33-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Жастар, Даниялдан үйреніңдер
“Сен аса бағалы жансың” (ДАН. 9:23).
73-ӘН Батылдық дарыта көр
АҢДАТПА a
1. Неліктен Даниял бабылдықтардың көзіне бірден ілікті?
БАБЫЛ әскері Даниялды бозбала шағында тұтқындап, үйінен алып кеткен. “Еш кемтарлығы жоқ, келбетті”, өзі ақсүйектердің тұқымынан шыққан бұл жас жігіт бабылдықтардың көзіне бірден ілікті (Сам. 1-ж. 16:7). Сөйтіп, олар Даниялды үйретіп, одан қоғамның беткеұстар азаматын жасамақ болды (Дан. 1:3, 4, 6).
2. Ехоба Даниялға қалай қараған? (Езекиел 14:14)
2 Ехоба Даниялды сырт келбеті үшін де, қоғамдағы дәрежесі үшін де емес, әділ адам болуды таңдағаны үшін жақсы көрген. Ехоба оны жасы небәрі жиырмаларында-ақ Нұхпен және Әйүппен, яғни талай жылдар адал қызмет етіп, жақсатқа ие болған жандармен тең көрген (Мұс. 1-ж. 5:32; 6:9, 10; Әйүп 42:16, 17; Езекиел 14:14 оқы). Ехоба Даниялды өмірінің соңына дейін жақсы көріп өтті (Дан. 10:11, 19).
3. Бұл мақалада не қарастырамыз?
3 Бұл мақалада Даниялды Ехобаның алдында аса бағалы еткен екі қасиетке тоқталамыз. Алдымен, осы екі қасиетті жеке-жеке талдаймыз, сосын Даниял оларды қандай жағдайларда танытқанын білеміз. Кейін ол бұл қасиеттерді бойында қалай жетілдіргенін және оған қалай еліктей алатынымызды қарастырамыз. Бұл мақала жастарға арналғанмен, Даниялдың үлгісінен бәріміз де үйрене аламыз.
ДАНИЯЛ СИЯҚТЫ БАТЫЛ БОЛ
4. Даниял қандай жағдайда батылдық танытты? Мысал келтір.
4 Батылдық — қорықпауды емес, қорықсаң да, дұрыс әрекет етуді білдіреді. Даниял осындай батыл, қаймықпас жігіт болған. Иерусалимнің күйрегенінен шамамен екі жылдан кейін болған бір жағдайды алайық. Бабыл патшасы Навуходоносор түсінде ғаламаттай үлкен бір мүсінді көреді. Сөйтіп, данышпандарының барлығына, соның ішінде Даниял да бар, түсінде не көргенін және ол нені білдіретінін айтып беруді бұйырады. Әйтпесе бәрін өлтіретінін айтады (Дан. 2:3—5). Даниял шұғыл әрекет етпесе, көп адам қырылайын деп тұрды. Содан ол “патшаға барып, одан түсінің мәнін айту үшін уақыт беруді сұрайды” (Дан. 2:16). Бұған дейін Даниял ешқашан түс жорып көрмесе керек. Десе де ол сенім мен батылдық танытты. Содан Даниял бабылдықтар Шадырақ, Мисақ, Әбдінего деп атап кеткен достарына барып: “Көктегі Құдайдан рақым етіп, осы құпияны ашып беруін сұраңдар”,— деп тапсырады (Дан. 2:18). Ехоба олардың дұғаларына жауап беріп, Даниял Навуходоносордың түсін жорып береді. Осылай өзінің де, достарының да жаны аман қалады.
5. Тағы қандай жағдайда Даниял батылдық танытты?
5 Даниялға батылдық қажет болған тағы бір жағдайды алайық. Навуходоносор патша тағы да бір қорқынышты түс көреді. Бұл жолы түсі алып бір ағаш туралы болады. Даниял патшаның есінен адасатынын және біраз жылға астындағы тағынан да айырылып қалатынын жорып береді (Дан. 4:25). Мұндай хабар үшін Навуходоносор “сен патшаға қарсы бас көтердің” деп, оны ойланбастан мерт қылуы мүмкін еді. Бірақ Даниял батылдық танытып, түстің мәнін бүкпей айтып берді.
6. Даниялға батылдық қайдан біткен?
6 Даниялға өмір бойы батыл болуға не көмектесті? Бала кезінде оған ата-анасы жақсы үлгі болғаны сөзсіз. Олар Ехобаның ата-аналарға берген нұсқауына мойынсұнып, Құдай Заңын Даниялдың құлағына құйғаны даусыз (Мұс. 5-ж. 6:6—9). Ол негізгі Он заңды ғана емес, Мұса Заңын қыр-сырына дейін, мысалы нені жеуге болатын-болмайтынына дейін білген b (Мұс. 3-ж. 11:4—8; Дан. 1:8, 11—13). Сондай-ақ Құдай халқының тарихын, әсіресе олар тілазар болғанда неге ұшырағандарын жақсы білген (Дан. 9:10, 11). Өзінің өмірінен де ол Ехобаның және оның құдіретті періштелерінің қолдап-демейтініне анық көзі жеткен (Дан. 2:19—24; 10:12, 18, 19).
