Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

28-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Құдай Патшалығы билік етуде!

Құдай Патшалығы билік етуде!

“Дүниенің үстінен патшалық ету билігі енді Иемізге және Мәсіхке тиесілі” (АЯН 11:15).

22-ӘН Құдай Патшалығы келсін!

АҢДАТПА *

1. Біз не нәрсеге сенімдіміз және неліктен сенімдіміз?

 БҮГІНДЕ қайда қарамайық, әлемдегі ахуал өршіп тұр. Көп отбасыларда береке-бірлік жоқ. Адамдар барған сайын өзімшіл, ашушаң, қатыгез болып барады. Көбісінің билік басында отырғандарға деген сенімдері жоғалған. Осының бәрін ойлағанда, еңсеңіз түсіп, түңіліп кететін шығарсыз. Бірақ білесіз бе, дәл осы жағдайлар жарқын болашаққа деген сеніміңізді бекемдей алады. Қалайша? Қазіргі адамдардың іс-әрекеттері мен мінез-құлықтары “соңғы күндерге” қатысты пайғамбарлықтың орындалып жатқанын көрсетеді (Тім. 2-х. 3:1—5). Ал бұл жайт, өз кезегінде, Иса Мәсіхтің көкте Құдай Патшалығының Патшасы болып билік етіп отырғанын дәлелдейді. Алайда бұл — Құдай Патшалығына қатысты көптеген пайғамбарлықтың біреуі ғана. Қазір соңғы жылдары орындалып жатқан басқа да пайғамбарлықтарға тоқталып, сенімімізді нығайтатын боламыз.

Даниял мен Аян кітаптарындағы пайғамбарлықтар бір-бірімен пазлдың бөлшектері сияқты үйлеседі. Осы пазлды тұтас алып қарағанда, Ехобаның күнтізбесінің қай жерінде жүргенімізді түсінеміз (2-абзацты қараңыз)

2. Бұл мақалада не қарастырамыз және оның қандай маңызы бар? (Мұқабадағы суретті айта кетіңіз.)

2 Бұл мақалада біз 1) Құдай Патшалығы қашан билік ете бастағанын, 2) Иса Мәсіх Құдай Патшалығының Патшасы болғанын және 3) Құдай Патшалығының жаулары қалай жойылатынын көрсететін пайғамбарлықтарды қарастырамыз. Бұл пайғамбарлықтар тұтас бір пазлдың бөлшектері сияқты. Оларды бірге қарастырғанда, көз алдымызда толық бір сурет пайда болады. Сонда біз Ехобаның күнтізбесінің қай жерінде жүргенімізді түсінеміз.

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ ҚАШАН БИЛІК ЕТЕ БАСТАДЫ?

3. Құдай Патшалығының Патшасына қатысты Даниял 7:13, 14 қандай сенімділік береді?

3 Даниял 7:13, 14-тегі пайғамбарлықтан Иса Мәсіхтің ең жақсы Билеуші болатынын көреміз. Барлық халықтардың адамдары оған қуана “қызмет ететін” болады. Ол Құдай Патшалығының ешқашан алмаспайтын мәңгілік Билеушісі болады. Даниял кітабындағы басқа пайғамбарлықтан Иса Мәсіх Құдай Патшалығындағы билігін жеті уақыттан кейін бастайтынын көреміз. Ал бұл қай кез екенін анықтау мүмкін бе?

4. Даниял 4:10—17 тармақтарға сай, Мәсіх қашан Құдай Патшалығының Патшасы болды?

4 Даниял 4:10—17 оқыңыз. “Жеті уақыт” 2520 жылдан тұратын кезеңді білдіреді. Бұл кезең б.з.б. 607 жылы бабылдықтар Ехобаның Иерусалимдегі тағынан соңғы патшаны түсіріп тастағанда басталды. Ал б.з. 1914 жылы Ехоба Құдай Патшалығының тағына “заңды иесі” — Исаны отырғызғанда, бұл кезең аяқталды * (Езек. 21:25—27).

5. “Жеті уақыт” туралы пайғамбарлықты білудің бір пайдасы қандай?

5 Пайғамбарлықтың пайдасы. “Жеті уақыт” туралы пайғамбарлықты түсінгеннің арқасында Ехоба уәделерін өз уақытында орындайтынына сеніміміз нығаяды. Құдай Патшалығы дәл ол белгілеген уақытта орнағандай, басқа пайғамбарлықтар да оның күнтізбесіне сай жүзеге асады. Ехобаның күні “еш кешікпейді!” (Абқ. 2:3).

