27-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
73-ӘН Батылдық дарыта көр
Садықтай батыл болыңыз
“Садық деген мықты әрі ержүрек жігіт” (ШЕЖ. 1-Ж. 12:28).
НЕГІЗГІ ОЙ
Біз Садықтан батыл болуды үйренеміз.
1, 2. Садық кім болған? (Шежірелер 1-жазба 12:22, 26—28)
КӨЗ алдыңызға 340 000-нан астам ер адамды елестетіңізші. Олар Дәуітті бүкіл Исраил үстінен патша етуге жиналған. Үш күн бойы олардың гу-гу әңгімелері, айтқан мадақтау жырлары, шат-шадыман дауыстары Хеброн маңындағы қыраттардан жаңғырып естіліп жатты (Шеж. 1-ж. 12:39). Осы жиналған жұрттың арасында Садық есімді жас жігіт бар еді. Көпшілік оны байқамаған да шығар. Алайда Ехоба оны байқап, біздің де ол жайлы білгенімізді қалады (Шежірелер 1-жазба 12:22, 26—28 оқыңыз). Сонымен Садық кім болды?
2 Садық діни қызметкер болған және бас діни қызметкер Әбиятармен тығыз қызметтескен. Сондай-ақ Садық көреген болған, Ехоба оған өз еркін түсінуге қабілет пен даналық берген (Сам. 2-ж. 15:27). Сондықтан адамдар Садыққа келіп, ақыл-кеңес сұрайтын. Садықты ерекшелендірген тағы бір қасиеті — батылдығы. Бұл мақалада біз оның осы бір тамаша қасиетіне тоқталамыз.
3. а) Неге Ехобаның қызметшілеріне батыл болу керек? ә) Бұл мақалада не талқылаймыз?
3 Соңғы күндері Шайтан Құдай халқына шабуылын үдетіп жатыр (Пет. 1-х. 5:8). Сондықтан Ехоба Шайтан мен оның зұлым дүниесін жойғанға дейін бізге батыл болу керек (Зәб. 31:24). Олай болса, Садықтың батылдығына еліктеудің үш жолын қарастырайық.
ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫН ҚОЛДАҢЫЗ
4. Құдай Патшалығын қолдау үшін неге батылдық керек? (Суретті де қараңыз.)
4 Ехобаның халқы бар жан-тәндерімен Құдай Патшалығын қолдайды. Бірақ кейде бұлай ету үшін зор батылдық қажет (Мат. 6:33). Мысалы, осы зұлым дүниеде Ехобаның талаптары бойынша өмір сүріп, Құдай Патшалығы жайлы уағыздау үшін батылдық керек (Сал. 1-х. 2:2). Барған сайын жік-жікке бөлініп жатқан мына дүниеде саяси бейтараптықты сақтау да ерлікті талап етеді (Жох. 18:36). Бүгінде саясатқа қатыспағандары үшін не әскерге бармағандары үшін көптеген Ехоба куәгерлері ұрып-соғылған, түрмеге жабылған не қаржылай қиындықтарға кезіккен.
5. Дәуітті қолдау үшін неге Садыққа батылдық қажет болды?
5 Садық Хебронға жай ғана Дәуіттің патша болғанын тойлау үшін барған жоқ. Ол мұздай қаруланып, шайқасуға сақадай сай болып барды (Шеж. 1-ж. 12:38). Яғни ол шайқаста Дәуітті қолдап, Исраилді жаулардан қорғауға дайын болды. Садық майталман жауынгер болмаған көрінеді, десе де ол таудай ержүректік танытты.
6. Қалайша Дәуіт батыл болып, Садыққа үлгі көрсетті? (Зәбүр 138:3)
6 Діни қызметкер болған Садық ержүрек болуды қайдан үйренген? Оның айналасында мықты да батыл кісілер болған. Садық соларға қарап, ержүрек болуды үйренгені сөзсіз. Солардың бірі — Дәуіт. Дәуіт қайтпас қайсарлықпен “Исраилді жорықтарға бастап жүрген”, сол себепті де бүкіл Исраил оны жан-тәнімен қолдаған (Шеж. 1-ж. 11:1, 2). Дәуіт жауларымен күрескенде әрқашан Ехобаға арқа сүйеген (Зәб. 28:7; Зәбүр 138:3 оқыңыз). Сондай-ақ Садық басқа да өжет ер кісілерден батылдыққа үйренген. Солардың кейбірі Еходай мен оның ержүрек ұлы Бенаях және Дәуітті қолдаған 22 басшы (Шеж. 1-ж. 11:22—25; 12:26—28). Бұл кісілердің барлығы Дәуітті патша етуге нық бекініп, оған қолдау көрсеткен.
7. а) Бүгінде батылдық танытып, Құдай Патшалығын қолдап жүрген қандай үлгілер бар? ә) Видеодағы Айенж Нсилу бауырластан не үйрендіңіз?
7 Ехобаның билігін батылдықпен қолдаған кісілер жайлы ой жүгіртсек, біз де оларға ұқсап батыл болуға талпынамыз. Мысалы, Патшамыз Иса Мәсіх жерде болғанда Шайтанның саяси жүйесіне араласудан үзілді-кесілді бас тартқан (Мат. 4:8—11; Жох. 6:14, 15). Ехоба оған күш бергеннің арқасында ол нық тұра алды. Бүгінде де сенімі үшін әскерге барудан не саяси істерге қатысудан бас тартқан жас ер бауырластардың үлгілері көп. Неге солар жайлы jw.org сайтымыздан оқып көрмеске? a
БАУЫРЛАСТАРЫҢЫЗДЫ ҚОЛДАҢЫЗ
8. Қай кезде ақсақалдарға батылдық таныту қажет?
8 Ехобаның халқы бір-біріне қол ұшын беруге әрдайым асық (Қор. 2-х. 8:4). Мысалы, соғыс бола қалған жағдайда жергілікті ақсақалдар бауырластардың жігерге, қолдауға, рухани ас-суға және басқа да көмекке мұқтаж болатындарын түсінеді. Отарды жақсы көргендіктен, олар бауырластарды қажетімен қамдау үшін тіпті бастарын қатерге тігуге дайын. Осылай олар ержүрек Садыққа еліктейді (Жох. 15:12, 13). Қазір Садықтың қиын сәтте бауырларына қалай көмектескенін қарастырайық.
9. Самуилдің 2-жазбасы 15:27—29 тармақтарға сай, Дәуіт Садыққа не істеуді тапсырды? (Суретті де қараңыз.)
9 Дәуіттің ұлы Абессалом әкесінің орнына патша болу үшін Дәуітті өлтіруге бел байлайды (Сам. 2-ж. 15:12, 13). Сол кезде Дәуітке тез арада Иерусалимнен қашу керек болды! Ол қызметшілерін шақырып: “Жүріңдер, қашайық, әйтпесе Абессаломнан ешқайсысымыз құтыла алмай қаламыз!”— деді (Сам. 2-ж. 15:14). Қызметшілерімен бірге қашып жатып, Дәуіт Абессаломның жоспарын біліп отыру үшін қалада біреудің қалуы керектігін түсінді. Сөйтіп, Садық пен басқа да діни қызметкерлерді тыңшы ретінде Иерусалимге кері қайтарды (Самуилдің 2-жазбасы 15:27—29 оқыңыз). Енді бұл кісілерге өте сақ болу керек еді. Дәуіттің берген тапсырмасы қауіпті болғандықтан, олардың өмірлері қыл үстінде тұрды. Зұлым, өзімшіл, өз әкесін сатып кетуден де тайынбаған Абессалом Садық пен өзге діни қызметкерлердің Дәуітті қорғау үшін тыңшы болып жүргенін білгенде, не істеуі мүмкін екенін ойлап көріңізші!
10. Садық пен оның қасындағылар Дәуіттің өмірін қалай қорғап қалды?
10 Дәуіт бір жоспар құрып, Садық пен тағы бір адал досы Хушайдан осы жоспарға сай әрекет етуді сұрайды (Сам. 2-ж. 15:32—37). Дәуіттің жоспары бойынша, Хушай Абессаломның сеніміне кіріп, оған бір соғыс жоспарын ұсынады. Кейін бұл жоспар жайлы Садық пен Әбиятарға айтады (Сам. 2-ж. 17:8—16). Ал Садық пен Әбиятар болса, бұл хабарды Дәуітке жеткізеді (Сам. 2-ж. 17:17). Осының арқасында Дәуіт шайқасқа дайын болды. Ехобаның көмегімен Садық пен қасындағы діни қызметкерлер Дәуіттің өмірін сақтап қалды (Сам. 2-ж. 17:21, 22).
11. Бауырластарға көмектескенде Садыққа қалай еліктей аламыз?
11 Қауіпті шақтары бауырластарға көмек қажет болғанда, Садықтың ержүректігіне қалай еліктей аламыз? 1) Нұсқауларға сай әрекет етіңіз. Осындай кездері өзара бірлікті сақтау өте маңызды. Сондықтан жергілікті филиалдың нұсқауларына мойынсұныңыз (Евр. 13:17). Ақсақалдар апатқа дайындалуға және апат кезінде не істеуге қатысты нұсқауларды қайта-қайта қарастырып отырулары тиіс (Қор. 1-х. 14:33, 40). 2) Батылдықпен қоса сақтықты да ұмытпаңыз (Нақ. с. 22:3). “Сақтықта қорлық жоқ” демекші, бірдеңе істемес бұрын жақсылап ойланып алыңыз. Қажетсіз басыңызды қатерге тікпеңіз. 3) Ехобаға арқа сүйеңіз. Есіңізде болсын, Ехоба бауырластарыңызбен қоса сіздің де аман-сау болғаныңызды қалайды. Ол сізге бауырласыңызға қауіпсіз түрде көмектесуге жәрдем бере алады.
12, 13. Виктор мен Виталийдің оқиғасынан не нәрсеге үйрендіңіз? (Суретті де қараңыз.)
12 Украинадағы Виктор мен Виталийдің оқиғасын көрейік. Олар бауырластарына су мен азық-түлік жеткізу үшін батылдық танытқан. Виктор былай дейді: “Біз барлық жерден тамақ іздеумен болдық. Айналамызда атыстың дауыстары естіліп жатты. Бір бауырлас қоймасында сақталған азық-түлікті бауырластарға беруді шешті. Осының арқасында бауырластарымыздың біраз уақыт жейтін тамақтары болды. Көлікке заттарды тиеп жатқан кезде, бізден 20 метрдей жерге бомба құлады. Бірақ қуанышқа орай, ол жарылған жоқ. Мен күні бойы Ехобаға жалбарынып, бауырластарға көмектесе беруге батылдық берші деп дұға етумен болдым”.
13 Виталий болса былай дейді: “Расымен де, бұл үлкен ерлікті талап етті. Алғашқы баратын жерге жету үшін 12 сағат кетті. Мен жол бойы Ехобаға дұға етумен болдым”. Виталий батыл әрекет етумен қатар, сақ болуды да ұмытқан жоқ. Ол тағы былай дейді: “Мен Ехобадан даналық берші, қарапайым болайыншы деп сұрай бердім. Тек билік өкілдері рұқсат еткен жолдармен ғана жүрдім. Бауырластардың бір-бірімен қалай қызметтесіп жатқанын көргенде, сенімім нығайып қалды. Олар жолды бөгеттен тазалап, жинап қойған гуманитарлық көмекті көлікке тиеп берді, сондай-ақ Виктор екеумізді тамақтандырып, жолдан демалып алуымызға жағдай жасады”.
ЕХОБАҒА АДАЛ БОЛЫП ҚАЛЫҢЫЗ
14. Жақсы көрген адамымыз Ехобадан теріс айналса, бұл бізге қалай әсер етеді?
14 Жақын адамымыз не жан досымыз Ехобаны тастап кетсе, бұл бізге өте ауыр тиеді (Зәб. 78:40; Нақ. с. 24:10). Әсіресе сол адамды қатты жақсы көрген болсақ, бұл сынақ бізге төзе алмастай қиын көрінеді. Сіз де осындай ауыр жағдайға тап болсаңыз, адал болған Садықтың үлгісі сізге күш береді.