7. Даниялға батыл болуға тағы не көмектесті? (Суретті де қара.)
7 Даниял Ехобаның Еремия сияқты пайғамбарларының жазбаларын зерттеген. Соның арқасында ол Бабылда ұзақтан бері тұтқында жүрген яһудилердің жақында азат болатынын түсінді (Дан. 9:2). Пайғамбарлықтар көз алдында қалай орындалғанын көргенде, Даниялдың Ехобаға деген сенімі күшейіп кетті. Ал Ехобаға сенім артқан сайын ол батылдана түсті (Римдіктерге 8:31, 32, 37—39 салыстыр). Оның батылдығына себепші болған өте бір маңызды нәрсе — Даниял Ехобаға жиі-жиі дұға айтатын (Дан. 6:10). Дұғада ол өз күнәларын мойындап, сезімдерін ашық айтатын, Ехобадан жалбарынып көмек сұрайтын (Дан. 9:4, 5, 19). Иә, Даниял тумысынан батыл болған жоқ, ол да дәл біз сияқты пенде болған. Бірақ зерттеу жүргізудің, дұға етудің және Ехобаға сенім артудың арқасында ол бойында батылдық дамытты.
8. Батыл болуды қалай үйренсек болады?
8 Ал біз батылдықты қалай дамыта аламыз? Ата-анамыз бізді батыл болуға талпындыра алады, бірақ өзіндегі батылдықты бізге бере алмайды. Сондықтан кез келген жаңа нәрсені істеп үйренетініміздей, батыл болуды да үйрену керек. Мысалы, бір істі меңгеру үшін біз ұстаздың қалай істейтінін мұқият бақылап, кейін соны қайталап көреміз. Тура солай, өзгелер қалай батылдық танытатынына қарап, кейін өмірімізде соны қайталасақ болады. Ендеше, Даниялдан не үйрендік? Ол сияқты батыл болу үшін біз де Құдай Сөзін жақсы білуіміз керек. Сондай-ақ Ехобаға жиі-жиі дұға айтып, сезімдерімізді емін-еркін бөлісіп, оған жақындай түсуіміз қажет. Бұған қоса, Ехобаның тірек болатынына күмәнданбай, оған сенім артқанымыз жөн. Сонда басымызға қандай сынақ түссе де, батыл бола аламыз.
9. Батыл болсақ, қандай жемісін көреміз?
9 Батыл болсақ, мұның көп жемісін көреміз. Германияда тұратын Бен бауырласпен солай болған. Оның мектебінде бәрі эволюцияға сенеді және тіршілікті Құдай жаратты дегенді жай ғана аңыз-әңгіме деп ойлайды екен. Бірақ бір жолы орайы туып, Бен бүкіл сыныптың алдында тіршілікті Құдай жаратқанына не үшін сенетінін батыл айтып береді. Ол былай дейді: “Мұғалім мені мұқият тыңдады да, материалдарымды басып шығарып, барлық оқушыларға бір-бірден таратып берді”. Ал сыныптастары бұны қалай қабылдады? “Көбі мені жақсы тыңдап, саған риза болдық деп айтты”,— дейді Бен. Бұл жағдайдан не түсінеміз? Батыл болсақ, адамдар бізді құрметтейтін болады. Сондай-ақ ақжүрек адамдардың Ехобаға жақындауына түрткі болуымыз мүмкін. Шынында да, неге батылдыққа үйреніп, осындай жемісін көрмеске?!
ДАНИЯЛ СИЯҚТЫ АДАЛ БОЛ
10. Адалдық деген не?
10 Киелі кітаптағы “адалдық” я “айнымас сүйіспеншілік” деп аударылған еврей сөзі жиі Ехобаның өз қызметшілерін жақсы көретінін сипаттау үшін қолданылған. Ол біреуді жанына жақын тартып, қатты бауыр басуды білдіреді. Бұл сөз оның қызметшілерінің арасындағы сүйіспеншілікті де сипаттауға қолданыла береді (Сам. 2-ж. 9:6, 7). Қазір Даниялдың үлгісіне қарап, Ехобаға деген адалдығымызды уақыт өткен сайын қалай күшейте алатынымызды көрейік.
11. Қартайған шағында Даниялдың адалдығы қалай сыналды? (Мұқабадағы суретті қара.)
