Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

42-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Мінсіз жолмен жүретіндер бақытты”

“Мінсіз жолмен жүретіндер бақытты”

“Мінсіз жолмен жүретіндер, Ехобаның заңымен жүретіндер бақытты” (ЗӘБ. 119:1).

124-ӘН Әрдайым адалдық танытайық

АҢДАТПА a

Ехобаның бүкіләлемдік билігіне адал болғандары үшін түрмеде отырған батыл ер және әйел бауырластарымыздың кейбірі (1, 2-абзацтарды қараңыз)

1, 2. а) Кейбір үкіметтер Ехобаның халқына қалай қарсы шығып жатыр, бірақ бұл халық қарсылықтарға қалай қарайды? ә) Неге біз қудалансақ та бақыттымыз?

 БҮГІНДЕ Ехоба куәгерлерінің ісіне шектеу қойылған не тыйым салынған 30-дан астам ел бар. Сол елдердің кейбірінде билік басындағылар бауырластарды тұтқындап, түрмеге жапқан. Қандай қылмысы үшін дейсіз бе? Олар Ехоба айыптайтындай жаман ештеңе істемеген, бар болғаны — Киелі кітапты оқып-зерттеген, сенімдері жайлы басқаларға айтқан және бауырластармен бірге қауым кездесулерінде бас қосқан. Сондай-ақ олар саяси мәселелерде бейтараптық сақтағандары үшін де қудаланып жүр. Үдеп тұрған осы қарсылықтарға қарамастан, бұл адал мәсіхшілер Ехобаға деген шын берілгендіктерінен таймай, мінсіздіктерін b сақтап келеді. Бұлай етуге олар қуанышты да!

2 Сіз сондай қайсар бауырластардың суреттерін көргенде, жүздері нұр шашып тұрғанын байқаған шығарсыз. Олар бақытты жандар, өйткені мінсіздіктен таймағандары үшін Ехоба оларға риза екенін біледі (Шеж. 1-ж. 29:17а). Иса: “Әділдік үшін қудаланып жүргендер бақытты... Қуанып, шаттаныңдар, өйткені сендерді зор сый күтіп тұр”,— деген (Мат. 5:10—12).

МІНСІЗДІГІМЕН ҮЛГІ БОЛҒАНДАР

Петір мен Жохан бүгінде сот алдында сенімін қорғайтын мәсіхшілерге жақсы үлгі қалдырды (3, 4-абзацтарды қараңыз)

3. Елшілердің істері 4:19, 20-да айтылғандай, I ғасырда елшілер қудаланғанда не істеді және неге?

3 Бірінші ғасырдағы елшілер де Иса жайлы уағыздағандары үшін қуғындалған. Яһудилердің жоғарғы соты оларды қайта-қайта шақыртып, “Исаның атынан ештеңе айтпауды” бұйырады (Ел. іс. 4:18; 5:27, 28, 40). Сол кезде елшілер не істеді? (Елшілердің істері 4:19, 20 оқыңыз). Олар бұл соттан да жоғары тұрған билік Иесі “жұртқа уағыздауды және Мәсіх жайлы түбегейлі куәлік беруді” тапсырғанын білетін (Ел. іс. 10:42). Сондықтан Петір мен Жохан барлық елшілердің атынан батыл сөйлеп, соттағы билерге емес, Құдайға бағынатындарын және Мәсіх жайлы уағыздауды тоқтатпайтындарын айтады. Олар, былайша айтқанда, сол сотқа: “Өз биліктеріңді Құдайдікінен жоғары қоюға қалай ғана дәттерің барады?”— дегендей болды.

4. Елшілердің істері 5:27—29 тармақтарда айтылғандай, елшілер не істеді және барлық шынайы мәсіхшілер оларға қалай еліктей алады?

4 “Билеуші ретінде бірінші кезекте адамға емес, Құдайға мойынсұнған” сол елшілер барлық шынайы мәсіхшілерге керемет үлгі қалдырды (Елшілердің істері 5:27—29 оқыңыз). Олар мінсіздіктері үшін соққыға жығылса да, Жоғарғы кеңестен шыққаннан кейін “[Исаның] аты үшін қорлық көруге лайық саналғандарына қуанды” әрі ізгі хабарды уағыздауды доғармады (Ел. іс. 5:40—42).

5. Бізде қандай сұрақтар туындауы мүмкін?

5 Елшілердің бұл әрекеті кейбіреулердің көкейінде сұрақ тудыруы мүмкін. Мысалы, олар бірінші кезекте адамға емес, Құдайға мойынсұнса, онда Жазбалардағы “билік басындағыларға бағыныңдар” деген бұйрықты қалай орындайды? (Рим. 13:1). Ал біз ең жоғарғы Билеушіміз Құдайға мінсіздік сақтай отырып, қалайша “үкімет пен билік иелеріне” де бағына аламыз? (Тит. 3:1).

