Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

17-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

111-ӘН Қуануға себеп көп

Рухани жұмақта жүре беріңіз

Рухани жұмақта жүре беріңіз

“Жаратып жатқандарыма қарап, мәңгі бақи шаттанып қуаныңдар” (ИШАЯ 65:18).

НЕГІЗГІ ОЙ

Рухани жұмақтың рақатын көріп, өзгелерге де арамызға қосылуға көмектесіңіз.

1. Рухани жұмақ деген не және ондағылар не істегісі келмейді?

 БҮГІНДЕ жер бетінде әдемі бір мекен бар. Өмір қыз-қыз қайнаған бұл мекенде миллиондаған жан мамыражай тыныштықтың рақатын көруде. Бұл мекенде жүргендер ешқашан да одан кеткісі келмейді, әрі араларына мейлінше көп адамның қосылғанын қалайды. Бұл қандай мекен болды екен? Рухани жұмақ! a

2. Рухани жұмағымыз несімен таңғалдырады?

2 Шайтанның мына дүниесі жеккөрушілік пен зұлымдыққа, қауіп-қатерге толы. Таңғаларлығы, осындай дүрбелең дүниеде Ехоба жайма-шуақ мекен жасап қойған! (Жох. 1-х. 5:19; Аян 12:12). Сүюші Құдайымыз Ехоба осы дүниенің ықпалы қаншалықты жаман екенін біледі. Сондықтан ол рухани өркендей алуымыз үшін жайлы орта жасаған. Құдай Сөзінде бұл рухани жұмақ қауіпсіз “панаға”, “молынан суарылатын баққа” теңеледі (Ишая 4:6; 58:11). Соңғы күндер қаншалықты қиын болса да, сол жұмақта жүргендер Ехобаның жарылқауымен бейқам, бақытты өмір кешуде (Ишая 54:14; Тім. 2-х. 3:1).

3. Ишая 65-тарауда айтылған сөздер ежелде қалай орындалды?

3 Ехоба Ишая пайғамбар арқылы рухани жұмақта адамдардың өмірі қандай болатынын сипаттаған. Ол жайлы Ишая 65-тарауда айтылады. Ондағы сөздер алғаш рет б. з. б. 537 жылы орындалды. Сол жылы күнәларына өкінген яһудилер Бабыл тұтқындығынан босап, атамекендеріне оралды. Ехобаның көмегімен олар қирап қалған Иерусалим қаласын қайтадан көркейтті әрі Исраилде таза ғибадаттың орталығы болған ғибадатхананы да қайта соқты (Ишая 51:11; Зәк. 8:3).

4. Ишая 65-тараудағы сөздер біздің күнімізде қалай орындалып жатыр?

4 Ишая пайғамбарлығының екінші рет орындалуы б. з. 1919 жылы басталды. Сол жылы Ехобаның бүгіндегі қызметшілері Ұлы Бабылдың тұтқындығынан азат болды. Сол кезден бастап бүкіл дүниежүзінде рухани жұмақ орнай бастады. Патшалықтың ынталы жариялаушылары көптеген қауымдар құрды және бойларында киелі рухтың жемісін дамыта бастады. Кезінде залым, хайуан мінезді болған адамдар “Құдайдың еркіне сай жаратылған. . . жаңа болмысқа ие болды” (Ефес. 4:24). Әрине, Ишаяда жазылған уәделердің тікелей орындалуын біз болашақта жаңа дүниеде көреміз. Бірақ қазірдің өзінде біз рухани жұмақтың мол баталарын көріп жүрміз. Қазір осы рухани жұмақтың қандай игілігін көріп жүргенімізді және неге одан ешқашан кетпеуіміз керектігін қарастырайық.

РУХАНИ ЖҰМАҚТА ЖҮРГЕНДЕРДІҢ КҮЙІ

5. Ишая 65:13-те уәде етілгендей, біздің рухани жұмақтың ішінде күйіміз қандай?

5 Тоқ әрі шөлдері қанған. Рухани жұмақтың ішіндегі адамдар мен сыртындағы адамдардың айырмашылығы көк пен жердей екенін Ишая жақсы сипаттаған (Ишая 65:13 оқыңыз). Ехоба өз қызметшілерінің рухани қажеттіліктерін молынан қанағаттандыруда. Ол бізге киелі рухын, өзінің Сөзін және ағыл-тегіл рухани ас-суын берген. Соның арқасында “тоқпыз,.. шөліміз қанған,.. қуанышқа кенелгенбіз” (Аян 22:17 салыстырыңыз). Ал рухани жұмақтың сыртында жүргендер, керісінше, “аш,.. шөлдеп жүр,.. ұятқа қалған”. Өйткені олардың рухани қажеттілігін қамдайтын ешкімі жоқ (Амос 8:11).

