Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

18-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Жиналыста бір-бірімізді жігерлендіре берейік

Жиналыста бір-бірімізді жігерлендіре берейік

“Бір-бірімізге көңіл бөлейік... бір-бірімізді жігерлендіре берейік” (ЕВР. 10:24, 25).

88-ӘН Ақ жолыңнан таймайын

АҢДАТПА a

1. Біз қауым кездесуінде не үшін түсініктеме береміз?

 БІЗ қауым кездесулеріне не үшін қатысамыз? Ең алдымен, Ехобаны мадақтау үшін (Зәб. 26:12; 111:1). Сондай-ақ қазіргі қиын заманда бір-бірімізді жігерлендіру үшін (Сал. 1-х. 5:11). Қол көтеріп, түсініктеме бергенде біз осының екеуіне де қол жеткіземіз.

2. Кездесулердің қай бөліктерінде түсініктеме бере аламыз?

2 Апта сайын өтетін кездесулердің бәрінде бізде түсініктеме беруге мүмкіндік бар. Мысал үшін, демалыс күндері өтетін кездесуде “Күзет мұнарасын” талқылауға қатысамыз. Ал “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуінде Рухани асыл тастар, Қауымда Киелі кітапты зерттеу және талқылау жүзінде өтетін басқа да бөліктерінде түсініктеме бере аламыз.

3. Қауым кездесуінде қандай қиындық болуы мүмкін және мұндайда Еврейлерге 10:24, 25 қалай көмектесе алады?

3 Түсініктеме беріп, Ехобаны мадақтауды және бауырластарды жігерлендіруді бәріміз де қалаймыз. Бірақ кейбіреуіміз қобалжып, қол көтеруге жүрексінеміз. Ал өзгелер жиі-жиі жауап беруді қалағанмен, олардан сұрамауы мүмкін. Сондайда не істесе болады? Елші Пауылдың Еврейлерге жазған хатына назар аударайықшы. Ол кездесулеріміздің не үшін маңызды екенін айта келе, “бір-бірімізді жігерлендіре берейік” деп шақырған (Еврейлерге 10:24, 25 оқыңыз). Демек, “бір-екі ауыз сөзімнің өзі де бауырластарымды жігерлендіреді ғой” деп ойласақ, түсініктеме беруге ынталырақ боламыз. Ал көбірек атсалысқымыз келгенімен, бізден сұрамай жатса, басқаларға жол бергенімізді ойлап қуанайық (Пет. 1-х. 3:8).

4. Осы мақалада қандай үш жайтты қарастырамыз?

4 Қол көтеріп жауап беретіндер өте аз кішігірім қауымда бір-бірімізді қалай жігерлендірсек болады? Ал бұны түсініктеме берушілердің саны өте көп үлкен қауымда қалай істей аламыз? Түсініктемеміз басқаларды жігерлендіретіндей болу үшін не істеуге болады? Қазір сол жайлы қарастырайық.

КІШІГІРІМ ҚАУЫМДА БІР-БІРІМІЗДІ ЖІГЕРЛЕНДІРЕЙІК

5. Жауап берушілер аз болғанда бір-бірімізді қалай жігерлендіре аламыз?

5 Кішігірім қауымда не топта адамдар аз болғандықтан, қол көтеріп жауап беретіндер де аз болады. Жүргізуші бауырлас сұрақты қойғаннан кейін біреу қол көтеріп, жауап бергенше біраз күтіп те қалатын шығар. Бұндай кездесу жігерлендірмей, қайта, зеріктіріп жіберетіндей көрінер. Ендеше, не істесек болады? Жиі-жиі қол көтеріп жауап беруге ынталы болыңыз. Сіздің ынтаңыз өзгелердің де ынтасын оятып, оларды талқылауға жиірек қатысуға талпындырады.

6, 7. Түсініктеме беруге қорықсаңыз, қорқынышты қалай сейілтуге болады?