11 Даниялдың адалдығы қартайған шағына дейін көп рет сыналды. Солардың ең ауыры тоқсан жас шамасында болды. Бұл — мидиялықтар мен парсылар Бабылды жаулап алып, Дарийдің патша болып отырған кезі. Патша сарайындағы қызметкерлер Даниялды жек көретін, оның Құдайын да менсінбейтін. Сөйтіп, олар Даниялдың көзін құрту үшін бір жоспар ойластырады. Олар оның кімге адал болатынын — Құдайына ма, әлде патшаға ма — сынау үшін бір жарлық шығарып, патшаға қол қойдырып алады. Даниял елден ерекшеленбей-ақ, бар болғаны 30 күнге Ехобаға сиынуын доғара тұрғанда, патшаға деген адалдығын көрсетер еді. Бірақ ол бір сәтке де Ехобаны сатпады, сол үшін арыстандардың орына тасталды. Бірақ Ехоба оны жыртқышқа жем болудан сақтап, адалдығы үшін жарылқады (Дан. 6:12—15, 20—22). Біз де Даниял сияқты адалдығымызда берік тұру үшін не істесек болады?
12. Даниял берік адалдыққа қалай ие болды?
12 Ехобаға адал болу үшін оны қатты сүюіміз керек. Даниял көктегі Әкесін қатты жақсы көргендіктен де адалдығынан еш таймаған. Ал оны осылай жақсы көру үшін Даниял Ехобаның қасиеттері жайлы, оны қалай танытатыны жайлы ойланып-толғанған (Дан. 9:4). Сондай-ақ Ехобаның оған және халқына жасаған жақсылықтарына риза болып, сол жайлы ой жүгірткен (Дан. 2:20—23; 9:15, 16).
13. а) Жастардың адалдығы қалай сыналуы мүмкін? Мысал келтір. (Суретті де қара.) ә) Сенен “Ехоба куәгерлері бір жынысты жұптарға қалай қарайды?” деп сұраса, не деп жауап бересің? (jw.org сайтынан “Шынайы туралықтың нәтижесі — тыныштық” деген видеоны қара.)
13 Даниялдың кезіндегідей, бүгінгі жас мәсіхшілердің айналасындағы адамдар да Ехобаға және оның нормаларына немкетті қарайды. Олар Құдайға қызмет ететіндерді де жақтырмайды, тіпті адалдықтарынан тайдыру үшін тиісіп, қыспаққа алады. Австралияда тұратын Грэм жоғарғы сыныпта оқып жүргенде адалдығы қалай сыналғанын көрейікші. Апайлары: “Бір досың сендерге сырын ашып, гомосексуал екенін айтса, не істейсіңдер?”— деп сұрайды. Сөйтіп: “Гомосексуалдарды қолдайтындар бір жаққа, қолдамайтындар бір жаққа шықсын”,— дейді. “Бүкіл сынып қолдайтындардың жағына шықты да, Куәгер сыныптасым екеуіміз-ақ бір жақта қалдық”,— дейді Грэм. Сол кезде Грэмнің адалдығы қатты сыналды. Өйткені содан кейін бір сағат бойы сыныптастары, тіпті апайы да оларға ұрсып, мазақтады. “Барынша сабыр сақтап, сенімімді түсіндіруге тырыссам да, олар бірде-бір сөзімді құлағына ілмеді”,— дейді Грэм. Мұндай сынақтан кейін ол өзін қалай сезінді? “Бәрі сені ортаға алып, жабылғаны, әрине, онша емес. Бірақ сенімімді қорғап, сынақтан сынбай өткеніме қатты қуандым”,— дейді ол.
14. Адалдығымызды берік етудің тағы бір жолы қандай?
14 Адалдығымыз Даниялдікіндей берік болу үшін, біз де Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді күшейте беруіміз керек. Ал сүйіспеншілігімізді күшейту үшін Ехобаның қасиеттері туралы білім қоржынымызды толтыра беруіміз қажет. Мысалы, оның жаратқан нәрселерін зерттесек болады (Рим. 1:20). “Жаратылыс ғажайыптары” деген атаумен шығатын бейнероликтер мен мақалалар Құдайымызға деген құрметіміз бен сүйіспеншілігімізді өсіреді. “Тіршілік өздігінен пайда болды ма?”, “Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ” деген кітапшаларымыз тағы бар. Даниядағы Естер есімді қыз былай дейді: “Бұл кітапшалардың ой желісі өте керемет. Олар саған не нәрсеге сену керектігін айтпайды, жай ғана айғақтар келтіреді. Ал тұжырымды өзің жасайсың”. Жоғарыда айтылып кеткен Бен болса: “Олар сенімді кәдімгідей нығайтып тастады, бәрін Құдай жаратқанына толық көзім жетті”,— дейді. Осы мәліметтерді зерттеген соң, мына сөздер сенің де жүрегіңнен шығатыны сөзсіз: “Құдайымыз Ехоба, сен даңққа, құрмет пен күш-құдіретке ие болуға лайықсың! Өйткені бәрін жаратқан — өзіңсің” (Аян 4:11) c.
