ӨМІРБАЯН
Біреуге бір сәт көңіл бөлгенің оның бүкіл өміріне әсер ететінін түсіндім
“Англикан шіркеуінде шындық жоқ, оны басқа жақтан іздеңдер”. Шіркеуге барып жүрген әжемнің осы сөздерінен кейін анам ақиқат дінді іздей бастады. Бірақ Канаданың Торонто қаласында үйімізге Ехоба куәгерлері келгенде, анам олармен сөйлескісі келмеді, ал маған тығылып қал деді. Алайда 1950 жылы нағашы әпкем Куәгерлермен Киелі кітапты зерттей бастағанда, анам оған қосылып, екеуі соның үйінде зерттейтін. Кейін олар шомылдыру рәсімінен өтті.
Әкем Канаданың біріккен шіркеуінде қызмет ететін. Ол қарындасым екеумізді жексенбі сайын шіркеудің балаларға арналған сабақтарына апаратын. Сосын, сағат 11:00-де әкеме шіркеуге баратынбыз. Ал түстен кейін анам бізді Патшалық сарайына апаратын. Екі діннің айырмашылығын сол кезде анық көретінбіз.
Анам Киелі кітаптан білгендерін Боб пен Мэрион деген бұрыннан келе жатқан достарымен бөлісті. Осылай Хатчесондар отбасы да шындықты қабылдады. 1958 жылы олар мені үш ұлына төртінші қылып қосып, Нью-Йоркте өткен “Құдайдың еркі” деп аталатын халықаралық конгреске алып кетті. Қазір ойлап отырсам, Хатчесондар отбасы сегіз күндік сол конгреске мені де апарып, үлкен ерлік жасаған екен. Солардың арқасында сол конгресс өмірімдегі елеулі оқиғалардың бірі болып есте қалды.
МАҒАН КӨҢІЛ БӨЛІП, ЖОЛЫМДЫ БАҒЫТТАҒАНДАР
Жасөспірім кезімде фермада тұрдық. Сонда үй жануарларына қарап, оларды күтіп-баққанды жақсы көретінмін. Содан мал дәрігері болу жайлы шындап ойлана бастадым. Осы ойым жайлы анам қауымдағы бір ақсақалға айтып еді, ол “соңғы күндері” өмір сүріп жатқанымызды жұмсақтықпен еске салды да: “Бірнеше жыл бойы жоғары оқу орнында жүргенің Ехобамен достығыңа қалай әсер етуі мүмкін?”— деп сұрады Тім. 2-х. 3:1). Осы әңгімеден кейін жоғары оқу орнына түспеймін деп шештім.
(Мектепті бітіргеннен кейін немен айналысарымды білмей жүрдім. Демалыс күндері қызметке шыққанмен, қуаныш алмайтынмын, ізашар болуға да ынтам болмады. Сол уақыттары әкемнің інісі Торонтоның ірі сақтандыру компаниясында лауазымды қызмет атқаратын. Әкем екеуі сол компанияда толық уақыт жұмыс істеуге талпындырғанда, мен келістім.
Торонтода жұмысқа көп уақытым кететін. Айналамдағылардың бәрі Куәгер емес адамдар болғандықтан, рухани істерден бірте-бірте қол үзе бастадым. Мен атаммен бірге тұратынмын, ол кісі шындықта емес еді. Атам қайтыс болғаннан кейін, тұратын басқа жер табу керек болды.
1958 жылғы халықаралық конгреске апарған Хатчесондар отбасы маған өз отбасымдай болып кеткен еді. Олар мені үйлеріне шақырып, бірге тұруды ұсынды. Бұл отбасы мені рухани жағынан қатайтты. Содан, 1960 жылы ұлдары Джонмен бірге шомылдыру рәсімінен өттім. Джон ізашарлық қызметті бастап, мені де қызметке белсенді қатысуға талпындырды. Рухани жақсы өсіп жатқанымды қауымдағы ер бауырластар байқап, Теократиялық қызмет мектебінің қызметшісі етіп тағайындады a.
