32-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Ехобаға ұқсап иліккіш болыңыз
“Иліккіш екендеріңді жұрттың бәрі көретін болсын” (ФІЛІП. 4:5, сілт).
89-ӘН Құдайға құлақ асып, батаға кенел
АҢДАТПА a
1. Мәсіхшілер қай мағынада ағаш сияқты болу керек? (Суретті де қараңыз.)
“ИІЛГЕН ағаш желге сынбас” деген сөз бар. Майысқанының арқасында көп ағаш дауылда сынып кетпей, қайта, әрі қарай жайқалып өсе береді. Рухани жайқала беру үшін мәсіхшілер де иліккіш болу керек. Мысалы, өміріміздегі жағдайлар күрт өзгергенде бейімделіп кетуге және басқалардың көзқарасы мен шешімін құрметтеуге дайын болғанымыз жөн.
2. Өмірдегі өзгерістерге бейімделуге қандай қасиеттер көмектеседі және бұл мақалада не қарастырамыз?
2 Ехобаға ғибадат еткендіктен, біз де ол сияқты иліккіш болғымыз келеді. Сондай-ақ кішіпейіл әрі жанашыр болуды қалаймыз. Осы қасиеттер көп мәсіхшіге өмірдің сан алуан жағдайына бейімделуге көмектескен. Осы мақалада солардың үлгісін қарастыра отырып, өзімізге сабақ аламыз. Бірақ алдымен иліккіштік қасиетінің ең үздік үлгілері — Ехоба мен Исадан не үйренетінімізді көрейік.
ЕХОБА ДА, ИСА ДА ИЛІККІШ
3. Ехобаның иліккіш екенін қайдан білеміз?
3 Киелі кітапта Ехоба “Жартас” деп аталады, өйткені оған беріктік пен мызғымастық тән (Мұс. 5-ж. 32:4). Десе де ол — иліккіш Құдай. Мысалы, дүниедегі жағдай сан құбылып жатса да, Ехоба соған бейімделіп, өз ниетін іске асырады. Ол бізді өзіне ұқсас етіп жаратқандықтан, біз де жаңа жағдайға бейімделіп кете аламыз. Сондай-ақ Ехоба өзінің Сөзінде түрлі қиындықта ақылмен әрекет етуге көмектесетін принциптер берген. Байқағанымыздай, Ехоба “Жартастай” берік бола тұра, иліккіш екенін оның өзі де, Сөзіндегі принциптер де көрсетеді.
4. Ехобаның иліккіш екеніне дәлел келтіріңіз (Мұсаның 3-жазбасы 5:7, 11).
4 Ехоба адамдарға қатал емес, оның заң-талаптары кемелді әрі иліккіш. Кезінде оның Исраил халқына қалай бейімделгенін алайықшы. Ехоба бай болсын, кедей болсын — бәрі бірдей құрбандық әкелсін деп талап етпеген. Кей жағдайларда адамға өз шамасына қарай құрбандық ұсынуға рұқсат еткен (Мұсаның 3-жазбасы 5:7, 11 оқыңыз).
5. Ехобаның кішіпейілділігі мен жанашырлығына мысал келтіріңіз.
5 Ехобаның иліккіштігінің артында кішіпейілділік пен жанашырлық қасиеттері жатыр. Мысалы, әбден зұлымдыққа батқан Содом қаласын жоямын дегенде Ехобаның қалай кішіпейілділік танытқанын алайықшы. Әділ Лұтты құтқарып қалу үшін, ол оған періштелерін жіберіп, тауға қашуды бұйырады. Бірақ Лұт ол жаққа баруға қорқып, жақын жердегі Сиғор қалашығын паналайыншы деп жалынады. Ал Ехоба Сиғорды да үкімге кесіп қойған болатын. Сонда ол Лұтқа “айтқаным — айтқан, қалай бұйырдым, солай істе” деген жоқ. Қайта, оның өтінішін орындап, Сиғорды аман алып қалды (Мұс. 1-ж. 19:18—22). Ал кейін ғасырлар өте Ехоба Ниневия халқына жанашырлық көрсетті. Басында ол зұлымдық жайлаған бұл қалаға пайғамбарын жіберіп, қаланың өзі де, тұрғындары да құрып жоқ болатынын жария еткізген. Бірақ кейін олар күнәларына өкінгенде, Ехоба оларды аяп, қаланы жоямын деген райынан қайтады (Жүніс 3:1, 10; 4:10, 11).
6. Иса Ехобаға еліктеп, қалай иліккіш болғанын айтып беріңіз.