6. Жоел 2:21—24 тармақтарда Ехобаның сыйлары қалай сипатталған және оның бізге пайдасы қандай?

6 Жоел өз пайғамбарлығында астық, шарап, зәйтүн майы сияқты өмірге қажетті тағамдарды келтірген. Осылай Ехоба жомарттықпен өз халқының қажеттілігін қамдайтынын көрсеткен, бұған рухани ас-су да жатады (Жоел 2:21—24). Ол бізге рухани ас-суды Киелі кітап, Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер, сайтымыз, қауым кездесулері мен конгрестер арқылы береді. Біз осы мол дастарқаннан әр күні тамақтанып жүрсек, рухани мағынада тоқ әрі шөліміз қанып жүреді.

7. Не себепті біздің “жүрегімізді қуаныш кернейді”? (Ишая 65:14)

7 Бақытты әрі көңілдері тоқ. Құдай халқы ризашылықпен “ән салады”, сондай-ақ олардың “жүректерін қуаныш кернейді” (Ишая 65:14 оқыңыз). Өйткені Құдай Сөзіндегі шындықтар мен уәделер оларды жігерлендіріп, жұбаныш береді, әрі олардың Мәсіхтің төлем құрбандығына негізделген үміттері де берік. Бауырластарымызбен осы сыйлар жөнінде әңгімелескенде, өзімізді шын бақытты сезінеміз (Зәб. 34:8; 133:1—3).

8. Рухани жұмақтың ең басты ерекшелігі қандай?

8 Рухани жұмақтың ең басты ерекшелігі — Ехобаның халқының арасындағы сүйіспеншілік пен бірлік. Осыған қарап, жаңа дүниедегі өмірдің қандай болатынын елестете аламыз. Ол кезде сүйіспеншілігіміз бен бірлігіміз қазіргіден де зор болады (Қол. 3:14). Бір әйел бауырлас Құдай халқын алғаш рет көргенде не сезінгенін айтып, былай деді: “Мен өмірде, тіпті отбасында да бақытты болудың не екенін білмеппін. Мен шын жақсы көрудің не екенін Ехоба куәгерлерінен көрдім”. Осыдан көрінетіндей, шын бақыт пен қанағаттың не екенін білгісі келетін адам рухани жұмаққа келіп көруі керек. Осы дүние Ехобаның қызметшілері жайлы не демесін, біз Ехобаның алдында да, оның бүкіләлемдік отбасының алдында да жақсы атқа иеміз. Өйткені Ехоба “өз қызметшілерін басқа есіммен атайды” (Ишая 65:15).

9. Ишая 65:16, 17-де қиындықтарымызға қатысты қандай уәде бар?

9 Жайбарақат әрі жандары тыныш. Ишая 65:14-те рухани жұмақтың сыртында жүруді таңдағандар “жүректері ауырып, жандары күйзеліп айғайлайтыны” айтылған. Құдай халқы да кейде жүректері ауырып, жандары күйзеледі ғой. Олар жайлы не деуге болады? Болашақта олардың “қиыншылықтары ұмытылады”, Құдайдың “көз алдынан жоғалады” (Ишая 65:16, 17 оқыңыз). Ехоба жақында бүкіл қиындық атаулыны жояды, жүрегімізді сыздатқан естеліктер де уақыт өте жадымыздан өшеді.

10. Құдай халқының арасында болу неліктен сіз үшін зор бата? (Суретті де қараңыз.)

10 Қазірдің өзінде біз қауым кездесулерінде жанымыз жайланып, бүкіл уайым-қайғымызды ұмытып, жайбарақат отырамыз. Құдай рухының жемісіне жататын сүйіспеншілік, қуаныш, татулық, мейірімділік, жұмсақтық сияқты қасиеттерді танытсақ, бауырластардың да өздерін жайлы сезінуіне үлес қосамыз (Ғал. 5:22, 23). Құдайдың осындай керемет ұйымында жүру — біз үшін зор бата! Осы рухани жұмақтың ішінде жүргендер жақында Құдайдың “жаңа аспан мен жаңа жерге” қатысты айтқан уәдесінің толықтай орындалғанын көреді.

Рухани жұмақта Құдай отбасының бір бөлігі болу — зор бата! (10-абзацты қараңыз) c


11. Ишая 65:18, 19-ға сай, Ехоба жасаған рухани жұмақ бізде қандай сезім ояту керек?

