Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

34-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Пайғамбарлықтарға ден қойыңыз

Пайғамбарлықтарға ден қойыңыз

“Ақыл-парасаты барлар ұғады” (ДАН. 12:10).

98-ӘН Рухтың жетелеуімен жазылған Жазбалар

АҢДАТПА a

1. Пайғамбарлықтарды қызыға зерттеуге не көмектеседі?

 “МЕН пайғамбарлықтарды зерттегенді қатты ұнатамын”,— дейді Бен деген жас бауырлас. Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарды зерттеген сізге де ұнай ма? Әлде, қиын ғой деп зерттеуден тартынасыз ба? Пайғамбарлықтарды зерттеген қызық емес деп ойлайтындар да бар шығар. Бірақ Ехоба пайғамбарлықтарды өз Сөзіне не үшін жаздырғанын жете түсінсек, оларды зерттеуге тәбетіміз ашылады.

2. Бұл мақала не жайында болмақ?

2 Осы мақалада Киелі кітаптың пайғамбарлықтарын не үшін зерттеуіміз керектігін ғана емес, қалай зерттеуге болатынын да қарастырамыз. Кейін Даниял жазған екі пайғамбарлықты талқылап, оларды түсінгеніміздің қандай пайдасы бар екенін көреміз.

ПАЙҒАМБАРЛЫҚТАРДЫ НЕ ҮШІН ЗЕРТТЕУІМІЗ КЕРЕК?

3. Пайғамбарлықтарды түсіну үшін не істеу керек?

3 Пайғамбарлықтарды түсіну үшін бізге көмек қажет. Мысалы, сіз бейтаныс жермен келе жатырсыз делік. Бірақ қасыңызда сол жерді бес саусағындай білетін досыңыз бар. Ол сіздің қайда тұрғаныңызды және қай жол қайда апаратынын жақсы біледі. Оның сізді алып жүруге келіскеніне өте риза боларсыз! Ехоба да тура сондай дос сияқты. Ол біздің уақыт легінің қай жерінде тұрғанымызды және алдымызда не күтіп тұрғанын жақсы біледі. Сондықтан пайғамбарлықтарды түсіну үшін біз оның көмегіне жүгінуіміз керек (Дан. 2:28; Пет. 2-х. 1:19, 20).

Пайғамбарлықтарды зерттесек, алдағы оқиғаларға дайын боламыз (4-абзацты қараңыз)

4. Ехоба өзінің Сөзіне пайғамбарлықтарды не үшін жаздырған? (Еремия 29:11) (Суретті де қараңыз.)

4 Кез келген ата-ана баласының болашағы жақсы болса екен дейді, бірақ ешқайсысы да болашақта не болатынын нақты айта алмайды. Ехоба да бізге жақсы болашақ тілейді, әрі ол алда не болатынын бізге дәл айта алады (Еремия 29:11 оқыңыз; Ишая 46:10). Алда болатын маңызды оқиғаларды біліп отыруымыз үшін ол өзінің Сөзіне пайғамбарлықтар жаздырып қойған. Олар көктегі Әкеміздің бізге сүйіспеншілікпен берген сыйы болып табылады. Ал Киелі кітаптың айтқаны дәлме-дәл орындалатынына қалай сенімді бола аламыз?

5. Жастарымыз Макстан не үйрене алады?

5 Мектепте біздің Куәгер оқушыларымыз Киелі кітапты мойындамайтын адамдардың арасында жүреді. Олардың сөзіне, істеген істеріне қарап, жас бауырласымыздың санасына күмән ұялауы мүмкін. Макс есімді бауырлас былай дейді: “Жасөспірім шағымда шынайы дінде жүргеніме және Киелі кітаптың Құдай Сөзі екеніне күмәндана бастадым. Куәгер ата-анам іштей уайымдап тұрса да, менімен сабырмен сөйлесті. Олар сұрақтарыма Киелі кітаптан жауап берді”. Макс өз тарапынан да күш салып, сенімін нығайтты. “Мен Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарды зерттей бастадым, кейін қауымдағы өзім сияқты жастарға сол туралы айтып беретін болдым. Нәтижесінде Киелі кітаптың Ехобадан келген кітап екеніне толық сенімді болдым”,— дейді ол.