15. Садыққа Ехобаға адал болып қалу үшін неге батылдық қажет болды? (Патшалар 1-жазба 1:5—8)
15 Садық жақын досы Әбиятар адалдығынан тайса да, Ехобаға адал болып қала берді. Бұл оқиға Дәуіттің билігінің соңына таман болды. Дәуіт қартайып, өлім аузында жатқанда, ұлы Адониях өзін патша еткісі келді. Бірақ Ехоба патшалықты Сүлейменге берем деп уәде етіп қойған еді (Шеж. 1-ж. 22:9, 10). Сонда Әбиятар Адонияхты қолдап кетті (Патшалар 1-жазба 1:5—8 оқыңыз). Бұлай етуімен Әбиятар Дәуітке ғана емес, Ехобаға да опасыздық жасады! Жан досының осындай әрекетке барғанын көргенде, Садықтың қандай күй кешкенін ойлап көріңізші. Не дегенмен ол Әбиятармен бірге 40 жылдан аса діни қызметкер болды ғой (Сам. 2-ж. 8:17). Екеуі бірге “Құдайдың келісім сандығына” жауапты болған еді (Сам. 2-ж. 15:29). Басында Дәуіттің патшалығын бірге қолдап, бірлесе көптеген істер атқарған болатын (Сам. 2-ж. 19:11—14).
16. Садыққа адал болып қалуға не көмектескен болуы мүмкін?
16 Әбиятардың сатқындығы Садыққа Ехобаға адал болып қалуға кедергі болған жоқ. Дәуіт Садықтың адалдығына еш күмәнданбаған. Адонияхтың зымиян жоспары әшкере болғанда, Дәуіт Садық, Натан және Бенаяхқа Сүлейменді майлап, патша етіп тағайындауды тапсырды (Пат. 1-ж. 1:32—34). Натан сияқты Дәуіт патшаны қолдаған Ехобаның адал қызметшілерінің үлгілері Садықты жігерлендіріп, нығайтқаны сөзсіз (Пат. 1-ж. 1:38, 39). Кейін Сүлеймен патша болғанда, “Әбиятардың орнына діни қызметкер Садықты қойды” (Пат. 1-ж. 2:35).
17. Жақын адамыңыз Ехобаны тастап кеткенде, қалай Садыққа еліктей аласыз?
17 Садыққа қалай еліктей аласыз? Жақын адамыңыз Ехобаны тастап кетуді шешсе, сіз Ехобаға адал боламын деп нық бекініңіз (Ешуа 24:15). Ол сізге қажетті күш пен батылдық береді. Сондай-ақ Ехобаға дұға етіңіз және оның адал қызметшілерімен жақын араласыңыз. Ехоба сіздің адалдығыңызды бағалайды әрі сізге міндетті түрде батасын береді (Сам. 2-ж. 22:26).
18. Марко мен Сидсенің оқиғасынан не үйрендіңіз?
18 Марко мен әйелі Сидсенің жағдайын қарастырайық. Олардың екі ересек қызы шындықтан кетіп қалған. Марко былай дейді: “Балаларың дүниеге келгеннен бастап оларға бар сүйіспеншілігіңді беріп, мәпелеп өсіресің. Бірақ олар Ехобаны тастап кетуді шешкенде, біреу жүрегіңе қанжар сұғып алғандай болады. Десе де Ехоба бізді тастаған жоқ. Ол бізге қажетті күш беріп отырды. Мысалы, менің көңілім түскенде, әйелім маған демеу беретін, ал әйелімнің көңілі түскенде, мен оған демеу беретінмін”. Сидсе былай дейді: “Шынымен де, біз бұл қиындыққа тек Ехобаның арқасында ғана төзе алдық. Мен болған жағдайға өзімді кінәлап, жанымды қоярға жер таппадым. Сөйтіп, сезімдерімнің бәрін Ехобаға айттым. Содан көп ұзамай-ақ Ехоба мені біраз жыл көріспеген бір әйел бауырлас арқылы жұбатты. Ол қасыма келді де, қолын иығыма қойып, көзіме қарап: “Сидсе, сенің ешқандай да кінәң жоқ, осыны ұмытпа!”— деді. Ехобаның арқасында мен қуанышымды жоғалтпай, оған адал болып қала алдым”.
19. Сіз не істеуге бекіндіңіз?
19 Ехоба барлық қызметшілерінің Садық сияқты батыл болғанын қалайды (Тім. 2-х. 1:7). Бірақ ол біздің өз күшімізге емес, оған арқа сүйегенімізді қалайды. Сондықтан батылдық қажет жағдайларда Ехобадан көмек іздеңіз. Мынаған сенімді болыңыз: Ехобаның арқасында сіз де Садық сияқты батыл бола аласыз! (Пет. 1-х. 5:10).
126-ӘН Сақ жүріп, аяғыңды нық бас
a jw.org сайтынан “Құдайдың қызметшілеріне батылдық қажет. Бейтараптық сақтау үшін” деген видеоны көріңіз.