Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

36-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Керекті жүкті ғана арқалап, артығынан арылыңыз

Керекті жүкті ғана арқалап, артығынан арылыңыз

“Біз де ауыртпалық болатын кез келген нәрседен... арылып, алдымыздағы қашықтықты табандылықпен жүгіріп өтейік” (ЕВР. 12:1).

33-ӘН Уайымыңды Ехобаға арт

АҢДАТПА a

1. Еврейлерге 12:1-ге сай, мәңгілік өмір үшін жарыста мәреге жету үшін не істеуіміз керек?

 КИЕЛІ КІТАП мәсіхшінің өмір жолын жарысқа теңейді. Мәре сызығын аттап өткендерге жүлдеге мәңгі өмір беріледі (Тім. 2-х. 4:7, 8). Қазір бұл сызық қолсозым жерде тұрғандықтан, бізге алдымызға жан салмай жүгіру керек. Бұл жарыста жеңіске жеткен елші Пауыл жеңудің сырын айтып кеткен. “Кез келген нәрседен... арылып, алдымыздағы қашықтықты табандылықпен жүгіріп өтейік”,— деді ол (Еврейлерге 12:1 оқыңыз).

2. “Кез келген нәрседен арылу” деген нені білдіреді?

2 Елші Пауыл “кез келген нәрседен арылыңдар” дегенде, ештеңесіз, бос жүгіруді айтқан ба? Жоқ. Ол ауыртпалық болатын нәрседен, яғни аяғымыздан шалатын я шаршататын нәрселерден арылуды айтқан. Алдымыздағы қашықтықты табандылықпен жүгіріп өткіміз келсе, біз мұндай ауыртпалықты тез анықтап, бірден құтылғанымыз жөн. Сондай-ақ бұл жарыста тастауға болмайтын, көтеруіміз керек жүк те бар. Әйтпесе, ережесін бұзып, жарыстан шеттетілеміз (Тім. 2-х. 2:5). Сонда олар қандай жүктер?

3. а) Ғалаттықтарға 6:5-ке сай, біз қандай жүкті көтеріп жүруіміз керек? ә) Бұл мақалада не қарастырамыз және ол не үшін маңызды?

3 Ғалаттықтарға 6:5 оқыңыз. “Әркім өз жүгін өзі көтереді” дегенде, Пауыл алып жүруіміз керек жүгіміз жайлы айтқан. Бұл жүк әрбір мәсіхшінің Құдай алдындағы жауапкершілігін білдіреді, әрі оны біз үшін басқа ешкім көтермейді. Бұл жүкке не жатады және оны қалай алып жүреміз? Ал ауыртпалық болатын жүкке не жатады және олардан қалай арыламыз? Бұл сұрақтардың жауабын білгеніміз өте маңызды. Өйткені жүктердің керегін алып, керек емесін тастасақ, өмір жарысында мәреге жетеміз.

КӨТЕРУ КЕРЕК ЖҮКТЕР

Өз жүгімізді өзіміз алып жүру деген Ехобаға бағышталғанда берген антымызда тұруды, отбасылық міндеттерімізді атқаруды және қолымызбен істегенді мойнымызбен көтеруді білдіреді (4—9 абзацтарды қараңыз)

4. Бағышталу антымен өмір сүру неге ауыртпалық емес? (Суретті де қараңыз.)

4 Бағышталу антымыз. Біз өмірімізді Ехобаға бағыштағанда, оған ғибадат етіп, еркін орындаймыз деп ант еттік. Енді, осы антымызға сай өмір сүруіміз керек. Бұл — үлкен жауапкершілік, десе де ауыртпалық емес. Өйткені адам болып жаратылғандағы мақсатымыз — Ехобаның еркін орындау (Аян 4:11). Біз оған ұқсас етіп жаратылғанбыз және бізде оны танып-білу қалауы бар. Сондықтан біз оған жақындай аламыз әрі бізге оның еркін орындаған ұнайды (Зәб. 40:8). Бұған қоса, Құдайдың еркін орындау және оның Ұлының ізімен жүру “жанымызды сергітеді” (Мат. 11:28—30).