ИСАНЫҢ ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫНЫҢ ПАТШАСЫ БОЛҒАНЫН АНЫҚТАУ

6. а) Мәсіхтің көкте билік ете бастағанының жерде қандай дәлелдері бар? ә) Осы жайтты Аян 6:2—8 тармақтардағы пайғамбарлық қалай шегелей түседі?

6 Жердегі қызметі аяқталардың алдында Иса ізбасарларына маңызды бір жайтты түсіндірді. Ол өзінің көкте билік ете бастағанын жер бетінде болатын қандай оқиғалардан білуге болатынын айтып берді. Сол оқиғалардың ішінде соғыстар, аштық, жер сілкіністері және соңғы кезде “түрлі жерлерде” болған COVID-19 пандемиясы да бар. Осы оқиғалардың бәрі Мәсіхтің осында болуының “белгісіне” жатады (Мат. 24:3, 7; Лұқа 21:7, 10, 11). Иса өліп, көкке қайта тірілгеннен кейін 60-тан аса жыл өткен соң, елші Жоханға аян беріп, осы оқиғалардың болатынын тағы да шегелей түсті (Аян 6:2—8 оқыңыз). Сол оқиғалардың бәрі 1914 жылы Иса көкте таққа отырғалы бері орындалып келеді.

7. Иса Патша болғалы неге жер беті қасіретке толды?

7 Неге Иса Патша болғалы жер бетінде жағдай ушығып барады? Бұның себебін Аян 6:2-ден көреміз. Таққа отырып, қолына билік алған Иса шайқасқа аттанды. Кімге қарсы? Ібіліс пен жын-перілерге қарсы. Аян 12-тарауға сай, Шайтан бұл соғыста жеңіліп, жын-перілерімен бірге жер бетіне лақтырылды. Ашуға булыққан ол бар өшін адамзаттан ала бастады. Осылай жер беті қасіретке толды (Аян 12:7—12).

Жаман жаңалықтар бізді қуантпайды, әрине, бірақ пайғамбарлықтардың орындалуы көкте Құдай Патшалығының билік етіп жатқанына деген сенімімізді нығайтады (8-абзацты қараңыз)

8. Құдай Патшалығына қатысты пайғамбарлықтардың орындалуын көргеніміз несімен пайдалы?

8 Пайғамбарлықтың пайдасы. Дүниеде болып жатқан оқиғалар мен адамдардың мінез-құлқындағы айтарлықтай өзгерістер Исаның көкте Патша болғанын көрсетеді. Сондықтан адамдардың асқан өзімшілдікпен, жауыздықпен әрекет етіп жатқанын көргенде, күйініп, түңілудің орнына Киелі кітаптағы пайғамбарлықтың орындалып жатқанын есте ұстаңыз. Құдай Патшалығы билік етіп жатқанын ұмытпаңыз! (Зәб. 37:1). Армагеддон жақындаған сайын, әлемнің ахуалы асқына береді (Мар. 13:8; Тім. 2-х. 3:13). Соған дайын болыңыз. Көктегі қамқор Әкеміз заманның неге алай-дүлей болып кеткенін түсіндіріп отыратынына қаншалықты ризамыз десеңізші!

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫНЫҢ ЖАУЛАРЫ ҚАЛАЙ ЖОЙЫЛАДЫ?

9. Даниял 2:28, 31—35 дейінгі пайғамбарлықта соңғы дүниежүзілік держава қалай сипатталған және ол қашан пайда болды?

9 Даниял 2:28, 31—35 оқыңыз. Бүгінде біз осы пайғамбарлықтың орындалуына куә болып жүрміз. Навуходоносордың түсі Иса Патша болғаннан кейін “соңғы күндері не болатынын” көрсетеді. Киелі кітапта Исаның жердегі жауларына жататын соңғы дүниежүзілік держава туралы айтылады. Ол “жартылай темірден, жартылай саздан” деп сипатталған. Бұл держава әлем сахнасына шығып қойған. Ол Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Британия мен Құрама Штаттардың қоян-қолтық қызметтесіп, одақтасуынан пайда болды. Осылайша Англо-Америка державасы құрылды. Навуходоносордың түсінде осы державаның кем дегенде екі ерекшелігі туралы айтылады. Соларға қарап, біз оны алдыңғы патшалықтардан ажырата аламыз.

