Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

16-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

64-ӘН Егін жинауға қуана атсалысу

Қызметіңізді қуанышпен атқарыңыз

Қызметіңізді қуанышпен атқарыңыз

“Ехобаға қуана қызмет етіңдер” (ЗӘБ. 100:2).

НЕГІЗГІ ОЙ

Бұл мақалада қызметімізді қуанышпен атқаруға көмектесетін кеңестерді қарастырамыз.

1. Кейбіреулер қызметте өздерін қалай сезінеді? (Суретті де қараңыз.)

 БІЗ көктегі Әкемізді жақсы көргендіктен және ол жайлы басқалар да білгенін қалағандықтан, ізгі хабарды уағыздаймыз. Негізі, уағыз ісін көбіміз қуана атқарамыз, бірақ кейбіреулерге бұл қиын болып жатады. Неге? Бауырластардың кейбірі өте ұялшақ болса, кейбіріне сенімділік жетіспей жатады. Тағы біреулері танымайтын адамның үйіне баруға ыңғайсызданады. Хабарымызды тыңдамай қойса ше деп қорқатындар да бар. Ал кішкентайынан ешкіммен дауласпа деп тәрбиеленген бауырластар “қызметте біреу қарсы сөйлесе не істеймін” деп уайымдауы мүмкін. Бұл бауырластар Ехобаны қатты жақсы көрсе де, қызметте бейтаныс адамдарға ізгі хабарды айтудан тартынады. Сонда да олар бұл істің маңыздылығын түсініп, жүйелі түрде қызметке шығады. Осындай алтын бауырластарды Ехоба қалай ғана жақсы көрмейді?!

Уағыздан қуаныш алып жүрсіз бе? (1-абзацты қараңыз)


2. Қызметтен қуаныш ала алмай жүрсек, неге көңіліміз түспеу керек?

2 Осындай сезімдер сізге де қызметтен қуаныш алуға кедергі жасай ма? Егер солай болса, көңіліңіз түспесін. Сіздің ұялшақтығыңыз кішіпейілділігіңіздің белгісі болуы мүмкін. Бәлкім, сіз өзіңізге назар аудартқыңыз келмейтін шығар, я болмаса өзгелермен сөз таластырғыңыз келмейтін болар. Оның үстіне, біреуге жақсылық жасағанда бетіңді қайтарса, бұл ешкімге де ұнамайды. Көктегі Әкеңіз Ехоба сіздің қандай сезімдермен күресіп жүргеніңізді жақсы біледі және ол сізге көмектескісі келеді (Ишая 41:13). Бұл мақалада біз жағымсыз сезімдерді жеңіп, қызметтен көбірек қуаныш алуға көмектесетін бес кеңесті қарастырамыз.

ҚҰДАЙ СӨЗІНЕН КҮШ АЛЫҢЫЗ

3. Еремия пайғамбарға уағыздауға не көмектесті?

3 Ежелде Ехобаның қызметшілері қиын тапсырманы атқару үшін Құдайдың хабарынан күш алған. Солардың бірі — Еремия пайғамбар. Ехоба оған уағыздау тапсырмасын бергенде, ол қорқып: “Мен жұрт алдында сөйлей алмаймын, әлі жаспын ғой”,— деді (Ерм. 1:6). Сенімділік жетіспеген Еремияға батыл болуға не көмектесті? Оған Құдай сөзі күш берген. Еремия: “Оның сөзі жүрегімде жанған оттай, Сүйектерімде қамалған жалындай болды. Оны ұстап тұрамын деп шаршадым”,— деген (Ерм. 20:8, 9). Қиын аумаққа тағайындалса да, Еремия жариялап жүрген хабарынан күш алғанның арқасында қызметін атқара алған.

4. Құдай Сөзін оқып, ой жүгіртудің пайдасы қандай? (Қолостықтарға 1:9, 10)

4 Бүгінде мәсіхшілер де Құдай Сөзіндегі хабардан күш алады. Елші Пауыл Қолостағы қауымға хат жазғанда, тура білім “Ехобаның есіміне лайықты өмір сүріп,.. әрбір игі істе жемісті болуға” көмектесетінін айтқан (Қолостықтарға 1:9, 10 оқыңыз). Ал игі іске ізгі хабарды уағыздау да жатады. Демек, Құдай Сөзін оқып, ой жүгіртсек, Ехобаға деген сеніміміз артады және Патшалық жайлы хабарды уағыздаудың маңыздылығын түсінеміз.