“БИЛІК БАСЫНДАҒЫЛАР”

6. а) Римдіктерге 13:1-дегі “билік басындағылар” деген кімдер және олардың алдында біздің қандай міндетіміз бар? ә) Исаның сөздерінен жердегі барлық билеушілерге қатысты нені түсінеміз?

6 Римдіктерге 13:1 оқыңыз. Бұл тармақтағы “билік басындағылар” деген тіркес халықты басқаратын, қолында билігі бар адамдарға нұсқайды. Олар қоғамдағы тәртіпті, заңдардың орындалуын қадағалайды және кей жағдайларда Ехобаның халқын қорғап жатады (Аян 12:16). Мәсіхшілер оларға бағынып, алым-салық төлейді, тиісті қорқыныш пен құрмет танытады (Рим. 13:7). Бірақ бір ескеретін жайт — Ехоба жол беріп отырғандықтан ғана бұл үкіметтердің қолында билік бар. Рим билеушісі Понти Пилаттың алдында тергелгенде Иса осы ойды шегелеп кеткен. Пилат оны аман алып қалатын да, өлімге кесетін де билігі бар екенін айтқанда, Иса оған: “Көктен берілмесе, маған билігіңіз жүрмес еді”,— деген (Жох. 19:11). Кезіндегі Пилаттың да, бүгіндегі барлық билеушілер мен саясаткерлердің де биліктері шектеулі.

7. Біз қандай жағдайда билік басындағыларға бағынбаймыз және олар нені ұмытпағандары жөн?

7 Үкіметтің заңдары Құдай заңдарына қайшы келмесе, мәсіхшілер оларға бағынады. Бірақ егер олар Құдай тыйым салатын нәрсені талап етсе немесе Құдай талап ететін нәрсеге тыйым салса, біз оларға бағынбаймыз. Мысалы, үкімет жас жігіттерден қолдарына қару алып, елдері үшін соғысуды талап етуі мүмкін c немесе Киелі кітабымыз бен әдебиеттерімізге, уағыздауға және бірге ғибадат етуімізге тыйым салатын шығар. Билік басындағылар биліктерін теріс қолданып жатқандары үшін, мысалы Исаның шәкірттерін қудалап жатқандары үшін, Құдай алдында жауап береді. Ехобаның көзінен еш нәрсе таса емес! (Уағ. 5:8).

8. Билік басындағылар мен Ехобаның билігінің айырмашылығы неде?

8 Билік басындағылардың қолында билік бар екені және халық үшін әрекет ететіндері рас. Бірақ олардікі ең жақсы, ең жоғарғы билік емес. Өйткені билігі олардікінен де жоғары тұрған бір Тұлға бар. Ол — “Алла Тағала” Ехоба. Ехобаның Киелі кітапта көп рет кездесетін осы лауазымы оның ең жоғарғы билік Иесі екенін көрсетеді (Дан. 7:18, 22, 25, 27).

“ЕҢ ЖОҒАРҒЫ БИЛІК ИЕСІ”

9. Даниял пайғамбар түсінде қандай аяндар алды?

9 Даниял пайғамбар түсінде бірнеше аян алып, Ехобаның билігі барлық биліктен үстем екенін көрді. Ол алдымен үлкен-үлкен төрт аңды, яғни ежелде билік еткен және бүгінде билік етіп жатқан дүниежүзілік ірі мемлекеттерді көрді. Олар: Бабыл, Мидо-Персия, Грекия және Рим мен одан шыққан өскін — Англо-Америка (Дан. 7:1—3, 17). Кейін Даниял көктегі сотта өз тағына отырған Ехоба Құдайды көрді (Дан. 7:9, 10). Даниялдың бұдан кейін көрген көрінісі қазіргі билеушілерге мықты ескерту болып табылады.

10. Даниял 7:13, 14, 27-тармақтарға сай, Ехоба жер бетіне билік етуге кімдерді қояды және бұдан Ехоба жайлы не білеміз?

10 Даниял 7:13, 14, 27 оқыңыз. Құдай барлық адами үкіметтерден билікті алып қойып, оны олардан да қуатты, лайықты тұлғаларға береді. Кімдерге? “Адам ұлына ұқсаған біреуге”, яғни Иса Мәсіхке және “Алла Тағаланың қасиетті халқына”, яғни Мәсіхпен бірге “мәңгілік бойы” билік ететін 144 000-ға (Даниял 7:18). Ең жоғарғы билік Иесі Алла Тағала ғана осылай әрекет етуге құзырлы.