6 Иса да Ехобаға ұқсап иліккіш болған. Ол, негізінен, тек “Исраил үйінің жоғалған қойларына жіберілген” еді. Бірақ осы тапсырманы атқара жүріп, ол иліккіш болды. Мысалы, бірде өзге ұлттың әйелі “жын буып, қатты қиналып жатқан” қызын сауықтыруды өтінгенде, Иса жаны ашып, оның тілегін орындады (Мат. 15:21—28). Тағы бір жағдайды келтірейік. Қызметі басталғанда Иса: “Менен танған әркімнен... мен де танамын”,— деген болатын (Мат. 10:33). Ал кейін Петір одан үш рет танып кеткенде, Иса одан теріс айналды ма? Жоқ, өйткені ол Петірдің шын өкінгенін және сенімін көрді. Қайта тірілген соң Петірге көрінгенде, ол оны әлі де жақсы көретінін және кешіргенін білдірді (Лұқа 24:33, 34).
7. Філіпіліктерге 4:5-ке сәйкес, біз қандай адам болғымыз келеді?
7 Ехоба мен Исаның қандай иліккіш екенін көрдік. Ал біз ше? Ехоба бізге де иліккіш болыңдар дейді (Філіпіліктерге 4:5 оқыңыз). Ендеше, өзімізді былай деп тексеріп көрейік: “Адамдар мені иліккіш, көнуге дайын, шыдамды деп біле ме? Әлде мені қатал, өзінің айтқаны болмаса, басқаға көнбейді деп санай ма? Өзімше бір заңдар шығарып, басқалардан соны талап етемін бе? Әлде олардың да қалауын ескеріп, мүмкін болса, көнемін бе?” Біз неғұрлым иліккіш болсақ, Ехоба мен Исаға соғұрлым еліктейтінімізді көрсетеміз. Ал қазір иліккіш болуды талап ететін екі жағдайды қарастырайық. Біріншісі — өмірімізде өзгерістер болғанда, екіншісі — басқалардың көзқарасы мен шешімдері біздікінен өзгеше болғанда.
ӨЗГЕРІСКЕ БЕЙІМДЕЛУ
8. Өміріміздегі өзгерістерге бейімделуге не көмектеседі? (Сілтемені де қараңыз.)
8 Өмірімізде тосын өзгеріс болғанда, иліккіш болып, бейімделе білгеніміз маңызды. Өйткені бұндай өзгерістер әдетте жалғыз келмей, тосын қиындықтар тудырып жатады. Біздің күтпеген жерден денсаулығымыз нашарлап кетуі мүмкін, я болмаса елімізде аяқ астынан экономика құлдырап не саяси өзгерістер болып, өміріміздің астан-кестені шығуы мүмкін (Уағ. 9:11; Қор. 1-х. 7:31). Тіпті Ехобаның ұйымындағы қызметіміз өзгерген жағдайда да біраз есеңгіреп қалармыз. Десе де кез келген өзгеріске бейімделіп кете аламыз. Ол үшін мына төрт қадамды жасау қажет: 1) көну, 2) алға назар тігу, 3) жақсы жақтарын көре білу, 4) басқаларға көмектесу b. Ал енді кейбір бауырластар осы кеңестердің қандай пайдасын көргенін қарастырайық.
9. Ерлі-зайыпты бауырластарымыз күтпеген қиындықтарға қалай төтеп берді?
9 Жаңа жағдайға көну. Шетелге миссионер болып тағайындалған Эммануел мен Франческа бауырластарды алайықшы. Олар енді тілді меңгеріп, жаңа қауымға үйренісе бастағанда, COVID-19 пандемиясы басталып, үйден шыға алмай қалады. Сосын, күтпеген жерден Франческаның анасы қайтыс болады. Пандемияның кесірінен аяқ-қолы тұсауланып, жақындарының қасында бола алмағаны Франческаның жанына қатты батады. Үсті-үстіне болған осындай қиыншылықтарға олар қалай төтеп берді? Олар Ехобаға дұға етіп, бір күннің уайымын ғана ойлауға даналық берші деп сұрайды. Сонда Ехоба оларды рухани ойлармен дер кезінде жігерлендіріп отырады. Мысалы, оларға Дмитрий Михайлов бауырластың сұхбатындағы мына сөздер қатты әсер етіпті: “Жаңа жағдайға неғұрлым тезірек бейімделсек, соғұрлым тезірек қайтадан қуанышқа кенеліп, сол уақытты дұрыс қолданатын боламыз” c. Екіншіден, олар телефонмен уағыздауды барынша жақсартып, тіпті бір зерттеу сабағын бастайды. Үшіншіден, жергілікті бауырластардың сүйіспеншілігі мен қолдауын ризашылықпен қабылдай біледі. Мәселен, бір әйел бауырлас оларға бір жыл бойы күніге Киелі кітаптан қысқаша ойлар жіберіп тұрған екен. Тура осылай біз де жағдайдың өзгергеніне көніп, бейімделе білсек, қолдан келгенін істеп, содан қуаныш аламыз.
