15-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Иса жасаған кереметтердің қандай өнегелік мәні бар?
“Ол ел аралап, игі істер жасады... барлығын сауықтырды” (ЕЛ. ІС. 10:38).
13-ӘН Мәсіхті үлгі тұтайық
АҢДАТПА a
1. Иса алғашқы кереметін қандай жағдайда жасағанын сипаттап беріңіз.
БІЗДІҢ заманымыздың 29 жылының аяғы. Иса қызметіне енді кіріскен шағы. Ол анасымен және кейбір шәкірттерімен бірге Назареттің солтүстігіндегі Қана қаласында тойда жүр. Мәриям той өткізіп жатқан отбасымен жақын араласқандықтан, қонақтарды күтуге жәрдемдесіп жүрген көрінеді. Қонақ көп келгеннен болса керек, тойдың ортасында шарап таусылып қалады b. Мәриям бірден ұлына барып: “Олардың шарабы жоқ”,— дейді (Жох. 2:1—3). Сонда Иса суды “жақсы шарапқа” айналдырып, таңғажайып нәрсе жасайды. Осылай той иелерін мерекенің дәл ортасында масқара болудан сақтап қалады (Жох. 2:9, 10).
2, 3. а) Иса кереметтер жасай алатын күшін қалай пайдаланды? ә) Исаның кереметтерін қарастырғанымыз неге маңызды?
2 Иса жерде қызмет еткенде бұдан да көп кереметтер жасады c. Ол осындай қабілетін халықтың игілігіне жаратып, ондаған мың адамға көмектескен. Мысалы, оның бірде 5000, кейін 4000 ер кісіні ғажайып түрде тамақтандырғанын алайықшы. Осы екі-ақ жағдайдың өзінде, әйелдер мен балаларды қосқанда, адам саны 27 000-нан асып түскен (Мат. 14:15—21; 15:32—38). Сол екі оқиғада Иса көп ауруларды да сауықтырған (Мат. 14:14; 15:30, 31). Көрмейтіндер көріп, сал адамдар аттай шауып, себеттегі тамақ ғажайып түрде көбейгенде, жұрт қайран қалды!
3 Иса жасаған кереметтердің берер тәлімі мол. Қай жағынан олар біздің сенімімізді нығайтады? Кереметтерін жасағанда Иса қалай кішіпейіл әрі жанашыр болды? Біз оған қалай еліктей аламыз? Қазір сол туралы қарастырайық.
ЕХОБА МЕН ИСА ЖАЙЛЫ БІЛЕМІЗ
4. Исаның кереметтерінен кімді жақын танимыз?
4 Иса жасаған кереметтерден оның өзін ғана емес, Ехобаны да жақыннан танып, сеніміміз нығаяды. Өйткені оған кереметтер жасауға күш берген — Ехобаның өзі. Елшілердің істері 10:38-де: “Құдай Исаны киелі рухымен және құдіретімен майлады. Содан ол ел аралап, игі істер жасады және Ібіліс қинаған адамдардың барлығын сауықтырды, өйткені Құдай оған жар болды”,— делінген. Сондай-ақ Исаның барлық сөзі мен ісінен, соның ішінде кереметтерінен де, Ехобаның ой қалпы мен сезімдерін танимыз. Себебі ол Әкесінің қасиеттерін айнытпай танытқан (Жох. 14:9). Ендеше, Исаның кереметтерінен сенім нығайтарлық үш жайтты білейік.
5. Исаны кереметтер жасауға талпындырған не? (Матай 20:30—34)
5 Біріншіден, Иса мен Ехоба бізді қатты сүйеді. Сондықтан да жерде қызмет еткенінде Иса адамдардың азабын жеңілдету үшін кереметтер жасаған. Екі зағип кісі одан айғайлап көмек сұраған жағдайды алайықшы (Матай 20:30—34 оқыңыз). Иса оларды “аяп кетті” де, көздерін көретін етті. Осы жерде “аяп кетті” деп аударылған грек сөзі адамның іші-бауыры езіліп, қатты жаны ашуын білдіреді. Адамдарды сүйгендіктен, осылай жаны ашыған Иса азаптарына қарап тұра алмай, алапестерді айықтырған, ашыққандарын тамақтандырған (Мат. 15:32; Мар. 1:41). Расында да, жанашыр Құдайымыз Ехоба мен оның ұлы Иса бізді қатты сүйеді әрі қиналғанымызда бірге қиналады (Лұқа 1:78; Пет. 1-х. 5:7). Адамзатты зар илеткен бүкіл жамандық пен азаптан құтқаратын кезді олар аңсап күтіп отыр!
6. Ехоба Исаға қандай күш берді?
