Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

33-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехоба өз халқына назар тігеді

Ехоба өз халқына назар тігеді

“Ехоба өзінен қорқатындарға... назарын тігеді” (ЗӘБ. 33:18).

4-ӘН “Ехоба — менің Бағушым”

АҢДАТПА *

1. Иса неге Әкесінен: “Ізбасарларымды қорғай көр”,— деп сұрады?

 ИСА өлер алдындағы түні Әкесіне бір өте маңызды өтініш айтты. Ол: “Ізбасарларымды қорғай көр”,— деп сұрады (Жох. 17:15, 20). Алайда Ехоба оларды онсыз да бұрыннан қорғап, қамдарын жасап келді емес пе?! Ендеше, Иса неге олай сұрады? Өйткені ол ізбасарларын Шайтан аяусыз қуғындайтынын білген. Ізбасарлары Шайтанның зұлым шабуылдарына тойтарыс беру үшін, оларға Ехобаның көмегі қажет болатынын Иса жақсы түсінді.

2. Зәбүр 33:18—20 тармақтардан көретініміздей, сынақтан неге қорықпауымыз керек?

2 Шайтан билеп-төстеген мына дүние мәсіхшілерді жан-жақтан қыспақтап, ауыр салмақ салып жатыр. Бір қиындықтар сағымызды сындырса, басқалары Ехобаға деген адалдығымызды сынауы мүмкін. Бірақ уайымдап, қорқуға еш негіз жоқ. Өйткені Ехоба бізге назарын тігеді, яғни қандай сынаққа кезігіп жатқанымызды көріп, қол ұшын беруге дайын. Қазір “Ехоба өзінен қорқатындарға... назарын тігетініне” дәлел болар Киелі кітаптағы екі мысалды қарастырайық (Зәбүр 33:18—20 оқыңыз).

ӨЗІМІЗДІ ЖАЛҒЫЗ СЕЗІНГЕНДЕ

3. Қандай жағдайда өзімізді жалғыз сезінуіміз мүмкін?

3 Біздің үлкен рухани отбасымыз болса да, өзімізді жалғыз сезінетін кездер болады. Мысалы, мектепте оқитын жас бауырлас бүкіл сыныптың алдында бір өзі тұрып сенімін қорғағанда немесе жаңа қауымға ауысқанда өзін жалғыз сезінетін шығар. Кейбіреуіміз күйзеліп, сол жағымсыз сезімдермен жалғыз күресіп жатқандай боламыз. “Мені басқалар түсінбейді” деп ойлап, оларға сезімдеріміз жайлы айтудан тартынатын шығармыз. Тіпті “мен ешкімге керек емеспін” деп ойлауымыз мүмкін. Қандай себептен туса да, жалғыздық адамның жантыныштығын бұзады, дәрменсіз күйге түсіреді. Бірақ Ехоба біздің бұндай күй кешкенімізді қаламайды. Неге бұлай дейміз?

4. Неге Ілияс: “Жалғыз мен ғана қалдым”,— деген?

4 Адал пайғамбар Ілиястың басынан өткен бір жағдайды елестетейікші. Езабел оны өлтіремін деп ант-су ішкеннен кейін, оның бассауғалап қашып жүргеніне, міне, 40 күннен асты (Пат. 1-ж. 19:1—9). Сосын Ілияс бір үңгірге кірді де, Ехобаға: “[Пайғамбарлардың ішінен] жалғыз мен ғана қалдым”,— деп жылап жіберді (Пат. 1-ж. 19:10). Бірақ басқа да пайғамбарлар болды ғой. Мысалы, Абадия 100 пайғамбарды Езабелдің семсерінен сақтап қалған болатын (Пат. 1-ж. 18:7, 13). Онда неге Ілияс өзін жалғыз қалдым деп айтты? Ол әлгі 100 пайғамбарды Езабел бәрібір тауып алып, өлтіріп тастады деп ойлады ма? Я болмаса Кармил тауында Ехоба өзінің шынайы Құдай екенін дәлелдесе де, ешкім оның жағына шықпағанына көңілі түсті ме? Әлде “ешкімнің менімен шаруасы жоқ, өліп қаламын ба деп қорқып, қашып жүргенімді ешкім біліп те жатқан жоқ” деп ойлады ме екен? Киелі кітапта бұларға қатысты нақты еш нәрсе айтылмайды. Бірақ бір білеріміз — Ехоба Ілиястың жанын жақсы түсінген және оған қалай көмектесу керектігін де жақсы білген.

