Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

30-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ең алғашқы пайғамбарлықтың әрқайсысымыз үшін маңызы

Ең алғашқы пайғамбарлықтың әрқайсысымыз үшін маңызы

“Сенің ұрпағың мен әйелдің ұрпағын өзара өштестіріп қоямын” (МҰС. 1-Ж. 3:15).

15-ӘН Ехобаның Тұңғышын мадақтаңдар!

АҢДАТПА *

1. Адам мен Хауа күнә жасағаннан кейін, Ехоба артынша не істеді? (Мұсаның 1-жазбасы 3:15)

 АДАМ мен Хауа күнәға батқаннан кейін, Ехоба олардан тарайтын ұрпаққа үміт сыйлайтын бір тамаша пайғамбарлық айтты. Ол Мұсаның 1-жазбасы 3:15-те жазылған (оқыңыз).

2. Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі пайғамбарлықтың ерекшелігі неде?

2 Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі пайғамбарлық Киелі жазбалардың алғашқы кітабында жазылғанмен, ол қалған кітаптардың барлығымен астаса байланысып жатыр. Оны Киелі жазбалардың өзегі деуге болады. Жазбаларға кіретін кітаптардың барлығы сол пайғамбарлықта айтылған бір хабарға алып келеді. Бұл хабар Құдайдың Ібіліс пен оның зұлым жақтастарын жоятын Құтқарушы жіберетіні жайлы *. Сол кез Ехобаны сүйетіндер үшін керемет шақ болмақ!

3. Бұл мақалада не туралы қарастырамыз?

3 Осы мақалада Мұсаның 1-жазбасы 3:15-ке қатысты мынадай сұрақтарға жауап аламыз: Бұл пайғамбарлықтағы кейіпкерлер кімдерді білдіреді? Ол қалай орындалды? Бұл пайғамбарлықтың қандай игілігін көріп жүрміз?

ПАЙҒАМБАРЛЫҚТАҒЫ КЕЙІПКЕРЛЕР КІМДЕР?

4. “Жылан” деген кім және оны қайдан білеміз?

4 Мұсаның 1-жазбасы 3:14, 15-тегі кейіпкерлер: “жылан”, жыланның “ұрпағы”, “әйел” және әйелдің “ұрпағы”. Киелі кітаптың көмегімен олардың кімді білдіретінін анықтай аламыз *. Алдымен, жыланнан бастайық. Кәдімгі жылан Ехобаның Едем бағында шығарған үкімін түсінбес еді. Демек, ол саналы бір жаратылыс болу керек. Жыланның бетпердесі Аян 12:9-да шешіледі. Онда “ежелгі жыланның” Ібіліс әрі Шайтан екені анық айтылған. Ал оның ұрпағына кім жатады?

ЖЫЛАН

Шайтан Ібіліс. Ол Аян 12:9-да “ежелгі жылан” деп аталған (4-абзацты қараңыз)

5. Жыланның ұрпағына кімдер жатады?

5 Киелі кітапта “ұрпақ” деген сөз бейнелі мағынада қолданылғанда, ол бейнелі әкелері сияқты ойланып, сол әкелері сияқты әрекет ететіндерді білдіреді. Демек, жыланның ұрпағы деп Ехоба Құдаймен және оның халқымен Шайтан сияқты қарсыласатын рухани жаратылыстар мен адамдарды айтамыз. Оларға Нұхтың заманында көктегі орындарын тастап кеткен жындар мен әкелері Ібілістікіндей мінез танытатын зұлым адамдар жатады (Мұс. 1-ж. 6:1, 2; Жох. 8:44; Жох. 1-х. 5:19; Яһд. 6).

ЖЫЛАННЫҢ ҰРПАҒЫ

Ехоба Құдайға және оның халқына қарсыласатын зұлым рухани жаратылыстар мен адамдар (5-абзацты қараңыз)

6. Пайғамбарлықтағы әйел неге Хауа емес?

6 Ал пайғамбарлықтағы әйел ше? Ол Хауаны білдіре ме? Бұлай деп айта алмаймыз. Өйткені әйелдің ұрпағы жыланның басын “мыжитыны” айтылған. Ал жылан, алдында айтылып кеткендей, рухани жаратылыс — Шайтанды білдірсе, онда Хауадан тараған адамдардың ешқайсысы оның басын мыжи алмас еді. Сонда ол әйел кімді білдіреді?

