Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

31-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Дұға ету сыйын бағалаңыз

Дұға ету сыйын бағалаңыз

“Айтқан дұғам алдыңда әзірленген хош иісті тартудай болсыншы” (ЗӘБ. 141:2).

47-ӘН Күнде үзбей дұға ет

АҢДАТПА *

1. Ехобаға дұға айта алатынымызға қалай қарауымыз керек?

 ЗАҢҒАР көк пен жердің Жаратушысына дұға ету неткен мәртебе! Ойланып көріңізші, біз Ехобаға кез келген тілде, кез келген уақытта жанымызды ақтара аламыз. Бұл үшін оған алдын ала жазылып, кезекке тұрудың қажеті жоқ. Біз қай жерде болсақ та, мейлі ауруханада төсек тартып жатайық не темір тордың арғы жағында отырайық, сүюші Әкеміз бізді тыңдайтынына сенімдіміз. Біз дұғаға кәдімгі нәрсе емес, сый деп қараймыз.

2. Дәуіт патша дұға ету мәртебесін бағалайтынын қалай көрсеткен?

2 Осы орайда Дәуіт патша керемет үлгі қалдырған. Ол Ехобаға: “Лайым айтқан дұғам алдыңда әзірленген хош иісті тартудай болсыншы”,— деп жырлаған (Зәб. 141:1, 2). Дәуіттің кезінде таза ғибадатта қолданылған хош иісті зат асқан мұқияттылықпен дайындалатын (Мұс. 2-ж. 30:34, 35). Сол сияқты Дәуіт те көктегі Әкесіне айтар ойларын жақсылап дайындап алғысы келген. Біз де барынша соған ұмтыламыз, өйткені дұғаларымыз Ехобаға жағымды болғанын қалаймыз.

3. Дұғаға деген көзқарасымыз қандай болу керек және неге?

3 Ехобаға дұға айтқан кезде еркінсіп кетуден аулақ болуымыз керек. Қайта, дұғамыздан оған деген терең құрмет есіп тұрғанын қалаймыз. Ишая, Езекиел, Даниял және Жохан пайғамбарлардың алған аяндары жайлы ойланып көріңізші. Олардың аяндары әртүрлі болғанмен, бәріне ортақ бір нәрсе болды. Олардың барлығында Ехоба аса құдіретті Патша ретінде бейнеленген. Ишая Ехобаның “заңғар биіктегі ұлы тағында отырғанын” көрген (Ишая 6:1—3). Ал Езекиел оның көкте арбада отырғанын және оны айналдыра кемпірқосаққа ұқсас сәуле қоршап тұрғанын көрген (Езек. 1:26—28). Даниял болса “Ежелден бар Тәңір Иенің” аппақ киім киіп, тақта отырғанын көрді. Ал тағы лаулаған жалындай еді (Дан. 7:9, 10). Жохан да Ехобаның тақта отырғанын көрген және “тақты зүбәржат іспетті кемпірқосақ қоршап тұрған” (Аян 4:2—4). Ехобаның осындай шексіз ұлылығы жайлы ойланғанда, оған дұға ету асқақ мәртебе екенін және оны терең құрметпен айтуымыз керек екенін түсінеміз. Ал дұғада не туралы айтсақ болады?

“СОНДЫҚТАН МЫНА ІСПЕТТІ ДҰҒА ЕТІҢДЕР”

4. Матай 6:9, 10-дағы үлгілі дұға қалай басталады және біз бұдан қандай сабақ аламыз?

4 Матай 6:9, 10 оқыңыз. Таудағы уағызында Иса шәкірттеріне Ехобаға қандай дұға ұнамды екенін айтқан. Ол үлгілі дұғасын Ехобаның ниетімен тікелей байланысы бар маңызды жайттардан бастады. Иса “сондықтан мына іспетті дұға етіңдер” дегеннен кейін, Ехобаның есімінің киелі болуы, оның барлық қарсыластарын жоятын Патшалығының келуі және оның жер мен адамзатқа дайындап қойған баталары туралы айтты. Осылар туралы дұға еткенде, Ехобаның ниеті біз үшін маңызды екенін көрсетеміз.

5. Жеке мәселеміз туралы дұға ету орынды ма?

5 Үлгілі дұғаның екінші жартысынан жеке мәселелеріміз туралы да дұға ету орынды екенін көруге болады. Мысалы, Ехобадан бүгін жейтін ас-суымызды беруін, күнәларымызды кешіруін, азғырулардан сақтауын және Зұлымнан қорғауын сұрай аламыз (Мат. 6:11—13). Осындай дұғалар өміріміз Ехобаға тәуелді екенін мойындайтынымызды және оған ұнамды болғымыз келетінін көрсетеді.

Күйеуі әйелімен бірге не туралы дұға айтса болады? (6-абзацты қараңыз) *

6. Дұғаларымыз үлгілі дұғадағы сөздермен ғана шектелуі керек пе? Түсіндіріңіз.

6 Иса шәкірттеріне үлгілі дұғаны үйреткенде, оны сөзбе-сөз жаттап алып, оған басқа ештеңе қоспасын демеген. Исаның басқа да дұғаларын оқысақ, оның әртүрлі уайымдарын білдіріп, өзге де маңызды нәрселер жайлы айтқанын көреміз (Мат. 26:39, 42; Жох. 17:1—26). Біз де Ехобаға өзімізді не нәрсе мазалайтынын айта аламыз. Мысалы, бір шешім қабылдарда, даналық пен түсінік сұрасақ болады (Зәб. 119:33, 34). Ал қиын тапсырма алсақ, оны атқару үшін парықтылық беріп, көмектесуін сұрай аламыз (Нақ. с. 2:6). Балалар ата-аналары үшін, ал ата-аналар балалары үшін дұға етсе болады. Сондай-ақ бізбен Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдар үшін және уағызда кездестірген адамдар үшін дұға ете аламыз. Дегенмен дұғаларымыз тек қана өтініштерден тұрмауы керек.

Ехобаны мадақтауға және оған алғыс айтуға қандай себептер бар? (7—9 абзацтарды қараңыз) *

7. Ехобаны дұғамызда неге мадақтауымыз керек?

7 Дұғамызда Ехобаны мадақтауды ұмытпағанымыз жөн. Бұл ғаламда даңқ пен мадақтың бәріне тек Ехоба ғана лайық. Ол — “ізгі әрі кешіруге дайын, мейірімді де жанашыр, ашулануға асықпайтын, айнымас сүйіспеншілігі мен адалдығы мол Құдай” (Зәб. 86:5, 15). Шынында да, Ехоба қандай Құдай екендігі үшін және сарқылмас жақсылығы үшін біздің мадақтауымызға әбден лайық!

8. Ехобаға алғыс айтуға қандай себептер бар? (Зәбүр 104:12—15, 24)

8 Дұғамызда Ехобаны мадақтаумен қоса, оған алғыс айтуға да себептер жетіп артылады. Мысалы, көз қуантар гүлдердің түрлі-түрлі түстері үшін, дәмі тіл үйірер жеміс-жидектердің сан алуандығы үшін және жанымызды жадырататын асыл достарымыз үшін рақмет айтсақ болады. Осы және басқа да игіліктерін көктегі аяулы Әкеміз бізді бақытты ету үшін сыйлаған (Зәбүр 104:12—15, 24 оқыңыз). Ал бұдан да маңыздысы, Ехобаға сенімімізді нығайтатын ағыл-тегіл рухани ас-су беріп жатқанына және болашаққа деген үкілі үміт сыйлағанына алғыс айта аламыз.

9. Ехобаға алғыс айтуды ұмытпау үшін не істесек болады? (Салоникалықтарға 1-хат 5:17, 18)

9 Ехобаның жақсылықтарына алғыс айтуды ұмытып кете берсек, не істеуге болады? Бұл үшін, дұғада айтқан өтініштеріңізді қағаз бетіне түртіп алыңыз. Арагідік сол тізімге қарап, Ехобаның қалай жауап бергені туралы ойланыңыз. Кейін сол көмегі үшін оған алғыс айтыңыз (Салоникалықтарға 1-хат 5:17, 18 оқыңыз). Мысалы, өзімізді алайықшы, біреу жасаған жақсылығымызды елеп-ескеріп, рақметін айтып жатса, көңіліміз тасып, риза болып қаламыз. Сол сияқты Ехоба да алғыс дұғамызды естігенде, жүрегі жылып қалады (Қол. 3:15). Ехобаға алғыс айтуға бізде тағы бір үлкен себеп бар.

ЕХОБАҒА СҮЙІКТІ ҰЛЫ ҮШІН АЛҒЫС АЙТЫҢЫЗ

10. Петірдің 1-хаты 2:21-ге сай, неге Ехобаға Исаны жерге жібергені үшін рақмет айтуымыз қажет?

10 Петірдің 1-хаты 2:21 оқыңыз. Ехоба бізді үйрету үшін сүйікті Ұлын жерге жібергеніне алғыс айтуымыз керек. Исаның өмірін оқып зерттесек, біз Ехоба туралы және оған қалай ұнамды бола алатынымыз туралы көп нәрсе біле аламыз. Ал құрбандығына сенсек, Ехобамен тату болып, оның жақын досы бола аламыз (Рим. 5:1).

11. Неге біз дұғаны Исаның атынан айтамыз?

11 Біз Ехобаға дұғаларымызды оның Ұлы арқылы жолдай алатынымызға алғыс айтамыз. Ехоба Исаның атынан айтқан өтініш-тілектерімізге құлақ асады және оларды Иса арқылы орындайды. “Менің атымнан Әкеден не сұрасаңдар да, орындаймын. Сонда Ұлы арқылы Әкесі даңқталады”,— деді Иса (Жох. 14:13, 14).

12. Ехобаға Ұлы үшін рақмет айтудың тағы бір себебі қандай?

12 Исаның төлем құрбандығының арқасында Ехоба біздің күнәларымызды кешіреді. Иса — біздің “көктегі Құдай тағының оң жағында отырған” бас діни қызметкеріміз (Евр. 8:1). Сонымен қатар ол — “Әкенің қасындағы көмекшіміз” (Жох. 1-х. 2:1). Әлсіздіктерімізді түсінетін және “бізді жақтап сөйлейтін” жанашыр Бас діни қызметкер бергеніне Ехобаға шексіз ризамыз (Рим. 8:34; Евр. 4:15). Исаның құрбандығы болмағанда, Ехобаға дұға айта алмас едік. Себебі бәріміз күнәкар, кемелсіз пендеміз. Расында да, Ехобаның сүйікті Ұлын жібергені — біз үшін баға жетпес сый. Бұл үшін оған қанша алғыс жаудырсақ та, аздық етері сөзсіз!

БАУЫРЛАСТАР ҮШІН ДҰҒА ЕТІҢІЗ

13. Иса шәкірттерін қатты жақсы көретінін өлер алдындағы түні қалай көрсетті?

13 Өлер алдындағы түні Иса шәкірттері үшін ұзақ дұға айтты. Ол Ехобадан “оларды Зұлымнан қорғай көр” деп сұрады (Жох. 17:15). Исаның өзі өте ауыр сынақтан өткелі тұрса да, шәкірттерін ойлап уайымдады. Өйткені ол шәкірттерін қатты жақсы көрді.

Бауырластар үшін не деп дұға айтсақ болады? (14—16 абзацтарды қараңыз) *

14. Бауырластарымызды жақсы көретінімізді қалай көрсете аламыз?

14 Біз де Иса сияқты тек өз жағдайымызды ойламай, бауырластарымыз үшін үнемі дұға етеміз. Осылай біз Исаның “бір-біріңді сүйіңдер” деген өсиетіне мойынсұнамыз және Ехобаға бауырластарымызды қаншалықты жақсы көретінімізді көрсетеміз (Жох. 13:34). Бір сенімдегілер үшін айтылған дұғаларымыз текке кетпейді. Себебі Құдай Сөзінде айтылғандай, “әділ адамның жалбарына айтқан дұғасының әсері орасан зор” (Жақ. 5:16).

15. Бауырластар біздің дұғамызға неге мұқтаж?

15 Бауырластарымыз біздің дұғаларымызға өте мұқтаж. Өйткені олар ауру, табиғи апаттар, соғыс, қудалау сияқты түрлі қиындықтарға кезігіп жүр. Сондықтан Ехобадан оларға төзім берші, күш берші деп сұрасақ болады. Сол мұқтаж жандарға аянбай көмектесіп жүрген жанқияр бауырластар үшін де дұға етуді ұмытпайық. Аталып кеткен қиындықтарды бастан өткізіп жүрген бауырластардың кейбірін сіз де жақсы білетін шығарсыз. Ендеше, неге олардың есімін атап дұға етпеске?! Ехобадан бауырластарымыз үшін күш сұрап, дұға еткенде оларды шынайы жақсы көретінімізді көрсетеміз.

16. Басшылықты қолға алған бауырластар үшін дұға ету неге маңызды?

