Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Әлсіздіктерім Құдайдың құдіретін паш етті

Әлсіздіктерім Құдайдың құдіретін паш етті

КЕЛІНШЕГІМ екеуіміз 1985 жылы Колумбияға келдік. Сол кездері Колумбияда қатыгездік кең етек жайған еді. Үкімет есірткі саудагерлерімен, таулы аймақтағы партизандармен күресіп жатты. Ал Медельин қаласында (сол жерде біз кейінірек қызмет еткен едік) қаруланған жас гангстерлер көшелерді аралап жүретін. Олар есірткі сататын, өзгелерді бопсалап ақша алатын және олар жалдамалы кісі өлтірушілер еді. Сол жігіттердің бәрі жастайынан өліп кетті. Осының бәрін көргенде, біз мүлдем басқа әлемге түсіп кеткендей болдық.

Жер шарының қиыр солтүстігінен келген екі финдік Оңтүстік Америкада не жоғалтты дейсіздер ғой? Осы туралы және өмірімде қандай маңызды сабақтар алғанымды сіздерге айтып берейін.

БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМ

Мен 1955 жылы дүниеге келдім, үйдің кенжесі болдым. Балалық шағым қазір Вантаа деп аталатын Финляндияның оңтүстік жағалауында орналасқан қалада өтті.

Анам мен туылмай тұрып бірнеше жыл бұрын шомылдыру рәсімінен өтті. Алайда әкем шындыққа қарсы болғандықтан, анама бізбен зерттеуге, бізді қауымға апаруға тыйым салатын. Анам сонда да амалын тауып, әкеміз жоқ кезде бізге Киелі кітаптағы негізгі шындықтарды үйрететін.

Жеті жасымда Ехобаның жағында нық тұрдым

Балалық кезімнен-ақ мен Ехобаның жағында нық тұрдым. Мысалы, 7 жасымда мұғалімім “верилаттуия” деп аталатын қан қосылған құймақты жемегенім үшін маған қатты ашуланды. Сөйтіп, ол аузымды күштеп ашып, құймақты жегізгісі келді. Бірақ мен оның қолындағы шанышқыны қағып жіберіп, жемей қойдым.

12 жасымда әкем дүниеден озды. Содан кейін ғана мен қауым кездесулеріне бара бастадым. Қауымдағы бауырластар маған көп көңіл бөлді, соның арқасында тез рухани өстім. Мен Киелі кітапты күнделікті оқитынмын және әдебиеттерімізді де тыңғылықты зерттейтінмін. Осы жақсы әдеттердің арқасында 1969 жылы 8 тамызда, 14 жасымда шомылдыру рәсімінен өттім.

Мектепті бітіргеннен кейін көп ұзамай тұрақты ізашарлық қызметті бастадым. Сосын бір-екі аптаның ішінде Финляндияның орталығына жақын орналасқан Пиелавеси деген жариялаушылар жетіспейтін жерге көшіп бардым.

Пиелавесиде жүрген кезімде Сиркка деген бір сұлу қызды көріп, оны жақсы көріп қалдым. Ол қарапайым, рухани толысқан бауырлас еді. Сиркка жақсы да жайлы өмірге ұмтылмады. Қандай қызмет түрін атқармайық, екеуіміз де Ехобаға толық уақытты қызмет етуді бар жүрегімізбен қаладық. Содан 1974 жылдың 23 наурызында отау құрдық. Біз үйленген соң бал айына бармай, Карттулаға қызмет етуге кеттік, өйткені ол жақта жариялаушылар өте аз еді.

Карттулада (Финляндия) жалдап тұрған үйіміз

ЕХОБАНЫҢ КӨРСЕТКЕН ҚАМҚОРЛЫҒЫ

Ағам сыйлаған көлік

Отау құрғанымыздың бірінші күнінен-ақ біз Патшалықты басты орынға қойсақ, Ехоба қамымызды ойлайтынына көзіміз жетті (Мат. 6:33). Мәселен, Карттулада жүргенімізде біздің көлігіміз болмады. Көбінесе велосипедпен жүретінбіз. Бірақ қыстың күні қақаған аязда велосипед айдай алмайсың ғой. Ал шалғай аумақтарда қызмет ету үшін көлік қажет еді. Бірақ оны сатып алуды қалтамыз көтермеді.