10. Әйел бауырлас күтпеген өзгеріске қалай бейімделді?
10 Алға көз тігіп, жақсы жақтарын көре білу. Кристина деген румындық әйел бауырласымыз Жапонияда ағылшын тіліндегі қауымда қызмет етіп жүрген. Бұл қауым күтпеген жерден жабылып қалып, оның көңілі түседі. Бірақ Кристина өткенді ойлай бермей, алдына жаңа мақсат қояды. Сөйтіп, жапон тіліндегі қауымға қолдау көрсетіп, сол танапта қызмет етуді шешеді. Тілді үйрену үшін ол бұрынғы әріптесінен көмек сұрайды. Кристина жапон тілін Киелі кітаппен және “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабымен үйренгісі келетінін айтқанда, әріптесі келіседі. Осылай Кристина бір оқпен екі қоян атып, тілді де үйренеді, әріптесі де шындыққа қызығушылық білдіре бастайды. Демек, алға көз тігіп, жақсы жақтарын көре білсек, күтпеген өзгерістер күтпеген баталарға ұласуы мүмкін.
11. Бір ерлі-зайыпты экономикалық қиындыққа қалай төтеп берді?
11 Басқаларға көмектесіңіз. Ісімізге тыйым салынған елде тұратын бір ерлі-зайыпты елдерінде экономикалық дағдарыс болғандықтан, тұрақты табыс көзінен айырылып қалады. Бұл өзгеріске олар қалай бейімделді? Біріншіден, қарапайым өмір сүріп, шығындарын азайтты. Екіншіден, өздерінің қиындығын ойлай бермей, адамдарға көмектесу үшін әрі қарай да белсенділікпен уағыздай берді (Ел. іс. 20:35). “Қызметке көп уақыт жұмсағандықтан, біз көбіне Ехобаның еркін ойлап, уайымға беріле қоймадық”,— дейді күйеуі. Ендеше, өмірімізде өзгерістер болғанда, басқаларға көмектесуді, әсіресе уағыз ісінде белсенді болуды ұмытпайық.
12. Қызметте түрлі адамға бейімделу жағынан Пауылдан не үйренеміз?
12 Қызметте иліккіш бола білгеніміз өте маңызды. Себебі біз сенімі, көзқарасы мен шыққан ортасы әртүрлі адамдарды кездестіреміз. Бұл жағынан елші Пауыл керемет үлгі қалдырған. Иса оны “басқа ұлттарға елші” етіп жіберген болатын (Рим. 11:13). Сондықтан ол яһудилер мен гректерге, зиялылар мен қарапайым шаруаның адамдарына, сондай-ақ шенділер мен патшаларға да уағыздаған. Осындай әртүрлі адамдардың жүрегіне жол табу үшін ол “қолдан келгеннің бәрін істеді” (Қор. 1-х. 9:19—23). Пауыл әр адамның өскен ортасын, сенімін байқай біліп, сөзін соған сай бейімдеген. Біз де бейімделгіш болып, әр адамға көмектесудің жолын таба білсек, қызметіміз жемісті болады.
ӨЗГЕЛЕРДІҢ КӨЗҚАРАСЫН СЫЙЛАҢЫЗ
13. Басқалардың көзқарасын сыйласақ, Қорынттықтарға 1-хат 8:9-да айтылғандай, неден аулақ боламыз?
13 Иліккіш болу басқалардың көзқарасын сыйлауды да білдіреді. Мысалы, кейбір әйел бауырластар боянуды ұнатса, біреулері ұнатпайды. Кейбір бауырластар аздап ішімдік ішсе, басқалары аузына да алмайды. Денсаулығымыздың жақсы болғанын бәріміз қалаймыз, бірақ әркім әртүрлі емделеді. Осындай мәселелерде өзіміздікін дұрыс деп, соған басқаларды көндіруге тырыссақ, кейбірін сүріндіріп, тіпті қауымның арасына жік салуымыз мүмкін. Бұған ешқашан жол бермейік! (Қорынттықтарға 1-хат 8:9 оқыңыз; 10:23, 24). Бізге байсалды болуға және бірлік сақтауға Киелі кітап принциптері қалай көмектесетінін келесі екі мысалдан білеміз.
14. Киім мен шаш үлгісін таңдағанда, қандай принциптерді ұстануымыз керек?