16 Қауымда жетекшілік ететіндер олар үшін айтқан дұғаларымызды бағалайды және сол дұғаларымыздың күшін олар сезініп те жүр. Елші Пауыл да бауырластарының дұғасын қажет еткен. Ол: “Ізгі хабардың қасиетті құпиясын батыл жариялай алуым үшін, аузыма қажетті сөз түссін деп, мен үшін де дұға етіңдер”,— деп жазған (Ефес. 6:19). Бүгінде арамызда басшылықты қолға алған ер бауырластар көп еңбек етеді. Еңбектеріне Ехобаның батасын сұрап дұға еткенде, оларды жақсы көретінімізді көрсетеміз.

БАСҚАЛАРДЫҢ АЛДЫНДА ДҰҒА ЕТКЕНДЕ

17, 18. Қандай жағдайларда бізден басқалар үшін дұға етуді өтінуі мүмкін және сондай кезде нені есте ұстағанымыз жөн?

17 Кейде бізден біреу үшін дұға етуді өтінуі мүмкін. Мысалы, зерттеу сабағын жүргізетін әйел бауырлас қасындағы әйел бауырластан дұға етуді сұрайтын шығар. Бірақ ол бауырлас зерттеушіні жақсы танымағандықтан, дұғаны сабақтың соңында айтар. Сонда ол дұғасында зерттеуші жайлы не айту керектігін біліп алады.

18 Сондай-ақ ер бауырластар уағыз кездесуінде не қауым кездесуінде басқалардың атынан дұға айтады. Осындай мәртебеге ие болған бауырластар кездесудің мақсатын есте ұстағандары жөн. Дұға қауымға кеңес беру үшін не хабарландырулар жасау үшін айтылмайды. Кездесулердің көбісінде ән мен дұғаға бар-жоғы 5 минут беріледі. Сондықтан дұға айтатын ер бауырлас әсіресе кездесудің басында “көп сөз” айтудан аулақ болғаны жөн (Мат. 6:7).

ДҰҒА ӨМІРІҢІЗДІҢ АЖЫРАМАС БӨЛІГІ БОЛСЫН

19. Ехобаның сот күніне дайын болуға бізге не көмектеседі?

19 Ехобаның сот күні жақындаған сайын, дұға ету біз үшін бұрынғыдан да маңызды бола түсуі керек. “Алда болатын осы жайттардың бәрінен қашып құтыла алу үшін ұдайы жалбарынып, сергек болыңдар!”— деді Иса (Лұқа 21:36). Расында да, үнемі дұға ететін болсақ, рухани сергек болып, Құдайдың кенеттен келетін күніне сақадай сай тұрамыз.

20. Дұғамыз хош иісті тарту сияқты болу үшін не істей аламыз?

20 Сонымен, осы мақалада айтылып кеткендей, біз дұға ету мәртебесін жоғары бағалаймыз. Дұғада бірінші кезекте Ехобаның ниетімен тікелей байланысты нәрселер туралы сұраймыз. Сондай-ақ Құдайдың Ұлына және оның Патшалық билігіне ризашылық білдіреміз. Бір сенімдегі бауырластарымыз үшін де дұға етуді ұмытпаймыз. Бұған қоса, өзіміздің тәндік және рухани қажеттіліктеріміз үшін де дұға етеміз. Ал не туралы дұға ететінімізді жақсылап ойланып алсақ, дұға ету біз үшін мәртебе екенін көрсетеміз. Сонда Ехобаға айтатын сөздеріміз хош иісті тарту сияқты ұнамды болады (Нақ. с. 15:8).

45-ӘН Жүрек толғанысы

^ Біз Ехобаға дұға ете алатынымызға өте ризамыз және дұғаларымыздың оған хош иісті тартудай ұнамды болғанын қалаймыз. Ал біз не туралы дұға айтсақ болады? Басқалардың алдында дұға айтқанда қандай жайттарды ескеру керек? Қазір осы екі сұрақтың жауабын білеміз.

^ СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Күйеуі әйелімен бірге мектептегі қыздарының амандығы, қарт әкелерінің денсаулығы және Киелі кітапты зерттеушінің рухани өсімі үшін дұға айтып жатыр.

^ СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жас ер бауырлас Ехобаға Исаның төлем құрбандығы үшін, әдемі мекеніміз бен нәрлі ас-су үшін алғыс айтып жатыр.

^ СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әйел бауырлас Ехобадан Басқарушы кеңеске киелі рух беруін және табиғи апат пен қудалаудан зардап шеккендерге көмектесуін сұрап жатыр.