ҚОСАҒЫМДЫ ТАУЫП, ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕ КІРІСУІМ
1966 жылы Ренди Берг деген құлшынысты ізашар бауырласпен отау құрдым. Ренди жариялаушылар жетіспейтін аймақта қызмет еткісі келетін. Бір аралаушы бақылаушы екеуімізге жеке көңіл бөліп, әңгімесінде Онтарио провинциясының Ориллия қаласындағы қауымға көмек керек екенін айтты. Сөйтіп, әйелім екеуіміз буынып-түйініп, Ориллияға жол тарттық.
Жаңа қалаға келісімен-ақ тұрақты ізашарлық қызметке кірістім. Сөйтіп, Ренди сияқты менің де құлшынысым жалындап шыға келді. Ізашарлық қызметке шындап кіріскендіктен, Киелі кітапты қолданудан, адамдардың шындықты
қалай қабылдап жатқанынан қуаныш ала бастадым. Бір ерлі-зайыптыға өмірлерін өзгертіп, Ехобаның қызметшісі болуға көмектескеніміз мен үшін үлкен бата болды!ТІЛІМ ДЕ, ОЙ ҚАЛПЫМ ДА ӨЗГЕРІП КЕТТІ
Торонтоға барғанымда, Бетелде жетекшілік ететін ер бауырластардың біреуін кездестірдім. Бұл Арнольд Макнамара бауырлас болатын. Ол бізден: “Арнайы ізашар болуға қалай қарайсыңдар?”— деп сұрады. Сонда мен: “Өте жақсы қараймыз. Тек Квебекке жібермесеңдер болды”,— дедім. Маған ағылшын тілді канадалықтардың Квебек провинциясындағы француз тілді канадалықтар жайлы айтқан теріс пікірлері әсер етіп кетсе керек. Себебі сол кезде Квебекте көтерілістер болып, адамдар Канададан тәуелсіздік алуға әрекеттеніп жатқан болатын.
Арнольд бауырлас: “Бетел қазір арнайы ізашарларды тек қана Квебекке жіберіп жатыр”,— деді. Сонда мен бірден келістім. Ренди де сол жерде баяғыдан қызмет еткісі келетін. Квебекке барғанымыз дұрыс шешім болғанына кейін көзім жетті.
Француз тілін үйрететін курсқа бес апта қатысқаннан кейін, Ренди екеуміз бір ерлі-зайыптымен бірге Римуски қаласына келдік. Бұл Монреаль қаласының солтүстік-шығысында, 540 шақырым жерде жатқан қала. Француз тілін әлі жақсы меңгермегенім бір кездесуде білініп қалды. Хабарландыруда алдағы конгресте көп делегаттар қабылдау керектігін айтып жатқанда, “австриялықтар келеді” деудің орнына “түйеқұстар келеді” деп айтып жіберіппін.
Римускиде төртеумізден басқа тағы төрт құлшынысты қыз бауырлас және екі қызы бар Юбердолар отбасы болды. Юбердолар отбасы ізашарларға жеті бөлмелі үлкен үйлерін жалға беретін. Оның сырты да, бағаналары да аппақ болғандықтан, біз оны “Ақ үй” деп атап кеттік. Ол үйде 12-14 адамға дейін тұра беретінбіз. Ренди екеуіміз арнайы ізашар болғандықтан, таңертең де, түсте де, кешке де қызметке шығатынбыз. Күннің қай мезгілінде шықсақ та, тіпті қыстың қақаған кештерінде де, серік табылатынына өте риза едік.
Сол адал ізашарлармен біз бір үйдің балаларындай болып кеттік. Кейбір кештері далаға шығып, от жағып отыратынбыз. Ал кейде “вареник күнін” жасап, ішіне әртүрлі нәрселер салып, вареник пісіріп жейтінбіз. Арамыздағы бір ер бауырлас музыкант болғандықтан, сенбі күндері кешке ән айтып, би билейтінбіз.
Римускиде біз өңдеген танап жеміс әкеле бастағанда, қуанышымызда шек болмады! Бес жылдың ішінде Киелі кітапты зерттеген адамдардың біразы шомылдыру рәсімінен өтті. Сөйтіп, қауымдағы жариялаушылардың саны 35-ке жетті.