15. Ехобаға жақындай түсудің тағы бір жолы қандай?
15 Ехобаға ыстық сүйіспеншілік дамытудың тағы бір жолы — Исаның өмірін жақсылап зерттеу. Германияда тұратын Самира деген қыз бауырлас солай еткен. Ол бала кезінде Ехобаны сезімдері бар тұлға деп елестете алмаған екен. Бірақ Исаның қандай болғанын ол жақсы түсінген. Соның арқасында ол Ехобаны танып, оған жақындай түскен. “Исаның мейірбан, балажан болғаны маған қатты ұнады. Сөйтсем, ол Әкесі қандай болса, тура сондай болған екен. Екеуі бір-біріне қатты ұқсайтынын мен бірте-бірте түсіне бастадым. Ехоба Исаны жерге жібергенінің бір себебі — Иса арқылы оны жақыннан танығанымызды қалаған екен ғой!”— дейді Самира (Жох. 14:9). Сен де уақытыңды аямай, Исаның қандай болғанын жан-жақты зерттесең, Ехобаға жақындай түсесің. Сонда оны одан сайын жақсы көріп, оған адал болуға бекінесің.
16. Адал болудың пайдасы қандай? (Зәбүр 18:25; Миха 6:8)
16 Адалдықтың бір пайдасы — достарың да саған адал болады әрі достықтарың ұзаққа жалғасады (Рут 1:14—17). Ал Ехобаға адал болсақ, жан дүниемізде әрқашан да тыныштық пен сенімділік болады. Өйткені Ехоба өзіне адал адамдарға адал боламын деп уәде еткен (Зәбүр 18:25; Миха 6:8 оқы). Ойлап көрші, бүкіл әлемді жаратқан құдіретті Құдай айнымас досың болып, сені әрқашан жақсы көремін дейді! Ешбір қиындық та, қарсыластар да, тіпті өлім де онымен достығымызды үзе алмайды (Дан. 12:13; Лұқа 20:37, 38; Рим. 8:38, 39). Сондықтан Даниялға еліктеп, Ехобаға адалдық сақтағанымыз неткен маңызды!
ДАНИЯЛДАН ҮЙРЕНЕ БЕР
17, 18. Келесі мақалада не талқылаймыз?
17 Бұл мақалада біз Даниялдың екі қасиетін ғана қарастырдық. Бірақ одан үйренеріміз бұдан да көп. Мысалы, Ехоба Даниялға пайғамбарлық мәні бар аяндар мен түстер көрсеткен және оның мағынасын түсіндіруге қабілет берген. Олардың көбісі орындалып қойды. Ал кейбірінде жуырда орындалатын әрі бүкіл адамзатқа қатысты пайғамбарлықтар бар.
18 Сондықтан келесі мақалада біз Даниял айтқан екі пайғамбарлыққа көңіл бөлеміз. Олардың мәнін түсінгенде, жасымыз да, үлкеніміз де қазірден бастап даналықпен шешімдер қабылдауға бекінеміз. Сонымен қатар олар батылдығымыз бен адалдығымызды қайрап, алдағы сынақтарға дайындайды.
119-ӘН Сеніміміз берік болғай
a Бүгінде Ехобаның жас қызметшілеріне батыл болу және адалдық сақтау оңай емес. Мысалы, тіршілікті Құдай жаратқанына сенетіндері үшін оларды сыныптастары мазақтауы мүмкін. Басқа жастар олардың Құдайға қызмет етіп, оның талаптарымен өмір сүретіндерін біртүрлі көретін шығар. Бірақ осы мақалада Даниял пайғамбар сияқты батыл болатын және Ехобаға адалдық сақтайтын жастар нағыз дана екенін көреміз.
b Даниял бабылдықтардың берген тамағын арам деп жемей қойғанына мына үш жайт себеп болуы мүмкін: 1) ол Мұса Заңы бойынша жеуге тыйым салынған жануардың еті болған (Мұс. 5-ж. 14:7, 8); 2) ол жануардың қаны дұрыстап ағызылмаған (Мұс. 3-ж. 17:10—12); 3) ол тамақты жеу жалған құдайға табынумен байланысты болған (Мұсаның 3-жазбасы 7:15 мен Қорынттықтарға 1-хат 10:18, 21, 22 салыстыр).
c Құдайға сүйіспеншілігіңді күшейтуге “Ехобаға жақында” кітабы да көмектеседі. Одан Ехоба мен оның қасиеттерін тереңінен танисың.