6 Екіншіден, Құдай Исаға адамзаттың кез келген қиындығын шеше алатын күш берген. Иса жасаған кереметтері арқылы адамдар ешқашан өз күшімен шеше алмайтын мәселелерді шеше алатынын көрсетті. Мысалы, ол біз көріп жатқан бүкіл қайғы-қасіреттің түпкі себебін, яғни күнәні және одан туатын ауру мен өлімді жоя алады (Мат. 9:1—6; Рим. 5:12, 18, 19). Жасаған кереметтері оның “түрлі ауру-сырқаудан” айықтырып, тіпті өлгендерді тірілте алатынын дәлелдеді (Мат. 4:23; Жох. 11:43, 44). Сондай-ақ оның жойқын дауылды да, зұлым рухтарды да бағындыра алатын күші бар (Мар. 4:37—39; Лұқа 8:2). Көктегі Әкеміз Ехоба Ұлына осындай асқан құдірет дарытқаны көңілімізге жай береді емес пе?!
7, 8. а) Исаның кереметтеріне қарап, не нәрсеге көзіміз анық жетеді? ә) Сіз жаңа дүниеде орындалатын қай кереметті асыға күтесіз?
7 Үшіншіден, Құдай Патшалығының тұсында Құдайдың уәделері міндетті түрде орындалатынына көзіміз анық жетеді. Иса жерде адам болып жүріп осындай кереметтер істеген болса, көкте Құдай Патшалығының Патшасы ретінде бұдан да зорын жасайды. Келешекте Мәсіхтің билігінің тұсында бүкіл жер бетіндегі өмір қандай болатынын елестетейікші. Иса адамзатқа тұсау салып отырған бүкіл аурудан, мүгедектік пен кемтарлық атаулыдан арылтқанда, бойымызға әл-қуат бітіп, денсаулығымыз мықты болады (Ишая 33:24; 35:5, 6; Аян 21:3, 4). Аш қаламын деп қорықпаймыз, ешқандай табиғи апаттың да зардабын шекпейміз (Ишая 25:6; Мар. 4:41). Қабірдегілер қайта тірілгенде, жақындарымыздың алдынан шығып, қуана қарсы аламыз (Жох. 5:28, 29). Ал сіз келе жатқан жаңа дүниеде орындалатын қай кереметті асыға күтіп жүрсіз?
8 Исаның кереметтерінен оның асқан кішіпейілділігі мен жанашырлығын көреміз. Осы қасиеттерін біз де үлгі тұтқанымыз жақсы. Ендеше оның жасаған екі кереметін қарастырайық. Алдымен, Қанадағы үйлену тойынан бастаймыз.
КІШІПЕЙІЛДІЛІККЕ ҮЙРЕНЕМІЗ
9. Иса үйлену тойында не істеді? (Жохан 2:6—10)
9 Жохан 2:6—10 оқыңыз. Қанада өткен тойда Иса суды шарапқа айналдыруға міндетті ме еді? Жоқ. Киелі кітапта “Мәсіх суды шарапқа айналдыратын болады” деген пайғамбарлық жазылмаған. Сонда бұл кереметті Иса не үшін жасады? Оның той өткізіп жатқан отбасына, әсіресе жас жұбайларға, жаны ашыса керек. Егер өз тойыңыздың дәл ортасында сусын мен ішімдік таусылып қалса, не сезінер едіңіз? Қонақтардан ұялып, ыңғайсыз жағдайға қалар едіңіз ғой. Жас жұбайлар да осылай сезініп қалмас үшін, Иса Қанадағы тойда керемет жасады: 390 литр суды өте сапалы шарапқа айналдырып, асқан жомарттық танытты. Осылай Иса олар қалған шарапты кейін де қолдансын немесе сатып, ақшасын кәделеріне жаратсын деген шығар. Дастарқанға шарап келгенде, жас жұбайлардың жүректері орнына түсіп, қатты қуанып кеткендерінде сөз жоқ!
10. Жоханның 2-тарауында айтылған оқиғаның қандай маңызды тұстары бар? (Суретті де қараңыз.)
10 Жоханның 2-тарауында баяндалған осы оқиғаның терең мәні бар тұстарына назар аударайықшы. Байқадыңыз ба, Иса тас құмыраларды суға өзі толтырмай, қызмет көрсетушілерді жұмсаған (6, 7-тармақтар). Суды шарапқа айналдырған соң да, оны асабаға өзі апармай, қызметшілерді жіберген. Иса жұрттың көзіне түсуді көксемеген (8-тармақ). Оның тостағанға шарап құйып алып, қонақтардың алдында: “Менің жаңа ғана жасаған шарабымнан алып отырыңыздар!”— деп мақтанып тұрғанын елестетудің өзі қиын.
11. Исаның кереметінен не үйренеміз?