(4—5 абзацтарды қараңыз)

5. Бағышталу антымызда тұруға не көмектеседі? (Жоханның 1-хаты 5:3)

5 Осы жүкті көтеріп жүруге не көмектеседі? Біріншіден, Ехобаны одан сайын жақсы көруге ұмтылыңыз. Ол үшін оның сізге жасаған бар жақсылығы жайлы және алда төгетін баталары жайлы ой жүгіртіңіз. Сонда Ехобаны одан сайын жақсы көріп, оған қуанышпен мойынсұнатын боласыз (Жоханның 1-хаты 5:3 оқыңыз). Екіншіден, Исадан үлгі алыңыз. Ол ненің арқасында Құдайдың еркін орындап шыққан еді? Ол Ехобадан көмек сұрады және бар ойы алар жүлдесінде болды (Евр. 5:7; 12:2). Біз де Ехобадан күш сұрап, дұға етейік және оның бізге сақтап отырған сыйы — мәңгі өмірді ойымызда ұстайық. Осылай Ехобаға сүйіспеншілігімізді өсірсек және оның Ұлына еліктесек, бағышталғанда берген антымызда тұра аламыз.

6. Отбасылық міндеттерімізді не үшін атқаруымыз керек? (Суретті де қараңыз.)

6 Отбасылық міндеттеріміз. Мәңгілік өмір үшін жарыста Ехоба мен Исаны туыстарымыздан да артық жақсы көруіміз керек (Мат. 10:37). Бірақ бұл отбасылық міндеттерімізге немқұрайды қарауға болады дегенді білдірмейді. Керісінше, Ехоба мен Исаға ұнамды болу үшін отбасындағы рөлімізді дұрыс атқаруымыз керек (Тім. 1-х. 5:4, 8). Сонда өзіміз де бақытты боламыз. Өйткені Ехоба ойластырған құрылым бойынша, күйеуі мен әйелі бір-бірін сүйіп, құрметтесе, ата-аналар балаларын сүйіп, тәлім-тәрбие берсе, ал балалары ата-анасының тілін алса, шаңырақтары шаттыққа толады (Ефес. 5:33; 6:1, 4).

(6—7 абзацтарды қараңыз)

7. Отбасылық міндеттерімізді атқаруға не көмектеседі?

7 Осы жүкті көтеріп жүруге не көмектеседі? Күйеулер, әйелдер мен балалар, өздеріңіз дұрыс деп ойлағаныңызға, көріп-естігеніңізге және сарапшысымақтарға емес, Киелі кітап даналығына жүгініңіздер (Нақ. с. 24:3, 4). Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерімізді барынша пайдаланыңыздар. Онда Киелі кітап принциптерін қалай қолдануға болатыны жақсы түсіндіріледі. Мысалы, сайтымыздағы мақалаларда жұбайлар, ата-аналар мен жасөспірімдер кездесетін қиындықтардың көбісі қарастырылады b. Отбасыңыздағы адамдар ұстанбай жатса да, Киелі кітаптың айтқанын мықтап ұстана беріңіз. Сонда бұның игілігін бүкіл отбасыңыз көріп, өзіңіз де Ехобаның шапағатына бөленесіз (Пет. 1-х. 3:1, 2).

8. Жасаған таңдауларымыз бен қабылдаған шешімдеріміз өмірімізге қалай әсер етеді?