Бір күні ойламаған жерден ағамыз қонаққа келді. Сол кезде ол бізге өз көлігін сыйлады. Көліктің салығы, бәрі төленіп қойылған екен. Тек жанармай құйсаң жеткілікті еді. Осылай біздің де темір тұлпарымыз пайда болды.

Ехоба біздің қамымызды ойлауды өз мойнына алды. Ал біздің міндет Патшалықты бірінші орынға қою болды.

ҒАЛАҚАТҚА ШАҚЫРЫЛУЫМЫЗ

1978 жылы өткен Ізашарлық қызмет мектебіміз

1978 жылы Ізашарлық мектептен өтіп жатқан кезде, оқытушыларымыздың бірі Раймо Куокканен a бізді Ғалақат мектебіне өтініш толтыруға талпындырды. Ғалақатта оқи алу үшін ағылшын тілін үйрене бастадық. Бірақ өтініш толтырамыз дегенше, 1980 жылы бізді Финляндиядағы филиалда қызмет етуге шақырды. Сол заманда бетелдіктер Ғалақатқа шақырылмайтын. Бірақ біз өзіміз қалаған жерде емес, Ехоба қалаған жерде қызмет еткіміз келді. Сөйтіп, шақыруды қабылдадық. Бірақ сонда да болашақта Ғалақатқа шақырылып қалармыз деген үмітпен ағылшын тілін үйрене бердік.

Бірнеше жыл өткен соң, Басқарушы кеңес бір хабарландыру жасады: енді бетелдіктер де Ғалақатта оқи алатын болды. Соны ести сала, біз өтініш толтырдық. Бетелдік қызмет ұнамағандықтан емес, қайта, қай жерде қажеттілік бар, сол жерде қызмет етуге дайын болғандықтан толтырдық. Содан біз Ғалақаттың 79-сыныбына шақырылып, 1985 жылдың қырқүйек айында оны бітіріп шықтық. Ал тағайындалған жеріміз Колумбия болды.

АЛҒАШҚЫ МИССИОНЕРЛІК ҚЫЗМЕТІМІЗ

Колумбияда біз басында филиалда қызмет еттік. Мен барымды салып қызмет етуге тырыстым, бірақ бір жыл өткен соң өзгеріс жасауымыз керек екенін түсіндім. Өмірімде бірінші рет және соңғы рет мені басқа қызметке тағайындауды сұрадым. Сосын бізді Уила ауданында орналасқан Нейва қаласына миссионер етіп тағайындады.

Уағыздаудан менің жаным рақат табатын. Есімде, бойдақ кезімде мен азаннан кешке дейін уағыздайтынмын. Үйленгеннен кейін де Сиркка екеуіміз қызметте күні бойы жүре беретінбіз. Ал үйден алыс жерлерде қызмет еткенде, әйелім екеуіміз кейде көліктің ішінде түнеп шығатынбыз. Осылай біз уақытты жолға кетірмей, келесі күні таңертеңнен қызметке кірісіп кететінбіз.

Миссионер болып тағайындалғаннан кейін, қайтадан қызметке деген шабытты сезе бастадық. Қауымымыз күн сайын өсе берді. Колумбиядағы бауырластар бізді құрметтейтін және қатты жақсы көретін.

ДҰҒАНЫҢ ҚҰДІРЕТІ

Біз тұрып жатқан Нейва қаласының қасында басқа да қалалар бар еді. Бірақ ол жақтарда бірде-бір Куәгер болмады. Оларға шындық қалай жетеді екен деп уайымдайтынмын. Бірақ сол қалаларда партизандар мен үкімет арасында соғыс болып жатқандықтан, ол жерлер басқа қаладан келгендер үшін қауіпті еді. Сондықтан мен сол қалалардан келген біреу Куәгер болса екен деп дұға ете бастадым. Сол адам Нейвада шындықты біліп, шомылдыру рәсімінен өтіп, рухани нығайып алған соң, өз қаласына оралып, жерлестеріне шындық туралы айтса екен дейтінмін. Бірақ Ехобаның жоспары менікінен күшті болып шықты.

Көп ұзамай, мен Фернандо Гонзалез деген жігітпен зерттей бастадым. Ол Нейвадан 50 шақырым жерде орналасқан Альхесирас қаласында тұратын. Жұмыс істеу үшін апта сайын Нейваға келетін. Ол зерттеу сабағына жақсы дайындалып келетін және кездесулерге де бірден қатыса бастады. Зерттеп бастай сала ол өз қаласындағы адамдарды жинап, оларға уағыздауға кірісті.

