Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

14-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

56-ӘН Шындық жолын таңда

“Рухани толыса берейік”

“Рухани толыса берейік”

“Рухани толыса берейік” (ЕВР. 6:1).

НЕГІЗГІ ОЙ

Толысқан мәсіхші Ехобаның еркіне сай ойланады, әрекет етеді әрі дұрыс шешімдер қабылдайды.

1. Ехоба біздің не істегенімізді қалайды?

 БАЛАЛАРЫ дені сау болып туылса, ата-ана үшін бұдан артық бақыт жоқ шығар. Бірақ сәбилері қанша жерден сүйкімді болса да, ата-анасы оның сәби күйінде қалып қойғанын қаламайды. Керісінше, өседі деп күтеді, ал өспей жатса, уайымдайды. Тура солай, біз Исаның ізбасары болып, рухани мағынада тәй-тәй қадам баса бастағанда, Ехоба бізге қарап сүйсінген. Бірақ ол біздің рухани нәресте болып қалғанымызды қаламайды (Қор. 1-х. 3:1). Қайта, біздің “ересек адам” болғанымызды, яғни рухани толысқанымызды қалайды (Қор. 1-х. 14:20).

2. Бұл мақалада не талқылаймыз?

2 Толысқан мәсіхші болу деген нені білдіреді? Рухани толысу үшін не істеуіміз керек? Рухани қатты тағамның маңызы қандай? Неге өзімізге тым сенімді болып кетпеуіміз керек? Бұл мақалада осы сұрақтардың жауабын білеміз.

ТОЛЫСҚАН МӘСІХШІ БОЛУ ДЕГЕН НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

3. Рухани ересек болу деген нені білдіреді?

3 Киелі кітапта “ересек” деп аударылған грек сөзі “толысқан”, “кемеліне жеткен” дегенді де білдіреді a (Қор. 1-х. 2:6). Кішкентай бала өсіп, ересек адамға айналатынындай, біз де рухани өсіп, толысқан мәсіхші болуымыз керек. Тіпті толысқан мәсіхші болғаннан кейін де рухани өсуді доғармауымыз қажет (Тім. 1-х. 4:15). Рухани толысу барлығымыздың, тіпті жастардың да қолынан келеді. Ал мәсіхшінің рухани толысқаны неден көрінеді?

4. Мәсіхшінің рухани толысқандығы неден көрінеді?

4 Рухани толысқан мәсіхші Ехобаның барлық талаптарын ұстанады. “Ананы орындаймын, мынаны орындамаймын” деп таңдап жатпайды. Кемелсіз болғаннан кейін, рухани толысқан адам да қателіктер жібереді. Бірақ ол күн сайын Ехоба қалағандай ойлануға және әрекет етуге барынша күш салады. Ол жаңа болмысқа ие болады және Ехоба сияқты ойлануды үздіксіз үйрене береді (Ефес. 4:22—24). Оған “мынау болады, мынау болмайды” деген ереже керек емес, өйткені ол Ехобаның заңдары мен принциптеріне негіздеп дана шешімдер қабылдауды үйренген. Шешім қабылдаған соң, ол соған сай әрекет ету үшін өз-өзін тәртіпке салады (Қор. 1-х. 9:26, 27).

5. Толыспаған мәсіхші болу неге қауіпті? (Ефестіктерге 4:14, 15)

5 Ал рухани толыспаған адам “айлакер адамдарға”, “алдап-арбаудан туған ілімдерге” оп-оңай еріп кетеді. Мысалы, ол жалған жаңалықтарға, өсек-аянға, ойдан шығарылған оқиғаларға, тіпті жолдан тайғандарға сеніп қалуы мүмкін b (Ефестіктерге 4:14, 15 оқыңыз). Сондай-ақ ондай адам қызғанышқа, жанжалдасуға, өзгелерге ренжуге бейім келеді және азғырылуға тез беріліп қалады (Қор. 1-х. 3:3).

6. Рухани толысуды қандай мысалмен түсіндіруге болады? (Суретті де қараңыз.)

6 Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Жазбаларда адамның рухани толысуы баланың өсіп-жетілуіне теңеледі. Балалар көп нәрсені түсінбейді, сондықтан үлкендер оларды қорғап, қадағалап жүруі керек. Мысалы, анасы кішкентай қызын жолдан өтерде қолынан ұстап, жетектеп жүреді. Ал қызы сәл өскенде, анасы оны бұрынғыдай жетектеп өтпейді, бірақ “жан-жағыңа мұқият бол” деп ескертеді. Ал қызы ересек жасқа жеткенде, ненің қауіпті екенін өзі-ақ ажырата алады. Балаға қауіп төнбес үшін оған үлкендердің көмегі қажет болатынындай, рухани толыспаған мәсіхшіге де рухани қауіптен сақтану үшін және жақсы шешімдер қабылдау үшін толысқан бауырластардың көмегі қажет. Ал толысқан мәсіхшіге келер болсақ, ол шешім қабылдарда Киелі кітап принциптері жайлы терең ойланып, Ехобаның көзқарасын түсіне алады. Кейін сол қабылдаған шешіміне сай әрекет етеді.

Толыспаған мәсіхшілер Киелі кітап принциптерін қолданып, дана шешім қабылдауды үйренулері керек (6-абзацты қараңыз)


7. Толысқан мәсіхшілерге өзгелердің көмегі қажет пе?

7 Сонда толысқан мәсіхшілер ешқашан өзгелердің көмегіне жүгінбей ме? Жоқ, олай емес. Оларға да кейде басқалардың көмегі қажет. Бірақ олар рухани толыспағандар іспетті “біреу маған не істеу керектігін айтса екен, менің орныма шешіп берсе екен” демейді. Толысқан мәсіхшілер өзгелердің ақыл-кеңесінен, тәжірибесінен үйренеді. Десе де “өз жүктерін өздері көтеру” керектігін түсініп, шешімді өздері қабылдайды (Ғал. 6:5).

8. Толысқан мәсіхшілер бір-бірінен несімен ерекшеленеді?

8 Ересек адамдардың түрлері бірдей болмайтындай, толысқан мәсіхшілер де қасиеттер жағынан әртүрлі келеді. Бірі даналығымен, батылдығымен ерекшеленсе, бірі жомарттығымен, жанашырлығымен ерекшеленеді. Кейде олар бірдей жағдайда екі түрлі шешім қабылдайды, бірақ екеуінің де шешімдері Киелі жазбаларға қайшы келмейді. Ар-ұжданға қатысты мәселелерде жиі осылай болып жатады. Осыны түсінетіндіктен олар әртүрлі шешімдері үшін бір-бірін айыптамайды, қайта, барынша бірлік сақтайды (Рим. 14:10; Қор. 1-х. 1:10).

РУХАНИ ТОЛЫСУ ҮШІН НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?

9. Рухани толысу өздігінен бола ма? Түсіндіріңіз.

9 Адам уақыт өткен сайын өсіп, есейе береді. Бірақ рухани өсу өздігінен болмайды. Мысалы, Қорынттағы бауырластар ізгі хабарды қабылдаған, шомылдыру рәсімінен өткен, киелі рухқа кенелген және елші Пауылдың өзінен тәлім алған (Ел. іс. 18:8—11). Бірақ шомылдыру рәсімнен өткендеріне қанша жыл болса да, көбісі сол күйі рухани толыспаған (Қор. 1-х. 3:2). Бізбен де солай болмас үшін не істесек болады?

10. Рухани толысу үшін не істеуіміз қажет? (Яһуда 20)

10 Рухани толысу үшін, ең алдымен, бізде ықылас болу керек. “Надандықты жақсы көретіндер”, яғни рухани сәби болып қалғысы келетіндер ешқашан толыспайды (Нақ. с. 1:22 сілт.). Біз ересек жасқа жетсе де, өздері шешім қабылдай алмай, ата-анасына қарап отыратын адамдарға ұқсағымыз келмейді. Қайта, рухани өсу өз жауапкершілігімізде екенін түсінгіміз келеді (Яһуда 20 оқыңыз). Егер сіз рухани толысуға ұмтылып жүрсеңіз, дұғада Ехобадан “ықылас оятып, күш беруін” сұраңыз (Філіп. 2:13).

11. Рухани толысу үшін бізде қандай көмек бар? (Ефестіктерге 4:11—13)

11 Ехоба қызметшілерінен өздері өсіп, толысады деп күтпейді, қайта, бізге көмек береді. Мысалы, ол “Мәсіхтің кемеліне сай келетін толысқан адам” болуымыз үшін қауымда бағушылар мен тәлімгерлерді берген (Ефестіктерге 4:11—13 оқыңыз). “Мәсіхтің ой-санасына” ие болуымыз үшін ол бізге киелі рух та береді (Қор. 1-х. 2:14—16). Ехобаның тағы бір көмегі — рухтың жетелеуімен жазылған төрт Ізгі хабар. Ол жерден біз Исаның жерде болғанда қалай ойланып, қалай сөйлеп, қалай әрекет еткенін көре аламыз. Иса сияқты ойланып, Иса сияқты әрекет етуге тырыса берсек, рухани толысқан мәсіхші боламыз.

РУХАНИ ҚАТТЫ ТАҒАМНЫҢ МАҢЫЗЫ

12. “Мәсіх жайында бастапқы ілімдерге” не жатады?

12 Рухани толысу үшін “Мәсіх жайында бастапқы ілімдерді ғана біліп қою” жеткіліксіз. Бастапқы, яғни негізгі ілімдерге өкіну, сенім, шомылдыру рәсімі және қайта тірілу сияқты ілімдер жатады (Евр. 6:1, 2). Бұл ілімдер мәсіхшіліктің негізі болып табылады. Сол себепті де елші Петір Елуінші күн мейрамында жұртқа осы ілімдер жайлы уағыздаған (Ел. іс. 2:32—35, 38). Мәсіхтің шәкірті болғысы келген адам осы бастапқы ілімдерді қабылдау керек. Мысалы, Пауыл қайта тірілу ілімін мойындамайтын адам мәсіхшілердің бүкіл сенімінен бас тартатынын айтқан (Қор. 1-х. 15:12—14). Алайда біз негізгі шындықтармен ғана шектелмеуіміз керек.

13. Еврейлерге 5:14-те жазылған қатты тағамның пайдасын көру үшін не істеуіміз қажет? (Суретті де қараңыз.)

13 Бастапқы ілімдерден айырмашылығы, қатты тағам Ехобаның заңдарын ғана емес, принциптерін де қамтиды. Принциптер бізге Ехобаның ой қалпын түсінуге көмектеседі. Қатты тағамның игілігін көру үшін зерттеу, ой жүгірту, Құдай Сөзінен білгендерімізді қолдану аса маңызды. Осыларды істей берсек, Ехобаға ұнамды болатын шешімдер қабылдап үйренеміз c (Еврейлерге 5:14 оқыңыз).

Рухани қатты тағаммен тамақтансақ, Ехобаға ұнамды шешім қабылдауды үйренеміз (13-абзацты қараңыз) d


14. Елші Пауыл Қорынттағы мәсіхшілерге рухани толысуға қалай көмектесті?

14 Рухани толыспаған мәсіхшілерге Киелі кітапта нақты заң болмаған жағдайда принциптер жайлы ой жүгіртіп, соған сай шешім қабылдау қиын болып жатады. Кейбіреулер “нақты заң болмаса, не қаласақ, соны істей берсек болады” деп ойлайды. Ал өзгелер ереже қажет болмаған жағдайларда да “мынау болады, мынау болмайды” деген ережелерді қалап тұрады. Мысалы, Қорынттағы мәсіхшілер Пауылдан пұтқа бағышталған тағамдарды жеуге болатынын-болмайтынын сұраған көрінеді. Сол кезде Пауыл нақты ереже орнатпай, ар-ұжданды ескеру керектігін және әр адамның “таңдау еркіндігі” бар екенін түсіндірді. Пауыл осы мәселеде оларға бірнеше принциптер келтірді. Солардың арқасында әр адам ар-ұжданы мазаламайтын және өзгелерді сүріндірмейтін шешім қабылдай алатын болды (Қор. 1-х. 8:4, 7—9). Пауыл Қорынттағы бауырластарды шешім қабылдағанда өзгелерге тәуелді болмай, ережелер іздемей, түйсіну қабілетін қолдануды үйретті. Осылай оларға рухани толысуға көмектесті.

15. Елші Пауыл еврей мәсіхшілерге рухани өсуге қалай көмектесті?

15 Пауылдың еврей мәсіхшілерге жазған хатынан маңызды сабақ аламыз. Олардың кейбірі рухани өспей қойған, тіпті оларға қатты тағам емес, “қайтадан сүт керек” болды (Евр. 5:12). Олар қауымда бірте-бірте ашылып жатқан шындықтарды түсінбей, қабылдамаған (Нақ. с. 4:18). Мысалы, Мәсіхтің құрбандығы Мұса Заңының күшін жойғанына 30 жыл өтсе де, олар әлі де сол Заңды алға тартып жатты (Рим. 10:4; Тит. 1:10). Негізі, 30 жыл деген көзқарастарын өзгертуге әжептеуір жеткілікті уақыт еді! Пауылдың еврейлерге жазған хатын оқыған кез келген адам оның қатты тағам екенімен келіседі. Бұл қатты тағам сол уақытта еврей мәсіхшілерге дәл керек нәрсе еді. Бұл хат мәсіхшілік жолдың анағұрлым артық екеніне сенімдерін нығайтты әрі яһудилердің қарсылықтарына қарамастан уағыздай беруге батылдық берді (Евр. 10:19—23).