8 Қолымызбен істегенді мойнымызбен көтеру. Ехоба бізге ерік бостандығын берген. Ол біздің жақсы таңдау жасап, дұрыс шешімдер қабылдап, соның жемісіне қуанғанымызды қалайды. Ал дұрыс емес шешім қабылдасақ, соның салдарынан қорғамайды (Ғал. 6:7, 8). Демек, аңдамай сөйлеп, артын ойламай бірдеңе істеп қойсақ, соның салдарымен өмір сүруге тура келеді. Ар-ұжданымыз да қинауы мүмкін. Бірақ істеген ісіміз үшін жауапты екенімізді түсінсек, қателігімізді мойындаймыз, түзелуге және оны қайталамауға тырысамыз. Соның арқасында жарыстан шығып кетпейміз.

(8—9 абзацтарды қараңыз)

9. Қателік жасап қойсақ, не істеуге болады? (Суретті де қараңыз.)

9 Осы жүкті көтеріп жүруге не көмектеседі? Шалыс қадам басқан болсаңыз, не істесеңіз болады? Болар іс болды, енді өткенді өзгерте алмайсыз. Өзіңізді ақтап не керісінше кінәлап, я басқа біреуді айыптап, күш кетірмей-ақ қойыңыз. Қайта, қателігіңізді мойындап, қазір қолыңыздан не келеді, соны жасай беріңіз. Істеген жаман ісіңіз үшін ар-ұжданыңыз қинап жатса, Ехобаға кішіпейілділікпен дұға етіңіз. Қателігіңізді мойындап, одан кешірім сұраңыз (Зәб. 25:11; 51:3, 4). Біреуді жаралаған болсаңыз, одан да барып кешірім сұраңыз. Қажет болса, ақсақалдардың көмегіне жүгініңіз (Жақ. 5:14, 15). Қателігіңізден сабақ алып, қайталамауға тырысыңыз. Сонда Ехоба сізге міндетті түрде рақым танытып, қажетті көмегін береді (Зәб. 103:8—13).

АРЫЛУ КЕРЕК АУЫРТПАЛЫҚТАР

10. Шамамыз жетпейтінге ұмтылу неге ауыртпалық болып табылады? (Ғалаттықтарға 6:4)

10 Шамамыз жетпейтінге ұмтылу. Өзімізді жұртпен салыстырсақ, өзімізден тым көп талап етіп, ауыр жүк арқалап аламыз (Ғалаттықтарға 6:4 оқыңыз). Өзіңді салыстыра берудің бір қаупі — біреудің жетістігін көре алмай, бақталасып кетуіміз мүмкін (Ғал. 5:26). Сөйтіп, “біреудің істегенін мен де істеймін” деп тыраштансақ, әлін білмеген әлек болып, жанымызды қинап жібереміз. Егер “ұзақ күттірген үміттің” өзі жүректі ауыртса, ешқашан қол жетпейтін нәрсені күту одан да ауыр тиеді емес пе!? (Нақ. с. 13:12). Өзімізге ауыр жүкті артып алғандықтан, әбден қажып, тіпті сол жүктің астында қалып кетуіміз мүмкін (Нақ. с. 24:10).

11. Шамамыз жетпейтінге ұмтылмас үшін не істесек болады?

11 Бұл ауыртпалықтан қалай арыламыз? Ехоба ешқашан сізде жоқ нәрсені талап етпейді. Сондықтан ол күтпеген нәрсені өзіңізден күтпеңіз (Қор. 2-х. 8:12). Ехоба сіздің еңбегіңізді басқалардікімен салыстырмайды (Мат. 25:20—23). Оған сіздің жан-тәніңізбен атқарып жатқан қызметіңіз, сіздің адалдығыңыз және сіздің табандылығыңыз аса қымбат. Денсаулығыңызды, жасыңызды, жағдайыңызды ескеріп, бұрынғыдай көп бере алмайтыныңызды мойындаңыз. Көрпеңізге қарай көсіліп, қарапайым болыңыз. Бәлкім, Барзилай сияқты сізге кейбір тапсырмалардан бас тарту керек шығар (Сам. 2-ж. 19:35, 36). Я болмаса Мұса сияқты өзгелердің көмегін қабылдап, міндеттеріңізді басқалармен бөлісу керек болар (Мұс. 2-ж. 18:21, 22). Осылай қарапайым болсаңыз, шамаңыз келмейтін нәрсеге ұмтылмайсыз және өмір жарысын жүгіріп өтуге күш сақтайсыз.