5. Киелі кітаптың мейлінше көп пайдасын көру үшін не істеуіміз керек?

5 Құдай Сөзінің мейлінше көп пайдасын көру үшін оны оқып, зерттеп, ой жүгіртуге жеткілікті уақыт бөліңіз. Асығыс-үсігіс оқудан аулақ болыңыз. Егер қандай да бір тармақты түсінбей жатсаңыз, одан өтіп кетпеңіз. “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткіші” мен “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралын” пайдаланып, сол тармақ қалай түсіндірілетінін қарап көріңіз. Зерттеуге жеткілікті уақыт бөлсеңіз, Құдай Сөзінің шындық екеніне көзіңіз жете түседі (Сал. 1-х. 5:21). Ал көзіңіз жеткен сайын, білгендеріңізді басқаларға қуанышпен айтасыз.

ҚЫЗМЕТКЕ ЖАҚСЫ ДАЙЫНДАЛЫҢЫЗ

6. Неге қызметке дайындалып шығуымыз керек?

6 Қызметке дайындалып шықсаңыз, адамдармен сөйлескенде қатты уайымдамай, өзіңізді еркін ұстайсыз. Кезінде Иса да шәкірттерін уағызға жібермес бұрын, оларды дайындаған (Лұқа 10:1—11). Исаның үйреткендерін қолданғанның арқасында шәкірттер көп іс атқарып, қуанышпен оралған (Лұқа 10:17).

7. Қызметке қалай дайындалсақ болады? (Суретті де қараңыз.)

7 Қызметке қалай дайындалсақ болады? Алдымен, адамдарға не туралы айтамын және оны өз сөзіммен қалай жеткіземін деп ойланыңыз. Сондай-ақ учаскедегі адамдар жиі не дейтіні жайлы ойлаңыз. Сосын “былай десе, былай айтам” деп, бірнеше жауап ойластырып қойыңыз. Ал кейін адамдармен әңгімелескенде, өзіңізді еркін ұстап, күлімдеп сөйлесіңіз.

Уағызға жақсылап дайындалыңыз (7-абзацты қараңыз)


8. Қай мағынада мәсіхшілер Пауыл айтқан қыш ыдыстарға ұқсайды?

8 Уағыз ісінде біздің қандай рөл атқаратынымызды көрсету үшін, елші Пауыл: “Осы қазынаны қыш ыдыстарда сақтаймыз”,— деген (Қор. 2-х. 4:7). Ол қандай қазына жайлы айтқан? Бұл — адамдардың өмірін сақтайтын Құдай Патшалығы жайлы уағыздау ісі (Қор. 2-х. 4:1). Ал қыш ыдыстар ізгі хабарды айтып жүрген Құдайдың қызметшілерін білдіреді. Пауылдың заманында саудагерлер қыш ыдыстарды тамақ, шарап, ақша сияқты бағалы заттарды тасымалдау үшін қолданған. Тура сол сияқты, Ехоба да бізге өте бағалы хабарды сеніп тапсырып отыр. Осы хабарды өзгелерге жеткізу үшін Ехобаның өзі бізге күш береді.

БАТЫЛДЫҚ СҰРАП ДҰҒА ЕТІҢІЗ

9. Уағызда қорқынышымызды қалай жеңсек болады? (Суретті де қараңыз.)

9 Кейде біз адамдардың өзінен қорықсақ, кейде хабарымызды тыңдамай қояды деп қорқамыз. Сондай қорқыныштарды қалай жеңсек болады? Мысалы, елшілердің жағдайын алайық. Уағыздауға тыйым салынған кезде, олар қорқынышқа бой алдырмай, дұға еткен. Олар Ехобадан: “Сөзіңді батыл жариялай беруге күш дарыта көр”,— деп сұраған. Ехоба олардың дұғасына бірден жауап берді (Ел. іс. 4:18, 29, 31). Біз де адамдардан қорқып, уағыздай алмай жатсақ, дұға етіп, Ехобадан көмек сұрайық. Дұғада: “Адамдардан қорықпайыншы, қайта, оларды жақсы көрейінші”,— деп сұрасақ болады.