6. Қандай да бір күмәніңіз болса, не істеген жөн және неге?

6 Макс сияқты сіздің де Киелі кітапта шындық жазылғанына күмәніңіз болса, өзіңізді кінәлі сезініп, ұялудың қажеті жоқ. Бірақ қандай да бір шара қолданбасаңыз болмайды, өйткені күмән деген тот сияқты. Тот бірте-бірте жайылып, өте бағалы заттың өзін жоқ қылып жібереді. Сол сияқты күмән да сенімімізді бірте-бірте жойып тастауы мүмкін. Сондықтан сеніміңізді қандай да бір “тот” баса бастаса, Киелі кітаптағы болашақ туралы айтылған сөздерге сенемін бе деп ойланып көріңіз. Бұған онша сенімді болмасаңыз, Киелі кітаптағы орындалып қойған пайғамбарлықтарды зерттеңіз. Ал оларды қалай зерттеген жақсы?

ПАЙҒАМБАРЛЫҚТАРДЫ ҚАЛАЙ ЗЕРТТЕГЕН ЖӨН?

Ехобаға Даниял сияқты сенім арту үшін, пайғамбарлықтарды кішіпейілділікпен, тыңғылықты әрі дұрыс ниетпен зерттеуіміз қажет (7-абзацты қараңыз)

7. Даниял пайғамбарлықтарды қалай зерттеген? (Даниял 12:10) (Суретті де қараңыз.)

7 Пайғамбарлықтарды қалай зерттеу керектігін Даниялдан үйренеміз. Біріншіден, ол пайғамбарлықты дұрыс ниетпен, яғни шындықты білу үшін зерттеген. Екіншіден, ол кішіпейіл болған, яғни ол Ехобаға жақын болып, нормаларына мойынсұнып жүрсе, Ехоба оған түсінік сыйлайтынына сенімді болған (Дан. 2:27, 28; Даниял 12:10 оқыңыз). Оның кішіпейілділігі Ехобадан көмек сұрағанынан көрінеді (Дан. 2:18). Сондай-ақ Даниял тыңғылықты зерттеуші болған. Ол сол кезде болған Жазбаларды мұқият зерттеген (Ерм. 25:11, 12; Дан. 9:2). Біз Даниялдан не үйренсек болады?

8. Кейбіреулер Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың орындалатынына неге сенгілері келмейді, ал біз не істеуіміз керек?

8 Дұрыс ниетпен зерттеңіз. Сіз Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарды не үшін зерттейсіз? Егер сіздің бар ойыңыз шындықты білу болса, Ехоба сізге қуана көмектеседі (Жох. 4:23, 24; 14:16, 17). Алайда кейбіреулер Киелі кітаптан мін іздеп, оның Құдайдан емес екенін дәлелдегісі келеді. “Сонда Киелі кітап нормаларымен жүрудің қажеті болмайды, не дұрыс, не бұрыс екенін өзіміз шеше береміз” деп ойлайды. Бірақ біз ниетіміздің дұрыс болғанын қалаймыз. Киелі кітаптың пайғамбарлықтарын түсіну үшін тағы қандай қасиет қажет?

9. Пайғамбарлықтарды түсіну үшін қандай қасиет керек? Түсіндіріңіз.