12. Біз өзгенің қате шешіміне жауаптымыз ба? Түсіндіріңіз.

12 Өзгенің қате шешімі үшін өзімізді кінәлау. Біз өзгелер үшін шешім қабылдай алмаймыз. Бұрыс таңдауларының салдарынан да қорғай алмаймыз. Мысалы, біреудің ұлы я қызы Ехобаға қызмет етуді доғаруы мүмкін. Мұндайда ата-анасының жүрегі сыздайды, әрине. Бірақ олар баласының осы шешіміне өздерін кінәласа, бұл оларға зілдей ауыртпалық болады. Ал Ехоба ата-аналардың осындай жүкпен жүргенін қаламайды (Рим. 14:12).

13. Баласы бұрыс таңдау жасаса, ата-анасы не істесе болады?

13 Бұл ауыртпалықтан қалай арыламыз? Ехоба барлығымызға таңдау еркіндігін берген. Әрбір адам өзі үшін өзі шешім қабылдайды. Тіпті Ехобаға қызмет ету-етпеуді де өзі шешеді. Ехоба сізден мінсіз ата-ана болуды талап етпейді. Қайта, қолыңыздан келгенше тәрбиелейді деп күтеді. Балаңыз өзі жасаған таңдауына өзі жауапты, сіз емес (Нақ. с. 20:11). Сонда да сіз бала тәрбиесінде жіберген қателіктеріңізді ойлап, уайымдайтын шығарсыз. Онда Ехобаға дұға етіп, кешірім сұраңыз. Іштегі сезімдеріңізді оған ақтарып айтыңыз. Өткенді қайтарып, жағдайды өзгерте алмайтыныңызды ол түсінеді. Балаңыз өзі еккенді өзі орып жатса, Ехоба сізден оны салдарынан қорғайды деп күтпейді. Сондай-ақ мынаны ұмытпаңыз: балаңыз Ехобаға оралуды шешсе, ол оны құшақ жая қарсы алады (Лұқа 15:18—20).

14. Неге өзімізді тым қатты кінәлаудан арылуымыз керек?

14 Өзімізді кінәлап, жегідей жеу. Күнә жасағанда, өзімізді айыпты сезінгеніміз орынды. Бірақ шектен тыс мұңға батып кеткенімізді Ехоба қаламайды. Бұндай ауыртпалықтан арылғанымыз жөн. Өзімізді тым қатты кінәлап кеттік пе, жоқ па, оны қалай білуге болады? Сіз жасаған күнәңізді мойындадыңыз ба? Өкіндіңіз бе? Қайталамауға бар күшіңізді салып жатырсыз ба? Солай болса, Ехоба сізді кешіргеніне сенімді болыңыз (Ел. іс. 3:19). Осы қадамдарды жасағаннан кейін де өзіңізді айыптай бергеніңізді Ехоба қаламайды. Өйткені бұл адамды жеп тастайтынын Ехоба жақсы біледі (Зәб. 31:10). Бұның зияны сонша, біз қайғыға батып, өмір үшін жүгіретін жарыстан шығып кете салуымыз мүмкін (Қор. 2-х. 2:7).

Сіз шын жүректен өкінген соң, Ехоба күнәңізді енді қайтып ойына алмайды, сіз де ойлай бермеңіз (15-абзацты қараңыз)

15. Өзімізді тым шектен тыс кінәлі сезінбеуге не көмектеседі? (Жоханның 1-хаты 3:19, 20) (Суретті де қараңыз.)