7. Аян 12:1, 2, 5, 10-тармақтар көрсететіндей, әйел кімді білдіреді?

7 Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі әйелдің кім екені Киелі кітаптың соңғы кітабында ашылады (Аян 12:1, 2, 5, 10 оқыңыз). Ол — аяғының астында ай, ал басында 12 жұлдыздан тәжі бар өте ерекше әйел! Бұл әйел ешкімге ұқсамайтын бір дара ұл баланы, яғни Құдай Патшалығын дүниеге әкеледі. Құдай Патшалығы көкте болғандықтан, оны босанған әйел де көкте болуы керек. Демек, пайғамбарлықтағы әйел Ехобаның ұйымының адал рухани жаратылыстардан тұратын көктегі бөлігін білдіреді (Ғал. 4:26).

ӘЙЕЛ

Ехобаның ұйымының көктегі бөлігін құрайтын адал рухани жаратылыстар (7-абзацты қараңыз)

8. Әйелдің ұрпағының негізгі бөлігі кім және ол қай кезде ұрпақтың негізгі бөлігі болды? (Мұсаның 1-жазбасы 22:15—18)

8 Құдайдың Сөзінен әйелдің ұрпағының негізгі бөлігі кім екенін де білуге болады. Пайғамбарлыққа сай, ол Ыбырайымнан тараған ұрпақ болуы керек еді (Мұсаның 1-жазбасы 22:15—18 оқыңыз). Шынымен-ақ, Иса Ыбырайымның тікелей ұрпағы болды (Лұқа 3:23, 34). Бірақ ол Шайтан Ібілістің басын мыжып, көзін құрту үшін, ет пен сүйектен тұратын адамнан да күшті болуы керек еді. Содан, шамамен 30 жасында Иса Құдайдың киелі рухымен майланды. Майланған соң ол әйелдің ұрпағының негізгі бөлігіне айналды (Ғал. 3:16). Ал Иса өліп, қайта тірілген соң, Құдай оған “ұлылық пен құрметті тәж етіп кигізді” және “көк пен жердегі барлық билікті” берді. Бұған “Ібілістің істерін талқандау” билігі де кіреді (Евр. 2:7; Мат. 28:18; Жох. 1-х. 3:8).

ӘЙЕЛДІҢ ҰРПАҒЫ

Иса Мәсіх және онымен бірге билік ететін 144 000 майланған (8, 9-абзацты қараңыз)

9, 10. а) Әйелдің ұрпағына тағы кімдер кіреді және қай кезде олар ұрпақтың бір бөлігі болып есептеледі? ә) Әрі қарай не туралы білеміз?

9 Ұрпақтың екінші бөлігі де бар. Елші Пауыл ұрпақтың осы бөлігіне меңзеп, еврей және басқа ұлттан шыққан майланғандарға былай деп айтты: “Мәсіхке тиесілі болғандықтан, сендер шынымен Ыбырайымның ұрпағысыңдар, берілген уәде бойынша мұрагерсіңдер” (Ғал. 3:28, 29). Ехоба мәсіхшіні киелі рухпен майлағанда, ол әйелдің ұрпағының бір бөлігі болады. Сонымен, ұрпақ Иса Мәсіхтен және онымен бірге билік ететін 144 000 майланғаннан тұрады (Аян 14:1). Олардың бәрі Әкелері Ехоба сияқты ойланып, Ехоба сияқты әрекет етеді.

10 Жоғарыда Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі кейіпкерлер кімдерді білдіретінін жақсылап анықтап алдық. Ал енді Ехоба сол пайғамбарлықты қалайша бірте-бірте жүзеге асырғанын және бұның бізге қандай көмегі тиіп жатқанын қарастырайық.

ПАЙҒАМБАРЛЫҚТЫҢ ОРЫНДАЛУЫ

11. Жылан қай мағынада әйелдің ұрпағының “өкшесін шақты”?