6 Қол көтеріп, жауап беру туралы ойлағанда, жүрегіңіз тарсылдап, қобалжисыз ба? Осындай күйді көп бауырлас бастан кешеді. Бірақ кездесуде отырғандарға көбірек жігер беру үшін, қорқынышыңызды сейілтудің жолын іздеп көрдіңіз бе?

7 Бұның тиімді жолдары “Күзет мұнарасында” шыққан мақалаларда бар b. Біріншіден, жақсылап дайындалыңыз (Нақ. с. 21:5). Мәліметпен жақсырақ танысып алсаңыз, түсініктеме беруге қатты қорықпайсыз. Екіншіден, түсініктемелеріңіз қысқа болсын (Нақ. с. 15:23; 17:27). Қысқа жауапты айтып шығу аса уайымдатпайды. Бірнеше ойды қамтитын ұзын түсініктемеден гөрі, бір-екі сөйлеммен айтылғанды басқалар жақсы түсінеді. Ал сол қысқа түсініктемеңізді өз сөзіңізбен айтсаңыз, жақсы дайындалғаныңызды әрі мәліметті анық түсінгеніңізді көрсетесіз.

8. Ехоба бар күшімізді салып, ең жақсысын беріп жатқанымызға қалай қарайды?

8 Жоғарыдағы кеңестерді қолданып көрсеңіз де, бір-екі түсініктемеден артық айтуға әлі де қобалжисыз ба? Онда мынаған сенімді болыңыз: шын жүректен күш салып, қолыңыздан келгенді істеп жатқаныңызды Ехоба бағалайды (Лұқа 21:1—4). Ол бізден қолымыздан келмейтінді талап етіп, ауыр жүк артпайды (Філіп. 4:5). Ендеше, шамаңызға қарай қанша түсініктеме бере алатыныңыз жайлы ойланып, соған қол жеткізуге ұмтылыңыз, жүрегіңізге тыныштық сұрап дұға етіңіз. Бәлкім, кейбіреуіміз қысқа болса да бір түсініктеме беруден бастайтын шығармыз.

ҮЛКЕН ҚАУЫМДА БІР-БІРІМІЗДІ ЖІГЕРЛЕНДІРЕЙІК

9. Үлкен қауымдарда қандай қиындық болуы мүмкін?

9 Жариялаушылары көп үлкен қауымның өз қиындығы бар. Қол көтеріп, жауап берушілер көп болғандықтан, біздің қолымыз елеусіз қалып жататын шығар. Мысалы, Даниэлла бауырлас түсініктеме бергенді қатты жақсы көреді c. Ол үшін түсініктеме беру — ғибадатының бір бөлігі, сондай-ақ бауырластарды жігерлендірудің, Киелі кітап шындықтарына деген сенімін нығайтудың мүмкіндігі. Бірақ Даниэлла үлкен қауымға ауысқанда бұрынғыдай жиі жауап бере алмайтын болды. “Кейде тіпті бірде-бір рет жауап бере алмай қалатынмын. Бұл маған ауыр тиді, өзімді бір мәртебеден айырылғандай сезіндім. Ал бірнеше рет сұрамай қойса, әдейі істеп жатыр ма деп ойлайды екенсің”,— дейді ол.

10. Үлкен қауымда түсініктеме берудің қандай амалдары бар?

10 Даниэлланың жағдайы сізге таныс па? Бәлкім, сіз қолыңызды бір-ақ сілтеп, кездесуді жай тыңдап кетсем болды деп ойларсыз. Бірақ еш берілмеңіз, түсініктеме берудің басқа амалдарын қарастырыңыз. Мысалы, әр кездесуге бірнеше түсініктеме дайындап барыңыз. Кездесудің басында сізден сұрамаса, соңына дейін жауап беруге әлі де мүмкіндігіңіз бар. Сондай-ақ зерттеуге арналған “Күзет мұнарасына” дайындалғанда, әр абзац мақаланың тақырыбын қалай ашатынын байқаңыз. Сонда бүкіл талқылау бойы сізде алып-қосар ой болады. Бұған қоса, терең шындықтар талқыланатын абзацтарға жақсылап дайындалыңыз. Өйткені бұндай шындықтарды түсіндіру қиын болғандықтан, көп бауырлас қол көтермеуі мүмкін (Қор. 1-х. 2:10). Осы амалдардың бәрін жасасаңыз да, бірнеше кездесу бойы сізден сұрамай қойса ше? Ондайда жүргізуші бауырласқа алдын ала жолығып, қай сұраққа жауап бергіңіз келетінін айтып қойсаңыз болады.