15 Бұл ауыртпалықтан қалай арыламыз? Өзіңізді кінәлап, жегідей жеп жүрсеңіз, Ехобаның “толықтай кешіретінін” ойда ұстаңыз (Зәб. 130:4). Ол шын өкінетіндерге: “Мен олардың күнәсін есіме алмаймын”,— деп уәде етеді (Ерм. 31:34). Демек, Ехоба сізді кешірсе, ол сіздің күнәңізді ұмытты деген сөз. Сондықтан күнәларыңыздың салдарын тартып жатқаныңызды Ехобаның сізді кешірмегені деп қабылдамаңыз. Сондай-ақ қауымдағы жауапкершіліктерден айырылып қалғаныңызға өзіңізді тоқпақтай бермеңіз. Ехоба күнәларыңызды ойынан шығарып тастаған, сондықтан сіз де ойлай бермеңіз (Жоханның 1-хаты 3:19, 20 оқыңыз).

ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕТІНДЕЙ ЖҮГІРІҢІЗ

16. Өмір үшін жарыста нені түсінуіміз қажет?

16 Мәңгілік өмір үшін “жарыста жүлдені жеңіп алатындай болып жүгіруіміз” керек (Қор. 1-х. 9:24). Ол үшін біз қандай жүкті арқалауға тиісті екенімізді, ал қандай ауыртпалықтан арылу керек екенін түсінуіміз қажет. Бұл мақалада соның кейбірін қарастырдық. Бірақ бұдан да басқа ауыртпалықтар бар. Мысалы, Иса: “Мешкейлік, ішімдікке салыну және күнделікті тұрмыс уайымы жүректеріңді жаулап алмасын”,— деген (Лұқа 21:34). Осы және басқа да тармақтардан сіз жарысты аяғына дейін жүгіріп өту үшін қай жағынан жақсара алатыныңызды білесіз.

17. Алдымыздағы қашықтықты жүгіріп өте алатынымызға неге сенімдіміз?

17 Ехоба беретін күшпен өмір үшін жарыста мәреге жете алатынымызға сенімдіміз. Сондықтан жылдамдығыңызды еш бәсеңдетпеңіз! (Ишая 40:29—31). Жүлде алу үшін бар күшін салып жүгірген елші Пауылдан үлгі алыңыз (Філіп. 3:13, 14). Бұл жарыста сіздің орныңызға басқа біреу жүгіріп бере алмайды, бірақ Ехобаның көмегімен сіз жеңімпаз бола аласыз. Ехоба сізге керекті жүкті алып жүруге, ал керек емесінен арылуға көмектеседі (Зәб. 68:19). Ехобаның қолдауымен сіз алдағы қашықтықты табандылықпен жүгіріп өтіп, мәре сызығынан аттап өтесіз!

65-ӘН Алға ұмтыл!

a Бәріміз мәңгілік өмірге апаратын жолда жүгіріп келеміз. Бірақ кәдімгі жүгірушілерден айырмашылығымыз — біздің арқалаған жүгіміз бар. Ол — Ехобаға бағышталғанда берген антымызда тұру, отбасылық міндеттерімізді атқару және қолымызбен істегенді мойнымызбен көтеру. Алайда лақтырып жіберетін, керек емес жүктер де бар. Оларға не жатады? Бұл мақала соны анықтауға және мәңгілік өмір үшін жарыста жүгіре беруге көмектеседі.

b jw.org сайтынан “Отбасыңыз берекелі болсын” деген мақалалар топтамасын, “Неке және отбасы”, “Жастарға көмек” деген санаттарды қарап көріңіз. Мысалы, ерлі-зайыптыларға: “Сыйластық”, “Ризашыл болыңыз”; ата-аналарға: “Балаға смартфонды дұрыс пайдалануды үйрету”, “Жасөспірім балаңызбен сөйлесе біліңіз”; жастарға: “Кибер бұзақылыққа кезіксем, не істеймін?”, “Көңіл күйімді қалай қадағаласам болады?” деген мақалалар бар.