Өзімізді жалғыз сезінгенде, Ехобаның Ілиясқа көмектескенінен қандай жұбаныш аламыз? (5, 6-абзацтарды қараңыз)

5. Ехоба Ілиясқа өзін жалғыз сезінбеуге қалай көмектесті?

5 Ехоба Ілиясқа түрлі жолмен көмектесті. Мысалы, одан екі рет: “Ілияс, мұнда не істеп жүрсің?”— деп сұрап, оны әңгімеге тартты (Пат. 1-ж. 19:9, 13). Екі жағдайда да Ілияс ішіндегісін жайып салғанда, Ехоба оны мұқият тыңдады. Сосын оған жауап беріп, оның қасында екенін білдірді және құдіретті күшін көрсетті. Бұдан кейін оған ғибадат ететін басқа да исраилдіктер бар екенін айтты (Пат. 1-ж. 19:11, 12, 18). Ехобаға мұңын шаққаннан кейін және оның жауабын тыңдағаннан кейін, Ілияс әжептеуір жеңілдеп қалса керек. Сосын Ехоба оған бірнеше тапсырма берді, атап айтқанда, Хазаелді Сирияның патшасы етіп, Иқуды Исраилдің патшасы етіп, ал Елішені пайғамбар етіп тағайындауды тапсырды (Пат. 1-ж. 19:15, 16). Осылай Ехоба оның ойын жақсы жаққа бұрды. Сондай-ақ қасына серік етіп Елішені қосып берді. Ал сіз өзіңізді жалғыз сезінгенде, Ехоба сізге де көмектесу үшін не істесеңіз болады?

6. Жалғызсырағанда не деп дұға айтсаңыз болады? (Зәбүр 62:8)

6 Ехоба сізді оған дұға етуге шақырады. Ол сіздің қандай қиындықтан өтіп жатқаныңызды біледі және кез келген уақытта дұғаларыңызға құлақ асуға әзір (Сал. 1-х. 5:17). Қызметшілерінің дұғаларын тыңдаған оған өте ұнайды (Нақ. с. 15:8). Ендеше, бойыңызды жалғыздық билегенде, оған Ілияс сияқты шер тарқатыңыз (Зәбүр 62:8 оқыңыз). Не нәрсені уайымдайтыныңызды, не сезінетініңізді оған ашық айтыңыз және сол сезімдермен күресуге көмектесуін сұраңыз. Мысалы, сен мектепте оқитын болсаң, бүкіл сыныптың алдында куәлік етуге қорқып, жалғыз қалғандай сезінгенде, Ехобадан батыл жүрек сұрасаң болады. Сеніміңді ілтипатпен түсіндіре алу үшін одан даналық та сұрай аласың (Лұқа 21:14, 15). Ал егер жағымсыз сезімдерден қиналып, күйзеліп жүрген бауырлас болсаңыз, Ехобаға “толысқан бауырласпен сөйлесуге көмектесші” деп дұға айтыңыз. Дұғада “ол бауырлас менің жанымды түсінсінші” деп те сұраңыз. Сонымен, Ехобаға ішіңіздегінің бәрін айтып, сосын оның жауабын көруге тырысыңыз. Басқалардың ұсынған көмегінен де бас тартпаңыз. Сонда бұрынғыдай қатты жалғызсырамайтын боласыз.

Қызмет аясын кеңейтіп, басқалармен қызметтесудің жолдарын іздейсіз бе? (7-абзацты қараңыз)

7. Маурисиодан не үйрендіңіз?