Батылдық сұрап дұға етіңіз (9-абзацты қараңыз)


10. Ехоба өз Куәгерлеріне өзі жайлы куәлік етуге қалай көмектесіп жатыр? (Ишая 43:10—12)

10 Ехоба бізді өзінің Куәгері етіп тағайындаған және ол бізге батыл болуға көмектесемін деп уәде етеді (Ишая 43:10—12 оқыңыз). Ол сөзінде тұрып, бізге көптеген жолмен көмектесіп жатыр. Солардың төртеуіне тоқталайық. Біріншіден, ізгі хабарды уағыздаған кездің бәрінде Иса бізбен бірге (Мат. 28:18—20). Екіншіден, Ехоба бізге көмектессін деп періштелер тағайындап қойған (Аян 14:6). Үшіншіден, Ехоба білгендерімізді дер кезінде есімізге түсіріп тұру үшін киелі рухын береді (Жох. 14:25, 26). Төртіншіден, қасымызға серік болсын деп Әкеміз бауырластарды да берген. Көріп отырғанымыздай, Ехоба мен бауырластарымыздың арқасында қызметімізді жемісті атқару үшін бізде қажеттінің бәрі бар.

ИКЕМДІ БОЛЫҢЫЗ, ДҰРЫС КӨЗҚАРАС САҚТАҢЫЗ

11. Қызметте көбірек адаммен сөйлесу үшін не істесек болады? (Суретті де қараңыз.)

11 Уағызда адамдар үйлерінде болмаса, көңіліңіз түсе ме? Сондай кезде: “Учаскемдегі адамдар қазір қай жерде жүрген болуы мүмкін?”— деп ойланып көріңіз (Ел. іс. 16:13). Бәлкім, олар жұмыста не сауда орталықтарында жүрген болар. Ондайда көшемен уағыздап, көбірек адаммен сөйлесе алатын шығарсыз. Джошуа есімді ер бауырлас былай дейді: “Байқағаным, сауда орталықтары мен көлік тұрақтарында көбірек адаммен сөйлеуге мүмкіндік болады”. Әйелі Бриджетпен тағы бір байқағандары, учаскеде адамдар үйлерінде жиі кешке қарай не жексенбі түске таман болады екен (Ефес. 5:15, 16).

Уағыздайтын жеріңіз бен уақытыңызды өзгертіп көріңіз (11-абзацты қараңыз)


12. Адамдар неге сенетінін, нені уайымдап жүргенін қалай білсек болады?

12 Адамдар хабарыңызға құлақ аса бермейтінін байқасаңыз: “Олар неге сенеді? Қандай уайымдары бар?”— деп ойланып көріңіз. Джошуа мен Бриджет адамдармен сөйлескенде, әңгімелерін буклеттің сыртындағы сұрақтан бастайды екен. Мысалы, олар “Сіз Киелі кітап жайлы не ойлайсыз?” деген буклетті көрсетіп: “Кейбір адамдар Киелі кітапты Құдайдан келген кітап десе, кейбіреулер бұнымен келіспейді. Ал сіз бұл жайлы не ойлайсыз?”— дейді екен. Жиі бұндай сұрақтар жақсы әңгімеге ұласады.

13. Адамдар уағызымызды тыңдамаса да, неге қызметіміз жемісті бола береді? (Нақыл сөздер 27:11)

13 Қызметте жемісті болуымыз адамдардың тыңдаған-тыңдамағанына байланысты емес. Өйткені біз Ехоба мен оның Ұлы не айтса, соны істеп жатырмыз, яғни куәлік беріп жатырмыз (Ел. іс. 10:42). Бірде-бір адаммен сөйлесе алмасақ та, хабарымызды ешкім тыңдамаса да, біз қуанышымызды жоғалтпаймыз. Себебі көктегі Әкеміздің бізге риза екенін білеміз (Нақыл сөздер 27:11 оқыңыз).

14. Қандай да бір бауырлас учаскесінде қызығушылық танытқан адамды тауып жатса, не үшін қуанамыз?