14 Киім мен шаш үлгісі. Ехоба бізге киінуге қатысты қатаң ережелер орнатпаған, бірақ принциптер берген. Біз Құдайдың қызметшілеріне лайықты киінуіміз керек, яғни парасатты, қарапайым әрі “есті болуымыз” қажет (Тім. 1-х. 2:9, 10; Пет. 1-х. 3:3). Сондықтан біздің киіміміз басқалардың көзіне ұрып тұрғанын қаламаймыз. Киелі кітап принциптерін ұстанатындықтан, ақсақалдар да киім мен шаш үлгісіне қатысты өз ережелерін орнатпайды. Мысалы, бір қауымда жас ер бауырластар осы әлемдегі шаш қою стиліне еліктеген екен. Олар шаштарын алдырғанмен, ұйпа-тұйпа қылып жасап жүрген. Сонда ақсақалдар ереже орнатпай-ақ, оларға қалай көмектесті? Бір аудандық бақылаушының берген кеңесіне сай, олар жастарға былай деп айтады: “Сахнаға шыққаныңда бауырластардың бар назары сенің сөзіңде емес, түріңде болса, онда я шашыңның, я киіміңнің бір жері дұрыс емес деген сөз”. Осылай қарапайым түрде түсіндіргеннің арқасында мәселе бірде-бір ереже орнатпай-ақ шешіліп кетті d.
15. Ем түрін таңдағанда, біз қандай заңдар мен принциптерді ескереміз? (Римдіктерге 14:5)
15 Денсаулық сақтау. Денсаулығын қалай күтетінін әр мәсіхші өзі шешу керек (Ғал. 6:5). Ем түрін таңдағанда, мәсіхшілер Киелі кітаптың қаннан және спиритизмнен аулақ болу керек деген заңына бағынады (Ел. іс. 15:20; Ғал. 5:19, 20). Ал қалған жағдайда қандай ем таңдайтыны — әркімнің жеке мәселесі. Денсаулықтарын күту үшін біреулер тек медицина мамандарына жүгінсе, басқалары балама ем түрін таңдайды. Бір ем түрінің зиянды я пайдалы екеніне өзіміз сенімді болып тұрсақ та, өзгелердің таңдау құқығын сыйлай білуіміз қажет. Осы орайда мына төрт жағдайды әрдайым есте ұстайық: 1) тек Құдай Патшалығы келгенде ғана біз құлантаза әрі біржола айығамыз (Ишая 33:24); 2) әрбір мәсіхші өзі үшін ең дұрыс шешім қабылдап жатқанына “сенімді болуы” керек (Римдіктерге 14:5 оқыңыз); 3) біз өзгелерді айыптамаймыз және оларды сүріндіретін ештеңе жасамаймыз (Рим. 14:13); 4) мәсіхшілер сүйіспеншілікпен әрекет етеді және қауымның бірлігін өз пікірлерінен жоғары қояды (Рим. 14:15, 19, 20). Осы жайттарды қаперде ұстасақ, бауырластармен татулық сақтаймыз әрі қауымның ауызбірлігіне үлес қосамыз.
16. Ақсақал басқа ақсақалдарға қалай иліксе болады? (Суреттерді де қараңыз.)
16 Ақсақалдар иліккіш болу жағынан жақсы үлгі көрсетулері қажет (Тім. 1-х. 3:2, 3). Мысалы, олар “менің басқа ақсақалдардан жасым үлкен, сондықтан әрқашан да менің айтқаным болады” деп күтпеу керек. Өйткені киелі рух ақсақалдар кеңесінің кез келген мүшесіне әсер етіп, дұрыс шешімге әкелетін ой сала алады. Кеңестегі ақсақалдар біздікінен басқа шешімді таңдап, көпшілігі соған келісіп тұрса әрі ол шешім Киелі кітап принциптеріне қайшы болмаса, онда илігуге дайын болғанымыз жақсы.
ИЛІККІШ БОЛУДЫҢ ПАЙДАСЫ
17. Иліккіш болсақ, қандай баталарға кенелеміз?
17 Демек, иліккіш бола білсек, көп батаға кенелеміз. Бауырластармен жақсы қарым-қатынаста боламыз, қауымда да ынтымақ болады. Ехобаның халқында болмысы, әдеттері мен мәдениеті әртүрлі бауырластардың барына қуанамыз. Олармен бірге Ехобаға бір отбасындай ғибадат ету неткен ғанибет! Ең бастысы, осылай біз иліккіш Құдайымыз Ехобаға ұқсаймыз.
90-ӘН Бір-бірімізді жігерлендірейік
a Ехоба мен Иса иліккіш, олар бізді де иліккіш болса екен дейді. Бұл қасиет ауру-сырқау я қаржылай қиындықтар сияқты өмірдегі тосын жағдайларға бейімделіп кетуге көмектеседі. Иліккіш болудың тағы бір пайдасы — қауымдағылармен татулық сақтай аламыз.
b 2016 жыл, № 4 “Ояныңдар!” журналының “Өзгерістерге дайынсың ба?” деген мақаласын қараңыз.
c Видеоны көру үшін jw.org сайтының Іздеу жолағына “Дмитрий Михайлов бауырласпен сұхбат” деп теріңіз.
d Киім мен шаш үлгісіне қатысты көбірек білу үшін, “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 52-сабағын қараңыз.