7 Ехоба бәрімізге де мағыналы іс тапсырған. Ол сіздің қауымда және қызметте атқарып жатқан ісіңіздің бәрін байқайды әрі бағалайды (Зәб. 110:3). Жалғызсырағанда сол істерді құлшына атқарғаныңыз көмек болады. Бұның қалай екенін Маурисио деген жас ер бауырластың мысалынан көреміз *. Ол шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін көп ұзамай бір жақын досы бірте-бірте суып, шындықтан кетіп қалады. Маурисио былай дейді: “Ол Ехобаны тастап кеткенде, өз-өзіме деген сенімділігім шайқалды. Мен бағышталғаныма сай өмір сүре аламын ба, Ехобаның отбасында қала аламын ба деп уайымдадым. Өзімді жалғыз сезіндім және ешкім мені түсінбейді деп ойладым”. Өзіне не көмектескені жайлы ол былай дейді: “Мен қызмет аясын кеңейттім, соның арқасында өзімді ғана ойлай бермейтін болдым. Жағымсыз сезімдерімді жүгендеуді үйрендім. Бауырластармен қызмет еткенде, қуанып қайтамын және бұрынғыдай жалғызсырамаймын”. Бәлкім, біз бауырластармен жүзбе-жүз көрісіп, қызметке бұрынғыдай шыға алмай жүрген шығармыз. Десе де олармен бірге телефонмен уағыздағанда не хат жазғанда кәдімгідей нығайып қаламыз. Маурисиоға тағы не көмектесті? “Қауымда оқушыларға арналған тапсырма алғанда, оған бар күшімді жұмылдырып, жақсылап орындауға тырысамын. Сонда өзімнің Ехобаға да, бауырластарға да керек екенімді, бағалы екенімді түсініп қаламын”,— дейді ол.

АУЫР СЫНАҚ ТҮҢІЛТКЕНДЕ

8. Ауыр сынақтарда қандай күй кешуіміз мүмкін?

8 Біз соңғы күндері өмір қиын болатынын білеміз (Тім. 2-х. 3:1). Алайда аяқ астынан ойламаған сынаққа кезіккенде есеңгіреп қаламыз. Мысалы, күтпеген жерден жоқшылыққа ұшырауымыз, жақынымыздан айырылуымыз мүмкін немесе бізге қатерлі бір дерттің диагнозы қойылатын шығар. Осындай кездері шарасыз күй кешіп, еңсеміз езіліп, түңілеміз. Кейбіріміз ауыр жағдайдың бірінен соң біріне ұшырап жатсақ, ал басқаларымыз бір дегенде қиындықтың сан атасын көруіміз мүмкін. Бірақ мынаны жадымыздан шығармайық: біз Ехобаның назарындамыз және онымен бірге кез келген сынақтан сеніммен өте аламыз.

9. Әйүптің басына қандай қасірет түскенін айтып беріңіз.

9 Ехоба адал қызметшісі Әйүпке қалай дем бергенін қарастырайықшы. Қысқа уақыттың ішінде оның бір басына бірнеше қасірет түсті. Бір күннің ішінде ол бірінен соң бірі ілескен суық хабар алып жатты: малының бірталайы ұрланса, қалғаны қырылып қалды, қызметшілерін өлтіріп кетті, ал ең сорақысы — балалары түгел қаза болды (Әйүп 1:13—19). Осылай жүрегі тілгіленіп, қайғы жұтып отырғанда, жанын да, тәнін де сыздататын ауруға шалдығып, тірі адам танымастай болып кетті (Әйүп 2:7). Қиналғаны сонша, Әйүп: “Өмірден жиренемін, бұдан әрі тірі жүргім келмейді”,— деді (Әйүп 7:16).