11. Філіпіліктерге 2:4 бізді не істеуге талпындырады?

11 Філіпіліктерге 2:4 оқыңыз. Киелі рухтың жетелеуімен Пауыл бізді өзімізден бұрын басқалардың қамын ойлауға шақырған. Бұл кеңесті қауым кездесуінің талқылау бөлігінде қолдансақ болады. Қалай дейсіз бе? Басқалар да біз сияқты жауап бергісі келетінін есте ұстаумен.

Достарымызбен араласқанда оларға сөз беретініміздей, қауым кездесуінде де басқаларға жауап беруге жол берейік (12-абзацты қараңыз)

12. Кездесулерде бауырластарды жігерлендірудің жақсы бір жолы қандай? (Суретті де қараңыз.)

12 Мысалы, достарымызбен бас қосқанда, басқаларға сөз бермей, өзіміз ғана сөйлеп отырмаймыз ғой?! Біз олардың да сөйлеп, әңгімеге қосылып отырғанын қалаймыз. Сол сияқты, қауым кездесулерінде талқылауға басқалар да атсалысса екен дейміз. Өйткені бұл — бауырластарды жігерлендірудің ең жақсы жолдарының бірі (Қор. 1-х. 10:24). Ендеше, олар да талқылауға қатысу үшін не істей алатынымызды көрейік.

13. Талқылауға көп адам қатыса алу үшін не істесек болады?

13 Біріншіден, түсініктемеңіз қысқа болсын. Сонда басқаларға да жауап беруге уақыт қалады. Қауымдағы ақсақалдар мен тәжірибелі бауырластар осы жағынан үлгі көрсетсе болады. Екіншіден, түсініктемеңіз қысқа болғанымен, тым көп ойды қамтып кетпесін. Абзацтағы барлық ойды айтсаңыз, басқалардың алып-қосары болмай қалады. Сонымен, шегелей түссек, түсініктемеңіз қысқа болсын және тым көп ойды қамтудан аулақ болыңыз. Егер сұраққа бірінші болып жауап берсеңіз, тек бір ғана ойға тоқталып өтсеңіз болады.

Қауым кездесуінде қандай кезде қол көтермей-ақ қойсақ болады? (14-абзацты қараңыз) f

14. Жиі қол көтеруіміз керек пе, жоқ па — соны қалай білсек болады? (Суретті де қараңыз.)

14 Әлі жауап бермеген бауырластар болса да, қолымызды көтере берсек, жүргізіп тұрған бауырлас бізден қайта-қайта сұрауға өзін мәжбүр сезініп қалар. Басқалардың болса қол көтеріп, жауап беруден беті қайтып қалуы мүмкін. Сондықтан жиі-жиі жауап бергіміз келгенде, жан-жағымызды ескеріп, парасатты болайық (Уағ. 3:7).

15. а) Түсініктеме бере алмай қалсақ, бұны қалай қабылдаған жөн? ә) Жүргізуші бауырлас барлық қатысушыларды ойлайтынын қалай көрсетсе болады? (“ Жүргізуші бауырласқа” деген қоршауды қараңыз.)

15 Талқылауда қол көтерушілер көп болғанда, жауап беру мүмкіндігіміз азая түседі. Ал кейде жүргізуші бауырлас бізден сол бойы сұрамай кетеді. Бұған көңіліміз түсетін шығар, бірақ мұны жүрегімізге жақын алмайық (Уағ. 7:9).

16. Түсініктеме бергендерді қалай жігерлендірсек болады?