Фернандомен бірге, 1993 жыл

Фернандо алты айдан кейін, 1990 жылдың қаңтар айында, шомылдыру рәсімінен өтті. Көп ұзамай тұрақты ізашар болды. Енді Альхесираста бір жергілікті Куәгер пайда болғандықтан, филиал қорықпай, сол жаққа арнайы ізашарларды тағайындай алатын болды. Ал 1992 жылы бұл қалада алғашқы қауым құрылды.

Фернандо тек өз қаласында ғана уағыздап қойған жоқ. Ол үйленгеннен кейін әйелімен бірге Сан Висенте дель Кагуан деген қалаға көшіп барды. Ол қалада да Куәгерлер жоқ еді. Сол жақта да олар бір қауымның ашылуына үлес қосты. 2002 жылы Фернандо аудандық бақылаушы болып тағайындалып, әйелі Ольга екеуі қазіргі күнге дейін осы қызметті атқаруда.

Осы жағдайдан түсінгенім, қызметімізге қатысты Ехобаға нақты дұға айтқанымыз өте маңызды екен. Біздің қолымыздан келмейтінді Ехоба істей алады. Не дегенмен, бұл біздің емес, Ехобаның егіндігі ғой! (Мат. 9:38).

ЕХОБА “ЫҚЫЛАСЫМЫЗДЫ ОЯТЫП, КҮШ БЕРЕДІ”

1990 жылы бізді аралаушы бақылаушы етіп тағайындады. Біз Колумбияның астанасы Боготаға тағайындалдық. Бұл тағайындалу жайлы естігенде басында қатты қорықтық, себебі әйеліміз екеуміз ерекше дарыны жоқ, қарапайым адамдармыз. Бұған қоса, біз өмір қыз-қыз қайнаған үлкен қалаларда тұрып көрмегенбіз. Бірақ біздің жағдайда Ехоба Філіпіліктерге 2:13-те жазылған уәдесін орындады. Онда: “Өзіне ұнайтынды істеулерің үшін, Құдайдың өзі бойларыңда ықылас оятып, күш беріп отыр”,— делінген.

Кейінірек біз жоғарыда айтылған Медельин қаласына тағайындалдық. Сол жақтағы адамдардың көшедегі қақтығыстарға еті үйреніп кеткендері сонша, оларға мән бермейтін. Болған бір жағдайды айтып берейін. Бір күні бір ер адаммен зерттеу өтіп жатқанда, көшеде атыс басталып кетті. Мен зәре-құтым қалмай, жерге жата қалайын десем, жаңағы кісі былқ етпей, абзацты әрі қарай оқып отыр. Абзацты оқып болған соң, ол: “Күте тұрыңызшы”,— деді де, сыртқа шығып кетті. Сөйтсем, ол көшеде жүрген екі кішкентай баласын ертіп келіпті. Ол сабырлы үнмен: “Тағы да кешірім сұраймын, балаларымды ішке кіргізуім керек болды”,— деді.

Есіме тағы бір оқиға түсіп отыр. Бірде үйме-үй уағыздап жүргенімізде әйелім қасыма жүгіріп келді. Өзі бозарып кетіпті. Ол маған: “Біреу мені атпақшы болды”,— деді. Мен шошып кеттім. Кейін білгеніміздей, қылмыскер Сиркканы емес, оның қасынан өтіп бара жатқан басқа бір адамды атқысы келген екен.

Уақыт өте біз сол жақтағы қатыгездіктен бұрынғыдай қорықпайтын болдық. Жергілікті бауырластар бұдан да қауіпті, бұдан да қиын жағдайлармен кезіксе де, еш мойымайтын. Соларға қарап, біз қатты жігерленетінбіз. “Ехоба оларға көмектессе, бізге де көмектеседі ғой” деп ойладық. Біз әрдайым ақсақалдардың басшылығына мойынсұнатынбыз, сақтық шараларын ұстанатынбыз, ал қалғанын Ехобаның қолына тапсыратынбыз.