11 Осы жағдайда Исадан үйренетін қасиетіміз — кішіпейілділік. Бұл кереметіне я болмаса жасаған басқа да істеріне мақтану оған мүлде жат болған. Ол кішіпейілділікпен барлық мадақ-марапатты Әкесіне жаудырудан талмаған (Жох. 5:19, 30; 8:28). Исаны үлгі етсек, біз де өзімізді кіші тұтып, жетістіктерімізге мақтанбаймыз. Ехоба үшін қандай қызмет атқарсақ та, өзімізді көтермелемей, өзіне қызмет ету мәртебесін сыйлаған тамаша Құдайымызды даңқтайық (Ерм. 9:23, 24). Оны өзіне тиесілі мадаққа бөлейік. Расында да, Ехобаның демеуінсіз біз ештеңеге де қол жеткізе алмас едік! (Қор. 1-х. 1:26—31).
12. Исаның кішіпейілділігіне тағы қалай еліктесек болады? Мысал келтіріңіз.
12 Исаның кішіпейілділігін үлгі етудің тағы бір жолын қарастырайық. Мынандай бір жағдайды алайықшы: сіз — ақсақалсыз. Қауымыңыздағы бір жас қызмет көмекшісіне алғаш рет көпшілікке арналған баяндама айту керек. Содан сіз көп уақытыңызды арнап, оған баяндамасын дайындауға көмектесесіз. Нәтижесінде ол баяндаманы майын тамызып айтып, қауым бір серпіліп қалады. Жиналыс біткен соң, бір бауырлас сізге келіп: “Бүгін бір керемет баяндама болды, иә?”— дейді. Сол кезде: “Әрине, барымызды салып көмектесіп, екі жақтап алып шықтық қой”,— дейсіз бе? Немесе: “Шынында да жақсы баяндама болды, оған өте ризамын”,— дейсіз бе? Иә, кішіпейіл адам біреуге жасаған жақсылығын айтып, өзіне марапат тілемейді. Қайта, Ехоба оның еңбегін көріп тұрғанын және бағалайтынын қанағат тұтады (Мат. 6:2—4; Евр. 13:16 салыстырыңыз). Исаға еліктеп, өзін кіші тұтатын бауырлас қашанда Ехобаға ұнамды болып, оның көңілінен шығады (Пет. 1-х. 5:6).
ЖАНАШЫР БОЛУДЫ ҮЙРЕНЕМІЗ
13. Наин қаласына кіріп бара жатқанда Иса не көрді және ол не істеді? (Лұқа 7:11—15)
13 Лұқа 7:11—15 оқыңыз. Енді Исаның жердегі қызметінің орта шенінде болған оқиғаны елестетейік. Иса Ғалилеядағы Наин қаласына бара жатты. Бұл — осыдан 900 жылдай уақыт бұрын Еліше бір әйелдің ұлын қайта тірілткен Шунем қаласына жақын жер (Пат. 2-ж. 4:32—37). Иса қала қақпасына жетіп қалғанда, қалың тобырдың бір мәйітті жерлеуге апара жатқанын көрді. Әсіресе аяныштысы, қайтыс болған жігіт жесір әйелдің жар дегенде жалғыз баласы екен. Бірақ осы қаралы күні бұл әйел жалғыз қалмай, қалың тобырмен бірге келе жатты. Сол кезде Иса оларды тоқтатып, қайғы жамылған ана үшін бір керемет жасады: оның жалғыз ұлын тірілтіп берді! Бұл — Ізгі хабарларда Исаның адамды қайта тірілткені жайлы жазылған үш оқиғаның алғашқысы.
14. Лұқа 7-тарауда баяндалған оқиғаның қандай маңызды тұстары бар? (Суретті де қараңыз.)
14 Лұқа 7-тараудағы оқиғаның маңызды тұстарына назар аударып өтейікші. Байқасаңыз, Иса жесір әйелді алдымен “көрді”, сосын “аяп кетті” (13-тармақ). Иса оның ұлының мәйітінің алдында егіле жылап келе жатқанын байқаған шығар. Бұны көргенде Исаның жүрегі езіліп, жаны ашып кетті. Иса “байғұс-ай” деп, ары қарай кете бермей, жанашырлығын ісімен көрсетті. Ол әйелге: “Жыламаңыз”,— деп, жылы үнмен жұбатып айтқаны сөзсіз. Сөйтіп, өзі ниет білдіріп, оған жақсылық жасады: жалғыз ұлын қайта тірілтіп, ”анасына табыс етті” (14, 15-тармақтар).
15. Исаның жасаған кереметінен қандай сабақ аламыз?