Квебекте біз уағыздаушылар ретінде әбден шыңдалдық. Ехоба қызметімізді жарылқап қана қоймай, тұрмыстық жағынан да қамдады. Сондай-ақ біз французша сөйлейтін адамдардың тілін де, мәдениетін де жақсы көріп кеттік. Осының арқасында өзге мәдениеттер де ұнай бастады (Қор. 2-х. 6:13).
Күтпеген жерден филиал бізге Нью-Брансуик провинциясының шығыс жағалауындағы Тракади қаласына көшуді айтты. Сол кезде басымызға жай түскендей болды, өйткені алдында ғана жалға үй алу және бір мектепте аптасына бірнеше сағат сабақ беру туралы келісімшартқа қол қойып қойған едім. Оның үстіне, зерттеушілеріміздің кейбірі кеше ғана жариялаушы болған еді және
соғып жатқан Патшалық сарайымызды ортасына дейін көтеріп тастаған едік.Содан не керек, демалыс күндері жатпай-тұрмай дұға етумен болдық. Сосын, Тракади қаласын көріп келдік. Ол жер Римускиден мүлдем өзгеше екен. Алайда Ехоба біздің сол жерде болғанымызды қаласа, онда барамыз деп шештік. Осылай Ехобаны сынап көріп едік, ол кедергілердің бәрін алып тастады (Малх. 3:10). Жүктердің бәрін жинап, көшуіміз де жеңіл өтті. Бұл Рендидің жақсы рухани күйінің, жанқиярлығының және әзілкештігінің арқасы.
Бұл жердегі қауымда Роберт Росс деген бір ғана ақсақал бар екен. Ол әйелі Линда екеуі осында ізашар болып қызмет етіпті. Кейін ұлдары дүниеге келгенде де, олар осында қала беруді шешкен екен. Кішкентай сәбилері болса да, Роберт пен Линда бізді керемет қабылдады. Олардың құлшыныстары, беріктігі Ренди екеуімізді жігерлендіріп тастады.
ЖЕР ТАҢДАМАЙ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ БАТАЛАРЫ
Тракадиде екі жыл ізашар болғаннан кейін біз тағы бір тосын сый алдық. Бұл аралаушы бақылаушы болып қызмет ету туралы хат болатын. Содан, ағылшын тілді танапта жеті жыл қызмет еттік. Кейін Квебектегі француз тілді танапқа қайта тағайындалдық. Квебектегі облыстық бақылаушымыз Леонс Крепо менің баяндамаларымды мақтап тұратын. Бірақ кейін ол: “Баяндамаңның практикалық жағын қалай жақсартсаң болады?”— деп сұрайтын болды b. Оның маған осылай көңіл бөліп, көмектескенінің арқасында тиімді әрі қарапайым түрде тәлім беретін болдым.
1978 жылы Монреальда өткен “Сенім жеңісі” деген халықаралық конгресте атқарған тапсырмам қатты есімде қалып кетті. Мен тамақ үлестіру бөлімінде қызмет еттім. Бізге 80 000 адамды күту керек еді. Бұл жолғы конгресте бәрі — ас мәзірі болсын, құрал-жабдықтар мен тамақ дайындау әдісі болсын — жаңаша болды. Таңғы асты дайындау үшін пештерді таң атпай тұрып қосатынбыз. 20 шақты үлкен-үлкен тоңазытқыш-фургондарын алдыртып едік, кейде олар істемей қалып жатты. Дайындықтың бірінші күні стадионда бір спорттық шара өтіп, түннің бір жарымына дейін кіре алмай жүрдік. Әрине, біз қатты шаршадық, бірақ қасымдағы толысқан, еңбекқор әрі әзілқой ерікті қызметшілерден көп нәрсе үйрендім. Сол бауырластармен біз әлі күнге дейін доспыз. 1940-1950 жылдар аралығында Куәгерлерді аяусыз
қуғындаған Квебек провинциясында осындай үлкен рухани той өткенін мен ешқашан ұмытпаспын!Монреальда өткен үлкен конгрестерде өзім сияқты аралаушы бақылаушылардан көп нәрсе түйдім. Сол конгрестердің бірінде Дейвид Сплэйн бауырлас (қазір ол Басқарушы кеңесте қызмет етеді) конгрестің өтуіне жауапты болды. Ал жоғарыда айтып кеткен конгресте мен тамақ үлестіруге тағайындалғанда, Дейвид бауырлас маған көп қолғабыс етті.
