардың, ағаштардың, хайуанаттар мен адамдардың шынайы екеніне еш күмәнданбаймыз ғой. Бірақ бір кездері олар бұл әлемде болмаған. Ехоба жоқтан бар қылып, оларды жаратамын деді, жаратты (Мұс. 1-ж. 1:1, 26, 27). Дәл солай Ехоба жаңа дүниені орнатамын деді әрі сол ниетін орындайды. Сол жаңа дүниеде адамдар еш ауырмай-сырқамай, таусылмас өмірдің рақатын көреді. Құдайдың белгілеген уақыты келгенде, қазіргі мына қоршаған әлемнің шынайы екеніндей, жаңа дүние де шынайы болады (Ишая 65:17; Аян 21:3, 4).
19. Сеніміңізге сенім қосу үшін не істей аласыз?
19 Ал әзірге әрбір мүмкіндікті қалт жібермей, сеніміңізді күшейтіп отырыңыз. Төлем құрбандығына деген ризашылығыңызды арттырыңыз. Ехобаның құдіреті жайлы ой жүгіртіңіз. Рухани істермен белсенді түрде айналысыңыз. Осылайша “сенімі мен шыдамдылығының арқасында уәделерді мұра еткендердің” қатарынан табыласыз (Евр. 6:11, 12; Рим. 5:5).
139-ӘН Жұмақта жүргеніңді елестет
a Бүгінде көбісіне: “Киелі кітапта жаңа дүние орнайтыны уәде етілген”,— десең, сенбейді. Өйткені бұл оларға қиял-ғажайып ертегі сияқты естіледі. Бірақ біз Ехобаның барлық уәдесі орындалатынына сенімдіміз. Десе де сол сеніміміз сөніп қалмау үшін оны күшейтіп, жалындатып отыруымыз қажет. Қалай? Осы мақалада сол жайлы талқылаймыз.
b Кейбір есімдер өзгертілген.
c “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралындағы” “Киелі кітап” деген тақырыптың “Пайғамбарлықтар” деген бөлігінен пайғамбарлықтар туралы мақалаларды таба аласыз. Мысалы, “Ехобаның алдын ала айтқан сөзі жүзеге асады” деп аталатын мақаланы көрсеңіз болады (2008 жыл, 1 қаңтардағы “Күзет мұнарасы”).