10. а) Англо-Америка одағын Даниялдың пайғамбарлығы қалай дәл сипаттап кеткен? ә) Біз неден сақ болуымыз керек? (“ Саздан сақ болыңыз!” деген қоршауды қараңыз.)

10 Бірінші ерекшелігі — Англо-Америка одағы алдыңғы державалар сияқты алтын не күміс іспетті қатты металдан емес, темір мен саздан тұрады. Бұл пайғамбарлықтағы саз “адамзатты”, яғни қарапайым халықты білдіреді (Дан. 2:43 сілт.). Расында да, халықтың сайлауға араласуы, азаматтық құқықтары үшін күресуі, жаппай шерулер мен жұмысшылардың ереуілдері Англо-Америка державасына саясатын еркін жүргізуге кедергі болып отыр.

11. Неліктен Англо-Америка державасының билік етуі соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызға сендіреді?

11 Англо-Америка державасының екінші ерекшелігі — пайғамбарлықтағы алып мүсіннің табаны, яғни дүниежүзілік державалардың ең соңғысы екендігі. Одан кейін билікке келетін басқа держава болмайды. Армагеддонда Құдай Патшалығы оны қалған адами үкіметтердің барлығымен қоса лезде-ақ тас-талқан етеді * (Аян 16:13, 14, 16; 19:19, 20).

12. Даниялдың алып мүсін жайлы пайғамбарлығының біз үшін қандай пайдасы бар?

12 Пайғамбарлықтың пайдасы. Даниялдың пайғамбарлығы — соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызға дәлел. 2500 жылдан астам уақыт бұрын Даниял Бабыл империясынан кейін Құдай халқына айтарлықтай ықпал ететін тағы 4 дүниежүзілік империяның болатынын айтты. Бұған қоса, сол империялардың ең соңғысы Англо-Америка болатынын ашып берді. Демек, Құдай Патшалығы адами биліктің бәрін қиратып, жердің түкпір-түкпірінде өзі ғана билік ететін кезге жақын қалды! (Дан. 2:44). Осыны білгеніміз бізге зор жұбаныш пен үміт береді.

13. Аян 17:9—12 тармақтардағы “сегізінші патша” деген және “он патша” деген нені бейнелейді және бұл пайғамбарлық қалай орындалды?

13 Аян 17:9—12 оқыңыз. Бірінші дүниежүзілік соғыс жер бетіне үлкен қасірет алып келгендіктен, дүниежүзі бойынша үкімет басылары тыныштық пен бейбітшілікке қол жеткізуді аңсады. Сонда соңғы күндерге қатысты Киелі кітаптағы тағы бір пайғамбарлық жүзеге асты. Үкімет басылары 1920 жылдың қаңтарында Ұлттар Лигасын құрды. 1945 жылдың қазан айында ол Біріккен Ұлттар Ұйымына алмасты. Бұл ұйым “сегізінші патша” деп те аталады. Бірақ ол — дүниежүзілік держава емес. Біріккен Ұлттар Ұйымы күш пен билікті оны қолдап-демеп отырған үкіметтерден алады. Киелі кітапта сол үкіметтердің бәрі бейнелі тілде “он патша” деп аталған.

14, 15. а) Аян 17:3—5 тармақтардан Ұлы Бабылға қатысты не білеміз? ә) Бүгінде жалған діндердің қолдаушылары не істеп жатыр?

14 Аян 17:3—5 оқыңыз. Құдай берген аянда елші Жохан “Ұлы Бабыл” деп аталатын жезөкшені көреді. Ол дүниежүзілік жалған діндер империясын білдіреді. Жоханның бұл аяны қалай орындалды? Жалған діндер сонау заманнан бері үкіметтермен тығыз араласып, оларға батасын беріп келеді. Алайда Ехоба жақында сол үкіметтердің “жүректеріне өз ойын салып, жүзеге асыртқанда” не болатынын білесіз бе? Үкіметтер, яғни “он патша” жалған діндерге тап беріп, олардың көзін құртады (Аян 17:1, 2, 16, 17).