Бірақ “қорыққанға қос көрінеді” демекші, кейбір жағдайлар біз ойлағандай қауіпті болмады. Бірде уағыздап жүріп, бір үйге келдім. Сол үйден екі әйелдің бір-біріне айқайлап, балағат сөздер айтып жатқанын естідім. Мен бұл жағдайға араласқым келмеді, бірақ үй иесі қоярда-қоймай ауласына кіргізді. Сөйтсем, жанжалдасып жатқан екі әйел емес, екі тотықұс екен! Олар көршілерінің ұрысқанын қайталап жатыр екен.

ҚОСЫМША МІНДЕТТЕРІМ МЕН ҚИЫНДЫҚТАРЫМ

1997 жылы мені Қызметті жетілдіру мектебінің b оқытушысы етіп тағайындады. Маған әрқашан теократиялық мектептерде оқыған қатты ұнайтын, бірақ ешқашан оқытушы боламын деп ойламаппын.

Сосын мен облыстық бақылаушы болып қызмет еттім. Бірақ кейін бұл қызмет түрі алынып тасталған соң, мен қайтадан аудандық қызметке оралдым. Сонымен, бас-аяғы 30 жылдан аса уақыт бойы оқытушы және аралаушы бақылаушы болып қызмет етіппін. Бұл Ехобаның батасына толы кездер болды. Бірақ қиындықтарсыз да болмады.

Мен өз-өзіме сенімді, алған бетімнен қайтпайтын адаммын. Осындай болмысымның арқасында көптеген қиындықтардан өте алдым. Бірақ таяқтың ұшы өзіме де тиіп кететін. Мысалы, қауымдағы кейбір нәрселерді түзетуге тым қатты кірісіп кететінмін. Кейде мен жанымды салып: “Бауырластар, сүйіспеншілік танытайық, бір-бірімізге түсінікпен қарайық”,— деп шақыратынмын. Бірақ, ұят болса да айтайын, дәл осы қасиеттерді өзім де таныта бермейтінмін (Рим. 7:21—23).

Осындай қателіктерімді көрген кезде салым суға кететін (Рим. 7:24). Бірде мен миссионерлік қызметімді тастап, өз еліме, Финляндияға оралғаным дұрыс шығар деп ойладым. Сөйтіп, бұл туралы Ехобаға дұға еттім. Бірақ сол күні кешке қауым кездесуіне барғанда менің ойым өзгерді. Сол жақта естіген ойлар өз кемшіліктеріммен жұмыс істей беруге, тағайындалған қызметімді атқара беруге сенімділік берді. Ехобаның сол дұғама қалай нақты жауап бергені жайлы ойласам, әлі күнге дейін қайран қаламын. Кемшіліктерімді жөндеп, оларды жеңуге көмектескені үшін Ехобаға дән ризамын!

БОЛАШАҚҚА СЕНІММЕН ҚАРАЙМЫН

Өміріміздің басым бөлігін толық уақытты қызметке арнауға мүмкіндік бергені үшін Сиркка екеуіміз Ехобаға шексіз ризамыз. Сиркка сияқты адал да мейірімді жар бергені үшін де Ехобаға мың да бір алғыс!

Менің жасым 70-ке таяп қалды. Бұл деген қазіргі қызметімді, яғни оқытушы және аралаушы бақылаушы қызметімді тоқтату керек дегенді білдіреді. Бірақ бұған көңілім түспейді. Өйткені мен мынаны білемін: егер Ехобаға ризашыл, сүйіспеншілікке толы жүрекпен қызмет етсем және қарапайым болсам — міне, осы нәрселер оған даңқ әкеледі (Миха 6:8; Мар. 12:32—34). Ехобаны даңқтау үшін ерекше бір қызмет түрін атқару шарт емес.

Бұрын атқарған қызметтерім жайлы ойлансам, мен оларды өзгелерден артық болғандықтан немесе керемет бір қабілеттерім болғандықтан атқармағанымды түсінемін. Ехобаның зор рақымының арқасында ғана сол қызметтерімді атқара алдым. Ол әлсіздіктеріме, кемшіліктеріме қарамастан, осы жауапкершіліктерді сеніп тапсырды. Ехобаның көмегі болмаса, мен олардың ешқайсысын да игере алмас едім. Осылайша әлсіздіктерім Құдайдың құдіретін паш етті (Қор. 2-х. 12:9).

a Раймо Куокканен бауырластың өмірбаяны 2006 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 сәуірдегі санында (ор.) жарық көрді.

b Қазіргі Патшалықты жариялаушыларға арналған мектеп.