ӨЗІМІЗГЕ ТЫМ СЕНІМДІ БОЛЫП КЕТПЕЙІК

16. Рухани толысуға ұмтылудан бөлек, тағы не істеуіміз керек?

16 Рухани толысуға ғана емес, сол күйді сақтап қалуға да күш салуымыз қажет. Ол үшін өз-өзімізге тым сенімді болып кетуден сақ болғанымыз маңызды (Қор. 1-х. 10:12). Біз өз-өзімізді “тексеріп”, әрі қарай да рухани өсіп жатқанымызға көз жеткізіп отыруымыз керек (Қор. 2-х. 13:5).

17. Рухани толысқан болып қалудың маңыздылығы Пауылдың Қолостықтарға жазған хатынан қалай көрінеді?

17 Пауылдың Қолостықтарға жазған хатынан да рухани толысқан болып қалудың маңыздылығын көреміз. Қолостағы мәсіхшілер толысқан бауырластар болса да, Пауыл оларды осы дүниенің ой қалпына алданып қалмауға шақырған (Қол. 2:6—10). Сол қауымды жақсы білетін Епафрас та бауырластарының “кемеліне келген”, яғни рухани толысқан болып қалуларын тілеп, үздіксіз дұға етіп жүрді (Қол. 4:12). Осыдан көретініміздей, адам рухани толысқан күйде қалу үшін өз тарапынан күш салу керек және оған Ехобаның көмегі қажет. Пауыл мен Епафрас Қолостағы мәсіхшілердің қандай қиындық болса да, рухани толысқан күйлерінен айырылмағандарын қалаған.

18. Рухани толысқан мәсіхшімен не болуы мүмкін? (Суретті де қараңыз.)

18 Пауыл Еврейлерге жазған хатында рухани толысқан мәсіхші Ехобаның ықыласынан біржола айырылып қалуы мүмкін екенін ескерткен. Ондай мәсіхшінің жүрегі қатуланып кететіні сонша — істеген ісіне өкінбейді, сондықтан Ехобаның кешіріміне ие бола алмайды. Қуанышқа орай, еврейлер ондай күйге жеткен жоқ (Евр. 6:4—9). Ал қауымға келмей кеткен, я болмаса қауымнан шығарылып, кейіннен өкінген бауырластар жайлы не деуге болады? Олар кішіпейілділік танытып, өкінгендіктен, Пауылдың айтқан сөздері оларға қатысты емес. Бірақ қауымға оралғаннан кейін оларға көмек қажет әрі сол көмекті Ехоба қамдап қойған (Езек. 34:15, 16). Ақсақалдар сондай адамды рухани нығайту үшін тәжірибелі бір бауырластан көмек сұрауы мүмкін.

Рухани көмекке мұқтаж жандар үшін Ехоба қам жасап қойған (18-абзацты қараңыз)


19. Қандай мақсат қоюымыз керек?

19 Рухани толысуды көздеп жүрсеңіз, бұл мақсатыңызға жете аласыз! Ол үшін қатты тағаммен тамақтаныңыз және барынша Ехоба сияқты ойлануды үйрене беріңіз. Ал егер толысып қойған мәсіхші болсаңыз, сол күйіңізден таймаңыз!

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Толысқан мәсіхші болу деген нені білдіреді?

  • Рухани толысу үшін не істеуіміз керек?

  • Неге өзімізге тым сенімді болып кетпеуіміз керек?

65-ӘН “Алға ұмтыл!”

a Еврей жазбаларында “толысқан”, “толыспаған” деген сөздер кездеспесе де, сол ойға меңзейтін тіркестер бар. Мысалы, Нақыл сөздер кітабында жас әрі ақылы толмаған адам мен дана әрі түсінігі бар адам жайлы айтылады (Нақ. с. 1:4, 5).

b jw.org сайтынан не JW Library қосымшасынан “Жалған ақпараттан сақ болыңыз” деген мақаланы қараңыз. Бұл үшін мақалалар топтамасындағы “Сан түрлі тақырыптар” деген жерге кіріңіз.

c Журналдың осы санындағы “Зерттеу жоспарын” қараңыз.

d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас фильм таңдағанда, Киелі кітаптағы принциптерді қолданып жатыр.