Ехоба Әйүпті сүйетініне және қамқорлайтынына сендіріп, өз жаратылыстарының қамын қалай жасайтынын айтып берді (10-абзацты қараңыз)

10. Ехоба Әйүпке қасіретіне төтеп беруге қалай көмектесті? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

10 Ехоба Әйүпке назарын салып, қамқорлады. Ол Әйүпті жақсы көргендіктен, сынаққа төтеп беріп, адал болып қалуына көмектесті. Оған тіл қатып, өзінің асқан даналығын және жаратылыстарын аялап, қамқорлайтынын есіне салды. Сондай-ақ ғажайып жануарлар әлеміне назар аударды (Әйүп 38:1, 2; 39:9, 13, 19, 27; 40:15; 41:1, 2). Елиху деген адал жас жігіт арқылы оған дем берді, жанын жұбатты. Елиху Әйүпті қиындыққа төзген қызметшілерін Ехоба міндетті түрде жарылқайтынына сендірді. Сонымен қатар Ехоба Елихуді қолданып, Әйүпті түзету керек жерінде жұмсақтықпен түзетті. Елиху пендеден әлдеқайда ұлы, күллі ғаламның Иесіне назар аударып, Әйүпті өзінің ой-сезімдерінің шеңберінен шығуға талпындырды (Әйүп 37:14). Сондай-ақ Ехоба оған тапсырма да берді. Ол Әйүпке күнәға батқан үш досы үшін дұға айтуды тапсырды (Әйүп 42:8—10). Біздің басымызға да азапты күндер түскенде, Ехоба қалай көмектеседі?

11. Сынақ кезінде Құдай Сөзі бізді қалай жұбатады?

11 Әрине, Ехоба бізбен Әйүппен сөйлескендей тікелей сөйлеспейді. Бірақ ол бізге Киелі кітап арқылы тіл қатады (Рим. 15:4). Ол болашаққа үміт беріп, бізді жұбатады. Оның Сөзінен сынақ кезінде жанымызға жалау болатын кейбір ойларды қарастырайықшы. Мысалы, Ехоба қандай ауыр сынақ болмасын, бізді оның сүйіспеншілігінен еш нәрсе айыра алмайтынына сендіреді (Рим. 8:38, 39). Сондай-ақ ол “өзін шақыратындардың бәрінің қасында” боламын деп уәде етеді (Зәб. 145:18). Ехоба бәрімізді оған арқа сүйеуге шақырады. Сонда кез келген сынақтан өте алатынымызды, тіпті қуанышты болып қала алатынымызды айтады (Қор. 1-х. 10:13; Жақ. 1:2, 12). Бұған қоса, Киелі кітап бізді күтіп тұрған мәңгілік баталармен салыстырғанда, қазіргі қиыншылықтар уақытша әрі қысқа екенін еске салады (Қор. 2-х. 4:16—18). Сондай-ақ Ехоба азаптарымыздың өзін ғана емес, көзін де құртатынына сендіреді: ол Шайтан Ібіліс пен оған ерген зұлымдардың бәрін жояды (Зәб. 37:10). Ендеше, сіз алдағы сынақта өзіңізге демеу болатын Киелі кітап тармақтарын жаттадыңыз ба?

12. Киелі кітаптың толық пайдасын көруіміз үшін, Ехоба не істегенімізді қалайды?

12 Ехоба бізден уақыт бөліп, Киелі кітапты оқиды, үстінен терең ой жүгіртеді деп күтеді. Ал сол білгенімізге сай әрекет еткенде, сеніміміз нығайып, көктегі Әкемізге жақындай түсеміз. Осының арқасында бойымызда сынаққа төтеп беретін күш пайда болады. Киелі кітапқа жүгінетін қызметшілеріне Ехоба киелі рухын да берді. Киелі рух бізге “адам күшінен асқан күш” дарытып, нәтижесінде кез келген сынақты еңсере аламыз (Қор. 2-х. 4:7—10).

13. “Адал да ақылды құл” беретін рухани ас-су сынаққа төтеп беруге қалай көмектеседі?

13 Ехобаның арқасында “адал да ақылды құл” сенімімізді қайрап, рухани сергек жүруге көмектесетін мақалаларды, видеолар мен әуендерді көл-көсір қылып шығарып жатыр (Мат. 24:45). Уақтылы келіп жатқан осы рухани ас-суды барынша кәдемізге жаратайық. Жақында АҚШ-тағы бір әйел бауырласымыз рухани ас-суға деген жылы лебізін білдірді. Ол былай дейді: “Мен Ехобаға 40 жылдан бері қызмет етіп келемін. Осы уақыт аралығында мінсіздігім сан мәрте сынға алынды”. Оның атасы бір мас жүргізушінің кесірінен қаза болды. Ата-анасы бірдей қатерлі ауруға шалдығып, көз жұмды және өзіне де қатерлі ісікпен екі рет күресуге тура келді. Ол осындай ызғарлы кезеңнен қалай өтті? “Ехоба мені қанатының астына алып, қамқорлап жүрді. Адал да ақылды құл дайындаған рухани ас-су маған көп күш береді. Соның арқасында өзімді Әйүп сияқты сезінемін. Мен де өле-өлгенше мінсіздігімнен таймаспын!”— дейді ол (Әйүп 27:5).

Қауымдағылар үшін бата бола аласыз ба? (14-абзацты қараңыз)

14. Қиындыққа кезіккенімізде, Ехоба бауырластарды қалай қолданады? (Салоникалықтарға 1-хат 4:9)

14 Ехоба өзінің халқын бір-бірін сүюге, қиын шақта жұбаныш болуға үйретіп келеді (Қор. 2-х. 1:3, 4; Салоникалықтарға 1-хат 4:9 оқыңыз). Елиху сияқты, біздің бауырластар да қиындыққа кезіккенімізде адал болып қалуға көмектеседі (Ел. іс. 14:22). Мысалы, Диана бауырластың күйеуі ауыр дертке шалдыққанда, қауымы оған жігер беріп, рухани мықты болып қалуға көмектесті. Диана былай дейді: “Бізге өте қиын болды. Бірақ Ехоба бізге күш берді, аялы алақанын тосты, қауымдағы бауырластар көмектерін аямады. Олардың үйге келіп, бізді құшақтап, телефон соғып тұрғандарының арқасында қиындықта еш мойымадық. Көлік айдамайтынымды білгендіктен, бауырластар мені кездесулерге апаратын және қызметке шыға алатын кездерімде өздерімен алып кететін”. Сүйіспеншілігі тасып тұрған осындай рухани отбасымыздың болғаны неткен бақыт!

ЕХОБАНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫНА ШЕКСІЗ РИЗАМЫЗ!

15. Қиындықтарға төтеп бере алатынымызға неге сенімдіміз?

15 Қай-қайсысымыз да әйтеуір бір сынаққа кезігетініміз рас. Алайда біз жалғыз емеспіз, қасымызда асқар таудай Әкеміз бар. Ол бізге назарын салып, қамқорлайды. Жалбарынған үнімізді естіп, күш береді (Ишая 43:2). Ол бізге қиындыққа төтеп беруімізге қажеттінің бәрін молынан сыйлады. Бізде дұға ету мәртебесі, Киелі кітап, рухани ас-су және сүйіспеншілігі мол бауырластарымыз бар. Осының арқасында сынақта сынбайтынымызға сенімдіміз.

16. Ехобаның қанатының астында жүре беру үшін не істеуіміз керек?

16 Көктен бізге назарын салатын Әкеміз бар екеніне өте ризамыз! “Оны ойлап жүрегіміз қуанышқа толады” (Зәб. 33:21). Ехобаның аялы қамқорлығын бағалап, ұсынып отырған көмегінің бәрін қабылдайық. Оның қанатының астында жүре беру үшін өз тарапымыздан да күш салайық. Былайша айтқанда, Ехобаға мойынсұнып, әділ әрекет ету үшін барымызды сала берейік, сонда мәңгі оның назарында боламыз! (Пет. 1-х. 3:12)

30-ӘН Ехоба, Құдайымсың, адал Досым

^ Басымызға түсіп жатқан қиындықтарға төтеп беру үшін бізге Ехобаның көмегі қажет. Бұл мақала Ехоба өз халқына назар салатынына көзімізді жеткізеді. Ол әрқайсысымыздың қиындығымызды көреді және соған төтеп беруге қажеттінің бәрін береді.

^ Кейбір есімдер өзгертілген.