11. Даниял Ехобаның ең жоғарғы билік Иесі екеніне қатысты тағы не жазды?

11 Даниял көрген осы жағдай оның бұған дейін айтып кеткен сөздерімен үйлеседі. Ол: “Көктегі Құдай... патшаларды тақтан түсіреді, патшаларды таққа отырғызады”,— деген. Бұған қоса, ол “Алла Тағала адамзат патшалығының Билеушісі екенін, сондай-ақ бұл билікті қалаған адамына беретінін” айтқан (Дан. 2:19—21; 4:17). Тарихта Ехоба билеушілерді тақтан түсірген не таққа отырғызған кездер болған ба? Әрине.

Ехоба Белшазардың патшалығын алып қойып, мидиялықтар мен парсыларға берді (12-абзацты қараңыз)

12. Ежелде Ехоба патшаларды тақтан түсіріп тастаған жағдайларды айтып беріңіз. (Суретті қараңыз.)

12 Ехоба билік басындағылардан әлдеқайда үстем екенін көрсеткен үш жағдайды қарастырайық. Мысыр перғауыны Ехобаның халқын құлдыққа салып, қасарысып, оларды босатпай қояды. Бірақ Ехоба құлдықтың құрсауын үзіп, халқын босатып алады. Ал перғауынды Қызыл теңізге батырып жібереді (Мұс. 2-ж. 14:26—28; Зәб. 136:15). Бабыл патшасы Белшазар болса ұлан-асыр той жасап, “көктің Иесіне қарсы бас көтереді” және Ехобаны емес, “күмістен, алтыннан... жасалған құдайларды дәріптейді” (Дан. 5:22, 23). Бірақ Ехоба оның көкіректігін басып, менмен патшаны сабасына түсірді. “Дәл сол түні” Белшазар өлтіріліп, патшалығы мидиялықтар мен парсылардың қолына өтті (Дан. 5:28, 30, 31). Палестинаны билеген Ирод Агриппа І болса шімірікпестен елші Жақыпты өлімге кесіп, елші Петірдің де көзін құрту үшін оны түрмеге қамайды. Бірақ Құдай оның бұл зымиян жоспарын бұзып тастайды. “Ехобаның періштесі ауруға шалдықтырып”, Ирод ақыры өлім құшты (Ел. іс. 12:1—5, 21—23).

13. Ехоба одақтасқан билеушілерді жеңген жағдайлар жайлы айтып беріңіз.

13 Ехобаның билігі күш біріктірген билеушілердің одақтарынан да үстем. Мұны оның Исраил халқы үшін күрескен жағдайларынан көреміз. Исраилдіктер Ехобаның күшімен қанахандық 31 патшаның одағын күл-талқан етіп, Уәде етілген жердің басым бөлігін жаулап алады (Ешуа 11:4—6, 20; 12:1, 7, 24). Басқа бір жағдайда сириялық Бен-Хадад патша тағы 32 патшаны бастап шығып, Исраилге қарсы аттанғанда, Ехоба олардың күлін көкке ұшырады (Пат. 1-ж. 20:1, 26—29).

14, 15. а) Ехобаның бүкіләлемдік билігі жайлы Навуходоносор мен Дарий патшалар не деген? ә) Зәбүр жыршысы Ехоба мен оның халқы жайлы не айтты?

14 Ехоба ең жоғарғы билік Иесі екенін тағы бір жағдайда дәлелдеді. Бабыл патшасы Навуходоносор кеуде көтеріп, мадаққа Ехоба лайық екенін мойындамай, өз “сән-салтанатын... өз құдірет-күшін” айтып мақтанғанда, Ехоба оны есінен адастырып жібереді. Бірақ айыққан соң ол “Алла Тағаланы мадақтап”, “оның билігі — мәңгілік билік” екенін мойындайды. Сосын: “Оған тосқауыл жасай алатын... ешкім жоқ”,— дейді (Дан. 4:30, 33—35). Ал мінсіз болып қалған Даниялды Ехоба арыстандардың орынан құтқарғанда, Дарий патша былай деп жар салады: “Халықтар Даниялдың Құдайынан қорқып, діріл қақсын. Өйткені ол — тірі Құдай, ол мәңгі жасайды. Оның патшалығы ешқашан жойылмайды, билігі мәңгіге жалғасады” (Дан. 6:7—10, 19—22, 26, 27).