11 Мұсаның 1-жазбасы 3:15-те жылан әйелдің ұрпағының “өкшесін шағатыны” айтылған. Шайтан еврейлер мен римдіктерді айдап салып, Құдайдың Ұлын өлтірткенде, осы пайғамбарлық жүзеге асты (Лұқа 23:13, 20—24). Өкшесі жарақаттанған адам біраз уақыт жүріп-тұра алмайтындай, Иса да өлген кезде үш күндей көрде жатып, әрекетсіз күйде болды (Мат. 16:21).

12. Жыланның басы қашан және қалай мыжылады?

12 Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі пайғамбарлыққа қарасақ, Исаның көрде қалмайтынын түсінеміз. Өйткені әйелдің ұрпағы жыланның басын мыжуы керек еді. Демек, өкшесі шағылған Иса жарақатынан айығып кетуі керек. Шынымен де, Иса өлтірілгеннен кейін үшінші күні өлмес рухани жаратылыс болып қайта тірілді. Ол Құдай белгілеген уақытта Шайтанның басын мыжып, көзін құртады (Евр. 2:14). Жыланның ұрпағын, яғни Құдайдың барлық жауларын, жер бетінен түбегейлі жоюға Мәсіхпен бірге билік ететіндер де атсалысады (Аян 17:14; 20:4, 10) *.

ПАЙҒАМБАРЛЫҚТЫҢ БІЗГЕ ТИГІЗІП ЖАТҚАН ПАЙДАСЫ

13. Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі пайғамбарлықтың орындалуы бізге қандай пайдасын тигізіп жатыр?

13 Осы пайғамбарлықтың орындалуы Құдайдың бағышталған қызметшілеріне қандай пайдасын тигізіп жатқанын ойлаңызшы. Иса жер бетіне келгенде, Әкесінің қандай Құдай екенін мінсіз түрде көрсетіп кетті (Жох. 14:9). Соның арқасында біз Ехобаны жақыннан танып, оны қатты жақсы көріп кеттік. Исаның тәлімдерінің де, бүгінде мәсіхшілер қауымында беріп отырған нұсқауларының да көп пайдасын көріп келеміз. Ол бізге Ехобаның көңілінен шығатындай өмір сүруді көрсетіп кеткеніне де ризамыз. Тіпті оның өкшесі шағылғаны, яғни өлімі де бүкіл адамзатқа игілік әкелді. Қалай? Иса қайта тірілген соң, қанының құнын “бізді барлық күнәдан тазартатын” кемелді құрбандық ретінде ұсынды (Жох. 1-х. 1:7).

14. Едемде айтылған пайғамбарлықтың сол кезде емес, уақыт өте орындалуы керек болғанын неден білеміз? Түсіндіріңіз.

14 Ехобаның Едемде айтқан сөздерінен пайғамбарлықтың сол кезде емес, уақыт өте орындалатынын түсінеміз. Әйелдің ұрпағы пайда болу үшін, Ібіліс өз жақтастарын жинауы үшін және сол екі топтың арасында өшпенділік пайда болу үшін, шынымен де, біраз уақыт керек еді. Бұл пайғамбарлықты білудің пайдасы — соның арқасында Шайтан билеген дүние Ехобаның қызметшілерін жек көретінін есте ұстаймыз. Иса да шәкірттерін осы жайлы ескерткен (Мар. 13:13; Жох. 17:14). Пайғамбарлықтың өшпенділікке қатысты осы тұсының орындалғаны әсіресе соңғы 100 жылдың ішінде қатты байқалды. Қазір сол туралы білейік.

15. Құдай халқына деген жеккөрушілік неге үдеп кетті және неге Шайтаннан қорқудың қажеті жоқ?

15 Иса 1914 жылы Құдай Патшалығының тағына отырғаннан кейін, Шайтанды көктен қуып шықты. Енді Шайтанның еркіндігі тек жер бетімен шектелген әрі оған өлім жазасы берілген (Аян 12:9, 12). Бірақ ол өзінің ақырын жай күтіп отырған жоқ. Екі көзін қан қаптаған ызалы Шайтан бар қаһарын Құдайдың халқына төгіп жатыр (Аян 12:13, 17). Сол себептен де Құдай халқына деген жеккөрушілік үдеп кетті. Алайда Шайтаннан да, оның жақтастарынан да қорқудың қажеті жоқ. Елші Пауыл айтқандай, “Құдай бізге жақ болса, кім бізге қарсы шыға алады?” (Рим. 8:31). Құдайымыз Ехобаға толықтай сенімді болайық, себебі, көріп отырғанымыздай, Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі пайғамбарлықтың басым бөлігі орындалып қойды.

16—18. Мұсаның 1-жазбасы 3:15-ті түсінгендері Кёртис, Урсула, Джесика бауырластарымызға қандай көмегін тигізді?

16 Ехобаның Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі уәдесі кез келген сынақта бізге тірек бола алады. Гуам аралында миссионер болып қызмет ететін Кёртис деген бауырлас былай дейді: “Менің Ехобаға деген адалдығымды сынаған қиындықтар мен көңілім қалған жағдайлар болды. Алайда Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі пайғамбарлық туралы ойланып-толғанғанның арқасында көктегі Әкеме деген сенімімді шайқалтпай, берік сақтап қалдым”. Кёртис бауырлас қиындықтарымыз келмеске кететінін уақытты асыға күтіп жүр.

17 Баварияда тұратын Урсула деген әйел бауырлас Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі сөздерді түсінгеннің арқасында Киелі кітаптың Құдайдан келгеніне көзі жете түсіпті. Пайғамбарлықтардың барлығы осы тармақтағы пайғамбарлықпен байланысты екенін көргенде, ол “япыр-ай!” деп таңғалған екен. “Ехоба адамзатты үмітсіз қалдырмау үшін бірден әрекет еткенін түсінгенімде, мен оны одан сайын жақсы көріп кеттім”,— дейді Урсула.

18 Микронезияда тұратын Джесика деген бауырлас былай дейді: “Шындықты тапқанымда өзімді қалай сезінгенім әлі есімде. Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі пайғамбарлық көз алдымда орындалып жатты. Бұл маған қазіргі өмірдің жалған екенін, Құдайдың ниетіне мүлдем басқа өмір кіретінін есте ұстауға көмектесті. Осы пайғамбарлық тағы мынаған сенімімді нығайтты: Ехобаға қызмет етсем, қазірдің өзінде мүмкіндігінше сапалы өмір сүремін, ал болашақта одан да бақытты боламын”.

19. Пайғамбарлықтың екінші жартысы орындалатынына неге сенімдіміз?

19 Байқағанымыздай, Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі пайғамбарлық орындалып жатыр. Біз әйелдің ұрпағы мен жыланның ұрпағы кімді білдіретінін анық білеміз. Әйелдің ұрпағының негізгі бөлігі Иса өкшесі шағылғаннан кейін айығып, қазір құдіретті әрі өлмес Патша болып отыр. Ал сол ұрпақтың екінші бөлігін құрайтындардың таңдалуы аяқталып келеді. Пайғамбарлықтың алғашқы жартысы орындалғандай, оның екінші жартысы да, яғни жыланның басы мыжылатыны да міндетті түрде орындалады. Құдайдың ата жауы Шайтан мәңгілікке жойылғанда, адал адамдар үшін бұл неткен жеңілдік болмақ! Сол уақыт келгенше нық тұрыңыз, еш берілмеңіз! Әкеміз Ехоба — бір сөзін де жерге тастамайтын сенімді Құдай. Ол әйелдің ұрпағы арқылы “жер бетіндегі барлық халықтарға” батасын қондырады (Мұс. 1-ж. 22:18).

23-ӘН Ехоба билік етуін бастады

^ Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі пайғамбарлықты жақсы түсінбей, Киелі кітаптың хабарын түсінеміз деп айта алмаймыз. Қазір сол пайғамбарлықты жан-жақты қарастырып, Ехобаға деген және оның уәделерінің ешқайсысы орындаусыз қалмайтынына деген сенімімізді нығайтатын боламыз.

^ “Жаңа дүние аудармасының” “Киелі кітаптағы хабар” деген Ә1 қосымшасын қараңыз.

^Мұсаның 1-жазбасы 3:14, 15-тегі кейіпкерлер” деген қоршауды қараңыз.