15 Исаның жесір әйелдің ұлын тірілткенінен не үйренеміз? Жақынынан айырылған адамдарға жанашыр болуды. Әрине, біз Иса сияқты өлген адамды тірілте алмаймыз. Бірақ байқампаз болу арқылы қайғырған жандарға жанашырлық көрсетуді үйрене аламыз. Өзіміз ниет білдіріп, оларға жұбаныш болатын жылы сөзімізді айтып я қандай да бір жақсылық жасасақ болады d (Нақ. с. 17:17; Қор. 2-х. 1:3, 4; Пет. 1-х. 3:8). Тіпті бір-екі ауыз сөзіміз не жылулық көрсеткеніміздің өзі олардың жандарына медет болады.
16. Суретте бейнеленгендей, жақында баласын жоғалтқан анамен болған жағдайдан не үйрендіңіз?
16 Өмірде болған бір жағдайды қарастырайық. Біраз жылдар бұрын Патшалық сарайында қайта тірілу жайлы әнді айтып жатқанда, әйел бауырласымыз қарсы бетте жылап тұрған басқа әйел бауырласты көріп қалады. Ол жақында ғана қызынан айырылған еді. Сонда әлгі бауырлас бірден оның қасына барып, иығынан құшақтап, әнді бірге айтып шығады. Қызынан айырылған бауырлас сол күні қауымға барғанына қатты қуанып, былай деді: “Аяулы бауырластарыма жүрегім елжіреп, сүйіспеншілігім тасып кетті. Біздің тіренішіміз, міне, осы бауырластарымыз. Жан дауасын осы Патшалық сарайына келіп табамыз”. “Рухы күйреген” жандарға демеу болу үшін жасаған титтей жақсылығымыздың өзін Ехоба байқайды әрі бағалайды (Зәб. 34:18 сілт).
ЖЕКЕ ЗЕРТТЕУГЕ КЕРЕМЕТ ТАҚЫРЫП
17. Бұл мақаладан не білдік?
17 Ізгі хабарларда жазылған Исаның кереметтерін жеке зерттесек, көптеген жігерлі ойларға қанық боламыз. Олардан Ехоба мен Исаның бізді қаншалықты сүйетінін, Иса бүкіл адамзаттың қиындықтарын шеше алатынын білеміз және Құдай Патшалығында мол батаға кенелетін уақыттың жақын қалғанына көзіміз анық жетеді. Сондай-ақ осы оқиғаларды зерттегенде, Исаның қандай қасиеттеріне еліктей алатыныңызды да ойлана отырыңыз. Олай болса, жеке зерттеуде я отбасылық ғибадатта Исаның басқа да кереметтерін қарастыруды жоспарлаңыз. Зерттеу барысында өзіңізге маржандай сабақтарды теріп алып, кейін басқалармен де бөлісе жүріңіз. Бұл кереметтей жігерлі әңгімеге ұласары сөзсіз! (Рим. 1:11, 12).
18. Келесі мақалада не туралы білеміз?
18 Иса марқұм адамды тірілткен үш жағдайдың үшіншісі оның қызметінің аяғына таман болды. Бұл қайта тірілу алдыңғы екеуінен өзгеше болды, өйткені ол өзінің жақын досын тірілтті әрі бұны ерекше жағдайда жасады. Келесі мақалада Исаның осы кереметінен не үйренетінімізді және қайта тірілуге деген сенімімізді қалай нығайтуға болатынын білеміз.
20-ӘН Сен Ұлыңды қидың
a Киелі кітаптан Исаның долы теңізді қалай басқанын, ауруларды сауықтырғанын, тіпті өлген адамды тірілткенін оқығанда, ерекше әсерге бөленеміз. Алайда бұл кереметтер жай қызық үшін емес, Ехоба мен Иса туралы тәлім алып, сенімімізді нығайту үшін жазылған. Сондай-ақ бұл оқиғалар бізді белгілі бір қасиеттерге тәрбиелейді.
b Киелі кітапты зерттейтін бір ғалым былай дейді: “Киелі кітапта аталған елдерде қонақты жақсылап күтіп алу қасиетті борыш саналған. Олар дастарқанға жеткілікті мөлшерден асырып, артығымен ас қоятын. Әсіресе үйлену тойында дастарқаны осылай асып-тасып тұрса, үй иесі қонақжай саналатын”.
c Ізгі хабарларда Исаның 30-дан аса кереметі жазылған. Олардың саны одан да көп, себебі кейде Киелі кітапта оның кереметтері жекеленбей, жалпылай айтылған. Мысалы, бірде оған “бүкіл қала” келіп, ол “талай науқасты айықтырған” (Мар. 1:32—34).
d Жақынын жоғалтқан жандарды қалай жұбату керектігі жайында 2016 жылғы “Күзет мұнарасының” № 3 санындағы “Жоқтап жүргендерді жұбатыңыз” деген мақаласынан оқып көріңіз.
e СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жас жұбайлар мен қонақтар жақсы шараптың қызығын көріп жатыр, Иса болса артқы жақта тұр.