9 Кішіпейіл болыңыз. Ехоба кішіпейілдерге көмектесетінін айтқан (Жақ. 4:6). Сондықтан Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарды түсіну үшін, дұға етіп, оның көмегіне жүгінуіміз қажет. Сондай-ақ біз адал да ақылды құлдың көмегіне жүгінеміз. Өйткені Ехоба сол арна арқылы рухани ас-суды уақытылы беріп жатқанын мойындаймыз (Лұқа 12:42). Ехоба — тәртіптің Құдайы. Сондықтан өз Сөзіндегі шындықтарды түсіндіру үшін, ол тек сол арнаны қолданатыны орынды-ақ (Қор. 1-х. 14:33; Ефес. 4:4—6).

10. Естерден не үйрендіңіз?

10 Тыңғылықты зерттеңіз. Алдымен, өзіңізді қызықтыратын пайғамбарлықты зерттеуден бастаңыз. Мысалы, Естер деген бауырласқа Мәсіхтің келуі жайлы пайғамбарлықтар қызық болған екен. “15 жасымда мен бұл пайғамбарлықтардың Иса туылғанға дейін жазылғанына көз жеткізгім келді”,— дейді ол. Содан ол Өлі теңіз шиыршықтары туралы мәліметтерді зерттей бастайды. “Сол шиыршықтардың кейбірі Мәсіхтің заманына дейін жазылған екен. Демек, ішіндегі пайғамбарлықтар Құдайдан екені рас болып тұр. Бірақ мойындау керек, сол мәліметтерді бірнеше қайтара оқып барып бір-ақ түсіндім”,— дейді Естер. Оған біраз күш салып, тер төгуге тура келсе де, оның еш өкініші жоқ. Өйткені Киелі кітаптағы бірнеше пайғамбарлықты тыңғылықты зерттегеннен кейін ол: “Киелі кітапта шындық жазылғанына енді бірде-бір күмәнім жоқ!”— деді.

11. Киелі кітаптың шындық екеніне көз жеткізсек, қандай пайдасын көреміз?

11 Құдай Сөзіндегі орындалып қойған пайғамбарлықтарды зерттесек, Ехобаға да, оның беріп отырған бағыт-бағдарына да берік сенімді боламыз. Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың тағы бір пайдасы — қандай қиындыққа кезікпейік, болашаққа үмітпен қарауға көмектеседі. Қазір Даниял жазып кеткен, бүгінде көз алдымызда орындалып жатқан екі пайғамбарлықты қарастырамыз. Олардың мәнін түсінсек, қазіргі өмірімізде даналықпен шешім қабылдайтын боламыз.

ТЕМІР МЕН САЗДАН ТҰРАТЫН ТАБАН ЖАЙЛЫ НЕГЕ БІЛУІМІЗ КЕРЕК?

12. “Жартылай темірден, жартылай саздан” тұратын табан нені білдіреді? (Даниял 2:41—43)

12 Даниял 2:41—43 оқыңыз. Навуходоносор патша түсінде көрген мүсіннің табаны “жартылай темірден, жартылай саздан” тұрған. Бұл пайғамбарлықты Даниял және Аян кітабындағы басқа да пайғамбарлықтармен салыстыра келе, табан — қазіргі замандағы ең қуатты держава — Англо-Америка одағын білдіреді деп түйіндейміз. Даниял бұл державаны “жартылай берік, жартылай морт сынғыш патшалық” деп сипаттаған. Қай мағынада ол “жартылай морт сынғыш”? Өйткені жұмсақ саз, яғни осы державадағы бұқара халық биліктің темірдей мықты болуына кедергі жасап отыр b.

13. Табан жайлы пайғамбарлықты түсінгеннің арқасында біз қандай маңызды шындықтарды білдік?