14 Қандай да бір бауырлас учаскесінде қызығушылық танытқан адамды тауып жатса, біз қатты қуанамыз. Бірде “Күзет мұнарасында” мысал келтірілгендей, біздің уағыз ісіміз жоғалған баланы іздеу жұмыстарына ұқсайды. Мысалы, оны табу үшін көп адам жұмылып, жан-жақтан іздейді. Бала табылғанда, оны тапқан адам ғана емес, іздегендердің бәрі бірдей қуанады. Сол сияқты шәкірт дайындау ісі де — жұмыла атқаратын іс. Сондықтан аумағымызды түгел өңдеу үшін қауымда бәріміз керекпіз. Егер қауымға жаңадан біреу келе бастаса, бұл бәріміздің қуанышымыз.

ЕХОБА МЕН ӨЗГЕЛЕРДІ СҮЙЕТІНІҢІЗДІ КӨРСЕТІҢІЗ

15. Уағыздауға деген ынтамызды арттыруға не көмектеседі? (Матай 22:37—39) (Мұқабадағы де қараңыз.)

15 Уағыздау — Ехобаға және өзгелерге деген сүйіспешілігімізді көрсетудің тамаша жолы (Матай 22:37—39 оқыңыз). Осы жайлы ойласақ, уағыздауға деген ынтамыз артады. Ойлап көріңізші, тапсырған ісін атқарып жатқанымызды көріп Ехоба сондай қатты қуанады! Ал адамдар Киелі кітапты зерттей бастаса, өмірлері бақытқа толады. Оның үстіне, шындыққа құлақ асқандар аман қалып, мәңгі өмір сүреді (Жох. 6:40; Тім. 1-х. 4:16).

Ехоба мен өзгелерге деген сүйіспеншілігіміз жайлы ойлану қызметте қуанышымызды арттырады (15-абзацты қараңыз)


16. Үйден шыға алмаған жағдайда қызметтен қуаныш алу мүмкін бе? Мысал келтіріңіз.

16 Қандай да бір себептермен үйден шыға алмасаңыз, не істесеңіз болады? “Ехобаға және өзгелерге деген сүйіспеншілігімді көрсету үшін өз жағдайымда не істей аламын?” деп ойланыңыз. Мысалы, Самуил мен әйелі Дания COVID-19 пандемиясы кезінде үйден шыға алмай қалған. Сол қиын шақта олар жүйелі түрде телефонмен уағыздаған, хаттар жазған және “Zoom” арқылы Киелі кітап зерттеу сабақтарын өткізген. Самуил қатерлі ісігін емдеу үшін ауруханаға барып жүргенде де куәлік беруге тырысқан. Ол былай дейді: “Ондай кездері жүйкең тозып, тәнің шаршап, рухани күйің әлсірейді, бір сөзбен айтқанда, барлық жағынан жүнжіп кетесің. Сондықтан Ехобаға қызмет етуден қуаныш табу өте маңызды”. Жығылғанға жұдырық болып, сол кездері Дания да құлап қалады. Сөйтіп, үш ай төсек тартып жатады. Кейін тағы алты ай мүгедектер арбасында отырады. Ол былай дейді: “Жағдайыма қарай қолымнан келгеннің бәрін істеуге тырыстым. Үйге келіп жүрген медбикеге уағыздадым, әртүрлі тапсырыстарымызды үйге жеткізіп жүрген адамдармен сөйлестім. Сондай-ақ медициналық компанияда жұмыс істейтін бір әйелмен телефон арқылы сөйлесіп тұрдым”. Самуил мен Дания мүмкіндіктері шектеулі болса да, қолдан келгенін жасап, содан қуаныш алды.

17. Бұл мақаланың бар пайдасын көру үшін не істегеніміз маңызды?

17 Бұл мақаланың бар пайдасын көру үшін берілген кеңестердің барлығын бірдей қолданыңыз. Бұл кеңестердің әрқайсысын тамаққа қосатын азық-түлікпен салыстыруға болады. Қажетті азық-түліктің бәрін қосып дайындаса, өте дәмді тамақ шығады. Тура солай, берілген кеңестердің бәрін қолданыңыз, сонда жағымсыз сезімдерден арылып, қызметтен әлдеқайда көп қуаныш аласыз.

ҚЫЗМЕТІМІЗДІ ҚУАНЫШПЕН АТҚАРУҒА КЕЛЕСІ ЖАЙТТАР ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕДІ?

  • Жақсылап дайындалуға уақыт бөлу

  • Батылдық сұрап дұға ету

  • Ехоба мен өзгелерге деген сүйіспеншілігіміз жайлы ойлану

80-ӘН “Дәмін татыңдар да, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізіңдер”