Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

30-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сүйіспеншілігіңізді жетілдіре беріңіз

Сүйіспеншілігіңізді жетілдіре беріңіз

“Сүйіспеншілікпен жан-жақты өсіп жетіле берейік” (ЕФЕС. 4:15).

2-ӘН Сенің есімің — Ехоба

АҢДАТПА a

1. Киелі кітапты зерттей бастағанда қандай шындықтарды білдіңіз?

 КИЕЛІ КІТАПТЫ енді ғана оқып-зерттей бастағаныңыз есіңізде ме? Құдайдың аты бар екенін білгенде таңғалған шығарсыз. Оның адамдарды тозақ отында азаптамайтынын біліп, көңіліңіз жай тапқан болар. Ал дүниеден өткен жақын адамдарыңызбен қайта қауышып, олармен жердегі жұмақта мәңгі жасайтыныңызды естігенде, жүрегіңіз қуаныштан жарыла жаздаған шығар!

2. Шындықты білген соң, әрі қарай қандай қадамдар жасадыңыз? (Ефестіктерге 5:1, 2)

2 Киелі кітапты зерттеген сайын, сіз Ехобаны жақсы көріп кеттіңіз. Ал Ехобаны жақсы көргендіктен, білгендеріңізді өміріңізде қолдануға талпындыңыз. Осылайша Киелі кітап принциптеріне сай, ақылмен шешімдер қабылдай бастадыңыз. Құдайға ұнамды болу ниетімен ойыңыз бен ісіңізді жақсы жаққа өзгерттіңіз. Сүйікті ата-анасына еліктейтін баладай, сіз де көктегі Әкеңізге еліктеуді үйрендіңіз (Ефестіктерге 5:1, 2 оқыңыз).

3. Өзімізді қалай тексеріп көрсек болады?

3 “Алғаш мәсіхші болған кезіммен салыстырғанда, қазір Ехобаны одан да қатты жақсы көремін бе? Шомылдыру рәсімінен өткелі бері бауырластарды жақсы көру жағынан Ехобаға ұқсай түстім бе?”— деп ойланып көрсек болады. “Алғашқы сүйіспеншілігіңіз” суып кеткендей көрінсе, еш мойымаңыз. І ғасырдағы мәсіхшілер де мұны бастан кешкен. Бірақ Иса олардан көңілі қалып, бас тартпады ғой. Сол сияқты, бізден де теріс айналмайды (Аян 2:4, 7). Ол біздің алғашқы сүйіспеншілігімізді қайта жалындата алатынымызға сенеді.

4. Бұл мақалада нені қарастырамыз?

4 Бұл мақалада біз Ехобаға және бауырластарға деген сүйіспеншілігімізді арттыра беруді үйренеміз. Сондай-ақ біздегі сүйіспеншілік молайған сайын, өзіміз де, өзгелер де мұның қандай пайдасын көретінін қарастырамыз.

ЕХОБАНЫ ОДАН САЙЫН СҮЙІҢІЗ

5, 6. Елші Пауыл қызметі барысында қандай қиындықтар көрді, бірақ сонда да Ехобаға қызмет ете беруге оны не талпындырды?

5 Елші Пауыл жылдар бойы Ехобаға қуанышпен қызмет етті, бірақ оның қиындықтары да аз болмады. Оған жиі алыс жерлерге сапар шегу керек болған. Ал ол заманда бұл оңай шаруа емес-тін. Пауыл “талай рет өзендерде қатерге тап болған”, ал кейде “қарақшылардан... басына қауіп төнетін”. Қарсыластардан соққы жеген кездері де болды (Қор. 2-х. 11:23—27). Тіпті кейбір мәсіхші бауырластар оның қауым үшін барын салып атқарған еңбегін бағаламай қойды (Қор. 2-х. 10:10; Філіп. 4:15).

6 Осының бәріне қарамай, Пауыл неліктен Ехобаға адал қызмет ете берді? Ол Киелі жазбалардан және өзінің өмірінде болған жағдайлардан Ехобаның қандай Құдай екенін түкпірлей тани білді. Осылайша Ехоба оны қатты жақсы көретініне сенімді болды (Рим. 8:38, 39; Ефес. 2:4, 5). Пауылдың өзі де Ехобаны қатты жақсы көріп кетті. Бұл сүйіспеншілігі әрі қарай да “қасиеттілер үшін” талмай қызмет ете беруге талпындырды (Евр. 6:10).

7. Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді күшейтудің бір жолы қандай?

7 Біз де Ехобаның Сөзін мұқият оқып-зерттесек, оны одан сайын жақсы көре түсеміз. Киелі кітапты оқығанда: “Осы оқығанымнан Ехоба жайлы не білуге болады?”— деп ойланыңыз. Сондай-ақ өзіңізге мына екі сұрақты қойыңыз: “Бұл үзіндіде Ехоба мені жақсы көретіні неден көрінеді? Ал мен Ехобаны тағы не үшін жақсы көрсем болады?”

8. Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді дұға қалай күшейтеді?

8 Ехобаны одан сайын жақсы көрудің тағы бір жолы — күніге ой-сезімдерімізді ақтарып дұға ету (Зәб. 25:4, 5). Ехоба болса дұғаларымызды жауапсыз қалдырмайды (Жох. 1-х. 3:21, 22). Азиядағы Кэн деген әйел бауырлас былай деп бөлісті: “Алғашында Ехобаға деген сүйіспеншілігім алған біліміме ғана негізделген еді, бірақ дұғаларыма жауап алған сайын, оны жақсы көре түстім. Ал сүйіспеншілігім күшейген сайын, оған ұнамды болуға барынша тырысатын болдым” b.

ӨЗГЕЛЕРДІ ОДАН САЙЫН СҮЙІҢІЗ

9. Тімөте бауырластарына деген сүйіспеншілігін күшейте бергені неден көрінеді?

9 Пауыл бір миссионерлік сапарында Тімөте есімді жас бауырласпен танысады. Тімөте Ехобаны да, бауырластарды да жақсы көрген. Өйткені бірнеше жыл өте Пауыл Філіпідегі қауымға: “[Тімөте] сияқты менімен ниеттес, шын көңілден қамдарыңды ойлайтын басқа ешкімім жоқ”,— деген (Філіп. 2:20). Байқасақ, ол Тімөтенің ұйымдастыру қабілетіне не көпшілік алдында шешен сөйлегеніне емес, бауырластарға деген ыстық сүйіспеншілігіне тәнті болған. Бауырластар да Тімөтенің сапарын асыға күткені сөзсіз (Қор. 1-х. 4:17).

10. Анна мен күйеуі бауырластарды сүйетінін қалай көрсетті?

10 Осы ретте алдыңғы мақалада айтылып кеткен Анна бауырластың оқиғасын қарастырайық (Евр. 13:16). Бауырластарды сүйгендіктен, Анна күйеуі екеуі оларға іс жүзінде көмек көрсеткен. Бірде сұрапыл дауылдан кейін бір Куәгер отбасының үйінің шатыры қирап қалады. Анна күйеуі екеуі сол отбасының жағдайын біліп қайтуға барып, олардың киерге бірде-бір таза киімдері қалмағанын көреді. “Біз олардың киімдерін үйге алып кетіп, жуып, үтіктеп, қайта әкеліп бердік. Әрине, бұл бір қиын шаруа емес еді, бірақ осы кішігірім көмектің арқасында біз бір-бірімізге бауыр басып, жақсы дос болып кеттік”,— дейді Анна. Біз де солар сияқты бауырластарымызға қол ұшын берудің амалдарын қарастырып жүрейік (Жох. 1-х. 3:17, 18).

11. а) Сүйіспеншілік танытуға барынша күш салсақ, басқалар не сезінеді? ә) Нақыл сөздер 19:17-ге сай, өзгелерге танытқан сүйіспеншілігімізге Ехоба қалай қарайды?

11 Бауырластарымызға сүйіспеншілік пен мейірімділік көрсетсек, Ехобаға еліктеуге тырысып жүргенімізді олар байқайды. Бауырластар мейірімділігімізге қаншалықты риза болатынын біз білмеуіміз де мүмкін. Бұны алдында айтып кеткен Кэннің сөздерінен аңғарамыз. Ол бауырластардың жақсылығын әлі де ұмытпаған екен. “Кезінде мені қызметке алып шыққан әйел бауырластарға алғысым зор. Олар мені үйімнен алып кететін, бірге тамақтануға шақыратын, соңында үйіме жеткізіп салатын. Олардың қаншама көп күш салғанын енді түсініп отырмын әрі олар мұны қуанышпен істеді”,— дейді Кэн. Ол былай деп сөзін жалғады: “Сол бауырластардың жақсылығын жақсылықпен қайтарғым-ақ келеді, бірақ бәрі жан-жаққа кетіп қалғандықтан, кімнің қайда тұратынын білмеймін. Бірақ Ехоба біледі ғой, сондықтан мен одан “бауырластарымның қарымтасын қайтара гөр” деп сұраймын”. Біздің де көрсеткен мейірімділігімізді бәрі бірдей байқап, рақмет айтпауы мүмкін. Бірақ Кэн айтпақшы, Ехоба біздің өзгелер үшін жасаған титтей де ісімізді назарынан тыс қалдырмайды. Ол бұған аса құнды құрбандық әрі қайтаруым керек қарыз деп қарайды (Нақыл сөздер 19:17 оқыңыз).

Рухани алға басып жатқан адам өзгелерге көмектесудің жолдарын ойлап жүреді (12-абзацты қараңыз)

12. Ер бауырластар қауымды сүйетінін қалай көрсетсе болады? (Суреттерді де қараңыз.)

12 Сіз ер бауырлас болсаңыз, қалай өзгелерге сүйіспеншілік танытып, қол ұшын бере аласыз? Бұны Джордан есімді жас ер бауырластың оқиғасынан көреміз. Ол бір ақсақалға жолығып, қауымға қалай көбірек пайдамды тигізсем болады деп сұрайды. Ақсақал оның күш салып жүрген тұстарын мақтап, тағы не істеуге болатынын айтады. Мысал үшін, Патшалық сарайына ертерек келіп, бауырластармен сәлемдесуге, кездесуде атсалысып отыруға, уағыздау тобымен жүйелі түрде қызметке шығуға және бауырластарға іс жүзінде көмек көрсетуге ой салады. Джордан осы айтылған істерді атқара жүріп, бауырластарын одан сайын жақсы көріп кетеді. Ол мынаны түсініпті: ер бауырлас қызмет көмекшісі болып тағайындалғаннан кейін ғана емес, оған дейін де бауырластарға көмектесіп жүруі керек екен (Тім. 1-х. 3:8—10, 13).

13. Кристиан бауырласты қайтадан ақсақал болуға неге сүйіспеншілік талпындырды дей аламыз?

13 Бұрын сіз қызмет көмекшісі не ақсақал болып қызмет етсеңіз, мынаны ұмытпаңыз: Ехоба сіздің сол кезде атқарған еңбегіңіз бен сүйіспеншілігіңізді ұмытпайды (Қор. 1-х. 15:58). Ол әлі де танытып жүрген сүйіспеншілігіңізді байқайды. Кристиан есімді бауырлас ақсақалдық қызметінен алынғанда, қатты көңілі түскен екен. “Бірақ мен былай деп ұйғардым: мен Ехобаны сүйемін ғой, сондықтан ақсақал болсам да, болмасам да оған барымды салып қызмет ете беремін”,— дейді Кристиан. Уақыт өте ол қайтадан ақсақал болып тағайындалды. Ол былай дейді: “Сол кезде біраз уайымдадым. Бірақ Ехоба маған рақымдылық танытып, тағы бір мүмкіндік беріп тұрса, Ехобаны және бауырластарымды сүйгендіктен, мен сол қызметті атқарамын деп шештім”.

14. Грузиядағы әйел бауырластың сөздерінен не түйеміз?

14 Ехобаның қызметшілері басқа адамдарды да сүйеді (Мат. 22:37—39). Грузияда тұратын Елена деген бауырластың сөздеріне ден қояйық: “Алғашында адамдарға Ехобаны жақсы көргеннен ғана уағыздайтынмын. Бірақ оған деген сүйіспеншілігім күшейе келе, адамдарды да жақсы көре бастадым. Сөйтіп, олар неден қиналып жүр, оларды не қызықтырады деп ойланатын болдым. Адамдардың жағдайын ойлаған сайын, қаттырақ көмектескім келетін” (Рим. 10:13—15).

СҮЙІСПЕНШІЛІК КӨРСЕТКЕНІМІЗДІҢ ӘКЕЛЕР ИГІЛІГІ

Сүйіспеншілікпен істелген бір ғана әрекеттің игілігін көп адам көруі мүмкін (15, 16-абзацтарды қараңыз)

15, 16. Суретте көрсетілгендей, өзгелерге сүйіспеншілік танытсақ, бұл қандай жеміс әкеледі?

15 Бауырластарға сүйіспеншілік танытып, көмектескеніміздің пайдасын олар ғана емес, басқалар да көреді. COVID-19 пандемиясы басталғанда, Пауло деген ер бауырлас әйелімен бірге қауымдағы қарт әйел бауырластарға электронды құрылғымен уағыздауды үйрете бастайды. Солардың ішінде бір әйел бауырлас басында қиналса да, ақыры меңгеріп алып, туысқандарын Еске алу кешіне шақырады. Сөйтіп, Еске алу кешінде бейнеконференцияға оның 60 туысы қосылады! Кейіннен ол Пауло мен оның әйеліне былай деп хат жазып жіберіпті: “Біздей қарияларға жәрдем бергендеріңе көп рақмет! Ехобаның қамқорлығын, сендердің ерен еңбектеріңді ешқашан ұмытпаймын”.

16 Осы сияқты жағдайлардан Пауло бауырлас өте маңызды бір ой түйді. “Адамның білімінен, қабілетінен гөрі сүйіспеншілігі әлдеқайда құнды екен. Мен бір кездері аудандық бақылаушы болып қызмет еткенмін. Байқағаным, бауырластардың есінде қалғаны сол кезде айтқан баяндамаларым емес, іс жүзінде көрсеткен көмегім екен”,— дейді ол.

17. Басқаларға сүйіспеншілік танытсақ, бұның пайдасын тағы кімдер көреді?

17 Басқаларға сүйіспеншілік танытсақ, бұның өзіміз ойламаған пайдасын көруіміз мүмкін. Жаңа Зеландияда тұратын Джонатан есімді бауырлас осыған көз жеткізді. Ол бір сенбі күні шаңқай түсте бір ізашар бауырластың көше бойында жалғыз уағыздап жүргенін байқайды. Сөйтіп, сенбі күндері түскі уақытта оған қызметте серік болуды ұсынады. Осы мейірімділігі оның өзіне пайдалы болып шығатынын Джонатан сол кезде білмеді. Ол былай дейді: “Шынымды айтсам, уағыздағанды аса жақсы көрмейтінмін. Бірақ әлгі ізашардың қалай тәлім беретінін, қызметінің қандай жемісті екенін көріп, мен де уағыз ісін сүйіп кеттім. Сондай-ақ ол маған рухани өсуге, қызметтің қызығын көруге және Ехобаға жақындай түсуге көмектесетін мықты дос болып кетті”.

18. Ехоба біздің не істегенімізді қалайды?

18 Ехоба әрқайсысымыздың оған және адамдарға деген сүйіспеншілігімізді күшейте бергенімізді қалайды. Осы мақаладан білгеніміздей, Ехобаны қаттырақ сүю үшін, оның Сөзін оқып, ой жүгіртуіміз керек және дұғада онымен жүйелі түрде сөйлесуіміз қажет. Ал бауырластарды қаттырақ сүйгіміз келсе, іс жүзінде көмек көрсеткеніміз жөн. Осылай сүйіспеншілігіміз күшейген сайын, Ехобаға да, рухани отбасымызға да жақын бола түсеміз. Ал мұндай достық мәңгіге жалғаспақ!

109-ӘН “Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер”

a Шындыққа кеше келсек те, жылдар бойы Ехобаға қызмет етіп келе жатсақ та — бәріміздің одан сайын жақсартатын тұстарымыз бар. Бұл мақаладан білетініміздей, рухани алға басудың бірден-бір жолы — Ехобаға және басқаларға деген сүйіспеншілігімізді күшейту. Мақаланы қарастыру барысында өзіңіздің қай жағынан жақсарғаныңызды, ал қай жағынан әлі жақсаруыңыз керектігін ойлануға шақырамыз.

b Кейбір есімдер өзгертілген.