13 Даниялдың осы мүсінге, әсіресе оның табанына қатысты айтқан сөздерінен біз өте маңызды шындықтарды білеміз. Біріншіден, Англо-Америка одағы өзінің темірдей күштілігін көрсетіп келеді. Мысалы, дүниежүзілік соғыстардың екеуінде де бұл екі ел үлкен рөл ойнап, жеңіске жеткендердің қатарында болды. Бірақ бұл мемлекеттер өз азаматтарының арасындағы талас-тартыстың кесірінен әлсіреп отыр, бұл әрі қарай да солай бола бермек. Екіншіден, бүкіл адами мемлекеттерді жоятын Құдай Патшалығы осы Англо-Америка державасының тұсында келеді. Кейбір мемлекеттер бұл державаның орнын басуға ұмтылғанмен, бұдан түк шықпайды. Өйткені аяндағы “тас” — Құдай Патшалығы — мүсіннің табанын, яғни Англо-Америка державасын соғып, қиратады (Дан. 2:34, 35, 44, 45).

14. Табан жайлы пайғамбарлықты түсінгеніміз қабылдайтын шешімдерімізге қалай әсер етеді?

14 Даниял айтқан темір мен саздан тұратын табан жайлы пайғамбарлықтың орындалып жатқанына сенесіз бе? Олай болса, бұл сіздің қалай өмір сүріп жатқаныңызға тікелей әсер етпек. Мысалы, сіз байлықтың соңынан қумайсыз, өйткені жақында бұл зұлым дүниенің жойылатынын білесіз (Лұқа 12:16—21; Жох. 1-х. 2:15—17). Сондай-ақ қазіргі уақытта ең маңызды іс — уағыздау мен тәлім беру екенін түсінесіз (Мат. 6:33; 28:18—20). Пайғамбарлықты зерттегеннен кейін, былай деп ойланып көріңіз: “Құдай Патшалығы жақында адами үкіметтердің бәрін күйрететініне сенімдімін бе? Бұл қабылдайтын шешімдеріме әсер етіп жатыр ма?”

“СОЛТҮСТІК ПАТШАСЫ” МЕН “ОҢТҮСТІК ПАТШАСЫНЫҢ” СІЗГЕ ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?

15. “Солтүстік” және “оңтүстік патшалары” бүгінде кімдерді білдіреді? (Даниял 11:40)

15 Даниял 11:40 оқыңыз. Даниял кітабының 11-тарауында әлемге үстемдік ету үшін текетіресетін екі патша, яғни екі үкімет жайлы айтылған. Осы пайғамбарлықты басқа пайғамбарлықтармен салыстыра келе, “солтүстік патшасы” Ресей мен оның одақтастары екенін, ал “оңтүстік патшасы” Англо-Америка дүниежүзілік державасы екенін біліп отырмыз c.

“Солтүстік” пен “оңтүстік патшаларының” Құдай халқына шабуылдауы пайғамбарлықтар бойынша болып жатқанын түсінсек, қатты уайымдамаймыз, қайта сеніміміз нығаяды (16—18 абзацтарды қараңыз)

16. “Солтүстік патшасының” қол астында тұратын Куәгерлер қандай қиындықтарға кезігіп жүр?

16 “Солтүстік патшасының” қол астында тұратын Құдай халқы сол патшадан қуғын-сүргін көріп жүр. Біраз Куәгерлер сенімі үшін аяусыз соққы жеп, түрмеде отыр. Бірақ бұдан олардың рухы сынған жоқ, қайта, сенімдері қайрала түсті. Өйткені олар осылайша Даниялдың пайғамбарлығы дәлме-дәл орындалып жатқанын түсінеді d (Дан. 11:41). Бұл жайт бізге де үмітімізді берік сақтауға және мінсіздігімізден таймауға көмектеседі.

17. “Оңтүстік патшасының” қол астында тұратын Құдай халқы қалай сыналып жатыр?

17 Бұрындары “оңтүстік патшасы” да Құдай халқын қудалаған. Мысалы, XX ғасырдың алғашқы жартысында бейтараптығы үшін көп ер бауырласты түрмеге жапқан, ал Куәгер оқушыларды мектептен шығарған. Ал соңғы онжылдықтарда “оңтүстік патшасы” қарамағындағы Құдай халқына астыртын шабуыл жасауда. Мысалы, сайлауалды үгіт-насихат кезінде мәсіхшілердің Құдай Патшалығына адалдығы сыналуы мүмкін. Мәсіхші барып дауыс бермесе де, қандай да бір партияның не үміткердің жеңгенін іштей қалауы мүмкін. Сондықтан толықтай бейтарап болу үшін не істейтінімізге ғана емес, не ойлап, не сезінетінімізге де сақ болу өте маңызды (Жох. 15:18, 19; 18:36).