16 Өзіңіз қалағандай жиі жауап бере алмасаңыз, өзгелердің түсініктемелерін мұқият тыңдаңыз және кездесуден кейін оларды сол үшін мақтаңыз. Өйткені сіздің мақтау сөзіңіз дәл түсініктемеңіз сияқты жігердің көзі бола алады (Нақ. с. 10:21). Бауырластарға жігер берудің тағы бір жолы осындай.

БІР-БІРІМІЗДІ ЖІГЕРЛЕНДІРУДІҢ БАСҚА ЖОЛДАРЫ

17. а) Ата-аналар балаларына түсініктеме дайындауға қалай көмектесе алады? ә) Видеодан көргеніміздей, түсініктеме дайындаудың қандай төрт жолы бар? (Сілтемені де қараңыз.)

17 Қауым кездесулерінде бір-бірімізді жігерлендірудің тағы қандай жолы бар? Балаларыңыз болса, оларға жасына лайықты түсініктеме дайындауға көмектесіңіз (Мат. 21:16). Кейде қауымда некедегі қиындықтар мен моральдық мәселелер сияқты күрделі тақырыптар талқыланады. Сондайда балалар жауап бере алатын бір-екі ғана абзац болуы мүмкін. Оларға қол көтерген сайын сұрай бермейтінін ескертіп, себебін түсіндіріп қойыңыз. Сонда балаларыңыздан емес, басқалардан сұрап жатса, олардың көңілі түспейді (Тім. 1-х. 6:18) d.

18. Түсініктеме бергенде неден аулақ болуымыз керек және мұны қалай істейміз? (Нақыл сөздер 27:2)

18 Ехобаны мадақтайтын және бауырластарымызға жігер беретін түсініктемені барлығымыз дайындай аламыз (Нақ. с. 25:11). Кейде түсініктемеде басымыздан өткен жағдайды қысқаша айтып берерміз. Бірақ өзіміз жайлы тым көп айтып кетуден аулақ болғанымыз жөн (Нақыл сөздер 27:2 оқыңыз; Қор. 2-х. 10:18). Қайта, Ехобаға, оның Сөзіне және тұтас халқына назар аударуға асық болайық (Аян 4:11). Бірақ абзацтың сұрағы өзіңіз жайлы айтып беруге шақырып тұрса, бұлай етуіңіз орынды. Бұның бір мысалын келесі абзацтың сұрағынан байқауға болады.

19. а) Талқылау кезінде бір-бірімізді ойласақ, нәтижесі қандай болады? (Римдіктерге 1:11, 12). ә) Түсініктеме беруді сіз не үшін бағалайсыз?

19 Түсініктеме беруге қатысты қатаң ережелер жоқ. Бірақ бәріміз де талқылаудың жігер беретіндей өтуіне атсалыса аламыз. Ол үшін бір жағдайда жиірек қол көтеріп жауап беру керек шығар. Ал басқа жағдайда қанша түсініктеме бере алсақ, соны қанағат етіп, бұндай мәртебеге басқалар да ие болып жатқанына қуанамыз. Қауым кездесулерінде басқалардың мүддесін өзіміздікінен жоғары қойсақ, барлығы жігерленеді (Римдіктерге 1:11, 12 оқыңыз).

93-ӘН Кездесуімізге батаңды бере көр

a Қауым кездесулерінде түсініктемемізбен бір-бірімізге жігер береміз. Бірақ кейбіреулер қатты қобалжығаннан қолын көтеріп жауап беруге қиналады. Сондай-ақ, керісінше, түсініктеме беруді ұнататын, көбірек жауап берсем екен дейтін бауырластар да бар. Осы екі жағдайда да бір-бірімізді ойлап, кездесуде өзара жігерлену үшін не істеуге болады? Түсініктемелеріміз бауырластарды сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыру үшін не істей аламыз? Осы мақалада сол туралы білеміз.

c Есімі өзгертілген.

d jw.org сайтынан “Ехобаның досы бол: Жауап беруге дайындал” деген видеоны қараңыз.

f СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Үлкен қауымда бір ер бауырлас алдында түсініктеме бергеннен кейін, енді басқаларға жол беріп отыр.