15 Ұлы Бабылдың ақыры таяп қалғанын қайдан білеміз? Бұл үшін ежелгі Бабыл қаласын еске алайықшы. Қаланың біршама жерін ірі Евфрат өзені қоршап, жаудан қорғап тұратын. Аян кітабында Ұлы Бабылдың да миллиондаған қолдаушылары “суларға” теңеледі (Аян 17:15). Бірақ Аян 16:12-де оның суы “кеуіп қалатынын” білеміз. Демек, жалған діндер империясы өзінің көптеген қолдаушыларынан айырылмақ еді. Біз осы пайғамбарлықтың орындалуын бүгінде көріп жүрміз. Себебі көптеген адам жалған діндерден безіп, көкейлеріндегі сұраққа жауапты басқа жерден іздеп кеткен.

16. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Ұлы Бабылдың жойылуына қатысты пайғамбарлықтарды түсінгеніміздің қандай пайдасы бар?

16 Пайғамбарлықтың пайдасы. Біріккен Ұлттар Ұйымының пайда болуы және жалған діндерден адамдардың көптеп кетіп жатқаны соңғы күндерде өмір сүріп жатқанымызды айқындай түседі. Дегенмен Ұлы Бабылдың жойылуы бейнелі суларының кеуіп жатқанынан емес, басқа себептен болады. Жоғарыда айтылып кеткендей, Ехоба “он патшаның”, яғни Біріккен Ұлттар Ұйымын қолдаушы үкіметтердің “жүректеріне өз ойын салып, жүзеге асыртады”. Жалған діндер күтпеген жерден жойылатыны сонша — бүкіл адамзаттың төбесіне жай түскендей болады * (Аян 18:8—10). Бұл жағдай дүниені дүр сілкіндіріп, біраз қиындықтар тудыратын шығар. Бірақ Құдай халқы үшін қуануға кем дегенде 2 себеп бар. Біріншіден, Ехоба Құдайдың баяғыдан келе жатқан жауы мәңгілікке жойылады. Екіншіден, осы зұлым дүниеден құтылатын кезіміз қол созым жерде тұрады! (Лұқа 21:28).

АЛДАҒЫ КҮНДЕРДІ СЕНІММЕН ҚАРСЫ АЛЫҢЫЗ

17, 18. а) Сенімімізді қалай нығайта берсек болады? ә) Келесі мақалада не туралы қарастырамыз?

17 Даниял пайғамбар “шынайы білім молая түседі” деп алдын ала айтып кеткен. Осы сөздердің орындалып жатқанына бүгінде бәріміз куәміз. Өйткені біздің кезімізге қатысты пайғамбарлықтардың мәнін түсініп жатырмыз (Дан. 12:4, 9, 10). Сол пайғамбарлықтардың туралығы бізді қайран қалдырып, Ехобаға және оның Сөзіне деген құрметімізді асырады (Ишая 46:10; 55:11). Ендеше, Жазбаларды тыңғылықты зерттеп, сеніміңізді нығайта беріңіз және басқаларға да Ехобамен жақсы қарым-қатынаста болуға көмектесе беріңіз. Ехоба оған “толық арқа сүйейтіндерді аман сақтайды” және “ұзағынан тыныштық сыйлайды” (Ишая 26:3).

18 Келесі мақалада осы заманның соңындағы мәсіхшілер қауымына қатысты пайғамбарлықтарға назар аударамыз. Сонда қалған пайғамбарлықтар сияқты олар да соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды дәлелдейтінін көресіз. Сондай-ақ тақта отырған Патшамыз Иса адал ізбасарларын жетелеп келе жатқанының көптеген дәлелдерін байқайсыз.

61-ӘН Алға, Куәгерлер!

^ Біз қазір адамзат тарихындағы ең елеулі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Киелі кітаптың көп пайғамбарлықтарында айтылып кеткендей, Құдай Патшалығы орнап қойды. Сол пайғамбарлықтардың кейбірін осы мақалада қарастырамыз. Сонда Ехобаға деген сеніміміз күшейеді және қазір де, алдағы күндерде де оған сенім артып, уайымдамайтын боламыз.

^ “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабынан 32-сабақ, 4-тақырыпшаны және jw.org сайтынан “Құдай Патшалығы 1914 жылы билік ете бастады” деген видеоны қараңыз.

^ Даниялдың пайғамбарлығы жайлы толығырақ білу үшін, 2012 жыл, 15 маусымдағы “Күзет мұнарасының” 14—19 беттерін қараңыз.

^ Алдымызда болатын жағдайлар туралы “Құдай Патшалығы билік етуде!” кітабының 21-тарауынан толығырақ біле аласыз.