18. “Солтүстік” және “оңтүстік патшаларының” текетіресі бізге қалай әсер етеді? (Суретті де қараңыз.)

18 Киелі кітап пайғамбарлықтарына сенбейтіндер “солтүстік” және “оңтүстік патшаларының” текетіресін көріп, әбден абыржып, қорқатын шығар (Дан. 11:40). Өйткені екі патшаның да жер бетіндегі күллі тіршілікті жойып жіберуге жететін ядролық қаруы бар. Бірақ Ехоба бұған жол бермейтінін біз анық білеміз (Ишая 45:18). Сондықтан екі патша өштесіп жатыр екен деп еш абыржымаймыз, қайта, сеніміміз нығаяды. Өйткені бұл осы зұлым дүниенің ақыры таяп қалғанын дәлелдей түседі.

ПАЙҒАМБАРЛЫҚТАРҒА ДЕН ҚОЯ БЕРІҢІЗ

19. Пайғамбарлықтарға қатысты нені түсінуіміз керек?

19 Болашаққа қатысты кейбір Киелі кітап пайғамбарлықтарының қалай орындалатынын біз нақты білмейміз. Даниял пайғамбар да өзі жазған кейбір нәрселерді толық түсінбеген (Дан. 12:8, 9). Алайда пайғамбарлықтың қалай орындалатынын анық білмесек, ол орындалмайды деген сөз емес қой. Ехоба бұрында өз уақытында түсінік беріп келгеніндей, алда да дәл солай ететініне сенімдіміз (Амос 3:7).

20. Жуық арада қандай елеулі пайғамбарлықтар орындалады және біз не істей беруіміз керек?

20 Жуырда “бейбітшілік пен қауіпсіздік” жарияланады (Сал. 1-х. 5:3). Кейін саяси басшылар жалған діндерге тап беріп, көзін құртады (Аян 17:16, 17). Бұдан кейін олар Құдай халқына шабуылдайды (Езек. 38:18, 19). Осы оқиғалардың бәрі Армагеддон соғысына келіп тіреледі (Аян 16:14, 16). Бұл оқиғалар көп ұзамай орындалатынына сенімді болсақ болады. Ал әзірге пайғамбарлықтарға ден қойып, осы орайда басқаларға да көмектесіп, көктегі Әкеміз Ехобаға ризашылығымызды білдіре берейік.

95-ӘН Таң шапағы жарқырай түсуде

a Қазіргі дүниенің ахуалы нашарлай түссе де, біз болашаққа сеніммен қараймыз. Өйткені Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардан болашағымыздың жарқын болатынын білдік. Бұл мақалада Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарды не үшін зерттеу керектігінің келелі себептерін қарастырамыз. Сондай-ақ Даниял жазған екі пайғамбарлықты қысқаша қарастырып, олардың мәнін түсінгеніміз әрқайсысымызға несімен пайдалы екенін көреміз.

b 2012 жылы 15 маусымда шыққан “Күзет мұнарасының” “Ехоба “жуырда болатын жайттарды” ашады” (7—9 абз.) деген мақаласын қараңыз.

c 2020 жылы мамырда шыққан “Күзет мұнарасының” “Бүгінде “солтүстік патшасы” кім?” (3, 4-абз.) деген мақаласын қараңыз.

d 2020 жылы мамырда шыққан “Күзет мұнарасының” “Бүгінде “солтүстік патшасы” кім?” (7—9 абз.) деген мақаласын қараңыз.