15 Зәбүр жыршысы болса “Ехоба халықтардың арам пиғылын жоққа шығаратынын, олардың жоспарларын бұзатынын” айтқан. Ол тағы: “Ехоба қай халықтың Құдайы болса, Кімді меншікті иелігі етіп таңдаса, сол халық бақытты”,— деген (Зәб. 33:10, 12). Бұл біз үшін Ехобаға соңына дейін мінсіздік сақтап қалуға келелі себеп емес пе?!

АҚЫРҒЫ АЙҚАС

Ехобаның көктегі әскерінің қасында одақтасқан халықтардың күші түк болмай қалады (16, 17-абзацтарды қараңыз)

16. “Зор алапатта” Ехоба қалай әрекет ететініне сенімдіміз және неге? (Суретті қараңыз.)

16 Алдыңғы абзацтардан Ехобаның ежелде қалай әрекет еткенін білдік. Ал болашақ жайлы не деуге болады? Алда болатын “зор алапатта” Ехоба өзінің адал қызметшілерін қорғап қалады (Мат. 24:21; Дан. 12:1). Бұл Магог жеріндегі Гог, яғни одақтасқан халықтар дүниежүзі бойынша Ехобаның қызметшілеріне қойға шапқан аш қасқырдай тап бергенде орын алады. Одақтасқан халықтардың құрамына БҰҰ-ның барлық 193 мемлекеті кірсе де, олардың күші Алла Тағала мен оның көктегі қуатты әскерінің күшімен салыстырғанда түкке де тұрмайды! Ехоба: “Көптеген ұлттардың көзінше даңқымды асырамын, киелілігімді паш етемін әрі өзімнің кім екенімді танытамын. Сонда олар менің Ехоба екенімді білетін болады”,— деп уәде етеді (Езек. 38:14—16, 23; Зәб. 46:10).

17. Жержүзінің патшаларының және Ехобаға мінсіздік сақтағандардың болашағы жайлы Киелі кітапта не делінген?

17 Гог Ехобаның халқына шабуылдағанда Ехобаның көзінің қарасына тигендей болады. Сонда Ехоба Армагеддон соғысын бастап, “жержүзінің патшаларын” жоқ қылып жібереді (Аян 16:14, 16; 19:19—21). Бұдан кейін “әділдер жерді мекен етеді, кінәратсыздар [мінсіздік сақтағандар] онда тұратын болады” (Нақ. с. 2:21).

МІНСІЗДІКТЕН ТАЙМАЙЫҚ

18. Көптеген шынайы мәсіхшілер не нәрсеге бекінген және неге? (Даниял 3:28)

18 Ғасырлар бойы көптеген шынайы мәсіхшілер Ехобаны жақсы көргендіктен және оны Әлемнің әміршісі деп мойындағандықтан бас бостандықтарын, тіпті өмірлерін құрбан етуге дайын болған. Кезінде Алла Тағалаға адалдық сақтағандары үшін отты пештен де аман қалған үш еврей жігіті есіңізде ме? Шынайы мәсіхшілер де сол үш жігіт сияқты мінсіздіктерінен таймауға нық бекінген (Даниял 3:28 оқыңыз).

19. Ехоба өзінің халқын не нәрсеге қарап соттайды және біз қазірден бастап не істеуіміз керек?

19 Ехобаға деген мінсіздігімізді неге қызғыштай қорғауымыз керектігі жайлы Дәуіт былай деп айтқан: “Халықтарға үкімді Ехоба шығарады. Уа, Ехоба, мені әділдігім мен мінсіздігіме қарай сотташы” (Зәбүр 7:8). Сондай-ақ ол: “Мінсіздігім мен әділдігім мені аман сақтайды”,— деген (Зәбүр 25:21). Ендеше, басымызға не күн туса да Ехобаға адалдық сақтап қалайық, мінсіздігімізден тас кенедей айырылмайық! Сонда “мінсіз жолмен жүретіндер, Ехобаның заңымен жүретіндер бақытты” деген зәбүр жыршысы сияқты біз де өзімізді ең бақытты жан сезінетін боламыз! (Зәб. 119:1).

122-ӘН Берік те мығым бол!

a Киелі кітап мәсіхшілерді билік басындағыларға бағынуға шақырады. Бірақ кейбір билік иелері шімірікпестен Ехоба мен оның халқына қарсы шығады. Осындайда қалайша біз билік иелеріне бағына отырып, Ехобаға мінсіздік сақтай аламыз?

b СӨЗ МӘНІ: Ехобаға мінсіздік сақтау деген тіпті қиын жағдайда да Ехобаға және оның бүкіләлемдік билігіне адал болуды білдіреді.

c Осы журналдағы “Ежелде исраилдіктер соғысқан ғой, біз неге соғыспаймыз?” деген мақаланы қараңыз.