11 Риза әрі қуанышты. Ишаяның кейінгі сөздерінен рухани жұмақта “шаттанып, қуанып” жүруге бізде барлық себеп бар екенін көреміз. Бұл рухани ортаны Ехобаның өзі жасаған (Ишая 65:18, 19 оқыңыз). Ол адамдарды рухани қурап, берекесі кеткен мына дүниеден шығарып, өзінің құлпырған рухани жұмағына әкелгісі келеді. Бұл үшін Ехоба бізді қолданып жатыр. Шындықта біз көл-көсір баталарға кенеліп жүрміз! Сол баталар жайлы өзгелер де білсе екен дейміз (Ерм. 31:12).

12. Ишая 65:20—24 тармақтарда жазылған уәделер сізді қандай сезімге бөлейді және неге?

12 Рухани жұмақтың ішінде жүрген біз үмітіміз үшін де ризамыз. Құдайдың жаңа дүниесінде өміріміз қандай болатынын елестетіп көріңізші! Киелі кітапта мынадай уәделер бар: “Дүниеге келген бала бірнеше күн ғана өмір сүрмейді, қарт адам да ғұмырын толық сүрмей дүниеден өтпейді”. Біз “үйлер салып, соларға қоныстанамыз, жүзімдіктер отырғызып, жемісін жейтін боламыз”. “Бейнеттеріміз желге кетпейді”, өйткені бізді “Ехоба жарылқайды”. Ол бізге қауіпсіз, қанағат пен мән-мағынаға толы өмір сыйлайды. Біз “шақырмай жатып”, Ехоба әрқайсысымызға не керек екенін біледі және ол “барша тіршілік иелерінің қажетін береді” (Ишая 65:20—24; Зәб. 145:16).

13. Адам Ехобаға қызмет ете бастағанда өмірі қалай өзгеретіні Ишая 65:25-те қалай сипатталған?

13 Тату әрі қаннен-қаперсіз. Ехобаның рухының көмегімен көп адам жыртқыш аңдарға тән мінездерінен арылып, өмірлерін түпкілікті өзгерткен (Ишая 65:25 оқыңыз). Олар көп күш салып, жүгенсіз мінездерін тізгіндеуді үйренген (Рим. 12:2; Ефес. 4:22—24). Әрине, Құдай халқы бұдан кемелді болып кеткен жоқ, олар әлі де қателіктер жібереді. Алайда Ехоба сол “әртүрлі адамдарды” біріктіріп, араларында сүйіспеншілік пен татулық орнатқан (Тит. 2:11). Бұл — Құдіреті шексіз Құдайдың ғана қолынан келетін керемет!

14. Ишая 65:25-тегі сөздер бір ер бауырластың өмірінде қалай орындалды?

14 Адамның болмысы шынымен өзгере ала ма? Бір жас жігіттің өмірін қарастырайық. Ол небәрі 20 жасына дейін небір азғын, қатыгез істермен айналысқан, түрменің де табалдырығын тоздырып үлгерген. Ол көлік ұрлап, үйлерді тонап, басқа да ауыр қылмыстар жасағаны үшін талай рет сотталған. Оның кім көрінгенге тиісіп, төбелескісі келіп тұратын әдеті де болған. Кейін ол Киелі кітаптағы шындық жайлы естіп, қауым кездесулеріне бара бастады. Сол кезде ол өмірдің мәнін, яғни рухани жұмақты тапқанын түсінді. Ол шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, Ишая 65:25-тегі сөздер өз өмірінде қалай орындалғаны жайлы жиі ойланған екен. Ол жұлып жейтін қасқыр мінезін өзгертіп, қозыдай момақан адамға айналды.

15. Біз неге рухани жұмаққа өзгелердің де келгенін қалаймыз және ол үшін не істей аламыз?

15 Ехобаның уәделері Ишая 65:13-те “Әлемнің Әміршісі Ехоба мынаны айтады” деген сөздермен басталып, 25-тармақта “дейді Ехоба” деген сөздермен аяқталады. Ал Ехоба айтса, орындалмай қалмайды (Ишая 55:10, 11). Рухани жұмақ қазірдің өзінде бар. Ехоба жер бетінде ешбір жерде жоқ керемет бауырластық жасап қойған. Осы үлкен отбасымыздың ішінде біз тату-тәтті, қаннен-қаперсіз өмір кешіп жүрміз. Мына зұлым дүниеде бұл орта тура бір тыныш айлақтай (Зәб. 72:7). Біз осы жылы ұяға мейлінше көп адамның келгенін қалаймыз. Сондықтан шәкірт дайындау ісіне барынша атсалысқымыз келеді (Мат. 28:19, 20).

РУХАНИ ЖҰМАҚҚА ӨЗГЕЛЕР ДЕ ТАРТЫЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕЙ АЛАМЫЗ?

16. Адамдардың рухани жұмағымызға тартылуына не әсер етеді?

16 Адамдардың рухани жұмағымызға тартылуына әрқайсымыз үлес қоса аламыз. Ол үшін Ехобаға еліктегеніміз маңызды. Ехоба ешкімді өз ұйымына сүйреп, күштеп кіргізбейді. Қайта, жұмсақтықпен адамдарды өзіне “жақындатып тартады” (Жох. 6:44; Ерм. 31:3). Ақжүрек адамдар Ехобаның сүйіспеншілігі мен көркем қасиеттері жайлы білгенде, өздері-ақ оған тартылады. Біз де жақсы қасиеттерімізбен және үлгілі жүріс-тұрысымызбен өзгелерді рухани жұмаққа тарта аламыз. Қалайша?

17. Рухани жұмағымызды өзгелерге тартымды ету үшін не істесек болады?

17 Өзгелерге рухани жұмақты тартымды етудің бір жолы — бауырластарымызға сүйіспеншілік пен мейірім таныту. Біз қауымға алғаш келген адамдар ежелгі Қорынттағы адамдардікіндей әсер алғанын қалаймыз. Сол уақытта сенбейтіндер қауымға келгенде: “Құдай шынымен сендердің араларыңда!”— десе керек (Қор. 1-х. 14:24, 25; Зәк. 8:23). Олай болса, “өзара тату болыңдар” деген кеңеске құлақ аса бергеніміз өте маңызды (Сал. 1-х. 5:13).

18. Адамдарды ұйымымызға не тартуы мүмкін?

18 Біз әрдайым бауырластарымызға Ехоба сияқты қарауымыз керек. Бұл дегеніміз бауырластардың болашақта біржола ғайып болатын кемшіліктеріне емес, қайта, жақсы қасиеттеріне назар аударуды білдіреді. Бір-бірімізге “мейірімді де барынша жанашыр болсақ,.. кеңпейілмен кешірсек”, арамыздағы кез келген түсініспеушілікті сүйіспеншілікпен жеңе аламыз (Ефес. 4:32). Сонда “маған да осылай қараса екен” деген адамдар рухани жұмаққа тартылады b.

РУХАНИ ЖҰМАҚТАН ЕШҚАШАН ШЫҚПАҢЫЗ

19. а) “ Рухани жұмақтан кетіп, қайтып келгендер” деген қоршауда бауырластар қандай пікір білдіруде? ә) Біз не нәрсеге нық бекінуіміз керек? (Суретті де қараңыз.)

19 Біз рухани жұмақ үшін қаншалықты ризамыз десеңізші! Бұл жұмақ барған сайын көркеюде, ішінде Ехобаны мадақтайтындар да бұрынғыдан әлдеқайда көп. Ехобаның біз үшін жасаған осы әдемі рухани мекенін әрі қарай да бағалай берейік. Егер әрдайым жанымыз сергіп, алаңсыз, тыныштықта өмір сүргіміз келсе, рухани жұмаққа кіріп, одан ешқашан да шықпауымыз керек. Бірақ абай болыңыз, Шайтан сізді алдап, сол жұмақтан шығарып алғысы келеді! (Пет. 1-х. 5:8; Аян 12:9). Бұған ешқашан жол бермеңіз. Ендеше, рухани жұмағымыз әдемі, таза, жайлы мекен бола беру үшін барымызды салайық!

Рухани жұмақта жүргендер болашақта тура мағынада жұмақтың рақатын көреді (19-абзацты қараңыз)


ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Рухани жұмақ деген не?

  • Рухани жұмақта қандай баталарға кенеліп жүрміз?

  • Рухани жұмаққа өзгелер де тартылу үшін не істей аламыз?

144-ӘН Зор сыйға назар тігейік

a СӨЗ МӘНІ: “Рухани жұмақ” деп рухани ортаны айтамыз, онда біз Ехобаға ғибадат етеміз. Рухани жұмақта біз Ехобамен де, бір-бірімізбен де татумыз.

b jw.org сайтынан “Олар қазір қайда екен? Алена Житникова: Менің арманым орындалды” деген видеоны көріңіз, онда бір әйел бауырлас рухани жұмақта қандай баталарға кенелгенін айтып береді.

c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қауымда бауырластар арқа-жарқа болып араласып жатыр, ал бір ер бауырлас бөлектеніп отыр.