2011 жылы аралаушы бақылаушы болып жүргеніме 36 жыл болғанда, мені Қауым ақсақалдарына арналған мектепте оқытушы болуға шақырды. Содан, Ренди екеуміз екі жылдың ішінде 75 түрлі жерде түнеп шықтық. Бірақ бұл мектеп кез келген құрбандыққа татитын. Аптаның соңында ақсақалдар Басқарушы кеңес олардың рухани күйін қатты ойлайтынына риза болып, жылы лебіздерін білдіріп жататын.
Кейін мен Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепте сабақ бердім. Кестелері өте тығыз болғандықтан, олар күнде сыныпта 7 сағаттан отыратын, күніге кешке 3 сағаттан үй жұмысын жасайтын және аптасына 4-5 тапсырмадан орындайтын. Бірақ Ехобаның көмегінсіз бұның ешқайсысын да атқара алмайтындарын қасымдағы оқытушы екеуміз оларға айтып түсіндіретінбіз. Оқушылар Ехобаға арқа сүйегенде, өздері ойлағаннан әлдеқайда көп нәрсе істей алғандарына таңғалып қалатын.
БІРЕУГЕ КӨҢІЛ БӨЛУДІҢ МОЛ ПАЙДАСЫ
Анам жеке көңіл бөлгеннің арқасында зерттеушілері рухани өсе бастады, тіпті әкем де шындыққа жақсы қарайтын болды. Анам қайтыс болғаннан кейін үшінші күні Патшалық сарайына көпшілікке арналған баяндамаға әкем кіріп келгенде, таңғалып қалдық! Осыдан кейін 26 жыл бойы әкем қауым кездесулерін қалдырмады. Бірақ ол сол күйі шомылдыру рәсімінен өтпеді. Алайда ақсақалдар маған: “Кездесуге ерте келетіндердің бірі сенің әкең еді”,— деп айтатын.
Анамның көрсеткен үлгісі текке кетпеді. Бүгінде үш қарындасым мен олардың жұбайлары Ехобаға адал қызмет етіп жүр. Қарындастарымның екеуі Португалиядағы филиалда, ал біреуі Гаитидегі филиалда қызмет етеді.
Қазір Онтарио провинциясының Гамильтон қаласында арнайы ізашар болып қызмет етеміз. Аралаушы бақылаушы кезімде басқа бауырластардың қайта барулары мен зерттеу сабақтарына баратын едік, ал енді өз зерттеушілеріміздің рухани өсіп жатқанын көріп қуанамыз. Жаңа қауымдағы бауырластармен жақын араласып, Ехоба оларды өмірдің ащы-тұщысында қалай қолдағанын біліп, жігерленіп жатырмыз.
Өміріме көз тастасам, бізге көп адам көңіл бөліп, көмектесіпті. Біз де басқа бауырластарға көңіл бөліп, Ехобаға барларын беруге талпындырдық (Қор. 2-х. 7:6, 7). Осы ретте бір жағдайды айтып берейін. Бір ер бауырластың әйелі, ұлы мен қызы толық уақытты қызмет ететін. Мен сол ер бауырласқа: “Ізашар болғың келмей ме?— деп едім, ол: —Мен үйімдегі үш ізашарды асырап отырмын ғой”,— деді. Сонда мен: “Оларды кім жақсырақ асырайды, сен бе, Ехоба ма?”— дедім. Мен оны ізашарлық қызметтің дәмін татып, өзінің отбасы сезініп жүрген қуанышты сезініп көрсе екен дедім. Сөйтіп, алты айдың ішінде ол бауырлас та ізашар болды.
Ренди екеуіміз Ехобаның керемет істерін “келер ұрпаққа” жариялай береміз. Біз сезінген қуанышты олар да сезінетініне сенімдіміз (Зәб. 71:17, 18).
a Қазір “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуінің бақылаушысы.
b Леонс Крепо бауырластың өмірбаянын 2020 жылдың ақпан айындағы “Күзет мұнарасының” 26—30 беттерінен таба аласыз.